Қазақстандықтар мемлекеттік мүлік тізілімі сайтында электронды сауда-саттыққа қатысып, мемлекет меншігіндегі, квазимемлекеттік сектор объектілерін және мемлекеттік емес мүліктерді сатып ала алады. Әсіресе, жер телімі, көлік, ғимарат сауда-саттыққа шығарылады. Информбюро порталы gosreestr.kz сайтын қалай пайдалантынын және сауда-саттыққа қалай қатысуға болатынын түсіндіреміз.
№1. Мемлекеттік реестр сайтына қалай тіркеледі?
Мемлекеттік реестр сайтына кіру үшін ең алдымен авторизациядан өту қажет. Дегенмен сауда-саттыққа қатыспайтын жеке тұлғаларға порталда авторизациядан өту қажет емес. Олар мемлекеттік мүлік реестірінен жекешелендіру объектілері мен мүлікті жалға беру шарттары тізілімін және басқа да жалпыға қолжетімді ақпаратты көре алады.
Сауда-саттыққа қатысқысы келетін жеке тұлға gosreesstr.kz сайтында аты-жөні мен ЖСН, пошталық мекенжай, телефон, факс, электронды поштасын көрсетіп тіркелуі қажет. Сонымен бірге, төлем жасайтын банктің сәйкестендіру коды, IBAN секілді банк реквизитін толтырады.
Қатысушының жеке кабинетінің функционалы:
- Анықтама (бөлімдер мазмұны);
- Барлық сауда-саттықтар (жарияланған барлық сауда-саттық тізімі, сауда-саттықтарға қатысуға өтініш беру);
- Жалға беруге (алуға) ұсынылатын объектілер (барлық жарияланым тізімі, сауда-саттықтарға қатысуға өтініш беру);
- Менің сауда-саттықтарым (қатысушының мақұлданған өтініштері бойынша барлық сауда-саттық тізімі);
- Аукцион залы (сол күнгі аукциондар барысы көрсетіледі);
- Менің өтінімдерім (қатысушының барлық өтінімі: қабылданған, кері қайтарылған);
- Жалға беру (алу) жарияланымдары бойынша өтінімдер (қатысушы өтінімдерінің барлық тізімі: қабылданған, кері қайтарылған);
- Хаттамалар (қатысушы жеңімпаз болып танылған сауда-саттық нәтижелерінің хаттамалары);
- Кепілдік жарналарды қайтару өтінімдері;
- Төлемдер (ұйымдастырушының есепшотына кепілдік жарналардың аударылуы);
- Төлемдер (ұйымдастырушы тарапынан кепілдік жарналарды қайтару).
№2. Сауда-саттыққа қалай қатысады?
Ең алдымен gosreestr.kz сайтында ЭСҚ арқылы тіркелу қажет. Банк картасы болмаса банкте есепшот ашу керек. Сатылатын объектілер тізімінен сатып алатын объектіні таңдап, сауда-саттыққа қатысу үшін өтінім жасайды. Кепілді жарнаны (15%) eGov арқылы epay онлайн төлем бойынша немесе банк арқылы төлейді. Өтінімді ЭСҚ арқылы растап, жолдайды. Жүйе кепілдік жарнаның түсуіне қарай өтінімді не қабылдайды, не қабылдамайды. Өтінім қабылданғаннан кейін ғана сауда-саттыққа қатысуға болады. Жүйе сауда-саттық нәтижесі бойынша ең жоғарғы баға ұсынған жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаз адам сауда-саттық хаттамасын ЭСҚ арқылы растап, сатып алу келісімшартын жасасып, сатып алу объектісінің сомасын төлейді. Ал жеңімпаз бола алмаса кепілдік жарнаны қайтару туралы өтінім беріп, оны ЭСҚ арқылы растайды.
Ескерту: Өтінім сауда-саттық басталардан екі сағат қалғанша қабылданады.
№3. Сауда-саттықтың қандай түрлері бар?
Үш түрі бар:
- Аукцион – қатысушылар өздерінің ұсыныстарын жұртшылық алдында жариялайтын сауда-саттық нысаны.
- Тендер – қатысушылар өздерінің ұсыныстарын жабық конверттерде білдіретін стратегиялық объектілерді, мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды, акционерлік қоғам акцияларын, ЖШС жарғылық капиталдарындағы үлестерін, тарихи-мәдени мұраларды сату бойынша сауда-саттық нысаны.
- Конкурс – конкурс талаптарына сәйкес келетін қатысушыларға аукционда бағаны жоғарылату әдісін қолдана отырып өздерінің бағалар ұсыныстарын ұлғайтуға мүмкіндік берілетін ұлттық холдингтердің және өзге де заңды тұлғалардың мүліктерін сату бойынша сауда-саттықтар.
№4. Аукцион қалай өтеді?
Аукцион екі әдіспен өткізіледі
- бағаны көтеру кезінде бастапқы баға біртіндеп көтеріледі де, ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз атанады.
- бағаны төмендету кезінде сауда-саттықтың бастапқы бағасы 2 минут сайын төмендетіледі. Сатып алу ниетін бірінші болып растаған қатысушы сауда-саттықтың голландтық әдісі бойынша аукцион жеңімпаз болып танылады.
Аукцион мәртебесін түстер арқылы білуге болады:
- ағымдағы қатысушы бағаны соңғы болып белгілесе – жасыл жол;
- сатылу объектісін сатып алуға ертеректе ниет білдірген ағымдағы қатысушы, бірақ бағаны соңғы болып басқа қатысушы белгілесе – қызыл жол;
- сатылу объектісін сатып алу бойынша бірде бір рет ниетін білдірмеген ағымдағы қатысушы – сұр жол.
№5. Аукционға қалай қатысады?
Ең алдымен қажетті сауда объектісін таңдау қажет. Сайтта өтінім толтырып, жүйеден қатысушылардың банктік реквезиттерін таңдау керек. Өтініш беру үшін кепілдік жарна сұралады. Сол үшін кепілдік жарнаны банк реквизитіне аудару қажет. Ең соңында ЭСҚ арқылы қол қойып, өтінімді қарауға жібереді.
Аукцион мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі-жұма аралығында Астана уақытымен сағат 10.00-ден бастап 17:00-ге дейін өтеді. Аукцион сағат 15.00-ден кешіктірілмей басталады.
Аукционға жіберілген қатысушы аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде ЭСҚ мен аукцион нөмірі арқылы аукцион залына кіреді.
Аукцион нәтижелері сауда-саттық нәтижелері туралы электрондық хаттамамен ресімделеді. Оған сатушы және жеңімпаз сауда-саттық өткiзiлген күнi порталда ЭСҚ арқылы қол қояды.
№6. Қарыздар/борышкердің мүлкі аукционда қалай сатылады?
Қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде аукцион залына кіреді және жарияланған лот бойынша баға ұсынады. Бастапқы бағадан төмен немесе жоғары, бірақ ең төменгі бағадан төмен болмауы керек. Электронды аукцион келесі түрде өткізіледі:
- Электронды аукцион басталған сәтте аукцион залында қатысушылар баға ұсынады;
- Қатысушы бір рет бағаны көтере алады;
- 20 минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі хабарланған ең жоғары бағаны көтермесе аукциондағы бағаны хабарлаған қатысушы жеңімпаз атанады;
- 20 минут ішінде қатысушылардың біреуі бағаны көтерсе, бірақ одан кейін 20 минут ішінде ешкім бағаны көтермесе, онда бағаны көтерген қатысушы жеңімпаз деп танылады;
- Электронды аукцион аяқталатын сәтте сағат 17.00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда лотты сатып алу ниетін растаған соңғы қатысушы жеңімпаз деп танылады.
№7. Тендерге қалай қатысады?
Тендерге қатысу үшін объектіні таңдап, өтінім толтырады. Кепілдік жарнаны төлеп, банк реквизитін таңдайды. Тендер шарттарымен келісіп, келесі құжаттардың сканерленген көшірмелерін қоса тіркейді:
- ұсынған бағасын арнайы бөлінген веб-бөлімдегі электронды конвертке енгіру;
- қойылатын ерекше шарттар мен қосымша талаптарға сәйкестігін растау;
- өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойып, қарауға жіберу. еру үшін қажет:
Кепілдік жарна төлеген, шарттар мен талаптарға сәйкес келген қатысушыға тендерге қатысуға рұқсат етіледі.
№8. Тендер жеңімпазы қалай анықталады?
Тендер ашық болуға тиіс. Бірақ Ұлт қауiпсiздiгiн, қоршаған табиғи ортаны қорғауды, ҚР сыртқы экономикалық жағдайын қозғайтын ерекше жағдайларда үкімет шешімімен тендер жабық өткiзiлуi мүмкiн. Оған комиссия айқындаған қатысушылардың шектеулi тобы қатысады.
Тендер мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі-жұма аралығында Астана уақытымен сағат 10.00-ден бастап сағат 13.00-ге дейін өтеді.
Тендер басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмаса тендер өтпеді деп танылады. Ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз атанады. Бір ғана қатысушы қатысса және бастапқы бағадан кем болмайтын құн ұсынса, тендері жеңімпазы деп танылады. Екi және одан көп қатысушы бірдей баға ұсынса ерте өтінім берген қатысушы жеңімпаз болады.
№9. Конкурсқа қалай қатысады?
Конкурсқа қатысу үшін объектіні таңдап, сайтта өтінім толтыру керек. Тендердегідей құжаттар сұралады. Кепілдік жарна төлеу қажет. Шарттар мен талаптарға сай келген қатысушылар конкурсқа жіберіледі. Сауда-саттықта ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз атанады.
Конкурс 3 кезеңнен тұрады:
- өтінімдерді ашу;
- конкурстық аукционға рұқсат беру;
- конкурстық аукционды өткізу.
№10. Сауда-саттық қандай жағдайда өтпеді деп есептеледі?
Аукцион өтпеді деп танылады:
- аукцион басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмаса;
- аукцион басталғаннан кейін 20 минут ішінде ешкім сатып алу ниетін растамаса;
- объект бағасы белгіленген ең төменгі мөлшерге жетсе және тіркелген қатысушылардың бірде-біреуі жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін растамаса;
- сауда-саттық жеңімпазы 17.00-ге дейін анықталмаса.
Тендер/конкурс өткізу кезінде:
- қатысушылардың ұсынған өтінімдеріні екуден кем болса;
- конкурстық аукцион немесе тендерге қатысушылар саны екеуден кем болса.
№11. Кепілдік жарнаны қалай төлеуге болады?
Кепілдік жарна – сауда-саттыққа қатысу объектінің алғашқы бағасының 15%-ы мөлшерінде енгізетін, бірақ 30 000 АЕК-дан аспайтын ақша сомасы. Қатысушы не қатысушының атынан кез келген адам кепілдік жарнаны келесі екі әдістің бірімен төлей алады. Біріншісі, қолма-қол ақшасыз:
- Ақшаны реквизитке аудару.
- Банк картасының нөмірін көрсете отырып, сауда-саттыққа қатысуға өтінім беру кезінде gosreestr.kz порталында онлайн.
Екінші жолы – қолма-қол ақшаны екінші деңгейдегі банктердің кассасы арқылы реквизитке жіберу.
Реквизит: төлем алушы – "Ақпараттық есептеу орталығы" АҚ; БИН: 050540004455. Есеп айырысу шоты (IBAN/ЖСК) "Қазақстан Халық банкі: KZ946017111000000330; БСК: HSBKKZKX; ТТК: 171; Кбе: 16. Төлем тағайындау кодына "сауда-саттыққа қатысушының ЖСН-і мен сауда-саттық нөмірін" жазу керек. Мысалы: "ЖСН 850000850000 үшін кепілдік жарна, сауда-саттық №000000".
Оқи отырыңыз: Банкте кепілдікте пайдаланылмай тұрған ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылады
№12. Кепілдік жарна қалай қайтарыла ма?
Иә, сауда-саттық жеңімпазы болмаса да кепілдік жарна өтініш берген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтарылады.
Кепілдік жарна қайтарылмайды:
- хаттамаға жеңімпаздың қолы қойылмаса;
- жеңiмпаз бекітілген мерзімдерде сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартса;
- сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн орындамаса;
- құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынбаса.
Материалды жазуға gosreestr.kz сайтындағы мәліметтер мен "Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы" 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 үкімет қаулысы пайдаланылды.