Тікелей эфир

Жұмақ гүлі. Неге әз Наурыздың жаңа символы болып үш қызғалдақ таңдалды

Логотип / Фото: Жетісу облысы әкімдігінің ресми сайты
Логотип / Фото: Жетісу облысы әкімдігінің ресми сайты
Қазір еліміздің аумағында қызғалдақтың 35 түрі өседі, олардың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген.

Наурыз мерекесінің мазмұнын байытып, жаңаша атап өту мақсатында өткен жылдар тәжірибесіне ретроспективті талдау жасалып, тұжырымдама әзірленді. Аталған тұжырымдама авторлары Әз Наурыздың жаңа символы үш қызғалдаққа бөлек тоқталып, неліктен бұл гүлді таңдап отырғанын түсіндірді. 

"Биыл Наурыз мерекесінің арнайы логотипін бекітіп, оны барлық аймақ пен өңірге жолдадық. Логотиптің басты символы – қазақ халқы ерекше қастерлеп, жұмақ гүлі деп атаған қызғалдақ", – деді Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев.

Үш қызғалдақ – әз Наурыздың жаңа символы 

Мерекенің жаңарған мазмұнының көрінісі ретінде және оның қоғамды біріктіруші рөлін арттыру мақсатында Наурыздың бірыңғай логотипі бекітілген

Наурыз – еліміздің әрбір азаматы үшін көктемгі жаңарудың, махаббат пен достық салтанатының көрінісі. Оның бәрі, сондай-ақ көтеріңкі көңіл-күй мен мерекенің бірегейлігі Наурыздың бірыңғай логотипі – үш қызғалдақ арқылы бейнеленген. Қазақстан халқы үшін қызғалдақ Наурыз мерекесінің жарқын символы саналады. Біздің ата-бабаларымыз ежелден қызғалдақты қастерлеп, оны жұмақ гүлі деп санаған. Қызғалдақты көктеммен, махаббатпен, құнарлылықпен, өмірдің жаңаруы мен тіршіліктің мәңгілік циклімен байланыстырады. Сондықтан бұл таңғажайып гүл – Ұлы Дала мерекесінің басты символы. 

Қызғалдақтар / Фото: Informburo.kz

Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, қазіргі Қазақстанның аумағы қызғалдақтың шығу және таралу орталығы саналады (Тянь-Шань тау бөктері мен жазығы). Ғылыми деректерге сәйкес, жабайы қызғалдақ осыдан 10 миллион жыл бұрын Қазақстанның оңтүстік аумағында пайда болған.

Қызғалдақ туралы қызықты деректер:

  • Қазір еліміздің аумағында қызғалдақтың 35 түрі өседі, олардың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Ерекше қызғалдақ түрлерінің ішінде Грейг пен Кауфман сорттары да бар.
  • Тарихи-діни тұрғыда да қызғалдақтың орны ерекше. Мысалы, араб каллиграфтары "Алла" сөзінің жанына қызғалдақ суретін салатын болған. Бұл гүл көптеген мұсылман халықтарының тарихында маңызды рөл атқарды.
  • Осман империясында 18-ғасырдың басында "Қызғалдақ дәуірі" болғаны белгілі, ол кезеңде гүлдер мерекесіне, атап айтқанда, қызғалдақ мерекесіне ерекше мән берілетін.
  • Қызғалдақ қауызын бейнелейтін өрнек Қытайдан Балқан түбегіне дейінгі халықтардың архитектурасында, киімінде, зергерлік бұйымдарында, оюларында кездеседі. Қызғалдаққа ұқсас өрнектер сақтардың алтын зергерлік бұйымдарында қолданылған. Сондықтан қызғалдақ сияқты көрнекі символ мерекенің әмбебап, полиэтникалық сипатын айшықтай түседі. 

Оқи отырыңыз: Рамазан және Наурыз: 33 жылда бір келетін сәйкестік


Үшбірлік идеясы – ежелгі философиялық және діни ілімдердің негізі

Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, логотиптегі үш қызғалдақ бейнесі қазақ халқы үшін қасиетті ұғымдарды меңзейді. Бұл көшпенді халықтың дүниетанымына, оның әлемдік құрылысқа деген ерекше көзқарасына байланысты. "Үш" саны қазақ үшін қасиетті саналады: үш жұрт (жігіттің өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты), үш ғайып (ажал ғайып, қонақ ғайып, несібе ғайып), үш қуат (ақыл, жүрек, тіл) т. б. Үш қызғалдақ уақыттың үш кезеңінің (кеше, бүгін, ертең) ажырамас байланысын, тарихымыз бен мәдениетіміздің қазіргі және болашақтағы мұрасын, сондай-ақ туған табиғатқа деген терең құрмет пен үздіксіз кемелденуге деген ынтаны кескіндейді. Сонымен қатар, халқымыздың бірлігін, мемлекет дамуының үздіксіз циклын бейнелейді, Қазақстан тарихының сабақтастығы мен эволюциясының маңызын көрсетеді. Халықтың сана-сезіміндегі сандар туралы ұғым-түсініктер қоршаған әлемді қабылдаудың, табиғат заңдылықтарын түсініп, он сегіз мың ғалам туралы ой қорытудың өзгеше тәсілін қалыптастырды. Бұл жерде "үш" саны әлемнің кемелділігіне, оның үштағандығына (триадность) меңзейді. 

Бұл сан сондай-ақ жан, тән мен ақылдың бірлігін меңзейді. Түркі мифологиясында әлем бәйтерегі үш бөліктен тұрады: тамыр, діңгек және бөрікбас (ағаштың ұшар басы). "Үш" саны Қазақстанда тұратын басқа этностар үшін де қасиетті мәнге ие. Мысалы, үш – бастау мен аяқталу. "Үш" саны – көптеген мәдениеттерде бақыт пен сәттіліктің символы. 

Қызғалдақтар / Фото: Informburo.kz

Жалпы, үшбірлік идеясы көптеген ежелгі философиялық және діни ілімдердің негізін құрайды. Кеңістіктің үш өлшемі үштікпен кескінделеді: ұзындығы – ені – биіктігі; заттың үш фазалығы: қатты дене – сұйықтық – бу; уақыттың үштұғырлығы: кеше – қазір – келешек; адам: дене, жан және рух. 

Наурыздың бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын бейнелейді. 

Ұлы философ Әбу Насыр Әл-Фараби "Өткенді, тарихты білмей, қазіргі шақты білу, болашақты болжау қиын", – деп жазған болатын.

Бұл сөз қазіргі қазақстандық қоғам үшін де өзекті. Өткенін мойындамаған ұлттың алға жылжуы, кемелденуі мүмкін емес. 


Оқи отырыңыз: Қазақ халқы неге шаңырақты кие тұтқан?


Логотипте қолданылған реңктердің мән-мағынасы қандай?

Логотипте қолданылатын түстер мен реңктер Ұлы даланың байлығын, оның алуан түрлілігі мен ырыс-берекесін, халқымыздың күші мен қуатын, ұлттың болашақ өзгерістерге деген оптимистік көзқарасын білдіреді. Егжей-тегжейлі қарастыратын болсақ, жасыл түс – өмірді, өсуді және жаңаруды білдіреді, ал қызғылт сары түс – таң шапағының сұлулығы мен таңда туар шабытты білдіреді.

Логотип ел бірлігіне мен көңіл сергектігіне, әр адамның өз қабілет-қарымын шыңдауға үндейді. Ол әркімді өз күш-қайратына сенуге, елдің ертеңіне нық сеніммен қарауға, ұдайы кемелдену мен үйлесімділікке ұмтылуға, айналамыздағы сұлу қоршаған әлемді бағалауға шақырады.

Ұлттық элементтері бар қолөнер стиліндегі логотиптің көркемдік тұрғыда кескінделуі қазақстандық мәдениеттің терең тамыры мен байлығын еске түсіреді, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер мен бізге жеткен даналығы арқылы шабыттандырады, рухани мұраның ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілуін үндейді.


Оқи отырыңыз: Құрақ көрпе. Қазақ халқы мата қиындыларын қалай кәдеге жаратқан?


Бұл логотип – Наурыз мерекесінің сұлулығы мен ұлылығын сақтай отырып, оны қайта жаңғыртудың символы, елді бірлік пен ынтымақта болуға үндеу, барлық қазақстандықтар мен ел қонақтарын көктемгі күн мен түннің теңелу күнін, сән-салтанатпен, қоғам үшін пайдалы істер тындыру арқылы бірге атап өтуге шақыру.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары