Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жалға берілетін пәтерлерді, коммерциялық жылжымайтын мүлікті ұсынатын платформаларға (krisha.kz, market.kz, olx.kz және тағы басқа) талдау жасап жатыр. Бұл жалға беру бизнесінің ашық есебін жүргізу және осы мәселені одан әрі зерделеу мақсатында жасалып жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәжіліс депутаттарының сауалына берілген жауапта жазылған.
Қазір Қазақстанда жалға беру қызметтері үш түрде жүргізіледі және әрқайсы үшін мемлекетке салық төлеу әдіснамасы жасалған.
- Жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз. Тұрғын үй иесі бюджетке ай сайын бір реттік жиынтық төлемді төлеуге міндетті. Ол республикалық және облыстық маңызы бар қалатұрғындары үшін – 3063 теңге (1 АЕК); басқа елді мекендердің тұрғындарына 1 532 теңгені (0,5 АЕК) құрайды. Бұл ретте азаматтың жылдық табысы 3,6 миллион теңгеден (1175 АЕК) немесе айына шамамен 300 мың теңгеден аспауы керек.
- Жеке кәсiпкер ретiнде тiркелген. Үй иесі "E-Salyq Business" мобильді қосымшасында жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Бұл ретте салықты есептеу және төлеу процесі автоматтандырылған.
- Тұрғын үй иесі мемлекеттік қызметші, әскери қызметші және тағы басқа болса, жыл соңында табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырып, 10 пайыз көлемінде салық төлеуге міндетті.
"Бұл ретте Ішкі істер және Қаржы министрліктері пәтерін жеке кірістерді төлеместен жалға беретін азаматтарды анықтау үшін Мемлекеттік кірістер және Ішкі істер органдарының өзара іс-қимылының тәртібін айқындады. Ал шетелдіктердің көші-қонын бақылау үшін учаскелік полиция инспекторлары пәтер иелерінен сауалнама алады. Пәтерін жалға беретіндер анықталған жағдайда мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарына беріледі. Кейін орган заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді", – деп жазылған жауапта.