Тікелей эфир

Халықтық IPO ел тұрғындарының сұранысын толықтай қанағаттандыра ала ма?

Қаржы мамандары Қазақстанның 100-ден астам өңірінде "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның IPO-ға шығуы аясында ақпараттандыру кездесуін ұйымдастырды

Қазақстанда жыл соңына дейін "ҚазМұнайГаз" акциялары IPO-ға шығарылады деп жоспарланып отыр. Аталған компания – "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының IPO-ға шығаратын сегіз компаниясының біріншісі. Алдын ала болжам бойынша, бір акцияның құны қараша айында белгілі болады және бірден екі алаңда – KASE, AIX қор биржаларында саудаға салынады. Осы орайда, "Самұрық-Қазына" АҚ-ның Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес IPO кезінде бірінші болып халықтың сұранысы 100% қанағаттандырылатынын мәлімдеді. 

Неге ҚазМұнайГаз IPO-ға шығарылады? 

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ны жекешелендіру туралы идея өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері айтылып келеді. Осы уақыт аралығында үлесін халықаралық "мұнай алыптарына" сатудан бастап акцияларын әлемдегі алдыңғы қатарлы қаржы нарығына шығару туралы ұсыныстар болды. Компанияны жекешелендіру әртүрлі жолмен жүзеге асады – акция пакетін жекелеген инвесторларға немесе тұтас компанияны инстуционалдық инвесторларға сату. Кейінгілері компанияны қаржы нарығына шыққанға дейін сатып алып, артынша өзі акцияларды басқа инвесторларға сату мүмкіндігін иеленеді. Бұл мәселеде соңғы нүктені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойып, ең бірінші кезекте Қазақстан халқының сұранысын қанағаттандыруды тапсырды. 

"Еліміздің қарапайым азаматтарының Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек", – деді 2022 жылғы 27 маусымда "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл шешімнің бірнеше тиімді тұсы бар: компания акцияларының IPO-ға шығуы жекеменшік монополияға жол бермейді, екіншіден, көптеген азаматтың акцияны қор нарығына орналастыру арқылы табыс табуына мүмкіндік береді. Бұдан өзге, соңғы жылдары энергетика және мұнай саласындағы компаниялардың банк тарапынан қаржыландырылуы біраз қиындық тудырған болатын. Алда банк қаржыландырмайды және "Самұрық-Қазына" АҚ-ның қаржы жүктемесі азайып, ұжымдық басқару жүйесі бір ізге түседі, Қордың өз активін бәсекеге қабілетті етуге жол ашылады.


Оқи отырыңыз: Биржа базары: 2022 жылы қандай компанияларға инвестиция салған тиімді?


"Самұрық-Қазына" АҚ-ның Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділдің айтуынша, IPO бизнес пен қаржы тартудың таптырмас көзі. 

"Сатушы акционерлер – Қор мен Үкімет үшін активтерді листингке ұсыну – бизнесті дамытып, түсімдерді ҚР Ұлттық қорына бағыттаудың тиімді тәсілі. Қаржыдан өзге оң аспектілеріне келетін болсақ: ұжымдық басқаруды жақсартады, эмитенттің акционерлер мен қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Ал қайта құру тұрғысынан қарайтын болсақ, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, бақылаудағы акциялардың стратегиялық маңызды салаларда сақталуына әсер етеді. Осы шарттарды ескерсек, IPO барлық жағынан тиімді болып отыр", – деп түсіндірді Ернар Жанәділ. 

Жекешелендірудің тарихи кезеңдеріне келсек:

1991-92 – І кезең

Жекешелендіру бастамашылық сипатта болды. Мемлекеттік органдар кәсіпорынның ұжымы жекешелендіруге өтінім бергеннен кейін ғана жекешелендіру туралы шешім қабылдады. Кәсіпорынды мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру нысанын таңдау еңбек ұжымының өзіне берілді. Бірінші кезең барысында барлығы 4 771 объекті жекешелендірілді. 

1993-95 – ІІ кезең

Жекешелендіру бұқаралық сипат алды. Оған 11 миллион адам, яғни халықтың 67 пайызы қатысты. Жалпы осы кезеңде 6037 мемлекеттік объект, сондай-ақ, 385 АҚ мен ЖШС акциясы мен қатысу үлестерінің мемлекеттік пакеттері жекешелендірілді, мемлекет кірісіне шамамен 9,5 млрд теңге бағытталды. 

1996-98 – ІІІ кезең

Бұл кезеңнің ерекшелігі жекешелендіру мен қайта құрылымдаудың секторлық бағдарламаларына көшу болды. Бұл кезеңде 1 946 әлеуметтік саланың объектісі сатылды, оның ішінде жекешелендіруге жататын 67,7% – денсаулық сақтау объектілері, 57,7% – білім беру, 49,8% – мәдениет, 66,7% – жекешелендіруге жататын туризм және спорт объектілері. Республика бойынша 162 мектептік ауыл шаруашылығы кәсіпорны жекешелендірілді. 2 615 АҚ мен шаруашылық серіктестіктер жекешелендірілді. Әлеуметтік саланың 2 905 объектісі жекеменшікке өтті. 

1999-2013 – IV кезең

Бұл кезеңде мемлекеттік меншік республикалық және коммуналдық меншікке бөлінді. 1999 жылы коммуналдық меншікке 953 АҚ және шаруашылық серіктестіктердегі акциялардың мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері берілді. 

2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін – V кезең

Осы кезеңде Үкімет Жекешелендірудің кешенді жоспарын бекітті, оның басты мақсаты кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуын қысқарту болды. "Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын" және "Жекешелендірудің 2021-25 жылдарға арналған кешенді жоспарын" іске асыру шеңберінде, IPO\SPO жүргізу шеңберінде "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ акцияларының 25 пайызын сатуды қоса алғанда жалпы сомасы 191 млрд теңгеге 94 актив сатылды. 

Бұл Қазақстан халқына не береді?

Біріншіден, IPO ірі мұнай-газ компаниясын нарыққа шығарып, қазақстандықтардың "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның тең иесі және акционері болуына көмектеседі. Бұған дейін Қор өкілдері мәлім еткендей, басымдық бөлшек инвесторларға, қазақстандық институционалдық инвесторлар мен халықаралық институционалдық инвесторларға беріледі. "Самұрық-Қазына" АҚ өкілдерінің айтуынша, бірінші топтағы азаматтардың сұранысын 100% қанағаттандыру – басты мақсат. 

Екіншіден, бұл азаматтар үшін банк пен жылжымайтын мүлікке ақша салу сынды дәстүрлі инвестиция жасау тәсілдерінің баламасы болмақ. Осы тұста мамандар қор нарығының кәсіби қатысушылары мен алғаш қадам басқалы отырған азаматтарға табыстың 100% кепілдігі жоқ екенін ескертті.


Оқи отырыңыз: Несиені уақытылы төлей алмасаңыз, не істеуге болады?


"Акциялардың бағасына әртүрлі сыртқы фактор әсер етеді: макроэкономикалық, инфляциялық, жекелеген шикізат өнімдерінің бағасы және т.б. Алайда "Самұрық-Қазына" Қоры "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-да және басқа да портфельдік компанияларда бас акционер болып қала береді. Акция бағасының өсіп отыруы біз үшін маңызды. Инвестиция салған кезде тек қысқа мерзімді табыс табуға ғана емес, болашаққа жоспар құру қажет. Ал бір сәттік табыс туралы хедж-қорлар ойлайды. Ұлттық байлықтың бір бөлігін иеленгіңіз келсе, онда акцияларды өзіңізде ұзақ уақытқа сақтап қалуды көздеңіз", – деді Ернар Жанәділ. 

Биыл "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ кірісі 4,2 млрд теңгеге өсті

Өңірдегі геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ қаржылай тұрақты екенін дәлелдеп келеді. 2022 жылдың І жарты жылдығында компанияның кірісі бірден 57,5 пайызға (4 203 млрд теңге) өсті. Таза табыс 677 млрд теңгені құрады. Мұнымен қатар, көміртекті шикізатты өндіру, тасымалдау және өңдеу көлемі де қатар өсті. Осылайша, Қазақстан азаматтарын нысанаға ала отырып Қор өз активін жекешелендіру бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асырғанда ауқымды инвесторлық пул құрып, капитал тартуға әрекет етеді.

Осы мақсатта "Самұрық-Қазына" қоры, "ҚазМұнайГаз" компаниясы мен AIX, KASE қазақстандық қор биржалары және SkyBridge Invest, BCC Invest, Freedom Broker, Halyk Finance брокерлік ұйымдарының мамандары Қазақстанның 100-ден астам өңірінде 130-астам кездесу ұйымдастырды. Осы кездесулерде қаржы мамандары 100 мыңнан астам қазақстандықты "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның IPO-ға шығу барысымен таныстырды. Сондай-ақ, қор нарығынан инвестиция сатып алу мен алаяқтарға алданып қалмаудың тетіктері туралы айтылды.

 "Самұрық-Қазына" қоры алдағы үш жылда QazaqGaz, "Қазпошта" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК АК, QazaqAir, "Самұрық-Энерго" АҚ, Air Astana, "Тау-Кен Самұрық" АҚ, "Қазақстан Темір жолы" ҰК АҚ сынды бас активтерін бәсекелестік алаңына шығаруға дайын екенін жеткізді. 

Серіктестер жаңалықтары