USD: 491.7 / 494.7
  • EUR: 572.0 / 577.0
  • RUB: 6.57 / 6.69
Тікелей эфир
Алматы +25C
Все города

24 маусымда 2000 теңгелік банкнот айналымнан шығады. Ақшаны қалай ауыстыруға болады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
2024 жылдың соңына қарай "Сақ стилі" атты 2000 теңгелік жаңа банкноталар сериясы айналымға енгізіле бастады.

24 маусымнан бастап ескі үлгідегі 2000 теңгелік банкноталар айналымнан шығарылады, яғни төлем жасау мүмкін болмайды. Ескі купюраны жұмсап үлгермегендер оны жаңасына ауыстыра алады. 

Осы орайда Информбюро порталы не үшін ескі үлгідегі банкноталар айналымнан шығарылып жатқанын және оны жаңасына қалай айырбастауға болатынын түсіндіреді.

№1. Ескі банкнот үлгісі қандай?

2012 жылы айналымға енген 2000 теңгелік банкнот – жасыл түсті. Бет жағында "Қазақ Елі" монументі, киіктің стильдендірілген суреті, ұшып келе жатқан көгершіндер, Ту мен Елтаңба бейнеленген. Ал сырт жағында – Ертіс өзені бейнеленген Қазақстан картасының сұлбасы, стильдендірілген киіз үй, мемлекеттік тудың бөлігі.

№2. Жаңа банкнот үлгісі қандай?

2024 жылдың соңында айналымға енген 2000 теңгелік жаңа банкнот та жасыл түсті. Бет жағында көкте қалықтап ұшқан құс пен "Өмір ағашының" бұтағы, ДНҚ спиралін және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы, артефакт – молшылық пен байлықтың символы ретінде мүйізді жануардың бейнесі бейнеленген. Ал сырт жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқанның фонында ақбөкендер, қалқанды бейнелейтін дөңгелек қазақ ою-өрнегі – құндылықтарды қорғаудың символы, ежелгі символ – әлемнің төрт қыры, орталықтағы күн белгісі Жасампаз энергия мен өмірдің символы ретінде бейнеленген. Сондай-ақ, банкноттың сырт жағында артефакт – ақбөкеннің басы, ортасында фон ретінде қазақ ою-өрнегіндегі "шексіздік" контуры бар, оның ішінде Бурабай көлі бейнеленген.

№3. Ескі банкноттар не үшін айналымнан шығарылады?

Ұлттық банк 2024 жылғы 25 желтоқсаннан бастап кезең-кезеңімен "Сақ стилі" атты 2000 теңгелік жаңа банкноталар сериясын айналымға енгізіп жатыр. Сондықтан бір жарым жылдан бері 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкноттар айналымнан алынып жатыр. 2026 жылғы 24 маусымға дейін ескі және жаңа банкноталар қатар қолданылады. Одан кейін ескісін жаңасына айырбастауға болады.

Ал бұрын 2026 жылғы 27 маусымда айналымнан шығарылады деп жоспарланған ескі үлгідегі 10 мың теңгелік банкноталардың мерзімі бір жылға ұзартылып, 2027 жылдың маусымына дейін қолданылады.

№4. Ескі 2000 теңгені қайда айырбастауға болады?

Азаматтар ескі банкноталарды 24 маусымға дейін жұмсап үлгермесе, оларды үш жыл ішінде банктер мен "Қазпошта" бөлімшелерінде жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастай алады. 

№5. Үш жыл ішінде ауыстырып үлгермесе не болады?

Үш жылдан кейін де Ұлттық банктің филиалдарына барып кез келген уақытта жаңа үлгідегі ақшаға айырбастауға болады.

№6. Кәсіпкерлер ескі үлгідегі банкноталарды қабылдауға міндетті ме?

Иә, міндетті. Ұлттық банк түсіндіргендей, қатар айналыс кезеңінде ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың екеуі де заңды төлем құралы болып есептеледі. Сондықтан кәсіпкерлер оларды қабылдауға міндетті.

24 маусымға дейін ескі үлгідегі 2000 теңгелік банкноттармен төлем жасауға болады. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз