Тікелей эфир

Пәтерді жалға аларда не білу керек? Маңызды 9 сұраққа жауап

Жазбаша келісім болмаса, үй иесі пәтерақы сомасын жылына бір рет қана көтере алады.

Жалға алар кезде пәтерді қалай тексереді, келісімшартқа не жазу керек және қандай шарттар депозитті қайтаруға кепіл болады? Krisha.kz материалына сүйене отырып, жауап береміз. 

Бұл материалда жалға берілетін үйге байланысты жиі кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдарын қарастырамыз.

№1. Не үшін жалға алу/беру келісімшартын жасасу керек?

Мұндайда ең бастысы, жалға алу/беру келісімшартын жасау керек. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заң бойынша жеке меншіктегі баспананы жалға алу үшін жазбаша түрде келісім жасау қажет. Егер келісімшарт бір жылдан ұзақ мерзімге жасалса, міндетті түрде оны ХҚКО-да тіркеу керек. Нотариус арқылы растау міндетті емес.

Келісімшартта мүлік иесі мен жалға алушы төлем сомасы, төлеу уақыты, пәтерақыны көтеру жилігі, үйден шығару, депозитті қайтару туралы барлық шартты өздері кабылдауға тиіс. Сонымен қатар мүлікті өткізу-қабылдау актісін кұру керек.

Кейбір мүлік иелері құжатқа қол койғысы келмейді. Бірақ ауызша келісім де заңды және Азаматтық кодекс, әсіресе "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңмен реттеледі.

№2. Мүлік иесі пәтер ақысын жиі көтере ала ма?

Жазбаша келісім болмаса, үй иесі пәтерақы сомасын жылына бір рет қана көтере алады. Ал жалға алушы онда тұру жағдайы нашарласа, келіспеуге құқылы. Мұндайда дау сотта шешіледі.

№3. Пәтер иесі кез келген уақытта үйден шығарып жібере ала ма?

Екі сағатта үйді босатуды талап етуге де ешкімнің құқығы жоқ. Бір тараптың қалауымен үйден шығару тек сот арқылы жүзеге асады. Сондықтан алдын ала жазбаша келісім жасап, барлық шартты соған жазу қажет.

Жалға алу/беру шартында құжат мерзімі жазылмаса және оның күшін жоюға басқа негіз болмаса, үй иесі жалға алушыға пәтерді босату қажет екенін үш ай бұрын ескертуге міндетті. Ал жалға алушы көшетінін бір ай бұрын айтып, сол айдың ақысын төлейді.

№4.  Пәтер жөнделмесе, сантехника, тұрмыстық техника бұзылса не істеу керек?

Мұндай жағдайда пәтер ақысын азайту арқылы жөндеу жүргізу туралы келісуге болады. Жалға алу/беру шартына жөндеу туралы бөлім қосу қажет. Шығынды тіркеу тәсіліне (алдын ала не факті бойынша) мән берген жөн. Әр нұсқаның өз кемшіл тұсы бар.

Сарапшылар тұрмыстық техника мен сантехниканың жағдайын өткізу-қабылдау актісінде көрсетуге кеңес береді. Түрін, маркасын, моделін, техникалық және эстетикалық жағдайын, жұмысында ақау бар-жоғын жазу керек. Бұл үй иесі ақау бар деп депозитті бермей койғанда қажет болады.

№5. Патерде тарақан, қандала жүрсе не істейді?

Келісімшарт пен өткізу-қабылдау актісіне қол қоймас бұрын пәтерді қарап шығу қажет. Жәндіктер әдетте асүйде, гарнитур астында, жуынатын бөлме мен түтінсорғыда жүреді. Жалға алу/беру шартына үйден зиянкес шыққан жағдайда жалға алушы депозитке берген ақшасын қайтарып, көшіп кетуге құқылы екенін жазу керек.

Алайда мұны тараптар өз мақсатына пайдаланбас үшін заңгерлер мүлікті өткізу-қабылдау актісіне қол қояр кезде бәрін тіркеуге кеңес береді. Әдетте жалға алу/беру шартында үй иесі тұруға жарамды баспана беруге міндетті деген тармақ бар. Құжатқа қол қойғанда айыппұл санкциясын салу немесе мәселені белгілі бір уақытта шешу керегін жазу қажет.

№6. Мазасыз көршілер: төбеден су кетеді, жанжалдасады, темекі тұқылын тастайды

Төбеден су аққанда мәселені пәтер иесі шешуге тиіс. Жалға алушы оны тіркеп, мүлік иесі мен басқарушы компанияға ескертеді. Егер көршілер кіреберісте ұрыс шығарып, темекі тұқылын тастаса, жалға алушы өз бетінше полиция шакыруға құқылы.

Ең бастысы жалға алушы өзі тұратын пәтерде уақытша тіркелуі керек. Пәтер иесі не оның өкілі жалға алушыны тіркеуге міндетті.

Тіркелмеген азамат мындай жауапқа тартылады:

  • жалға алушы – ескерту не 7-13 АЕК (24 150-44 850 теңге, 2023 жылы 1 АЕК – 3 450 теңге);
  • мүлік иесі – 5-10 AEK (17 250-69 000 теңге) айыппұл төлейді.

Мекенжай ауыстырғанда айыппұл арқаламау ушін жаңа қонысқа бір ай ішінде тіркелу керек.

№7. Үй иесі ескертусіз келе ала ма?

Келетін уақыт пен оның жилігін алдын ала келісіп, келісімшартқа тиісті тармақ енгізген жөн. Мәселен, үй иесі айына бір-екі рет қоңырау шалғаннан кейін және жалға алушы үйде болғанда келе алады деп жазуға болады.

№8. Коммуналды қызмет ақысын үй иесі төлемей ме?

Әдетте мүлік иесі коммуналды қызмет ақысын өзі төлейді. Заңгерлер төлем жасайтын күнді келісімшартқа жазып, қарыз анықталса, пәтерақы көлемін азайту керек екенін жазуға кеңес береді.

№9. Үй иесі депозитті қайтармаса не істеу керек?

Үй иесі жалға алушының ақшасын бергісі келмейтін жағдай жиі кездеседі. Депозит – бір айлық, пәтерақы мөлшеріне тең сақтандыру сомасы. Жалға алушы үйге зиян келтірсе, шығын депозиттен ұсталады. Еш мәселе туындамаса, оны үй иесі қайтарады. Қандай жағдайда ақша пәтер иесінің қалтасында қалатынын алдын ала анықтаған дұрыс. Мысалы, жалға алушы қоныс аударатынын бір ай емес, бірнеше күн калғанда айтса, депозит үй иесінде қалады. Ал егер үй иесі жалға алушыны үйден шығаратынын алдын ала ескертпесе, депозитті екі есе
қылып қайтарады.


Оқи отырыңыз: Пәтерді жалға берушілер мемлекетке қанша салық төлейді?


Жалға алушыларға арналған чек-лист

1. Пәтер иесімен сөйлесіп тұрғаныңызңа көз жеткізіңіз. Жеке куәлігін не баска құжатын (төлқұжат, жүргізуші куәлігі) пәтерге меншік құқығын растайтын құжатпен (сатып алу-сату, сыйға тарту келісімшарты, мұраға алғаны туралы куәлік) салыстырыңыз.

2. Алаяқтар үй иесімін деп алдауы мумкін. Олар:

  • пәтерді жалған кұжатпен жалға береді;
  • бір тәулікке алады да, басқа кісіге ұзақ мерзімге өткізеді;
  • алдын ала төлем жасауды сұрайды.

3. Пәтерде айқын не жасырын ақау бар-жоғын тексеріңіз. Фото не видео түсіріңіз. Мүлік тізімін тізімдеме актісіне жазыңыз. Болашақта дау болмау үшін тұрмыстық техника, жиһаз, сантехниканы үй иесінің көзінше тексеріңіз. Кейде үй иелері дүниесінің жағдайы қандай екенін білмей қалады.

4. Жалға алу/беру шартын жасаңыз.

Серіктестер жаңалықтары