Су жаңа нейрожелінің қандай ерекшеліктері бар, бұл технологиядан қандай қауіп күтуге болады, оның болашағы қандай? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты талқылаймыз.
Sora деген не?
Sora (жапон тілінде "аспан" деген мағынаны береді) — берілген мәтін бойынша видео құрастыратын генератив модель. Оны жасанды интеллект жасаушы OpenAI компаниясы жарыққа шығарып отыр. Бұған дейін OpenAI суреттерге арналған DALL-E нейрожелісі мен ChatGPT моделін ойлап тапты. Sora ашық деректер базасында ұзақтығы бір минуттық бейнероликтер жасайды. Сондай-ақ, мұнда дайын суреттерден анимация құрастыруға болады. OpenAI негізін қалаған Сэм Альтман өз твиттерінде қолданушылардың өтінішін жерде қалдырмай, солардың айтуынша видео жасап беріп отыр.
https://t.co/rmk9zI0oqO pic.twitter.com/WanFKOzdIw
— Sam Altman (@sama) February 15, 2024
Sora енді жасалып жатқан дүние болғандықтан, кемшілігі де жоқ емес. Десе де, сәл уақыт өткен соң ол да DALL-E, Midjorney және ChatGPT сияқты танымал нейрожелі болады деп болжап отырған қолданушылар көп. Компанияның қазірге дейін көпшілікке ұсынған видеолары арасында мынадай мысалдар бар:
Нейрожелілер пайда болғалы бері көпшілік көкейінде "ертеңгі күні бұлар бізді жұмыссыз қалдырмай ма?" деген мазасыздық пайда болды. Әсіресе әлеуметтік желілерде ChatGPT жұмысы ерекше талқыланды. Енді Sora пайда болғалы ел арасында "айналамыз толған дипфейк бола ма?" деген әңгіме көбейе бастады. "Шын видеоны нейрожелі жасаған видеодан қалай ажыратамыз?", "Шығармашылық адамдарының орнын нейрожелі баса ма?" деген сұрақтар да желіде жиі қойылып жүр.
Оқи отырыңыз: Пирамида құрылысының суреті: Жасанды интеллект қалай жалған ақпараттың көбеюіне жол ашты?
Sora қандай өзгеріс әкеледі?
Мамандар Sora ChatGPT мен MidJourney сияқты көмекші құрал болады деп болжайды. Әсіресе, бейнеконтент жасайтын салада сөзсіз көмегі тиеді деп отыр. Алайда, құралдың аты – құрал. Sora кейбір кәсіби, креатив тапсырмаларды орындай алмауы мүмкін. IT қызметкерлер бұл жабық модель болғандықтан, оны бизнестің қажеттілігіне қарай бейімдеп, айналасында жұмыс процесін құрастыру қиындау дейді. Сондай-ақ, олар Sora шыққаннан кейін әлемде хаос болады деу де қисынсыз екенін айтады. Себебі бұл технология өз өнімдерін қатты қадағалайтын OpenAI компаниясының бақылауында болады. Компания хабарлағандай, Sora қазір тек бірнеше зерттеуші, суретші, киногерлерге ғана қолжетімді. Сондай-ақ, сарапшылар өнімнің OpenAI талаптарына сәйкес келуін тексеретін команда құрмақшы. Бұл команда контенттің зорлық-зомбылық, жыныстық қатынас, араздық тудырушы және тағы басқа мазмұнда болмауын қадағалайды.
Sorа шығармашылық адамдарының орнын баса ала ма?
Нейрожелілер дизайнер, контент жасаушылардың орнын басады деген әңгіме Midjourney жарыққа шыққалы бері айтылып келеді. IT мамандардың сөзінше, Sora видеоны бастан-аяқ жасап шыққанымен, ол тапсырыс берушінің рөлінің атқара алмайды. Сол себепті, ол кейбір жерде мамандардың орнын алмастырғанымен, кей жерде адамның істейтін ісіне құзыреті жетпейді. Десе де, нейрожеліден "жеңілмес" үшін бейнеконтент жасаушылардың уақыт ағымынан қалыспай, жаңа технологияларды үйренуіне тура келеді.
IT қауымдастық Sora толыққанды түсірім тобының жұмысын істей алмайтынын айтады. Мәселен, мәтін арқылы видео жасау технологиясы сізге бір қыздың бейнесін екі рет біп-бірдей етіп шығарып бере алмауы мүмкін. Оны үлкен планмен бір рет, сосын алыстан тағы бір рет көрсетем десеңіз, Sora сізге бір-біріне ұқсайтын екі қызды ұсынуы мүмкін. Бұл біркелкі сюжет жасауға кедергі болады.
Оқи отырыңыз: Google инженері Жасан Байпақбаев: Жасанды интеллект оқу ақысын арзандатуға ықпал етеді
Жаңа нейрожелінің қандай зияны болуы мүмкін?
Осыған дейін мамандар фотоны видеоға айналдырып, дипфейк жасап келді. Әсіресе, порноөнімдерге адамның суреті жапсырылған дипфейк халық арасында кең таралды. Мамандар әзірше Sora-ға қатысты мұндай болжам айтып отырған жоқ. Себебі, қазір бағдарламаны жасаушылар мәтін көмегімен сексуал бейнеконтент жасауға барынша тосқауыл қоюға тырысып бағып жатыр. Сіз тіпті мәтінге сондай мазмұн қоссаңыз да, нейрожелі оны қате деп шығаруы мүмкін. Sora-ны әзірлеушілер де бұл технология дипфейк құрастыруға арналмағанын хабарлаған.
Sora жарыққа шыққалы бері кейбір шығармашылық адамдары өз жұмысына алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаға бастады. Солардың бірі Голливудтың актер, продюсері Тайлер Перри "Sora қаншама адамның жұмыссыз қалуына себепші болады" деп отыр. Тайлер Перри өзінің The Hollywood Reporter сайтына берген сұхбатында былай дейді:
"Мен жасанды интеллектің даму процесін ұдайы қадағалап жүрген адаммын. Соңғы 4 жылда 800 миллион доллар жұмсап, студиямды кеңейтуді жоспарлап жүрген едім. Тағы 12 дыбыс сахнасын қосуды ойластырып қойғанбыз. Sora нейрожелісімен танысқан соң, барлық жоспарымды ысырып қоюға тура келіп отыр. Себебі, бұл технологияның мүмкіндіктері мені таңғалдырып әрі қобалжытты деуге болады. Енді бізге Колорадо штатына барып, қар жауғанын түсіру қажет болса, оны мәтінмен-ақ жасай салуға болады. Ол тұрмақ, Айды түсірем десем де, маған Айға барудың керегі жоқ, оны Sora істеп береді. Соның бәрін ешқайда шықпай-ақ, жұмыста отырып "түсіре салатыным" шок қылып отыр".
Перри бизнес өкілі ретінде жаңа нейрожелінің мүмкіндіктерін көріп отырғанымен, жұмыс беруші әрі актер ретінде бұл әріптестерінің жұмысына кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Оның сөзінше, жаңа технологияның жоғары мүмкіндіктері актерлер, көлік, техника, дыбыс, монтаж және тағы басқа саладағы қаншама адамның жұмыстан қысқаруына әкелуі әбден мүмкін. Перри шығармашылық саласының өкілдері өздерінің құқығын қорғап, жасанды интеллектке жұтылып кетпеудің жолдарын іздеуі керек деп санайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жыл соңына дейін ұлттық жасанды интеллект платформасы әзірленеді
Десе де, Голливуд продюсері нейрожеліні қолданудан түбегейлі бас тартпаған. Жақында ғана түсірген екі фильмінде жасанды интеллектің көмегіне жүгініпті.
"Бұрын мен фильмдерімде сағаттап отырып макияж жасататынмын. Енді оның қажеті шамалы. Түсірілім алаңында жаңа технологияны қолданып, адамның қартайған бейнесін әп-cәтте бейнелей қоямыз", - дейді продюсер.
OpenAI компаниясы 2021 жылы көпшілікке ұсынған DALL-E, 2022 жылы жарыққа шығарған ChatGPT нейрожелілерінің қазіргі күні әлемде 100 миллион қолданушысы бар.