Жыл сайын қандастарға 4 пайыздық мемлекеттік квота аясында білім беру гранты бөлінеді. Биыл осы квота арқылы 2378 талапкер студент атанды. Алайда кей талапкер Қазақстанның оқу бағдарламасына немесе білім беру жүйесіне бірден бейімделе алмауы мүмкін. ҰБТ форматын түсіну және оған дайындалу да оңай емес. Сондықтан Қазақстанда этникалық қазақтарға университетке түсуге дайындалуға көмектесетін арнайы дайындық бөлімдері жұмыс істейді. Шетелде мұны Foundation деп атайды.
Дайындық бөліміне түсу үшін қандай құжаттар қажет? Оқу қанша уақытқа созылады? Шәкіртақы беріле ме? Информбюро порталы шетелдегі және Қазақстанға көшіп келген ұлты қазақ азаматтарға қолдау көрсететін "Отандастар қорымен" бірлесе осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап береді.
№1. Қанша грант бөлінді?
2026 жылы дайындық бөлімдеріне 1300 орын бөлінді.
Дайындық бөлімдеріне бөлінетін орын саны уақыт өте өзгеріп отырды. 2019 жылға дейін дайындық бөлімдеріне жыл сайын 1000 орын бөлініп келген. 2019 жылдан бастап "Отандастар қорының" ұсынысымен орын саны 1300-ге дейін көбейді.
2019-2025 жылдары этникалық қазақтарға 9100 грант бөлінсе, 2024 және 2025 жылдары ғана бір жылда толық 1300 грант игерілді. Ал қалған бес жылда 5382 грант игеріліп, 1118 грант бос қалды. Оған COVID-19 пандемиясы әсер етті.
№2. Құжат қай уақытқа дейін қабылданады?
Дайындық бөлімдеріне өтінімдер жыл сайын 5 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында онлайн немесе офлайн форматта қабылданады.
Ал іріктеу емтихандары 10-15 қыркүйек аралығында өтеді. Әрбір жоғары оқу орны қабылдау емтихандарының форматын дербес айқындайды: кейбір университеттер тестілеу жүргізсе, басқалары талапкермен сұхбаттасу өткізеді.
№3. Құжаттарды қайда тапсыру қажет?
2019 жылы дайындық бөлімдеріне құжат қабылдау рәсімі онлайн форматқа ауыстырылды. Бұл өзгеріс қандастар үшін бағдарламаның қолжетімділігін айтарлықтай арттырды. Енді шетелде жүрген этникалық қазақтар да қашықтан өтінім бере алады. Ол үшін әр университеттің жауапты мамандарына хабарласу қажет. Десе де университеттердің өзіне барып құжат тапсыруға болады.
№4. Қандай құжаттар қажет?
Қажет құжаттар:
- өтініш;
- жеке куәлік немесе паспорт;
- аттестат және оның қосымшасы (құжат толықтай шет тілінде болса нотариалды куәландырылған аудармасы қажет).
- 075/у нысаны бойынша медициналық анықтама;
- ұлты қазақ екенін растайтын анықтама.
Бұл анықтама әр елдің азаматы үшін әртүрлі сұралады:
- Моңғолия азаматтары үшін – арнайы анықтама;
- ҚХР азаматтары үшін – жеке куәлік;
- Өзбекстан, РФ, Түрікменстан азаматтары үшін – туу туралы куәлік;
- Иран Ислам Республикасы мен Ауғанстан азаматтары үшін – мемлекеттік мекемеден берілген арнайы анықтама немесе қандас куәлігі.
- нотариалды куәландырылған аудармасымен (электронды немесе қағаз түрінде).
Барлық құжатты электронды немесе қағаз түрінде тапсыруға болады.
№5. Оқу қанша айға созылады?
Дайындық бөліміндегі оқу қазан айында басталып, мамыр айында аяқталады, яғни 9 айға жалғасады.
№6. Шәкіртақы төлене ме?
Бағдарлама шеңберінде ай сайын 41 мың теңге көлемінде мемлекеттік шәкіртақы тағайындалады.
№7. Жатақхана беріле ме?
Университет тарапынан қандас студенттерге жатақхана бірінші кезекте беріледі. Кейбір оқу орындарында жатақхана тегін ұсынылса, кейбірінде ақылы негізде қолжетімді. Бірқатар университеттерде, мысалы, Қозыбаеы университетінде 50%-ға дейінгі жеңілдік қарастырылған.
Жатақхана тегін берілетін университеттер:
- Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті;
- Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті.
№8. Қандай ЖОО-да оқуға болады?
Қандастар келесі 19 ЖОО-ның біріне құжат тапсырып, дайындық бөлімінде тегін оқи алады:
- Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті;
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
- Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті;
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті;
- М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті;
- Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті;
- Торайғыров университеті;
- Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті;
- Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті;
- Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті;
- Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті;
- Шәкәрім университеті;
- Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті;
- Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті;
- Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті;
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
- Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті;
- Alikhan Bokeikhan University;
- Esil University.
№9. Дайындық бөлімінде қандай пәндер оқылады?
Оқу мазмұны. Бағдарлама барысында тыңдаушыларға қазақ тілін үйрену және Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) жүйелі түрде дайындалу мүмкіндігі беріледі.
Міндетті пән:
- Оқу сауаттылығы.
Таңдау пәндері:
- Маематика;
- Физика;
- Химия;
- Биология;
- Информатика;
- География;
- Дүниежүзі тарихы;
- Ағылшын тілі.
Қосымша пәндер:
- Қазақстан тарихы;
- Қазақ тілі;
- Орыс тілі;
- Ағылшын тілі.
Оқи отырыңыз: 2026 жылы 3 мыңнан астам этникалық қазақ елге оралды. Қандастардың басым бөлігі қайдан келді?
№11. Дайындық бөлімінде оқудың артықшылығы қандай?
Дайындық бөлімінде оқудың артықшылығы:
- білім грантын жеңу мүмкіндігі;
- ай сайын шәкіртақы төленеді;
- жатақхана беріледі (ақылы не тегін);
- қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйренуі мүмкіндігі.
№12. Сұрақтар туындаса кімге хабарласу керек?
"Отандастар қоры" ұлты қазақ шетел азаматтарына ақпараттық-консультация береді. Қор дайындық бөлімдері баршаға қолжетімді болу үшін мынадай бағытта жұмыс жүргізеді:- қандастарға арналған білім гранттары туралы ақпаратты шетелдегі отандастарға жеткізеді;
- шетелде білім көрмелерін ұйымдастырады;
- ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді.
Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген әр университке хабарласып, кез келген сұраққа жауап алуға болады. Толық ақпаратты мына сілтемеден көре аласыз.