Ашық НҚА порталында Оқу-ағарту министрлігінің педагогтерді аттестатаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы бұйрық жобасы жарияланды. Құжатта ЖОО-дан кейін автоматты түрде берілетін "педагог" санаты үшін тестілеу нәтижесі, біліктілік санатын мерзімінен беру тәртібі алынып тасталды. Мүгедектігі бар адамдарға көмекші тағайындау туралы шарттармен толықтырылды. Оған қоса, ереже бұзған педагогтердің санатын төмендету шарттары нақтыланды.
Информбюро порталы жаңа бұйрық жобасын негізге ала отырып, биыл педагогтерді аттестаттау қалай өтетінін түсіндіреді.
№1. Аттестаттау тәртібі қандай?
Аттестаттау біліктілік бағасы, педагог білімін бағалау (ПББ), қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтаудан тұрады. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары қосымша сұхбаттасудан өтеді. Бұрын эссе жазу талабы бар еді. Биылдан бастап ол алынып тасталды.
№2. Аттестаттау қашан өтеді?
Педагогтерді аттестаттау бес жылда бір рет өткізіледі. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.
Бұрын аттестаттау кезеңі деп қаңтар-мамыр, тамыз-желтоқсан аралығы саналса, бұйрық жобасында біліктілік санатын соңғы берген (растаған) күннен бастап келесі аттестаттау мерзімі басталғанға дейін немесе мерзімінен бұрын аттестаттау үшін жағдайлар болғанға дейінгі уақыт аралығы деп белгіленіп отыр.
Білім беру ұйымы жыл сайын 1 маусымға дейін алдағы оқу жылына аттестаттау жоспарын жасайды және бекітеді. Аттестаттау жылына 1 рет өткізіледі, рәсімдердің мерзімдері сәйкесінше ережелерде айқындалады.
№3. Аттестаттаудан өткен педагогтерге қандай біліктілік санаттары беріледі?
Біліктілік санаттары:
- педагог-модератор;
- педагог-сарапшы;
- үшінші санаттағы басшының орынбасары;
- екінші санаттағы басшының орынбасары;
- үшінші санаттағы басшы,
- екінші санаттағы басшы;
- педагог-зерттеуші;
- педагог-шебер;
- бірінші санаттағы басшының орынбасары;
- бірінші санаттағы басшы;
Құжатта "педагог-тағылымдамашы", "педагог" санаттары алынып тасталды.
№4. Аттестатттаудан өтуге қалай өтініш береді?
Жобаға сәйкес, педагогтің кәсіби қызметі туралы деректерді жинайтын және өңдейтін ақпараттық жүйе – педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасы іске қосылады. Алайда бұйрық жобасында платформа жұмыс істегенге дейін аттестаттауды өткізу тәртібі мен шарттарын анықтайтын өтпелі кезең деген ұғым бар. Өтпелі кезеңде құжаттар eGov порталында немесе қағаз түрінде қабылданады.
Платформа іске қосылғанда педагогтер аттестаттаудан өту үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:
- өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат;
- білім туралы диплом;
- қайта даярлау курстарынан өткені туралы құжат (бар болса);
- білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы сертификат;
- қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат;
- педагог білімін бағалаудан өткендігі туралы сертификат;
- берілген біліктілік санаты туралы куәлік және бұйрық (бұрын біліктілік санаты бар адамдар үшін);
- кәсіби жетістіктерді және тәжірибені жинақтауды (таратуды) растайтын құжаттар;
- білім алушылардың жетістіктерін растайтын құжаттар.
Өтініш иесінің жеке кабинетіне бір жұмыс күні ішінде аттестаттаудан өтуге өтінішті қабылдау немесе бас тарту туралы хабарлама келіп түседі.
№5. Біліктілік санатын беру туралы шешімді кім шығарады?
Комиссия кешенді талдамалық жинақтау жүргізіп, педагогтердің материалдарын (портфолио) бағалау парақтарын толтырады. Педагогтерді аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамында кемінде жеті адам болады. Комиссия педагогтерің аттестаттау нәтижелері бойынша келесі тұжырымдармен қорытынды шешім қабылайды:
- өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келеді;
- қолданыстағы біліктілік санатына сәйкес келеді;
- қолданыстағы біліктілік санатынан төмен біліктілік санатына сәйкес келеді.
Өтпелі кезеңде комиссияның орнына сараптамалық кеңес жұмыс істейді.
№6. Педагог білімін бағалауды бір жылда қанша рет тапсыруға болады?
Білім бағалау тесті электронды форматта өткізіледі. Өтініш берген кезде педагогтер тапсыру тілін (қазақ, орыс), күнін, уақытын, тестілеу орынын таңдайды. Тестілеуден бір күн бұрын педагогке тестілеу күні, уақыты, орны туралы хабарлама жіберіледі.
Педагогтер жылына екі рет тапсыра алады: бір рет – тегін, бір рет – ақылы негізде (1 АЕК көлемінде). Ал мерзімінен бұрын аттестаттауға үміткер педагогтер жылына бір рет тегін өтеді.
Мұғалім ақылы сынамалық тестілеуді қанша рет тапсырамын десе де өзі біледі. Оның нәтижесі атестаттауға әсер етпейді.
№7. Педагог білімін бағалау қанша тапсырмадан тұрады?
Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтері үшін:
- "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту әдістемесі және мектеп жасына дейінгі балалардың психологиясы" – 50 тапсырма.
Бастауыш білім беру педагогтері, Негізгі орта, жалпы орта білім беру педагогтері, білім беру ұйымдарының әдіскерлері үшін:
- "Пәндік білім" – 50 тапсырма;
Қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері, арнайы ұйымдардың, интернаттық ұйымдардың, жатақханалардың тәрбиешілері, педагог-ассистенттері үшін:
- "Педагогика және психология негіздері" – 50 тапсырма;
Арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері мен білім беру ұйымдарының арнайы педагогтері үшін:
- "бейіні бойынша "Пәндік білім" – 50 тапсырма;
Басқа лауазымдардың педагогтері үшін:
- "Педагогика және психология негіздері" – 50 тапсырма;
Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары, басшының орынбасарлары үшін:
- "ҚР заңнамасын және нормативтік құқықтық актілерді білу" бағыты бойынша – 60 тест тапсырмасы:
Әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері үшін:
- "Оқыту әдістемесі, ҚР заңнамасын және нормативтік құқтық актілерін білу" – 50 тапсырма.
Ал "педагог-модератор" біліктілік санатын тұңғыш рет алуға үміткер педагогтер үшін ПББ тапсырмалары бөлек. Бастауыш білім беру педагогтері, негізгі орта, жалпы орта білім беру педагогтері, білім беру ұйымдарының әдіскерлері үшін:
- "Пәндік білім, оқыту әдістемесі" – 50 тапсырма;
Арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері мен білім беру ұйымдарының арнайы педагогтері үшін:
- "бейіні бойынша "Пәндік білім, арнайы педагогика және психология" – 50 тапсырма.
ЖОО-дан кейін автоматты түрде берілетін "педагог" санаты үшін тестілеу нәтижесі алынып тасталды.
№8. Педагог білімін бағалау нәтижесінің шекті деңгейі қандай?
Барлық лауазымдағы педагогтер үшін:
- "педагог-модератор" біліктілік санаты – 60%;
- "педагог-сарапшы" біліктілік санаты – 70%;
- "педагог-зерттеуші" біліктілік санаты – 80%;
- "педагог-шебер" біліктілік санаты – 90%.
Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары және орынбасарлары, әдістемелік кабинеттер (орталықтар) әдіскерлері үшін – 70%.
Сынақты тапсырғаннан кейін нәтижесі компьютер экранына шығады. Бағалау нәтижесі тапсырған күннен бастап бір жылға жарамды. Ал аттестаттаудан өткен педагогтердің тізімі платформада орналастырылады.
№9. Педагог білімін бағалау тапсырмаларын орындауға қанша уақыт беріледі?
Тестілеу ұзақтығы:
- педагогтер үшін – 80 минут;
- "Математика", "Физика", "Химия", "Информатика" пәндері үшін – 125 минут;
- білім беру ұйымдарының бірінші басшылары, басшысының орынбасарлары, әдістемелік кабинеттер (орталықтар) әдіскерлері үшін – 90 минут;
- мүгедектігі бар адамдар үшін қосымша 40 минут беріледі.
№10. Тестілеу қағидаларын бұзған педагогтерге қандай шара қолданылады?
ПББ қағидаларын бұзған аттестатталушы бір жыл мерзімде аттестаттаудан өтуге жіберілмейді. Сондай-ақ педагог санаты төмендетіледі.
Тағы да қайталанса педагог, бөлімнің басшысы (меңгерушісі), әдістемелік кабинеттің (орталықтың) әдіскері аттестаттаудан өтуге – бес жылға, білім беру ұйымының, әдістемелік кабинеттің (орталықтың) басшысы үш жылға жіберілмейді.
№11. Педагог қандай жағдайда апелляцияға бере алады?
Нәтижемен келіспейтін педагог ПББ өткізу залынан шықпай-ақ, әрбір тапсырма бойынша дәлелді (толық түсіндірмесі, тапсырмалардың қадамдық шешімі және т.б.) негіздемесімен компьютерлік тестілеу жүйесі арқылы апелляцияға өтініш беруге құқылы. Залдан шыққаннан кейін апелляцияға өтініш бере алмайды.
Апелляция техникалық себеп бойынша (тапсырмаларда фрагменттің немесе мәтіннің болмауы) және келесідей тест тапсырмаларының мазмұны бойынша қаралады:
- дұрыс жауаптың негіздемесімен келіспегенде;
- дұрыс жауап жоқ болғанда;
- бірден көп дұрыс жауап болғанда;
- тест тапсырмасы дұрыс құрастырылмаған жағдайда.
№12. Шекті деңгейге жетпеген мұғалімдерге біліктілік санаты қалай беріледі?
Қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау материалдары мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келген, бірақ ПББ өтудің шекті деңгейіне жетпеген жағдайда педагогке біліктілік санаты беріледі:
- біліктілік санатын растаған жағдайда бір деңгейге төмен;
- біліктілік санатын беру жағдайында ПББ нәтижелерінен жоғары емес.
Оқи отырыңыз: Мұғалімдер білім бағалау сынағына қалай тегін дайындала алады?
№13. Тестілеуден кімдер босатылады?
Біліктілік санатын растау кезінде 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер, "педагог-шебер" ПББ тапсырудан босатылып, қызмет нәтижелерінің кешенді жинақтаудан өтеді.
Ал жасы зейнеткерлікке төрт жылдан аз қалған педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Тағайындалған біліктілік санаты оның берген өтініші негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады.
№14. Біліктілік санатын ұзартуға бола ма?
Біліктілік санаты педагогтердің өтініші негізінде екі жылдан аспайтын уақытқа ғана келесі жағдайларда ұзартылады:
- әлеуметтік маңызы бар аурулар мен айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар тізбесіне енгізілген аурулар болған кезде еңбекке уақытша жарамсыздық кезінде;
- жүктілігі және босануы, бала күтімі жөніндегі демалыстан шыққаннан кейін, оның ішінде жаңа туған баланы асырап алған қызметкерлер үшін ол үш жасқа толғанға дейін;
- білім беру саласындағы уәкілетті органнан, білім беруді басқару органдарынан, әдістемелік кабинеттерден (орталықтардан), біліктілікті арттыру институттарынан білім беру ұйымдарына ауысқан тұлғаларға;
- педагогикалық қызметті жүзеге асырған және Қазақстанға жақын және алыс шет елдерден келген тұлғаларға беріледі.
Біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы мәселені шешу үшін білім беру ұйымының бірінші басшысына келесі құжаттарды тапсыру қажет:
- біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтініш (еркін нысан);
- растайтын құжат (еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, біліктілік санатын растайтын құжат және т.б.)
Педагог басқа білім беру ұйымына ауысса, ал біліктілік санатының қолданылу мерзімінің аяқталуына бір жыл қалса, онда оның мерзімі бір жылға ұзартылады. Педагогтер бір жылдан кейін біліктілік талаптарына сәйкес келетін санатқа ПББ тапсырады.
№15. Кімдерге аттестаттаудан өтпей-ақ "педагог-модератор" біліктілік санаты беріледі?
Комиссия аттестаттау рәсімінен өтпей "педагог-модератор" біліктілік санатын береді:
- Президенттің кадр резервіне кірген тұлғаларға;
- жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін бес жылдан кеш емес кезеңде Nazarbayev University, "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылған шетелдік білім беру ұйымдарының түлектеріне;
- қолданыстағы CELTA, DELTA сертификаттары бар шет тілі мұғалімдеріне.
Шетел (қытай, түрік, араб және т.б.) тілдерін оқытатын мұғалімдерге жеке өтініші мен қолданыстағы тіл білу сертификаты негізінде, педагог білімін бағалау рәсімінен өтпей-ақ қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау нәтижесі бойынша Комиссия біліктілік санатын береді:
- педагог-модератор – В2 деңгейі;
- педагог-сарапшы – С1 немесе С2 деңгейі.
Бұрын педагогикалық білімі жоқ, бірақ жеке өтініші негізінде ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша сертификаттары бар адамдарға аттестаттау рәсімінен өтпей-ақ біліктілік санаты беріліп келді. Бұйрық жобасында бұл норма алынып тасталды.