USDUSD: 507.5 / 510.1
  • EUREUR: 522.5 / 526.5
  • RUBRUB: 5.17 / 5.29
Тікелей эфир
Алматы -7C
  • -7°C Алматы
  • -14°C Астана
  • -1°C Ақтау
  • -16°C Ақтөбе
  • -7°C Атырау
  • -20°C Балқаш
  • -20°C Жезқазған
  • -16°C Қарағанды
  • -12°C Көкшетау
  • -14°C Қостанай
  • -5°C Қызылорда
  • -11°C Павлодар
  • -12°C Петропавл
  • -12°C Семей
  • -14°C Талдықорған
  • -2°C Тараз
  • -1°C Түркістан
  • -10°C Орал
  • -8°C Өскемен
  • -1°C Шымкент
Алматы -7C
  • -7°C Алматы
  • -14°C Астана
  • -1°C Ақтау
  • -16°C Ақтөбе
  • -7°C Атырау
  • -20°C Балқаш
  • -20°C Жезқазған
  • -16°C Қарағанды
  • -12°C Көкшетау
  • -14°C Қостанай
  • -5°C Қызылорда
  • -11°C Павлодар
  • -12°C Петропавл
  • -12°C Семей
  • -14°C Талдықорған
  • -2°C Тараз
  • -1°C Түркістан
  • -10°C Орал
  • -8°C Өскемен
  • -1°C Шымкент

eOtinish: Мемлекеттік органдарға қалай онлайн өтініш беруге және шағым жолдауға болады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қазақстандықтар жолдағы шұңқырлар мен интернет байланысына қатысты жиі шағымданады.

Елімізде 2021 жылғы 1 шілдеден бастап өтініштер қабылдауға арналған eOtinish ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Содан бері қазақстандықтар мемлекеттік органдарға тікелей арыз-шағым жолдап, мәселесін шешіп келеді. 

Осы орайда Информбюро порталы eOtinish жүйесі арқылы мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге қалай өтініш жіберуге болатынын түсіндіреді.

№1. Қалай тіркелу қажет?

eOtinish.kz сайтында және eGov Mobile қосымшасында өтініш беруге болады. Ең алдымен жүйеге кіру қажет.  

eOtinish сайтында өтініш беру үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, экрандағы QR-кодты сканерлейсіз не болмаса компьютердегі ЭЦҚ қол қойып кіре аласыз.

Ал eGov Mobile қосымшасында "Қызметтер" бөлімінде орналасқан eOtinish-тің үстін бассаңыз ақпараттық жүйеге өтесіз. Мәліметтеріңізді пайдалануға келісім беріп, қол қоясыз. 

Профиліңізде аты-жөніңіз бен телефон нөміріңіз жазылған. 

№2. Қалай өтініш береді?

Бас беттегі "Өтініш беру" дегенді басып, өтінішті толтырасыз:

  1. Кодекс түрін таңдайсыз. Әдетте "Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс" автоматты түрде шығады. Мұны өзгерте аласыз.
  2. Өтініш түрін таңдайсыз. Автоматты түрде "Арыз" шығады. Оны да өзгерте аласыз.
  3. Өтінішіңізді қарайтын мемлекеттік мекеменің атауын енгізіңіз.
  4. Мәселені сипаттап, өтініш жазыңыз. Мәтін 100 таңбадан асуы керек. 
  5. Картадан мәселе туындаған орынды көрсетіңіз. eOtinish локацияңызды білуге рұқсат сұрағанда "Ок" деп мақұлдаңыз. Картадан орынды белгілеп, "дайын" дегенді басыңыз. Мекенжайды өзгерте аласыз.
  6. Мәселеңіздің шешілуіне көмектесетін немесе дәлел бола алатын фотосуреттер мен құжаттарды тіркеңіз. Файл атауы қайталанбауы керек. 
  7. Нақты тұрғылықты мекенжайыңызды жазыңыз.
  8. СМС хабарлама алу тілін таңдаңыз. 
  9. Қол қойып, өтінішіңізді жіберіңіз.
  10. Жіберілгеннен кейін өтінішке бірегей нөмір беріледі.

№3. Қандай мәселелерді шешуге болады?

  • Байланыс және коммуникация. Интернеттің жоқтығы, оператордың тарифті көтеруі, нашар байланыс, ақаулар.
  • Қала және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы. Ыстық су мен жарық мәселесі, жаяу жүретін жолдарда қардың тазаланбауы, көктайғақ, балалар алаңдарын жөндеу, көшеде қоқыстың шашылып жатуы, автобусты ұзақ күту және т.б.
  • Мемлекеттік қызметтер және қызмет көрсету. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын жақсартуды ұсыну, ақпарат сұрату, жеке қабылдауға жазылу, сот актілерінің орындалуы, мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмеуі, қызмет көрсетуден бас тарту, білім беру және медицина мәселелері.
  • Ерекше қажеттіліктер. Жеңілдіктер, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер алу, кәсіпкерлік және білім беру мәселелері, құқықтардың бұзылуы, зейнетақы төлемдері, шәкіртақы мәселелері, еңбекақының төленбеуі.
  • Жер. Бизнес. Салық. Құрылыс, жер қатынастары, жер ресурстары, салық және кедендік түсімдерге қатысты сұрақтар, сондай-ақ кәсіпкерлік мәселелері.

№4. Өтініштің қандай түрлері бар?

Өтінімнің бірнеше түрі бар:

  • хабар;
  • ұсыныс;
  • үн қосу;
  • жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы арыз;
  • жеке кәсіпкер және заңды тұлға үшін су тасқынынан материалдық зиянды өтеу туралы өтініш;
  • жеке не заңды тұлғаны қабылдауға өтініш;
  • арыз;
  • сот орындаушыларының сұрау салуы;
  • БАҚ сұрау салуы;
  • ақпарат беру туралы сұрау салу;
  • адвокаттардың сұрау салуы;
  • мемлекеттік құпияларына жатқызылған мәліметтерді құпиясыздандыру туралы сауал салу;
  • нотариустың сауал салуы;
  • сұрау салу;
  • мемлекеттік қызметттерді көрсету бойынша шағым;
  • салықтық мониторингке жататын салық төлеушілердің шағымы;
  • салық төлеушілердің шағымы;
  • шағым.

Әрқайсының жанында тұрған сұрақ белгісін басып, анықтамасын көре аласыз. 

№5. Тіркейтін файлдардың көлемі қандай болуы керек?

Бір файл 15 MB-тан аспауы керек. Ал жалпы көлемі 150 MB-тан аспайтын көп дегенде 25 файл тіркеуге болады. Файл форматтары: png, pdf, jpg, jpeg, gif, tiff, bmp, doc, docx, xls, xlsx. Файл атаулары қайталанбағаны жөн.

№6. Өтінішті түзеуге бола ма?

Қол қойылған өтінішті өзгертуге болмайды. Сол өтініштің нөмірін көрсете отырып, жаңа өтініште деректерді толықтыра алады. Бұл жағдайда екінші өтініш дубликат ретінде бірінші өтінішке тіркеледі.

Мемлекеттік орган өтінішті толықтыруын сұрай алады. Бұл туралы өтініш беруге SMS хабарлама жіберіледі. Мұндайда өтініш берушінің парақшасында сипаттама мен файлдарда өзгерістер енгізу батырмасы пайда болады.

№7. Өтінішті кері қайтарып алуға бола ма?

Иә, "Орындалды" мәртебесіне ие өтініштерден басқасын қайтарып алуға болады. Ол үшін авторизациядан өтіп, "Менің өтініштерім" бетінен қайтарып алғыңыз келетін өтінішті іздеп табыңыз. Кері қайтарып алуға арыз жіберу үшін "Өтінішті кері қайтарып алу" батырмасын басыңыз. "Комментарий" өрісіне қайтарып алу себебін көрсетіп, ЭЦҚ-мен қол қойыңыз. 

№8. Жауап қанша күнде келуі қажет?

Өтініштерді қарау мерзімі:

  • Арыз, хабарлама, үн қосу, ұсыныс, сұрату – 15 жұмыс күні;
  • Шағым – 20 жұмыс күні;
  • Адвокаттың сұратуы – 10 жұмыс күні;
  • БАҚ-тың сұратуы – 7 жұмыс күні (қарау мерзімі бір рет ұзартылуы мүмкін);
  • Ақпарат беру туралы жазбаша сұрату – 15 күн;
  • Тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі шағымы – 5 жұмыс күні;
  • Салық төлеушінің шағымы – 30 жұмыс күні;
  • Сот орындаушыларының сұратулары 3 күн ішінде қаралады.

Мемлекеттік органның жауабы қанағаттандырмаса, жауапқа шағымдана аласыз. Ол жауап та мардымсыз болса сотқа шағымдана алады.

№9. Өтінішіме жауап бергенін қалай білемін?

eOtinish сайтындағы жеке кабинетте және eGov mobile қосымшасынан "Менің өтініштерім" бөлімінен тексере аласыз. Оған қоса жақын маңдағы ХҚКО бөлімшесінде немесе өтініш берілген мемлекеттік органда ЖСН не өтініш нөмірі арқылы жауаппен танысуға болады.

№10. Жауапқа қалай шағымданады?

Басты беттегі "Өтінішке шағымдануға" кіріп, өтінішті таңдайсыз да, шағымды толтырып жібересіз. Не болмаса "Менің өтініштерім" бөліміне кіріп, өтінішті таңдап, "Жауапқа шағым беру" батырмасын басып, шағымды толтырыңыз.

№11. Сотқа қалай шағымданады?

Басты беттегі "Сотқа талап-арыз беру" бөліміне кіріп, сот органын таңдаңыз. Мемлекеттік бажды төлеп, түбіртек/чекті тіркеңіз. Содан соң талап мазмұнын толтырыңыз. Мәтін 200 таңбадан асуы керек. Қажет болса фотосуреттер, файлдар тіркеңіз. Автоматты түрде толтырылған деректердің дұрыстығын тексеріп, тұрғылықты мекенжайыңызды жазыңыз. ЭЦҚ-мен қол қойып, талапты сотқа жіберіңіз.

№12. Өтініштің мәртебесі нені білдіреді?

  • "Тіркелмеген" мәртебесі өтінішіңізді жіберу кезінде қате кеткенін білдіреді. Сол үшін файлдар мен деректерді тексеріңіз.
  • "Тіркелді" мәртебесі өтінішіңіз мемлекеттік органға келіп түскенін және тиісті мерзімде қаралатынын білдіреді.
  • "Орындаушы тағайындалды" мәртебесі өтінішіңіз мемлекеттік органға келіп түскенін, орындауда екенін және тиісті мерзімде қаралатынын білдіреді.
  • "Орындалуда" мәртебесі ҚР ӘРПК 63/93-баптарына сәйкес өтініш берушінің өзгертулер енгізу мерзімі аяқталған кезде "Сәйкестікке келтірілмеді" мәртебесінен кейін автоматты түрде қойылады.
  • "Орындалды" – өтініш бойынша шешім шығарылды. Шешіммен жеке кабинетте таныса аласыз.
  • "Шағым бойынша шешім қабылданды". Шешім шыққанын білдіреді. Шешіммен жеке кабинетте таныса аласыз.
  • "Дубликат ретінде жабылды". Өтініш басқа өтінішті қосарлайтын болса, ағымдағы өтініш автоматты түрде жабылады.
  • "Кері қайтарылды". Өтінішті кері қайтарып алған кезде шығатын мәртебе.
  • "Өтініш берушінің өңдеуінде". Өтініш ҚР ӘРПК 63/93-бабының талаптарына сәйкес болмаса қайтарылады. Өтініш беруші көрсетілген мерзімде сәйкессіздіктерді жойып, өтінішті қайта жіберуі керек.
  • "Тыңдауды күтуде". Әкімшілік орган, лауазымды тұлға әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті, ол жайында әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.
  • "Тыңдау өткізілді". Тыңдау өткізіліп, орындаушы өтініш бойынша қосымша ақпаратты орындауға қабылдады.
  • "Хаттама ауыстырылды". Орындаушы тіркелген жауапты өзгертетін болса, онда осы мәртебе пайда болады.
  • "Тыңдау өткізілмеді" мәртебесі тыңдау өткізілмегенін, орындаушы өтініш бойынша қосымша ақпаратты орындауға қабылдамағанын білдіреді.
  • "Өтінішті қарастыру мерзімі ұзартылды". Өтінішті орындау үшін сапарға шығу немесе басқа меморганнан ақпарат сұрату түрінде қосымша ақпарат қажет болса, орындаушы мерзімді ұзарта алады.
  • "Басқа мекенжайға жолданды". Өтінішті немесе оның бір бөлігін құзыретті мемлекеттік органдарға қайта бағыттау.
  • "Жоғары тұрған мемлекеттік органға жіберілді". Бұл мәртебе өтінішті немесе оның бір бөлігін жоғары тұрған органға қайта бағыттау кезінде пайда болады.
  • "Кері қайтарудан бас тартылды". Орындаушы кері қайтарып алу арызын қабылдамағанын білдіреді. 
Серіктестер жаңалықтары