Тікелей эфир

Қадір түні – 2024: Қасиетті түнді қалай өткізген абзал

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түні – Қадір түні.

Ислам дінінде Рамазан айы қасиетті ай болса, қасиетті түн – Қадір түні. Бұл түні жер бетіне қасиетті Құран Кәрім түскен. Қадір түні жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылға тең. Сол себепті мұсылмандар Қадір түнін күзетіп, ұйықтамай құлшылық етеді.

Осы орайда Информбюро порталы Қадір түнінің ерекшелігі мен қасиетті түннің сауабынан құр қалмау үшін не істеу қажет деген сұраққа жауап береді.

Қадір түні он түннің біріне жасырылған

Бұл түн "пенде іздесін, ізгілікке ұмтылсын" деген оймен Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде жасырылған. Ғалымдар жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болмуы мүмкін дейді. Сол себепті Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ күндерді назарда ұстаған жөн. Ал мұндай күндердің саны – бесеу. Ал Рамазан айының 27-түні – Қадір түні болуы ең ықтимал түн. Қасиетті Құран Кәрім түскен түнде жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.


Оқи отырыңыз: 


Қадір түнінің белгілері

Қадір түні нақты мына күні болады деп ешкім айта алмайды. Дегенмен бұл түн жасырылғандықтан өзіндік белгілері бар. Соған қарап қасиетті түнді тануға болады:

  • Қадір түнінде ауа райы бірқалыпты болып, жел баяу соғады. Ол түні ай жарық болады. Мұхаммед пайғамбар Қадір түнінде аспан ашық, ауа райы ыстық та, суық та болмайды, күн қызарып шығады деген. 
  • Дәл осы түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнап, жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Қадір түнінде періштелер жерге түсіп, пенделерге мейірбандық әкелген дейді.

Оған қоса, иттер шуылдамайды, есектер ақырмайды. Нұр байқалады. Кей адамдардың сол түні жасаған дұғалары тез қабыл болады.

Қадір түнінің бес мағынасы

  • Бірінші мағынасы – Құран Кәрім түскен түн.
  • Екінші мағынасы – құрметті, ардақты. Бұл түні мұсылмандар барынша көп құлшылық жасап, Жаратушыға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, қателері мен күнәлары үшін кешірім сұрайды. Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Жаратушы алдында құрметті әрі ардақты болады.
  • Үшінші мағынасы – таршылық. Қадір түнінде аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді, яғни бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді.
  • Төртінші мағынасы – ұлық түн.
  • Бесінші мағынасы – тағдыр бекітілетін түн. Жаратушы осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін және өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.

Қадір түнінің тоғыз ерекшелігі

Қадір түнінің мағыналарымен қоса басқа түндерден ерекшеліктері де бар:

  • Қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі;
  • Ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді;
  • Құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие;
  • Бұл түнде шайтандар болмайды;
  • Періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Алла Тағаланың қалауы бойынша жерге түсіріледі;
  • Бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады;
  • Бұл түн – береке кеші;
  • Құлшылық жасаған адамның күнәлары кешіріледі;
  • Бір жылдық тағдыр жазылады.

Қадір түнін қалай өткізген жөн?

Қадір түнін қалай өткізген жөн деген сұраққа әркім әрқалай жауап береді. Десе де Ислам ғұламалары бұл түнді мейлінше ұйықтамай құлшылық жасап өткізген дұрыс дейді. Соның ішінде:

Біріншіден, Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыру.

Екіншіден, Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнату.

Үшіншіден, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үмметінен болғанын саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстану.

Төртіншіден, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу.

Бесіншіден, Қадір түнінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағұлмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру. Әсіресе, адам өз-өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым-қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруге тиіс.

Алтыншыдан, тәубе айтып, кешірім сұрап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу.

Жетіншіден, Алланы зікір етіп, еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту.

Сегізіншіден, жиі-жиі дұға жасау керек, өйткені дұға – адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер. Мұхаммед пайғамбар бұл түні көбінесе "Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр" деп дұға еткен.

Тоғызыншыдан, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу.

Оныншыдан, Қадір түнінің құрметіне бүкіл мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеу. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеу шарт.

"Қадір түніне рухани дайындалу керек. Ол жүректі тазалаудан, яғни ниетті тазалаудан басталады. Қадір түніне ықылас қойып, ниетін жаңарту қажет. Солай жүрегінен дұға шығады. Қадір түні – тағдыр түні, адамға берілген мүмкіндік. Сондықтан барлық қалауымызды Алладан жүрекпен сұрауымыз керек. Марқұмдарға да, тіршіліктегі адамдарға да дұға жасай аламыз. Мұсылманның ең үлкен қорғаны – дұғасы. Ол пәле-жаланы да тоқтатады, келешегін өзгертеді, барлық тілеуін орындайды. Ниетін, ықыласын тазалап, дұға жасаса Құдай қабыл етеді", – ҚМДБ уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы. 

Қадір түні күн батқаннан таң атқанға дейін жалғасады. Сол себепті мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Тек ұйықтамай, ояу жүрсе болды деу қате. Жоғарыда айтқанымыздай, намаз оқып, дұға-тілек жасап, иманды күшейтіп, ренжіткен адамдарды кешіріп, садақа беріп, ізгілікке ұмтылған жөн. Бірақ пітір садақаны дәл Қадір түні не осы қасиетті түнге дейін беріп тастау керек деген еш жерде жазылмаған. 

Қадір түнінінде дастархан жаюдың қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да – қате түсінік. Қадір түні – құлшылық түні. Алла пенделерінің дұға жасап, намазға жығылып, кешірімді, мейірімді адамға айналғанын қалайды.

"Құран түскен түні Құран оқу керек. Қасиетті Құранды арабша оқи алмайтындар қазақшасын оқып, құлшылық жасай алады. Төрт нәрсеге қараған ғибадат дейді: Құранға, Қағбаға, ата-анасының жүзіне, ғалым ұстаздың жүзіне қараған адамға құлшылық ғибадаты жазылады. Сондықтан Құранды қазақша оқыса да Раббысын танып, сауабын алады", – деді Батыржан Берденұлы. 

Қадір түнін күзеткен адамға мың айдың сауабы жазылса, онда одан кейін құлшылық жасамай-ақ қойса болады деген сөз емес. Бір түнгі құлшылық бес парызды орындаудан босатылмайды.

Қадір түнінде арақ ішкіш, ата-анасының қарғысын алған, туыстарынан қол үзген, мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдардың дұға-тілегі қабыл болмайды. Сондықтан жаман әдетті қойып, ата-ананың разылығын алып, туған-туыстарымен араласып, араздасқан адамдармен татуласқан жөн.

Серіктестер жаңалықтары