Тікелей эфир

Тоқал тақырыбы Парламентті толқытып барып, Конституциялық кеңеске жетті

 Фото media.elitsy сайтынан алынды
Фото media.elitsy сайтынан алынды
Конституциялық кеңесі некелі және некесіз бала босанған әйелдерді материалдық қамтуды теңдестіруді ұсынды.

2018 жылы 10 сәуір күні Қарағанды облысы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Конституциялық Кеңеске шағым түсірді.

Онда "Неке және отбасы" туралы ҚР Кодексінің 47-бабы, 5-тармағын Конституцияға сәйкестігін тексеруді, әкенің заңсыз туып, сыртта жүрген балаларының құқын заңмен реттеу туралы айтқан. Өйткені Кодекстің 47-бабының 5-тармағы Конституцияның "Ешкімді кемсітуге болмайды, ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады" деген 14-баптың 2-тармағын жоққа шығарады.

Себебі салмақты екен

Конституциялық кеңестің мүшесі Рахмет Мұқашев 2018 жылы сәуір айында БАҚ өкілдерімен кездесуде 2016 жылы 2,9 мың әйелдің әкелікті мойындату мен баланы күтіп-бағуға ақшалай өтемақы төлету талабымен шағым түсіргенін айтқан.

2017 жылдың алғашқы тоқсанында мұндай шағымдардың саны үш мыңнан асып кетіпті. Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми жарияланған шешімге сәйкес, 2002 жылы қабылданған "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы" туралы ҚР Кодексінің даулы нормасын Конституцияға сәйкес деп танып, заңдық некеге қолдау білдірді. Бірақ қарағандылықтардың талабы да ескерусіз қалған жоқ.

Конституциялық кеңес бала құқықтары бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныс әзірледі

"Қолданыстағы заң бойынша некесіз бала көтерген әйел босанғанға дейінгі және одан кейінгі кезең үшін ғана баланың әкесінен қаражат өндіріп алуға құқылы. Ал некеде тұрып, ажырасқан әйел ай сайын күтіп-бағуға қажет қаражатты бала үш жасқа толғанша бұрынғы жұбайынан алып тұруға құқылы. Баланың қалай дүниеге келгені, әлеуметтік жағдайы оның материалдық қамтылуына әсер етпеуі тиіс. Әйелдерге некеде немесе некесіз босанғанына қарамастан, бірдей өтемақы төленуі тиіс. Бүгінгі Конституциялық Кеңестің шешімі де дәл осыған негізделеді", – деп атап өтті ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі Рахмет Мұқашев.

Ұсыныс нені өзгертеді?

Заңгер Владислав Сидельников некесіз бала тудырып, тек алиментін уақтылы төлеумен ғана шектеліп жүрген азаматтардың қатарының көбейіп кеткенін тілге тиек етті. Өзгерістер Парламенттен бата алса, балалардың құқы теңестіріледі.

– Алимент – әке болмайды. Некесіз дүниеге келсе де, бала әкесімен, әкесінің туыстарымен жақын араласуға, оның артында қалған мұрасына заңды некеде туған балаларымен бірдей иелік етуге құқы бар, – дейді Владислав Сидельников.

– Әкесіне көзі тірісінде некеде жоқ баласының үлестік құқын беріп кеткені дұрыс. Мұның соңы жанжалға апарып соғуы мүмкін. Отбасы және неке туралы заң осы тұсты айқындап берсе, ары қарай оны өмірдің өзі реттейді, – дейді журналист Марат Тоқашбаев.

Анасының тегін алған бала көбейіп барады

Олардың басым көпшілігі – отыздан асып өзі үшін туып алған бикештердің баласы. Ел ішінде әкесінің кім екенін білмейтіндер көп.


Әке көзі тірісінде көлеңкедегі баласының құқын заңдастырғаны дұрыс, – дейді Марат Тоқашбаев

Марат Тоқашбаев / Фото әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды


– Қазақ жеті атаға дейін қыз алыспайды. Қан тазалығын сақтайды. Әкесінің тегін білмейтін адамның ертең бір жатырдан шыққан қарындасына үйленіп қалмасына кепіл жоқ. "Неке және отбасы" туралы заңда әкенің сырттағы перзенттерінің құқы заңмен реттелсе, біраз мәселені жөнге келеді. Бұл қыз-жігіттерімізге де ой салып, заңсыз төсек қатынасының неге апарып соғарын пайымдауына мүмкіндік береді, – дейді Марат Тоқашбаев.

Кім екенімді білмеймін

Жасы 30-дан асқанда есімі белгілі шенеуніктен егіз қыз туып алған Жаннұр Қ. есімді келіншек бізбен әңгімесінде бұл қадамға екеуара келісіммен барғанын айтты. Көңілдесінің әйелі жол апатынан кейін бала көтере алмапты. Ұл мен қыз әкесіне аз болып көрінген. Жаннұрмен танысқан соң, жалғыз ұлына серік керек екенін айтып, уәдені үйіп-төккен. Көп ұзамай егіз қыз дүниеге келеді.

– Қуанды. Алматыдан үш бөлмелі пәтер алып берді. Бірақ туғандарымен таныстырып, бетімді ашуды кешіктіре берді. Кейін ұлы үйленген соң, көзқарасы өзгерді. Қазір немересі бар. Қыздарының банктегі есеп-шотына ақша аударып, хабарын білдіріп тұрады. Бар болғаны сол.

Егіздерім 15 жасқа келіп қалды. Әкесінің тегінде. Әкесінің де, ағасының да барын біледі. Көңіліме қарап, ол жайлы сұрамайды. Ал мен өзімнің кім екенімді білмеймін. Кіші жар – тоқалмын десем, некеміз қиылған жоқ. Көңілдесімін десем, жасым 50-ге жақындап қалды, – дейді Жаннұр.

"Мен – тоқалмын"

Бұл тақырып сары басылымдар үшін трендке айналды. Қазақстандық мега-жұлдыздар өздерінің тоқал екенін бірінен соң бірі жариялап жатыр. Бұл факторға "Неке және отбасы" Кодексіне өзгерістер енеді деген әңгіме әсер етуі де мүмкін.

Жақында ел назарын аудартқан жаңа видео пайда болды. Онда бойжеткен пианинода ойнап, тоқал болудың артықшылықтары туралы ән шырқайды. Бейнеролик Instagram желісіндегі takaya_life_kz парақшасына жүктелді. Әнді орындаған қыз ойнасының жасы келген заңды әйелі барын айтып, "Мен тоқалмын, жаным жоқ. Оның әйелі айқайлайды, менің кінәм не?" дейді. Бойжеткен оны "5’nizza" дуэті орындайтын "Мен солдатпын" әнінің ырғағында шырқаған.

Психолог Мәдина Қадышева 1990 жылдарға дейін бұл тақырып өзімен бірге қартайып келе жатқан қосағына көңілі толмай жүргендердің қиялында, кейде отбасында ас үйде талқыланғанын айтады.

– Тоқал феномені дәстүріміз солай деп түсіндіре салуға сыймай барады. Бұрынғымен арасы жер мен көктей. Бүгін заң, көзқарас, тіпті пейіл де басқаша. Тоқал мен көңілдестің ара-жігін айырып алу маңызды. Жас қыздарды ешкім мәжбүрлемейді. Жұбайына көңілі толмай, қызықты сырттан іздеген еркекке "жас иіс", ал жас қызға оның байлығы керек. Демек, неке маңызды емес ондайларға, – дейді Мәдина Қадышева.

Тоқал тақырыбында толқитындар демографияға серпін әкелеміз деп ақталады

Іс жүзінде олай болмай шықты. Саябырсып қалған демографиялық өсім 2000 жылдан кейін күрт өсті. Тоқалдардың емес, бәйбішелердің есебінен. Қазақ отбасында бесінші, алтыншы бөпенің дауысы шыға бастады.

Марқұм Мақаш Тәтім бастаған демограф-ғалымдар тоқалдар табиғи "өсімді" бір пайызға алға жылжытқан шығар десе, АХАЖ бөліміндегілер "мынау бәйбішемнен" не "мынау тоқалымнан туған еді" деп тіркеп жатқан еркекті кездестірмегендерін айтады.

Тоқал мәртебесі 2007 жылы депутаттарды да толқытқан болатын

Парламент екінші әйел алу мәселесін заңдастырады деген қауесет шықты. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Бақыт Сыздықова "еркектер екі әйел алса, әйелдер бір мезгілде екі күйеуге шықсын" деп те айтып қалды.

Кейін белгілі болғанындай, "Неке және отбасы" кодексі талқыланған кезде екінші әйел алу туралы ұсыныс парламент мінберінде айтылмаған. Депутаттардың жай әңгімесі болса керек. Мұны кейінірек экс-депутат Тито Сыздықовтың өз аузынан естідік.

Бірақ сол кезде "екі әйел туралы ұсыныс өтпей қалды" деген ақпарат тарап кетті. Артынша тоқал туралы пікір білдірген біраз депутат парламент жұлдызына айналып, бұл жайында көсіле-көсіле әңгіме айтқандарын өздері ді білмей қалды.

Батыста ешкім "мен тоқалмын" деп жар салмайды

– Еуропа елдері бұл мәсе­лені әлдеқашан реттеп алған. Батыстық серілер ажырасып, қайта қосылып жүріп "бәй­біше-тоқалдарының" санын бірнешеуге жеткізетіні қалыпты дәстүр. Батыста ешкім "мен тоқалмын" деп жар салмайды. Мұ­ра­­герлік құқықты қай әйелден та­ра­ған ұрпаққа қалдырамын десе де өз еркі. Қоғамы да түсінікпен қарайды. "Тоқал – бәйбіше" деген ұғым жоқ. Ұрпақтарының құқығы заң алдында бірдей, – дейді Владислав Сидельников.

Әлемде АҚШ-тан өзге бірде-бір ел отбасылық қарым-қатынасты заңмен реттемеген.

– Американың мұндай қадамға не үшін барғанын сол елге жолым түскенде білдім. Елдің шалғай орналасқан провинциясында бір еркектің он әйелмен немесе бір әйелдің бес-алты еркекпен бір мезгілде қатар тұруы тіпті шектен шығып кеткен соң, оны заңмен реттемек болыпты, – дейді Марат Тоқашбаев.

Бұл мәселені дәл қазір көтерудің қажеті жоқ

– Бұл тақырыптың түйіні – әйелде екенін бәріміз білеміз. Екінші әйел туралы заң қабылданса, ол қазаққа жұмыс істемейді. Ішкі-сыртқы жауларымыз осыны күтіп отыр. Заң бүгін қабылданса, ертең әйел құқын қорғайтын ұйымдар екі әйелі бар отбасылардың шаңырағын ортасына түсіреді. Балаларын бақытсыз, екінші жарды құқығы аяққа тапталған бейшара етіп көрсетіп, жас ұрпақты ұлтынан бездіріп жібереді. Қоғам бұл заңды қабылдауға, әйелдеріміз күйеуін де, байлығын да сырттағы балаларымен бөлісуге әзір дайын емес, – дейді Мәдина Қадышева.

Жазушы Смағұл Елубай "бәйбі­шеден туған бала, тоқалдан туған бала" деген ұғымның бұрын да бол­ғанын және алдағы уақытта да бола беретінін айтады. "Бірақ солай болды екен" деп оған өре түрегелген ешкім де жоқ. Күйеуінің тоқалы барын білсе де білмеген сыңай танытқан немесе оған түсіністікпен қараған отбасы­лар кездеседі.


Смағұл Елубай "тоқал", "бәйбіше балалары" деген ұғымның бұрын болғанын, ертең де болатынын айтады

Смағұл Елубай "тоқал", "бәйбіше балалары" деген ұғымның бұрын болғанын, ертең де болатынын айтады / Фото жеке архивінен алынды


Бұл мәселенің Конституциялық кеңеске, мемлекеттік деңгейге жеткені тоқал балалары шешімін табуы тиіс тақырып екенін көрсетіп тұр.

Қыздың намысына елдің намысы деп қарайтын азаматтар көбеюі керек

– Бәйбіше ба­лалары тарапынан "әлімжеттіліктің" байқалып қалатыны жиі айтылып жүр. Тоқалының да, бәйбішесінің да бабын тапқанға риза болатындар аз. Отбасы туралы Кодексте бұл жайлы басы ашық еш­нәрсе айтылмаған. Сондықтан тоқалдан туған балалардың құқығы – түйіні тарқа­тылмаған тақырып. Олар тоқалдан туғаны үшін ғана кінәлі емес. Себебі – әкелері бір, – дейді Смағұл Елубай.

Жазушы ағамыз осы тұста қыздарымызға шетелдіктердің де көзі түсе бастағанын еске түсіріп өтті.

– Білетінім мұсылман елдерінде іс-сапарда болғанымда ауқатты азаматтардың үйінде түнде әйелі, күндіз күңі болып жүрген қазақтың қыздарын көрдім. Олардың басым көпшілігі тағдырына мойынсұнғандар, – дейді Смағұл Елубай.

Бүгінгінің тоқалы Абайдың Әйгеріміне ұқсамайды

Тоқалмен "қашып-пысып" кездескені болмаса, жария түрде алып жатқандар шамалы.

– Жастығын өзінен әлденеше жас үлкен отбасылы азаматқа ұрлатып, тасада өмір сүріп жатыр. Бірақ олардың көлеңкеде жүріп, қажет болса саясатқа да ықпал ете алатын Тоқалдар армиясына айналғанын біздің қоғам білмей қалды. Бүгін олар Конституция арқылы "Неке және Отбасы" туралы Кодекске өзгеріс енгіздіртіп, кім екендерін танытқысы келеді, – дейді психолог Мәдина Қадышева.

Бәйбішелердің де қорқынышы – осы...

Серіктестер жаңалықтары