- Ислам дінінде ең қасиетті жыл бар. Ол – Мұхаммед пайғамбар дүниеге келген жыл.
- Қасиетті ай бар. Ол – Рамазан айы.
- Қасиетті күн бар. Ол – жұма күні, Арафа күні және тағы да басқа қасиетті күндер.
- Қасиетті сағат бар. Ол – дұға қабыл болатын сәт.
- Қасиетті түн бар. Ол – Қадір түні. Жаратушы Құран Кәрімді Қадір түнінде түсірген.
Қадір түні Рамазан айының соңғы он күндігінде келеді. Ғалымдардың айтуынша, жұп күннен тақ күнге өткен түн Қадір түні болмақ. Яғни, Рамазан айының соңғы он күндігіндегі тақ күндерді назарда ұстаған жөн. Ал мұндай күндердің саны – бесеу.
Сондықтан, мұсылман қауымы көп жағдайда осы түнді күтеді, іштей Қадір түні екенін сезінеді. Рамазан – қасиетті ай. Осынау қасиетті айдағы қасиетті түн – Қадір түні. Жаратушы Құран Кәрімді Қадір түнінде түсірген.
Оқи отырыңыз: Қасиетті түнді үйде қалай өткізген жөн?
Қадір түнінің бес мағынасы
Бірінші мағынасы – Құран Кәрім түскен түн.
"Қадір" сүресінің 1-аятында: "Расында, Біз оны (Құран Кәрімді) Қадір түні түсірдік" делінген. Құран Кәрім кітабы – Алланың сөзі, адамдарды дұрыс жолға бастайтын және екі дүниенің бақытына жеткізетін кітап. Құран Кәрім жаратылмаған.
Екінші мағынасы – құрметті, ардақты. Бұл түні мұсылман баласы барынша көп құлшылық жасап, Жаратушыға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, қателік-күнәлары үшін кешірім сұрайды. Ал Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Жаратушы алдында құрметті әрі ардақты болады.
Үшінші мағынасы – таршылық. Бұл түні аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді. Демек, бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді. Алла Елшісі: "Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады", ‒ деп хабар береді.
Төртінші мағынасы – ұлық түн.
Бесінші мағынасы – тағдыр бекітілетін түн. Жаратушы осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Сондай-ақ, бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін һәм өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.
Қадір түнінің 9 ерекшелігі
Бірінші ерекшелігі – Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі. Кітаптың басқа түндерде емес, Қадір түнінде түсірілуінің өзі оның қасиеттілігін айғақтап тұр.
Екінші ерекшелігі – ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді. Бірдей бола алмайды да.
Үшінші ерекшелігі – құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие. Бұл турасында Имам Куртуби: "Аяттағы мың айдан да қайырлы" деген сөз "бүкіл заман" дегенді білдіреді. Өйткені, арабтар шексіздікті білдіру үшін "мың" деген сөзді қолданады", – дейді.
Төртінші ерекшелігі – бұл түнде шайтандар болмайды. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде бұл түні күн шыққанға дейін шайтандар болмайтынын айтқан. Ибн Аббастың: "Бұл түні жындарды кісендеп, үлкен жындарды қамап тастайды" деген сөзі бар.
Бесінші ерекшелігі – періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Жаратушының қалауы бойынша жерге түсіріледі. "Қадір" сүресінің 4-аятында: "Ол кезде Раббыларының қалауымен Оның әрбір әмірі үшін періштелер мен Рұх (Жәбрейіл) түседі" делінген.
Алтыншы ерекшелігі – бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады.
Жетінші ерекшелігі – бұл түн мүбәрак кеші, яғни береке кеші. Жаратушы "Духан" сүресінің 3-аятында: "Біз Құран Кәрімді мүбәрак болған түнде түсірдік" дейді.
Сегізінші ерекшелігі – күнәлар кешіріледі. Мұхаммед пайғамбар: "Кімде-кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылықы ететін болса, Жаратушы оның бұрынғы істеген барлық кінәларын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді", – деген.
Тоғызыншы ерекшелігі – бір жылдық тағдыр жазылады. Кімде кім бұл түннің мол сауабынан құр қалатын болса, ол барлық жақсылықтан ада қалды деп есептелінеді. Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: "Сендерге Рамазан айы келді. Ол – мүбәрак ай. Жаратушы сендерге оразаны парыз етті. Рамазанда жаннаттың есіктері ашылады. Тозақтың есіктері жабылады. Шайтанды Алла кісендеп тастайды. Рамазанда бір түн бар. Ол мың айдан артық. Кім одан құр қалса, барлық жақсылықтан құр қалады", – деген.
Оқи отырыңыз:
- Ораза жайлы мифтер. Не шындық, не жалған?
- Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?
- Құран оқу, пітір беру, салауат айту, отбасыға көңіл бөлу. Оразада орындайтын 10 амал
Қадір түнінің белгілері қандай?
Қадір түнінің өзіндік белгілері бар.
- Бірінші белгісі – ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Мұхаммед пайғамбар: "Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады" деген.
- Екінші белгісі – сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді.
Убада ибн Самиттен Мұхаммед пайғамбардың Қадір түнінің белгілері туралы: "Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді", – деп сипаттағаны риуаят етілген.
Оқи отырыңыз:
- Оразадан кейінгі ораза. Алты күндік Шәууәл оразасы туралы 11 дерек
- Қадір түнін үйде қалай өткізген жөн?
- Ораза айт мерекесін үйде қалай өткізген жөн?
- Коронавирус вакцинасы оразаны бұзбайды. Бірақ ҚМДБ вакцинаның халал екеніне кепілдік бермейді
Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?
Ислам ғұламалары қасиетті Қадір түнін төмендегіше атқаруды үндейді:
Біріншіден, бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыру керек.
Екіншіден, Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.
Үшіншіден, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттеніп, оның үммбетінен болғанымызды саналы түрде сезініп, оның жолын берік ұстану шарт.
Төртіншіден, уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған көмескіліктен арылуға тиіс.
Бесіншіден, Қадір кешінің маңызына байланысты және Қадір түніне қатысты жеткілікті мағұлмат беретін дін адамдарымен сұхбат құру керек. Әсіресе, адам өз өзімен сұхбаттасып, қателіктерін танып, кемшіліктерін жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бірлік пен біртұтастықты арттыруға мән беруі тиіс.
Алтыншыдан, тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуы шарт.
Жетіншіден, Алланы зікір етіп, Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады. Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын жақсы терең ойланып, иманымызды күшейту қажет.
Сегізіншіден, жиі-жиі дұға жасау керек. Өйткені, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады. Мұхаммед пайғамбар бұл түні көбінесе мына дұғаны жасаған: "Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр".
Тоғызыншыдан, Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болса, мүбәрак түннің рухтарға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректің қақ төрінен орын алары сөзсіз.
Оныншыдан, Қадір түнінің құрметіне бүкіл исі бүтін мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеу керек. Қадір түнінің жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемінің біртұтастығын және күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеу шарт.
(Материал muftyat.kz сайтының ақпараты негізінде дайындалды)