Тікелей эфир

35 жасқа дейінгі жұмысшылар қалай арзан пәтер жалдай алады? 7 сұраққа жауап

Өтініш берушінің табысы 40 АЕК-тен аз болмауға тиіс.

Ашық НҚА порталында жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру қағидаларына өзгеріс енгізу туралы бұйрық жобасы жарияланды. 

Жоба әзірлеушілері 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының күші жойылғандықтан, сатып алу құқығынсыз пәтер жалдайтын жұмысшы жастарға қойылатын талаптарды бекіту қажет дейді. Онымен қоса, 2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгілер "жастар" санатына кірді. 

Информбюро жобаны негізге ала отырып, пәтер жалдау үшін жұмысшы жастарға қандай талаптар қойылатынын, қандай құжаттар қажет екенін түсіндіреді.

№1. Жастарға қандай талаптар қойылады?

Жобада негізгі талаптар жазылған. Олар:

  • 35 жасқа толмаған, орта және жоғары білімі бар жұмыс істейтін ҚР азаматтары;
  • сол елді мекенде кемінде соңғы үш жыл тұрақты тіркелген;
  • отбасы мүшелері осы елді мекенде тұрақты тіркелген;
  • ҚР аумағында, авариялық жағдайдағы, құлау (қирау) қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының меншік құқығында өтініш бергенге дейін соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйдің болмауын растау.

№2. Конкурс қандай кезеңдерден тұрады?

Конкурс бес кезеңнен тұрады:

  • уәкілетті орган жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы хабарландыру жасайды;
  • хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде өтініштер қабылданада;
  • уәкілетті орган құжаттардың талаптарға сәйкестігін тексереді;
  • уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру туралы шешім қабылдайды;
  • облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы орган өтініш берушімен тұрғынжайды жалдау шартын жасасады.

№3. Конкурсқа қатысуға қандай құжаттар қажет?

Өтініш беруші уәкілетті органға келесі құжаттарды ұсынады:

  • Өзінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
  • бІлімі туралы құжаттың көшірмесі; 
  • Неке қию туралы куәліктің көшірмесі (болса);
  • Балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмесі (болса);
  • Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік жоқтығы туралы анықтама;
  • жұмыс орнынан анықтама;
  • Соңғы 6 айдағы табысы туралы анықтама: табысы 40 АЕК-тен (138 мың теңге) кем және 150 АЕК-тен (517 500 теңге) аспауға тиіс.
  • Еңбек өтілін растайтын құжаттар;
  • Банкте есепшотының болуы және нөмірі туралы анықтама, оған қоса банктегі шоты бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірме; 
  • Өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (болса);
  • Соңғы 6 айдағы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме;
  • Жеке кәсіпкер болса жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы хабарлама (куәлік);
  • Жеке кәсіпкер ретіндегі қызметтің соңғы жылындағы табыс салығы бойынша декларация. 

Қажет болған жағдайда уәкілетті орган өтініш беруші және оның отбасы мүшелері туралы мәліметтерді нақтылау үшін қосымша құжаттарды сұратады.

Өтініш пен құжаттар уәкілетті органға мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы арқылы беріледі.

№4. Құжаттарды қарау мен шешім шығару қанша уақытты алады?

Құжаттарды қабылдау аяқталған соң соң уәкілетті орган 15 жұмыс күні ішінде (қазір бес жұмыс күні) құжаттардың толық және талаптарға сәйкестігін тексереді. Бұрын бес жұмыс күні ішінде тексеретін.  

Өтініш беруші құжаттарды толық өткізбесе оған жоқ құжаттарды ұсыну туралы хабарлама жіберіледі. Жоқ құжаттарды екі жұмыс күні ішінде тапсырмаса уәкілетті орган өтінішті қайтарады.

Өтініш беруші талаптарға сәйкес келмесе уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беруден жазбаша түрде бас тартады. Хатқа қол қойылғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлама жіберіледі. Өтініш беруші хатты алғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей шешімге қарсы екенін білдіре алады.

Уәкілетті орган 15 жұмыс күні ішінде (қазір 10 жұмыс күні) балдарды есептеп, ең көп балл саны бойынша өтініш берушілердің тізімін жасайды. 

Уәкілетті орган шешім шығарғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде іріктеу нәтижелерін өзінің интернет-ресурсында жариялайды, сондай-ақ өтініш берушілерге қабылданған шешім туралы хабарлама жібереді.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған азаматтар шарт негізінде тұрғын үйлерге жіберіледі.

Уәкілетті орган шешім қабылдағаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында шарт жасалады.

№5. Балл қалай есептеледі?

Балл келесі тәртіппен есептеледі:

  • кәсібі 100 сұранысқа ие мамандықтар тізіміне кірсе – 10 балл;
  • отбасылы болса – 5 балл;
  • бір бала болса – 1 балл, одан кейінгі әр бала үшін – 2 балл;
  • кемінде бір жыл жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса – 5 балл, әр жыл үшін – 1 балл;
  • түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктер үшін – 2 балл;
  • мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істегені үшін – 5 балл, әр жылдағы еңбек өтілі үшін – 1 балл;
  • депозиттердегі жинақтарының әрбір жылы үшін және шотта кемінде 40 АЕК қалдық болса – 2 балл.

Балдар тең түссе өтінімді бұрынырақ тапсырған үміткерлерге артықшылық беріледі.

Бұрын некеде тіркелген әрбір жыл үшін 2 балл берілетін. Жобада бұл жоқ.

№6. Жолдама алған жастарға берілетін пәтер ауданы қалай анықталады?

Бөлінетін тұрғын үйдің жалпы ауданы конкурс қорытындысы бойынша қойылған балдар және өтініш берушінің балаларының саны бойынша айқындалады.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің:

  • 60%-ы – некеде тұрған өтініш берушілерге;
  • 40%-ы – некеде тұрмаған өтініш берушілерге беріледі.

№7. Пәтерді қанша уақыт жалға алып тұруға болады?

Бұйрық жобасында пәтерлер сатып алу құқығынсыз үш жылға жалға берілетіні жазылған. Қолданыстағы бұйрық бойынша бес жылға берілді.

Серіктестер жаңалықтары