Тікелей эфир

Қазақстанда жалақының өсуі шын мәнісінде 1%-дан аспайды. Жаңалықтарға шолу

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Қазақстандағы студенттердің пəндер мен педагогтарды таңдау мүмкіндігі жоқ. Биылғы жылдың ең үздік 5 смартфоны.

BTБ банкі үш күн ішінде Qazaq Banki салымшыларына 7,8 млрд теңге қаражаттарын қайтарды

24 желтоқсаннан бастап "Qazaq Banki" АҚ салымшыларына ВТБ банкі арқылы өтемақы төлеу басталды. Төлем 2019 жылдың 24 маусымына дейін еліміздің әрбір өңірінде орналасқан агент-банктің 17 филиалының барлығында төленетін болады.

"Qazaq Banki" АҚ салымшыларына қайтарылатын жалпы төлем сомасы – 20,5 миллиард теңген. Банктің 18 мың салымшысының әрқайсысы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан қаражаттарын толық көлемде алады.

Қазақстандағы студенттердің бірқатарында пәндер мен педагогтарды таңдау мүмкіндігі жоқ

2016-2017 жылдары ЖОО бітірген 8 мыңнан астам түлектен жауап алынған сауалнама нәтижесінде зерттеушілер осындай қорытынды жасады.

ЖОО бітірген түлектердің 35,4%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін, ал 40%-ы жыл ішінде жұмысқа орналаса алмағанын мәлімдеген. Олардың басым бөлігі университет қабырғасында Қазақстандағы білім жүйесіне енгізілген Болон процесіне сәйкес пәндер мен педагогтарды таңдай алмағанын жасырмай жайып салған.

Мамандар 92 мамандыққа талдау жасап, 2 мыңнан астам білім бағдарламаларын бағалады. Зерттеу нәтижесі еліміздегі жоғары оқу орындары білім бағдарламаларының мазмұнын бір-бірінен көшіретінін көрсеткен. Бұл ретте ЖОО-ғы бағдарламалардың біраз жетілдіруді қажет ететіні белгілі болды дейді мамандар.

Қазақстанда жалақының өсуі шын мәнісінде 1%-дан аспайды

"Халық Финанс" инвестициялық компаниясының сарапшысы А.Құрманбековтың айтуынша, келер жылы жалақы өскен күннің өзінде Беларусь пен Ресеймен салыстырғанда елімізде ең төменгі жалақы 40-50%-ға төмен болады.

Antal Kazakhstan директоры Анна Ковинская жүргізілген зерттеу нәтижесінде жұмыс берушілердің 79%-ының 2019 жылы жалақыны ең төмен пайызда көтеруді жоспарлап отырғаны белгілі болды дегенді айтады.

ANCOR Central Asia Бас директоры Валерия Петрунина келер жылы елімізде де, жалпы әлемде де биылғыдай экономикалық жағдай сақталады дейді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанның еңбек нарығында аса қатты өзгеріс бола қоймайды. "Мәселен, толық емес жұмыс күніне немесе үйде отырып уақытша жұмысқа тартылғандар саны артады. Жұмыс берушілер арасында мұндай тенденция соңғы үш жылда кеңінен қалыптасты", – дейді ол.

Ғылымды дамытуға бөлінген 620 млн теңге тиімсіз пайдаланылған

Аудиторлық топ жетекшісі С.Нөгербековтің айтуынша, мемлекеттік аудит қорытындысында жалпы сомасы 58,7 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталып, оның 52 пайызы аудит барысында қайтарылған. Уәкілетті органға әкімшілік өндіріс қозғау үшін бір материал жіберіліпті.

Аудит нәтижесі ғылымды одан ары дамытуға және экономиканың ғылыми қамтымдылығын арттыруға кедергі келтіретін бірқатар жүйелі проблеманың бар екендігін көрсеткен. Қаржыландыру көлемі, ғылыми зерттеулерді орындайтын кәсіпкерлік сектор ұйымдарының, ғылыми жобаларға тартылған қызметкерлер саны сынды ғылымды дамыту көрсеткіштерінің төмендеуі байқалған.

Мемлекеттік сатып алу Веб-порталы 1 қаңтардан бастап ақылы болады

Сайтқа кіру үшін әлеуетті жеткізушілер алдын ала келісім-шартқа отырып, төлем жасауы тиіс. Қызмет құны өтінімнің немесе келісім-шарттың ең жоғарғы сомасына сәйкес анықталады:

  • 1 млн дейін – жылына 1 АЕК (2525 теңге);
  • 10 млн дейін – жылына 10 АЕК (25 250 теңге);
  • 100 млн теңгеге дейін – жылына 20 АЕК (50 500 теңге);
  • 1 млрд теңгеге дейін – жылына 60 АЕК (151 500 теңге);
  • Егер сома шектеусіз болса, төлем құны жылына 122 АЕК (308 050 теңге) құрайды.

Төлем жылына бір рет жүргізіледі. Веб порталда 1 қаңтардан бастап сайтты қолдануға арналған тарифті төлеу үшін "Электронды әмиян" парақшасы ашылады. 2018 жылдың 27 желтоқсанынан бастап "Электронды сауда орталығы" АҚ арқылы төлеуге болады. Реквизиттер мемлекеттік сатып алулар порталының "Тарифтер" бөлімінде көрсетілген.

Beeline банктерден несие алуды жеңілдететін қызметті іске қосты

Ол арқылы банктер клиенттің төлем қабілеті, тіпті несие тарихы туралы ақпараттарды ала алады. Байланыс операторы клиенттерден келіп түскен 200-ге дейінгі өтінімді бір уақытта қарауға мүмкіндігі бар. Қысқа уақыттың ішінде (3 секунд) клиенттің өтініміне жауап қайтарып үлгереді.

Қызмет қарыз алушыны егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік беретін қосымша дерек көзі болып саналды. Банкке мәліметтер абоненттің келісіммен беріледі. Аталған қызмет банктер ғана емес, клиенттердің сенімділігін анықтау үшін шағын қаржы ұйымдары мен сақтандыру компаниялары үшін тиімді саналады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Астанада деректер базасында 3 мың бос жұмыс орны бар ақпараттық пункт ашылды. Ақпараттық Work center пунктін жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Сарыарқа ауданы әкімдігі бірлесіп, ескі темір жол вокзалы ауданында ашты. Мұнда жұмыс орындары туралы толық ақпарат алуға болады. Орталықта сұранысқа ие мамандық бойынша қысқа мерзімді оқыту курсынан өту де қарастырылған. Сондай-ақ, орталық қызметкерлері түйіндемені дұрыс толтыруға, мамандық таңдауға көмектеседі.

Baq.kz: 2018 жылдың ең үздік 5 смартфоны аталды. Бірінші орынды iPhone XS Max иеленген. Оның жалғыз кемшілігі ретінде бағасы аталған. Есесіне журналистер оның үлкен дисплейін, жоғары өнімділігін, сапалы камерасын және қосымша мүмкіндіктерін жоғары бағалаған.

Екінші орынды Google Pixel 3 алған. Оның дыбыстық көмекшісі, Night Sight түсірілім режимі мен спам-қоңырауларды бұғаттау бағдарламалары бірегей деп танылған.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары