"Білім туралы" заңның 31-бабының 1-тармағына және орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларының 9-тармағына сәйкес алты жастан бастап балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жүзеге асырылады. Жалпы білім беретін мектептер 5 жастан бастап, егер бала осы жылдың желтоқсан айының соңына дейін 6 жасқа толатын болса, бірінші сыныпқа қабылдай алады.
Ата-аналар баласын 1-сыныпқа беруі үшін құжаттарды 1 тамызға дейін тапсыруы қажет. Алайда өтінішті тек бір мектепке ғана беруге болады. Мектепке қабылданудың шарттары қандай? Баланың құжаттарын қайда және қашан өткізу керек? Офлайн қалай өтінім беруге болады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Informburo түсіндірмесінен оқыңыз.
№1 Бірінші сыныпқа қабылдаудың шарты қандай?
Бірінші сыныпқа қабылдау ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің № 564 бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Бүгінде баланы бірінші сыныпқа қабылдау үшін ешқандай емтихан, тест өткізілмейді, яғни білімі тексерілмейді. Жалпы білім беретін мектептер баланың дайындық деңгейіне қарамастан, мектеп қызмет көрсететін аумақта тұратын алты жастағы және жыл соңына дейін алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауға міндетті.
Мектептің қызмет көрсету аумағы жергілікті білім бөлімінің бұйрығымен бекітіледі. Білім басқармасынан тұрғылықты жеріне сәйкес болашақ бірінші сынып оқушысы оқитын мектептің нөмірі мен мекенжайын біле аласыз. Мысалы, Алматыда картаны bilimalmaty.kz ресурсынан көруге болады.
№2 Құжаттарды қашан және қайда өткізу қажет?
Бірінші сыныпқа баратын балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері құжаттарды 1 сәуірден 1 тамызға дейін тапсыруы қажет. Құжаттарды екі жолмен өткізуге болады:
- eGov порталы арқылы онлайн;
- тікелей мектепке апарып, әкімшілігіне тапсыру.
Елде не белгілі бір аумақта төтенше жағдай енгізілсе, онда құжаттарды қабылдау 20 тамызға дейін ұзартылады.
Оқи отырыңыз: Биыл педагогтерді жаңаша аттестаттау басталады. Оның қалай өтетінін түсіндіреміз
№3 Құжаттарды eGov арқылы қалай тапсырады?
eGov порталында онлайн өтінім жіберу үшін ата-ана не баланың заңды өкілінде келесілер болуы керек:
- ЭЦҚ;
- екі телефон нөмірі (негізгі және қосымша);
- электрондық пошта.
Қажет құжаттар:
- баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші (сайтта толтырады);
- баланың 3х4 көлеміндегі фотосуреті (екі дана);
- 026/у-3 және 063/у нысандары бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамалардың түпнұсқасы.
Өтінім жіберуге көп дегенде 15 минут кетеді. Қол қойып жібергеннен кейін жеке кабинетке өтініштің күні мен уақыты көрсетілген ақпарат жіберіледі. "Қызметтерді алу тарихы" бөліміне 1 қыркүйектен бастап баланың мектепке қабылданғаны туралы электронды хабарлама немесе дәлелді бас тарту туралы хабарлама келіп түседі. Хабарламада уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ-сы болуы керек. Қызмет көрсету мерзімі – 1 күн.
Баланы бірінші сыныпқа қабылдау туралы шешім шыққаннан кейін мектепке келесі құжаттарды тапсыру қажет:
- баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші;
- өтініш берушінің жеке куәлігінің көшірмесі;
- 026/у-3 және 063/у нысандары бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамалардың түпнұсқасы;
- 3х4 көлеміндегі фотосурет (екі дана).
№4 Офлайн қалай өтінім береді?
eGov порталынан бөлек, ата-аналар құжаттарды мектепке тікелей тапсыруға құқылы. Білім беру ұйымының қызметкері ата-аналар тапсырған құжаттарды тіркеп, оларға бір жұмыс күні ішінде баланың 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектепке қабылданатыны туралы бекітілген үлгідегі қолхат немесе дәлелді бас тарту туралы қолхат береді.
Қажет құжаттар:
- баланың ата-анасының немесе басқа заңды өкілдерінің өтініші;
- өтініш берушінің жеке куәлігінің көшірмесі;
- 3х4 көлеміндегі фотосурет (екі дана);
- 026/у-3 және 063/у нысандары бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамалардың түпнұсқасы.
Білім беру ұйымы бірінші сыныпқа қабылдау туралы бұйрықты 25 тамыздан кейін шығарады. Онлайн не офлайн өтініш беру бұйрықтың шығу мерзіміне еш әсер етпейді. Құжаттағы тізімде сыныпқа бөлінген балалардың тегі жазылған.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы Қазақстанда 208 жайлы мектеп бой көтереді
№5 Тұрғылықты жеріне қарамай баланы кез келген мектепке беруге бола ма?
Жалпы білім беретін мектепке тіркеу кезінде баланың тұрғылықты мекенжайы маңызды емес. Ата-аналар өзінің баласына ыңғайлы мектептерге өтініш бере алады. Бірақ өтінішті тек бір мектепке беруге болады. Әр мектеп өзінің аумағы бойынша үш, өзге аумақтан бір оқушы қабылдай алады. Құжаттарды бір уақытта баланың тұрғылықты жері бойынша бір мектепке, ата-ананың таңдауы бойынша басқа мектепке тапсыру мүмкін емес. Өйткені жіберілген өтініштер туралы ақпарат бірыңғай дерекқорда жинақталады.
№6 Баланы бірінші сыныпқа қабылдаудан бас тартуға не себеп болуы мүмкін?
Бас тарту туралы дәлелді жауапта немесе мектеп берген қолхатта баланың бірінші сыныпқа не үшін қабылданбайтыны жазылады. Ата-аналар 1 тамыздан кейін жүгінген кезде білім беру ұйымының бас тартуға құқығы бар. Бұдан өзге де себептер:
- құжаттар мен олардағы деректер анық болмаса, жалған болса;
- ұсынылған құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келмесе (қате үлгідегі анықтамалар немесе денсаулық жағдайы туралы бір ғана анықтама ұсынса);
- қызметті көрсету үшін қажет жеке деректерге қол жеткізуге өтініш беруші келісім бермесе;
- сынып шамадан тыс толып қалса.
№7 Бас тартқан жағдайда қайда шағымдануға болады?
Шағымдарды жергілікті білім басқармасының басшысының атына немесе оқу-ағарту министрлігіне (мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті) жазу керек. Басқарма шағымды – бес жұмыс күні ішінде, ал министрліктегі департамент 15 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
Оқи отырыңыз: Түркістанда мектеп оқушылары сабаққа ұлттық нақыштағы киіммен барып жүр
№8 Баланың жасы жетпесе не асып кетсе мектеп қабылдай ма?
№ 564 бұйрыққа сәйкес, бірінші сыныпқа қабылданатын баланың жасы міндетті түрде алтыдан асқан болуы немесе күнтізбелік жыл ішінде бала 6 жасқа толуға тиіс. Мысалы, қазір бала 5 жаста болса, ал туған күні қыркүйек пен желтоқсан аралығында болса, онда бала мектепке қабылданады. Жеті жастан асқан балалардың жағдайы жеке-жеке қаралады.
№9 Балалар сыныпқа қалай бөлінеді?
Бірінші құжат тапсырған 25 оқушыдан бір сынып жасақталса, қалғандары келесі сыныпқа жібереледі. Сыныптарды әріппен белгілегенде балаларды кемсіту немесе артықшылықтарына қарай бөлу деген болмайды.
Шілде-тамыз айларында құжат тапсырған кезде сыныпта орын болмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ата-аналар өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша басқа мектепті қарастыруға тиіс. Өз бетінше шешім қабылдай алмаса, жергілікті білім басқармаларының көмегіне жүгіне алады.
№10 Шетелдік не азаматтығы жоқтардан қосымша қандай құжат талап етіледі?
Баланың ата-анасы немесе басқа заңды өкілі елімізде тұрақты не уақытша тұрса, мектепке Қазақстанда тұрақты тұру құқығы бар екенін растайтын көші-қон карточкасының электронды көшірмесін тапсыруға тиіс. Мектеп директоры олардың баласын білім беру құжаттарындағы талаптарға сәйкес, шетелде алған білім деңгейіне сәйкес тиісті сыныптарда оқитындардың қатарына қосады. Мұндай құжаты болмаса, үміткердің білім деңгейін анықтайтын комиссия құрылады.
Оқи отырыңыз: Қызылордада оқушылар бұрынғы түрме ғимаратында оқып жатыр. Жаңа мектеп салынуы тиіс жерлер кәсіпкерлердің меншігінде
№11 Бірінші сыныпқа қабылданатын бала жазғы мектепке бара ала ма?
Иә, ата-аналардың қалауы бойынша мектепке дейінгі мекемелерде болмаған немесе мектепалды даярлықтан өтпеген балалар тамыз айында өтетін ақысыз жазғы мектептерге бара алады. Мектеп алды дайындықпен бірінші сыныпқа баратын барлық бала қамтылуға тиіс. Бұл мектепалды сынып, балабақшадағы дайындық сабақтары немесе қысқа мерзімдік курстар болуы мүмкін.
№12 Ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар мектепке қалай қабылданады?
Ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар мектепке баланың ата-анасының немесе өзге заңды өкілдерінің келісімімен педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация қорытындысы ескеріле отырып қабылданады. Өтінішпен қоса консультацияның қорытындысын ұсыну қажет.
Денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін өтініш пен дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын тапсыру қажет.
Материалды жазу кезінде пайдаланылды:
*Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары.