USD: 472.9 / 475.5
  • EUR: 541.5 / 546.5
  • RUB: 5.85 / 5.97
Тікелей эфир
Алматы +17C
Все города

Бірнеше банкте несиеңіз болса, оны қалай реттеп, тиімдірек етуге болады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Кредиттер бойынша қарыздарды реттеуге арналған Finkelisim.kz бірыңғай платформасы іске қосылды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп 1 шілдеде тұтынушылық кепілсіз кредиттер бойынша берешекті реттеуге арналған Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасын іске қосты. Бұл платформа банктер алдында бірнеше берешегі бар азаматтарға арналған. Енді олар мәселесін шешу үшін банкке жеке-жеке барып жүрмейді.

Осы орайда Информбюро порталы агенттік мәліметтеріне сүйене отырып платформаның қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді.

№1. Платформа кімдерге арналған?

Жаңа сервис бір уақытта бірнеше кредитор – банктер, микроқаржы ұйымдары не коллекторлық агенттіктер алдында тұтынушылық кепілсіз кредиттер, яғни мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған.

Енді қарыз алушыға берешек мәселесін шешу үшін әрбір кредиторға жеке-жеке жүгіну қажет емес. Платформада барлық кредитор қарай алатын бір өтініш беруге болады.

Finkelisim.kz платформасы қарыз алушының барлық кредитор алдындағы берешегі туралы мәліметтерді автоматты түрде жинап, жолданымды қарауға қажет ақпаратты қалыптастырады.

№2. Платформа тегін бе?

Медиатордың қызметтерін қоспағанда, қарыз алушының ұжымдық реттеу рәсіміне қатысуы тегін. Бұл ретте 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін медиатордың қызметтеріне төленетін ақы банк және микроқаржы омбудсмандарының есебінен өтеледі.

№3. Платформада кімдер өтініш бере алады?

Мынадай критерийге сәйкес келетін қарыз алушы өтініш бере алады:

  • екі және одан да көп кредитор алдында кредиттер бойынша 90 күнге және одан да көп күнге созылған мерзімі өткен берешегі бар болса;
  • кредиттер бойынша жиынтық берешегі 150 АЕК – 1 600 АЕК, яғни 2026 жылы 648 750 мен 6 920 000 теңге аралығында болса;
  • берешек бойынша өндіріп алу туралы сот актілері, нотариустың атқарушылық жазбалары және мәжбүрлеп өндіріп алудың өзге де шаралары жоқ болса.

№4. Кімдер өтініш бере алмайды?

Бұл ретте ұжымдық реттеу рәсіміне мынадай қарыздары бар қарыз алушылар қатыса алмайды:

  • ипотекалық қарыздар;
  • автокредиттер;
  • кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты банктік қарыздар немесе микрокредиттер;
  • алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер;
  • заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызмет өткеретін қарыз алушыларға төлемдерді кейінге қалдыру берілген кредиттер;
  • медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім қолданыста болған кредиттер;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдері қолданылатын берешек.

№5. Қалай өтініш беру қажет?

Ең алдымен қарыз алушы платформада тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек. Бұл өзінің жеке басын растау және бөгде адамдардың өтініш беруін болдырмау үшін қажет. Осыдан кейін берешекті реттеуге өтініш бере алады.

Бұдан әрі платформа кредиттік бюроның деректері бойынша қарыз алушының ұжымдық реттеу шарттарына сәйкес келетіндігін автоматты түрде тексереді.

Егер қарыз алушы белгіленген шарттар мен өлшемшарттарға сәйкес келсе, платформа реттеу аясына енгізілуі мүмкін кредиттер тізімін жасайды және бұл ақпаратты кредиторларға жібереді.

№6. Қарыз алушының өтініші қалай қаралады?

Кредиторлар қарыздар бойынша мәліметтерді тексереді және берешек мөлшерін растайды. Осыдан кейін платформада қарыз алушыға қол қою үшін мына құжаттар жіберіледі:

  • омбудсманның шешімі бар хаттама;
  • қарызды өтеудің бірыңғай кестесі;
  • медиатормен шарт;
  • сондай-ақ әрбір кредитор мен медиативтік келісімдер.

Қарыз алушы ұсынылған шарттармен танысып, платформада 72 сағат ішінде құжаттарға қол қоюға тиіс. Егер осы мерзімде құжаттарға қол қойылмаса, бұл реттеу рәсіміне қатысудан бас тарту болып саналады.

№7. Берешекті ұжымдық реттеу рәсімі қалай жүзеге асады?

Құжаттарға қол қойылғаннан кейін кредиторлар реттеу рәсіміне енгізілген кредиттер бойынша берешекті өндіріп алуды тоқтата тұрады. Бұдан кейін қарыз алушы бірыңғай кесте бойынша төлемдерді енгізеді, ал платформа ақшаны берешек мөлшеріне теңбе тең кредиторлар арасында бөледі. Ұжымдық реттеу рәсімін қолдану және оның аяқталуы туралы ақпаратты кредиторлар кредиттік бюроларға жібереді.

Егер қарыз алушы қол қойылған келiсiмдердiң шарттарын орындамайтын болса, кредитор төлемдердiң 40 күн мерзiмi өткеннен кейiн заңдарда белгiленген тәртiппен берешектi өндiрiп алуға құқылы.

Бұл ретте қарыз алушының берешекті ұжымдық реттеу рәсіміне қайтадан қатысуына жол берілмейді.

Кредиттер бойынша мiндеттемелердi орындауға мүмкiндiгi жоқ қарыз алушылар "ҚР азаматтарының төлем қабiлетiн қалпына келтiру және банкроттығы туралы" ҚР Заңында көзделген шарттарға сәйкес келген кезде соттан тыс банкроттық рәсiмiн қолдануға өтiнiш беру туралы мәселенi қарауға құқылы.

№8. Берешекті өтеудің бірыңғай кестесі қалай жасалады?

Бірыңғай кестені жасағанда қарыз алушының берешегінің жалпы сомасы ескеріледі. Жалпы шарттарда қарыз алушылар үшін:

  • жиынтық берешек 1 млн теңгеге дейін болған кезде ең жоғары ай сайынғы төлем 12 ай мерзімге 84 мың теңгені құрайды;
  • 5-7 млн теңге аралығындағы жиынтық берешек кезінде ең жоғары ай сайынғы төлем 60 ай мерзімге 117 мың теңгені құрайды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін неғұрлым жеңілдетілген жағдайлар көзделген:

  • жиынтық берешек 1 млн теңгеге дейін болған кезде ең жоғары ай сайынғы төлем 18 ай мерзімге 56 мың теңгені құрайды;
  • 5-7 млн теңге аралығындағы жиынтық берешек кезінде ең жоғары ай сайынғы төлем 84 ай мерзімге 84 мың теңгені құрайды.

№9. Бірыңғай кесте қанша уақытқа жасалады?

Жолданымды қарау және кредиторлармен талаптарды келісу нәтижесінде қарыз алушыға – 5 жылға дейінгі мерзімге, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге берешекті өтеудің бірыңғай кестесі ұсынылуы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау