Тікелей эфир

"7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?

Қазақстандағы 18 ипотекалық бағдарламаға шолу.

Тұрғын үй бағдарламалары нарығындағы басты жаңалықтар: 

  • "7-20-25" бағдарламасы 2029 жылға дейін ұзарды;
  • Жастарға арналған өңірлік бағдарламалар көбейді;
  • Отбасы банкінің бірқатар ипотекалық бағдарламаларының шарттары жаңарды. 

Бұл материалда осы және өзге де жаңалықтарды қамтитын 18 тұрғын үй бағдарламаның шарттарымен таныстырамыз. 

№1. 7-20-25

  • Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 7%;
  • Бастапқы жарна – 20%-дан басталады;
  • Несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Бағдарлама аясында Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларынан ең жоғарғы құны 25 млн теңге болатын, Қарағанды, Түркістан қалалары үшін – 20 млн теңге және басқа өңірлер үшін – 15 млн теңге болатын үй алуға болады.

Несие алу үшін "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-мен ынтымақтастық туралы келісімі бар серіктес-банктерге жүгіну қажет. Олар:

  • "Банк ЦентрКредит" АҚ;
  • Bereke bank АҚ;
  • "Қазақстанның халық банкі" АҚ;
  • "Еуразиялық банк" АҚ;
  • "Банк фридом финанс Қазақстан" АҚ;
  • Bank RBK АҚ;
  • Forte bank АҚ;
  • Altyn bank АҚ. 

Биылдан бастап қарыз алушыға қойылатын талаптар өзгерді. Енді үміткер "7-20-25" бағдарламасына тек бір рет қана қатыса алады. Сонымен қатар, қарыз алу кезінде оның атында үй болмауы, ипотекалық кредиттерінің болмауы қажет.

Бағдарлама 2029 жылға дейін жұмыс істейді.

Толық ақпаратты мына жерден алуға болады.

Отбасы банкінің бағдарламалары

№1. "Нұрлы жер"

  • несие мөлшерлемесі – 5%-ға дейін;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%-дан басталады;
  • бастапқы жарна – үй құнының 20%-нан бастап;
  • қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.

"Нұрлы жер" – жаңа пәтер, жеке үй сатып алуға мүмкіндік беретін халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарлама. Баспана дайын күйінде сатылады. Салынып жатқан нысаннан пәтерді өзіңіз таңдай аласыз. Сондай-ақ, бағдарлама қатысушыларына салық жеңілдіктері беріледі. 

Толығырақ мына жерде.

№2. "Бақытты отбасы"

  • несие мөлшерлемесі – 2%-ға дейін;
  • бастапқы жарна – үй құнының 10%-нан басталады;
  • қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрған отбасылар ғана ипотека рәсімдей алады. Олар:

  • көпбалалы;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • мүгедек баласы бар;
  • I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар.

Бағдарлама талаптары:

  • әкімдік кезегінде тұру;
  • отбасының атында басқа үй болмауы шарт;
  • отбасының табыс көзін растау;
  • соңғы жарты жылда отбасындағы әрбір адамның табысы 3,1 күнкөріс минимумынан аспауы керек. 2023 жылы күнкөріс минимумы – 49 567 теңгені құрайды, ендеше отбасының әрбір мүшесінің табысы 153 658 теңгеден аспауы керек.
Айлық жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс (нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және тағы басқа), өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс, тұрғын үй төлемдері, шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда) негізгі кіріс ретінде есептеледі. Негізгі кіріс жеткіліксіз болса қосымша табысты (зейнетақы және зейнетақы аударымдары, экологиялық төлемдер) қосып есептеуге болады. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді. Бағдарлама қатысушысы өтінім берген кезде жұмыссыз болса немесе кірісі жеткіліксіз болса, онда қосалқы қарыз алушыны тарта алады. 

Қарыз сомасы:

  • Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда – 15 миллион теңгеге дейін;
  • басқа өңірлерде – 10 миллион теңгеге дейін.

Бағдарлама арқылы тек жергілікті әкімдіктер арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйді сатып алуға болады. Толығырақ мына жерде

№3. "Шаңырақ" ("5-10-20")

  • несие мөлшерлемесі – 5%;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%-дан басталады;
  • бастапқы жарна – үй құнының 10%-нан басталады;
  • қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Әкімдік кезегінде тұрған қазақстандықтар "5-10-20" бағдарламасына қатысып ипотека рәсімдей алады. 

"Шаңырақ" пилот жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен, жеке құрылыс салушылардан сатып алуға болады. Сонымен қатар баспананы үлескерлік қатысу шарты бойынша алуға мүмкіндік бар. Бірақ, ол үшін құрылыс компаниясында "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ кепілдігі болуы керек.

Бағдарлама талаптары:

  • Тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрған азаматтар қатыса алады;
  • Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әрбір мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,7 күнкөріс минимумынан, яғни 150 098 теңгеден аспауы тиіс;

Қарыздың ең үлкен сомасы:

  • Астана, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтарда – 18 миллион теңге;
  • Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды қалалары, сондай-ақ Қарағанды облысында – 15 миллион теңге;
  • басқа аймақтарда – 12 миллион теңге.

Әкімдік салған несиелік тұрғын үй бойынша 1 шаршы метр бағасы:

  • Алматы қаласында – 240 мың теңгеге дейін;
  • Астанада және осы қала маңындағы аймақта – 220 мың теңгеге дейін;
  • Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта – 200 мың теңгеге дейін;
  • Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалаларында және Қарағанды облысында – 180 мың теңгеге дейін;
  • басқа аймақтарда – 160 мың теңгеге дейін.

Толық ақпарат мына жерде.

№4. "Өз үйім"

  • несие мөлшерлемесі – 3.5%-дан 7%-ға дейін;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 3,6%-дан басталады;
  • бастапқы жарна – үй құнының 20%-нан басталады;
  • қарыз сомасы – 100 млн теңгеге дейін;
  • қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.

"Өз үйім" – жаңа салынған үйден пәтерді нарық құнынан төмен бағада беруге бағытталған Отбасы банкінің жеке бағдарламасы. Бағалар нарықтағы үй құнынан төмен. Құрылыс барысында-ақ үлестік қатысу арқылы үй сатып алуға болады, ол үшін үлестік қатысу туралы келісімшарт, сондай-ақ құрылыс компаниясы мен өкілетті ұйымда "Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры" АҚ кепілдігі болуы талап етіледі.

Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес. Салынып жатқан нысаннан пәтер таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарлама қатысушылары салық жеңілдігін ала алады. Үй сатып алынатын жерде тіркеуде тұру міндетті емес. 

Толық ақпарат мына жерде.

№5. Жаңа баспана 6/50

  • бастапқы жарна – 50%;
  • сыйақы мөлшерлемесі – 6% (СЖТМ 6,2 пайыздан бастап);
  • келесі 3,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі тұрғын үй несиесіне ауысу мүмкіндігі қарастырылған;
  • несие сомасы – 100 млн теңгеге дейін;
  • несиені өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.

Бағдарлама аясында алғашқы немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй, үлестік қатысу шарты бойынша тұрғын үй алуға, тұрғын үй салуға (жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) болады. Оған тұрғын үй төлемдерін алушы, депозитте тұрғын үй сомасының 50 пайызы бар азаматтар қатыса алады. 

Толық ақпарат мына жерде.

№6. "Ұмай" әйелдер ипотекасы

  • несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 13,2%, арыз сомасының 50 пайызы жиналғаннан кейін ол 3,5%-ке дейін төмендейді;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 14,1%-дан басталады;
  • бастапқы жарна – үй құнының 15-20%-нан басталады;
  • қарыз сомасы – пәтердің бағалау құнының 85%-іне дейін;
  • қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.

Отбасы банкі Орталық Азиядағы тұңғыш гендерлік ипотеканы іске қосты. Отбасының ең жоғарғы табысы 640 мың теңгеге дейін болуы керек.

Пәтерді жаңа салынған үйлерден немесе ескі үйлерден де сатып алуға болады. Меншігінде басқа жылжымайтын мүліктің бар-жоғы бойынша шектеу жоқ, екі қарыз алушыны қатыстыруға болады.

Толық ақпарат мына жерде.

№7. "Жас отбасы" бағдарламасы

Бұл бағдарламаға заңды некеге тұрғанына 5 жылдан аспаған отбасылар қатыса алады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың біреуі не екеуі де Отбасы банкінде депозит ашып, кемі бір жыл қаражат жинауы шарт. Сондай-ақ, несие рәсімдеу уақытына дейін аталған депозитке сатып алатын тұрғын үйдің 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткішін 5 ұпайға жеткізу қажет. Айта кетейік, жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды.

  • Мөлшерлеме – жылдық 6% (ЖТСМ 6,3%-дан басталады);
  • Несие сомасы – 100 млн теңгеге дейін;
  • Несие мерзімі – 6-дан 9 жылға дейін.

"Жас отбасы" бағдарламасының артықшылығы – несиені жаңа не қолданыстағы үй не пәтерді сатып алып қана қоймай, жер үй салуға не үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де пайдалануға болады. Сондай-ақ, 2 жыл өткен соң жылдық мөлшерлеме 5%-ға дейін төмендейтіні (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) тағы бар.

Толық ақпаратпен осы жерден танысуға болады.

№8. Жасыл ипотека

Жаңа бағдарлама үміткерде үйдің бар-жоғына қарамайды. Сондай-ақ, жасқа да қатысты шектеу жоқ.

  • Бастапқы жарна – 20%;
  • Жылдық пайыздық мөлшерлеме 12,5% (кейін 3,5-5%-ға дейін төмендейді);
  • ЖТСМ –  13,3%;
  • Несие сомасы – 35 млн теңгеге дейін;
  • Алдын ала қарыз бойынша несие мерзімі – 10 жылға дейін;
  • Несиелеу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін.

Ипотекаға тек жаңа пәтер алуға болады, яғни қайталама нарықтағы пәтерлер бұл несиеге рәсімделмейді. Сондай-ақ, пәтерді тек Omir, Гост Р, Breeam, Leed сертификаттары бар тұрғын үйлерден алуға болады.

Ипотека алу үшін Отбасы банкінің филиалына барып немесе қашықтан жұмыс істеу бөліміне бейнеқоңырау шалып, табысты есептету қажет. Табыс жетсе несие алуға өтініш беріледі. Өтініш мақұлданса, банк бөлімшесіне барып, шарт жасасып, ақшаны құрылыс компаниясына аудару қажет. Табыс жетпесе, екі бірге қарыз алушыны тартуға болады. 

Тұрғын үй бағдарламасы биыл, 2023 жылдың 5 қаңтарынан бастап іске қосылады. 

Толық ақпарат мына жерде.

Жастарға арналған өңірлік бағдарламалар

№1. Елорда жастары

  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін;
  • Бастапқы жарна – 10%;
  • Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
  • Несиені қайтару мерзімі – 25 жылға дейін.
  • Жаңа және екінші нарықтағы баспананы алу мүмкіндігі.

Бағдарламаға жасы 35-тен (қоса алғанда) аспаған және белгілі бір салада қызмет атқаратын, соңғы 5 жыл ішінде отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмаған, Астана қаласында кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуі бар Қазақстан азаматы қатыса алады. 

Elorda Zhastary тұрғын үй бағдарламасы – Астана әкімдігі мен Отбасы банкінің 2021-2023 жылдарға арналған бірлескен жобасы. 

Бағдарлама 2023 жылы қашан іске қосылатыны белгісіз.

Толығырақ мына жерден танысуға болады.

№2. Алматы жастары

  • Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 млн теңгеге дейін;
  • Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
  • Бастапқы жарна – 10%;
  • Несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін;
  • Жаңа және екінші нарықтағы баспананы алу мүмкіндігі.

Бағдарламаға жасы 35-тен (қоса алғанда) аспаған және белгілі бір салада қызмет атқаратын, өзінде және  отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмаған, Алматы қаласында соңғы 6 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі бар Қазақстан азаматы қатыса алады. 

Бағдарлама 2023 жылы қашан іске қосылатыны белгісіз.

Толық ақпарат мына жерде.

№3. Әулиеата жастары

  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 13 млн теңге;
  • Несие мерзімі – 19 жыл;
  • Мөлшерлеме – 5%;
  • Бастапқы жарна – 5%-дан бастап;
  • Бастапқы және қайталама тұрғын үй алу мүмкіндігі;

Бағдарламаға жасы 35-тен (қоса алғанда) аспаған және белгілі бір салада қызмет атқаратын, өзінде және  отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында тұрғын үйі жоқ, Жамбыл облы­сында соңғы 2 жыл ішінде тұрақты тіркеуі бар, өңірде кем дегенде бір жыл жұмыс істеген Қазақстан азаматы қатыса алады. 

Бағдарлама 2023 жылы қашан іске қосылатыны белгісіз.

№4. Жетісу жастары

  • Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%;
  • Ең жоғары сома – 10 млн теңгеге дейін;
  • Бастапқы жарна жаңа пәтер үшін – 0%, қайталама нарықтағы пәтер үшін – 10%;
  • Несие мерзімі – 19 жыл.

Бағдарламаға қалада "жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар" санатындағы баспана кезегінде тұрғандар өтініш бере алады. 

Сонымен қатар үміткердің жасы 35 жастан аспаған, Талдықорғанда кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуі, соңғы 5 жылда тұрғын үйге меншік құқығы жоқ, қалада таңдаған саласы бойынша кемінде 1 жыл ресми жұмыс өтілі болуы керек.

Бағдарлама 2023 жылы қашан іске қосылатыны белгісіз.

Толық ақпарат мына жерде.

№5. Атырау жастары

  • Бастапқы жарна – 10%;
  • Несие мөлшерлемесі – 5%;
  • Несие мерзімі – 19 жыл;
  • Атырау қаласы бойынша максималды сома – 18 млн тенге (өңір аудандарында – 13 млн тенге);

Үй кезегінде болу міндетті емес, бірақ соңғы 5 жылда үміткердің және отбасы мүшелерінің атында да үй болмауы керек. Отбасы банкінде депозитінің болуы міндетті. Отбасының бір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс ең төмеңгі күнкөріс деңгейінің 6,3 есесінен аспауы тиіс.

Бағдарлама бойынша өтініш қабылдау 1 ақпанда басталып, 20 ақпанға дейін жалғасады. Өтініштерді қала және аудандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы қабылдайды. Мекенжайы: Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 101А, 3 кабинет.

Толық ақпарат мына жерде.

№6. Ақтөбе жастары

  • Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%
  • Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2% бастап)
  • Несиенің максималды мерзімі – 19 жылға дейін
  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 15 млн теңгеге дейін*
  • Сатып алынатын тұрғын үйдің құны – шектеусіз. (Бағдарлама қатысушысы қарыздың ең жоғары сомасы мен таңдалған тұрғын үйдің құны арасындағы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлейді).

Бағдарламаға белгіленген салада жұмыс істейтін, жасы 35 жастан аспаған, Ақтөбе қаласында және облыста 1 жыл ресми жұмыс өтілі бар, өзінде және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда жеке меншігіндегі жылжымайтын мүлкі жоқ азаматтар қатыса алады.

Бағдарлама 2023 жылы қашан іске қосылатыны белгісіз.

Толық ақпарат мына жерде.

№7. Алатау жастары

  • Бастапқы жарна: алғашқы нарықтан – қарыз сомасының 0%, қайталама нарықтан – қарыз сомасының 10%;
  • Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2% бастап)
  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 10 млн теңгеге дейін
  • Несиенің ең жоғарғы мерзімі – 19 жылға дейін
  • Сатып алынатын тұрғын үйдің құны – шектеусіз. (Бағдарлама қатысушысы қарыздың ең жоғары сомасы мен таңдалған тұрғын үйдің құны арасындағы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлейді).

Бағдарламаға белгіленген салада жұмыс істейтін, жасы 35 жастан аспаған, Алматы облысында 1 жыл ресми жұмыс өтілі, тұрақты тіркеуі бар, өзінде және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда жеке меншігіндегі жылжымайтын мүлкі жоқ азаматтар қатыса алады.

Бағдарлама 2023 жылы қашан іске қосылатыны белгісіз.

Толық ақпарат мына жерде.

№8. Қарағанды жастары

  • Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%
  • Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2% бастап)
  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн теңгеге дейін.
  • Несиенің ең жоғарғы мерзімі – 19 жылға дейін;
  • Сатып алынатын тұрғын үйдің құны – шектеусіз. (Бағдарлама қатысушысы қарыздың ең жоғары сомасы мен таңдалған тұрғын үйдің құны арасындағы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлейді).

Бағдарламаға жасы 35 жастан аспаған, Қарағанды қаласында 1 жыл ресми жұмыс өтілі, тұрақты тіркеуі бар, өзінде және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда жеке меншігіндегі жылжымайтын мүлкі жоқ азаматтар қатыса алады. Отбасының ортақ табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.

Бағдарлама 2023 жылы қашан іске қосылатыны белгісіз.

Толық ақпарат мына жерде.

№9. Абай жастары

  • Несие сомасы – 15 теңге;
  • Бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10%;
  • Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 5%.
  • Несие мерзімі – 19 жыл.

"Абай жастары" бағдарламасына 18-35 жас аралығындағы Семей қаласының тұрғындары қатыса алады. Айта кету керек, үміткерлер мен олардың отбасы мүшелерінің Семей қаласында тіркелуі міндетті. Сондай-ақ, талап бойынша, соңғы бес жылда үміткер мен оның отбасы мүшелерінде жеке тұрғын үйі болмауы тиіс.

Бағдарлама 2023 жылы қашан іске қосылатыны белгісіз.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары