Қазіргі таңда смартфон ересек адамның ғана емес, баланың да қолынан түспейтін құралға айналды. Ата-ана баласы жыласа жұбату үшін смартфон беріп, түрлі ойын мен видео арқылы тәрбиелеп жатыр. Бұл қалыпты нәрсеге айналды әрі мұның әсерін көп адам түсінбеуі де мүмкін. Оқушылар болса гаджет арқылы видеосабақтар қарайды, үй тапсырмасын орындайды. Ал қалған уақытта ойындар ойнап, видео көреді. Ата-ана баласының қандай контент көріп-еститінінен бейхабар. Смартфонды баланың қолынан тартып алу мәселені түбегейлі шеше алмайды.
Смартфонды шамадан тыс қолдану тәуелділікке әкеледі. Бала шынайы өмір мен виртуалды өмірдің арасын айыра алмай қалады. Оған қоса, интернетті дұрыс пайдаланбаса кибербуллинг құрбанына айналуы мүмкін. Мұның қалай алдын алуға болады? Ата-ана баласының смартфонын, тұтынатын контентін қалай қадағалай алады? "Ата-ана бақылауы" деген функцияны қалай қосуға болады? Informburo осы және өзге сұрақтарға жауап әзірледі.
№1. Ата-ана бақылауы деген не?
Ата-ана бақылауы – баланың интернеттегі, қосымшалар мен контентті пайдалануын тексеруге және бақылауға арналған құралдар мен бағдарламалар.
Ата-ана бақылауы – келесі екі функцияны орындайтын бағдарламаларды қамтиды:
- балалардың зиян контент көруіне шектеу қою;
- гаджетті, интернетті немесе нақты бір қосымшаны (мысалы, ойындарды) қолдану уақытын шектеу.
Осы функцияны қосу арқылы балалардың зорлық-зомбылық немесе балағаттау көріністері бар фотолар мен видеоларды көруін шектеуге болады. Оған қоса 18+ сайттарға кірмейді. Рұқсат етілген қосымшалардан басқасын жүктей алмайды. Белгіленген уақыт аяқталған соң гаджетті пайдалану мүмкін емес, сондықтан басқа нәрсемен айналысуға немесе ұйықтауға мәжбүр болады. Әрі бұл гаджетке тәуелді болмауы үшін қажет.
№2. Ата-ана бақылауы қалай жұмыс істейді?
Ата-ана бақылауының үш түрі бар:
- теледидарда, планшетте, компьютер мен смартфондағы кіріктірілген бақылау функциясы;
- гаджетке орнатылатын шектеулер енгізуге мүмкіндік беретін қосымша;
- әлеуметтік желілерде немесе видеоконтенті бар сайттарда (мысалы, YouTube) балалар режимі.
Ата-ана бақылауы көмегімен балаға белгілі бір сайттарға кіруге не бұғаттауға, жаңа қосымшаларды жүктеуге рұқсат беруге не тыйым салуға, сонымен бірге гаджетті қолдану уақытын шектеуге, әлеуметтік желілердегі белсенділігін қадағалауға, хабарламаларын бақылауға, баланың геолокациясын көруге болады.
№3. Бала ата-ана бақылауын "бұза" ала ма?
Әдетте бақыланатын қосымшалар құпиясөзбен қорғалады. Бала құпиясөзді білмесе шектеуді алып тастай алмайды. Рұқсат желілік баптаулар арқылы (мысалы роутерде) қадағаланса, онда үлкен балалар шұқылап, шектеуді алып тастауы мүмкін. Бала роутердің баптауларын ретке келтіре алса, онда ата-ана бақылауын алып тастап интернетті еркін қолдана алатын жаста деген сөз.
№4. Ата-ана бақылауының қандай түрлері бар?
- Әмбебап қосымшалар. Ата-ана бақылауының мүмкіндігі көп қосымшалары антивирус өндірушілері мен Google және Apple компаниясына тиесілі.
- Трекер-бағдарламалар. Балалардың тұрған жері мен қозғалысын қадағалауға арналған қосымшалар. Мысалы, GeoLocator, Find My Kids: Parental control. Locategy және Boomerang секілді ата-ана бақылауы қосымшалары баланың тұрған жерін қадағалап қана қоймай, орынсыз контентті бұғаттап, балаға бірнәрсе бола қалса SOS сигнал жібереді.
- Кіріктірілген бағдарламалар. Кейбір планшеттер мен смартфондарда кіріктірілген бағдарламалар арқылы құпиясөз енгізіп, балалардың гаджетті қолдануын қадағалауға арналған арнайы режимді қосуға болады. Қосымшаларды жүктеп алу және пайдалануға шектеу қою, гаджетті қолдану уақытын шектеу және веб-іздеуді пайдалануға тыйым салу функциялары бар.
- Желілік фильтрлер. Бірқатар роутер қажетсіз сайттарды бұғаттап, интернет-трафикті сүзгіден өткізе алады. Мұны роутердің баптауында жасауға болады. Алаяқ және тыйым салынған сайттар DNS-серверлерде сақталады. Роутердің баптауынан нақты DNS-серверді таңдауға болады.
- Әлеуметтік желілердегі ата-ана бақылауы функциясы. Әлеуметтік желіге тіркелу үшін баланың жасы 13 немесе 16-дан асуы керек. Бірақ балалар жасын шын көрсетпей, әлеуметтік желіні алдып, тіркеліп алуы мүмкін.
№5. Google-дің ата-ана бақылауын қалай орнатады?
Google компаниясының ата-ана бақылауы Google Family Link деп аталады. Ата-ана алдымен қосымшаның ересектерге арналған нұсқасын өзінің құрылғысына орнатуы керек. Балаларға сәйкесінше балаларға арналған нұсқасы орнатылады. Ата-ана өз қосымшасында отбасы тобын ашып, балалардың Google аккаунтын тіркейді. Қосымша iOS пен Android-та да қолжетімді.
Қосымшаны іске қосу үшін:
- Ата-анаға арналған Family Link-ке кіріп, код алу;
- Кодты балаларға арналған қосымшаға енгізу;
- Экран уақыты мен жас шектеуін баптау.
Бала өзінің планшетінде не смартфонында ата-ана енгізген баптауларды өзгерте алмайды. Ал ата-ана баласының гаджетті қалай және қанша уақыт қолданғаны жайлы есеп алады. Егер бала жаңа ойын немесе қосымшаны жүктегісі немесе сатып алғысы келсе, ата-анасының телефонына ескертпе жіберіледі. Бұдан бөлек, баланың гаджетіндегі кез келген қосымшаны бұғаттауға болады.
Гаджетті қолдану уақытын шектеумен қоса құрылғыны түнде немесе үй тапсырмасын орындау кезінде құлыптап қоюуға болады. Интернетке қосылған планшет немесе смартфон арқылы баланың қайда екенін бақылай аласыз.
№6. Play Market-те шектеу қалай енгізіледі?
Android операциялық жүйесінде ата-ана бақылауын Play Market қосымшасы арқылы орнатуға болады. Play Market баптауында "Отбасы" деген менюде "Ата-ана бақылауы" деген пункт бар. Бұл функцияны қосып-өшіру үшін пин-код орнатып, оны растау керек. Содан кейін фильтр қойғыңыз келетін контент түрлерін таңдап, ойындар мен қосымшаларды пайдалануға арналған әртүрлі жас шектеуін таңдауға болады. Шектеу енгізілген соң бала өзінің жас санатына ғана арналған ойындарды жүктей алады. Үлкен балаларға арналған ойындар смартфонда көрінгенімен, оларды бала қоса алмайды.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Қазір жас ұрпақ әлеуметтік желіден тәрбие алып жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс
№7. iPhone-ға ата-ана бақылауы қалай орнатылады?
Айфонда ата-ана бақылауы "Экран уақыты" менюінде орнатылады. iOS-тың кейбір нұсқаларында ата-ана айфонына Apple ID енгізу керек. Құпиясөзді ұмытып қалса қалпына келтіруге болады.
Қалған параметрлерді баланың iPhone, iPad немесе iPod touch құрылғысына енгізе аласыз. Тағы бір нұсқа – өз айфоныңызда баптауларға кіріп, "Отбасылық кіру" функциясын қосып, "Экран уақытын" таңдап, баланың атын белгілеп балаңыздың гаджетіндегі баптауларды айфоныңызбен өзгерте аласыз.
"Экран уақыты" – "Контент және құпиялық" – "iTunes Store және App Store сатып алулар" менюін баптау арқылы қосымшаларды сатып алуға, орнатуға және қшіруге тыйым салуға болады. Қолдануға болатын қосымшалар тізімі "Экран уақыты" – "Контент және құпиялылық" – "Рұқсат етілген қосымшалар" менюінде баптауға болады. Музыкаға, фильмдерге, кітаптарға, іздеу нәтижелеріне, интернет-сайттарға, Siri арқылы іздеуге шектеулерді "Экран уақыты" – "Контент және құпиялылық" – "Контентті шектеу" менюі арқылы орната аласыз.
№8. YouTube-те ата-ана бақылауы қалай жұмыс істейді?
YouTube желісінде бала көретін контентті қадағалаудың екі жолы бар. Біріншісі – YouTube платформасында балалар контенті ғана көрінетін қауіпсіз режим. Ол үшін аккаунт үстін басып, "Қауіпсіз режим" дегенді таңдау керек. Бұл режим іске қосылса балаларға сай келмейтін видеолар көрінбейді.
Екіншісі – балаларға арналған YouTube Kids қосымшасы. Бұл сервисте арналар мен видеолар негізгі YouTube сайты мен қосымшасына қарағанда көп емес. Мұнда отбасы бірге көре алатын, балаларға қызық болатын сапалы видеолар көрсетіледі. Қосымшаны баптау үшін ата-ана Google аккаунтына кіріп, сервистің ережелерімен келісіп, баланың атын, жасы мен туған күнін көрсетуі керек. Содан кейін баланың жасына қарай контенті таңдап, баптауларды өзгерту үшін құпиясөз орнатады.
YouTube Kids қосымшасында үш жас санаты бар:
- ең кішкентай балаларға арналған;
- мектепке дейінгі балаларға арналған;
- үлкен балаларға арналған.
№9. 0-5 жастағы балалардың ата-анасына кеңес
Бала пайдаланатын үйдегі барлық құрылғы мен балалар планшетіне ата-ана бақылауы қызметін орнатыңыз. Балаңызға сіздің аккаунтыңызға байланған бөлек есептік жазба құрыңыз. Гаджеттерді қолдану ережесін бекітіңіз.
Балаңызға құрылғыларды қонақ бөлмесі сияқты ортақ бөлмелерде қолдануын сұраңыз. Балаңыздың құрылғысына қауіпсіздік қосымшалар жүктеп беріңіз. Оларды өз бетімен жүктеп, онлайн сауда жасау мүмкіндігін өшіріп қойыңыз.
Браузерде немесе гаджеттің бас экранында позитивті бастапқы бет жасаңыз. Бұл YouTube Kids, білімді сынау ойындары секілді бала үшін қолайлы ресурстар болуы мүмкін.
Есте ұстаңыз. Экран бала күтуші емес. Балаңыздың цифрлық ортасын саналы да, саламатты етіңіз.
№10. 6-10 жастағы балалардың ата-анасына кеңес
Бұл жаста бала алғашқы смартфонын ұстайды. Балаңызға жаңа смартфон әперсеңіз әуелі оны баптап беріңіз. Балаңызбен бірге телефонға құпиясөз орнатыңыз, геолокация және іздеу функцияларын қосыңыз. Есептік жазбаны өз аккаунтыңызға байлаңыз.
Баланың смартфонындағы ата-ана бақылауы сервисін қолданып, балаңыздың онлайн белсенділігін, жүрген жолын бақылаңыз және жағымсыз контентті шектеңіз.
Үйдегі интернет желісінде ата-ана бақылауын орнатыңыз. Балаңыз үй компьютерін қолданып, сабақ оқу барысында ата-анасына және отбасының басқа мүшелеріне арналған контентке тап болмауын қадағалаңыз.
Гаджеттерді үйде, мектепте, демалыс кезінде және басқа да орындарда қолдану ережесін жасаңыз. Интернетті қайда, қашан, қанша уақыт қолдануға болатынын, өзі туралы интернетте қандай ақпаратты бөлісуге болатынын белгілеп беріңіз.
Өзіңіздің жеке құрылғыларыңыз бен аккаунттарыңызды, банк қосымшаларын құпиясөзбен қорғаңыз. Балаңыз бұл деректерді кездейсоқ не әдейі қолданып жүрмесін.
№11. 11-13 жастағы балалардың ата-анасына кеңес
Бұл жас әлеуметтік желіде аккаунт ашып, өзі қолдана бастайтын кез.
Балаңыздың жеке және үй құрылғыларындағы ата-ана бақылауы сервисін пайдаланыңыз. Әлеуметтік желі нормалары мен ережелерін елеусіз қалдырмаңыз. Танымал платформалардың көпшілігінде 13 жастан бастап қана тіркелуге рұқсат етілген.
Егер балаңыз әлеуметтік желіні қолдана бастаса, балаңыздың аккаунтың өзіңіздің есептік жазбаңызға байлаңыз. Бұл оның аккаунтының, жеке хабарламаларының баптауын реттеуге, геолокацияны алып тастауға көмектеседі.
Жасөспірім балаңызбен виртуалды өмір туралы әңгімелесіңіз. Оның қандай сайттарға кіретінін, қандай ойындар ойнайтынын, кіммен қандай платформалада сөйлесетінін біліңіз.
Балаңызға онлайн абыройдың не екенін және желіні дұрыс қолданбау қалай цифрлық ортада жағымсыз із қалдыратынын түсіндіріңіз. Онлайн этикеттің маңыздылығын түсіндіріңіз. Буллинг, қорлайтын, намысқа тиетін хабарламалар, өсек-аяң шынайы өмірде де мәселе туғызуы мүмкін.
Сыни ойлау мен медиасауатын дамытуға көмектесіңіз. Фейктер мен айла-шарғыларды ажыратуды үйретіңіз.
Желілерде кей адамдар жалған профильмен отыратынын хабардар етіңіз. Балаңызға сіздің рұқсатыңызсыз ешбір вируталды танысымен кездесуге болмайтынын ескертіңіз.
Онлайндағы жеке өмір ұғымын түсіндіріңіз. Өзі туралы және басқа адамдар туралы жеке мәліметтерді жариялауға болмайтынын айтыңыз.
№12. 14 жастан асқан балалардың ата-анасына кеңес
Бұл жастағы балаларды азырақ бақылап, оларға көбірек сенім арту қажет.
Ата-ана бақылауы бағдаралмасын қолданыңыз. Балаңыз есейген сайын оның құрылғыларындағы өзіңіз баптайтын параметрлерді азайтуыңызға болады.
Балаңызға цифрлық сауатты және цифрлық тәртіпті үйретіңіз. Желідегі сексуалды харассмент пен кибербуллинг қаупі туралы айтып беріңіз.
Балаңыз қолданатын әлеуметтік желілердің нұсқаулықтарын бірге зерттеңіз. Әлеуметтік желінің алгоритмдері оның түрлі мәселедегі көзқарасына қалай ықпал ете алатынын айтып беріңіз.
Балаңызға желідегі жеке деректерді, оның ішінде банк картасының деректерін, аккаунт құпиясөздерін қорғауға көмектесіңіз. Жария етуге болмайтын мәліметтердің нақты тізімін (үйдің, мектептің, ата-анасының, жұмыс орнының және басқалардың мекенжайын) жасаңыз.
Балалардың көруіне тыйым салынған және жағымсыз контент туралы, оларды неліктен көруге болмайтынын айтып беріңіз. Жасанды интеллект секілді заманауи технологиялар шынайы ақпараттан ажырата алмайтын фейктер жасай алатынын түсіндіріңіз.
Виртуалды достармен танысу ережесін жасаңыз (аноним аккаунттармен сөйлеспеу, жеке деректерді жария етпеу, ата-ананың рұқсатынсыз ешкіммен кездеспеу және басқалары).
Балаңыздың виртуалды шынайы өмірі туралы сөйлесіңіз. Сенімге құрылған жаймашуақ қатынаста болыңыз. Пайдалы істерді, демалысты және көңіл көтерудің шегін білуді үйретіңіз.
Материалды әзірлегенде Оқу-ағарту министрлігінің ата-анаға арналған кеңесі пайдаланылды.