Тікелей эфир

Google инженері Жасан Байпақбаев: Жасанды интеллект оқу ақысын арзандатуға ықпал етеді

Инженер жасанды интеллектіні әзірге тек нәтижесін оқушы да, мұғалім де растай алатын тапсырмалары бар пәндерге енгізген жөн деп санайды.

Google компаниясында Senior Software Engineer болып жұмыс істейтін Жасан Байпақбаев жасанды интеллектіні Қазақстандағы білім саласына енгізу перспективалары және оның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы әңгімеледі. Айтуынша, білім саласына жасанды интеллектіні енгізген кезде бірінші орынға оқушылардың жеке деректерінің қауіпсіздігі мен қаражат бөлуге дайындық мәселесі шығуы керек. Сондай-ақ ол дәл қазір ЖИ-нің қандай пән ұстаздарын алмастыруға дайын екенін айтып берді. 

– Білім саласындағы жасанды интеллект қандай мәселелерді шеше алады?

– Жалпы мұғалімдердің де оқушылардың да уақытын үнемдейтін құрал бола алады. 
Оның мысалдары көп: тапсырма не емтихан жұмыстарын тексеру; түрлендірілген жаңа тапсырмалар жасап шығару; тіпті белгілі бір тапсырмаларды талдап, оқушыға нұсқау көрсету. Осы сияқты үрдістерді жасанды интеллект арқылы автоматтандыруға болады.

– Жасанды интеллект мұғалімді толығымен алмастыра ала ма?

– ЖИ жақсы мұғалімді алмастыра алмайды деп ойлаймын. Себебі меніңше нағыз ұстаздың негізгі қызметі тәлім беру және сол пәнге деген бір қызығушылық я бір құмарту сезімдерін ояту. Бұл тек адами қарым қатынаста пайда болады. Әлбетте ЖИ мұғалімнен артық сабақ жоспарын құруы не болмаса жақсы бір есептің шешімін тауып беруі мүмкүн. Алайда тек сабақ жоспарын құрып соны әңгімелеп беріп жүретін мұғалімдер көп. Ондай мұғалімдер тіпті ЖИ-сіз де, кітап арқылы алмастырылып кетуі мүмкін. Жоспар құру, материалдар ойластыру, тексеру деген сынды көптеген қосымша уақыт алатын жұмыстарды ЖИ жетіле келе автоматты түрде тындырып бере алады. 

– Ал білімді қолжетімді етуге қалай көмектеседі? 

– Машиналық аудару кез келген тілдегі ақпаратты өз тіліңе аударуға көмектеседі (мысалы, Google translate ). Ал "компьютерлік көруге" байланысты қосымшалар айналадағы нәрселер туралы ғаламтордан ақпарат тауып бере алады. ЖИ-дің тағы бір жетістігі – соңғы LLM модельдер (ChatGPT, Google Bard және т.с.с.). Бұл тікелей қолжетімді емес ақпаратты басқа жанама ақпараттарды қорыта келе синтездей алады. Бірақ әзірше тек нұсқаулық, әдістеме не қосымша мәлімет көзі ретінде ғана пайдалы дегім келеді. Мысал үшін интернет және іздеу мағыналары қолжетімділікті тікелей арттырған болатын. Әзірше ЖИ тек сол іздеу машиналарының нәтижелерін жақсарту не болмаса тек қосымша дереккөзі ретінде үлес қосып отыр. Бәлкім жақын болашақта әртүрлі үрдістерді жылдамдату арқылы білім алу ақысын төмендететін шығар. 


Оқи отырыңыз: Мықты табыс табатын IT маман болу үшін не істеу керек? Бағдарламашымен сұхбат


– Әлем елдеріндегі ЕдТех платформалар ЖИ-ді қалай қолданып отыр?

– ЖИ деген ауқымды тақырып негізі. Оған машиналық үйрету, компьютерлік көру және т.б тақырыптар кіреді. Осы тұрғыдан алып қарасақ Google өз іздеуіші арқылы баяғыдан бері теңдеулерді шешуге немесе қарапайым мектеп бағдарламасындағы есептерді шешуге көмекші қосалқыларын шығарған болатын. Coursera, Udemy сияқты алаңдардың дәрістерді әркімге жеке таңдап беретін мүмкіншіліктері де ЖИ қолдануы әбден ықтимал. Мысалы Амазон компаниясының мақаласында машиналық үйретуді қолданып білім саласын қалай өзгертуге болатыны жазылған [сілтеме]. Ал LLM-дерге келетін болсақ, тікелей бір Edtech платформаның оны пайдаланып жатқанынан хабарым жоқ. Алайда оның адам сияқты сөйлесе алатынын пайдаланатын бір білім платформалары шығуы әбден мүмкін.

Фото: Жасан Байпақбаевтың жеке мұрағатынан

– Қандай пәндерді жасанды интеллекпен оқыту тиімдірек? Мысалы, физика, математика? 

– Бұл ЖИ мүмкіншіліктерімен тікелей байланысты. Оны нәтижені оқушы да, мұғалім де растай алатын пәндерде қолданған дұрысырақ. Себебі, кейде ЖИ "өтірікті шындай қылып айтуы" мүмкін. Мысалы, ЖИ бір код жазып берсе, оның дұрыс-бұрыстығын дереу бағдарламаға салып тексеруге болады. Ал егер "Абайдың еш жерде жарияланбаған өлеңі" деп өтірік өлең құрап берсе, нәтижені тексеру үшін ізденіс не арнайы білім қажет болады. Мұндайда ЖИ пайдасы неғайбыл. 

– Қазақстанда ЖИ-ді білім саласына енгізу перспективалары қандай?

– Өз басым бұған байланысты ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Меніңше, жаппай қолданбас бұрын  бағдарламаны алып, оны бір мектепке тәжірибе ретінде енгізіп көру қажет. Мысалы, №173 лицейге математикалық шешімдерді автомат түрде тексеретін бағдарлама енгіздік делік. Тәжірибенің нәтижесі сәтті болса, басқа мектептерге де енгізіп, білім жүйесін толық қамтуға болады. Ал LLM шешімдеріне келсек, мұнда ең алдымен, қазақшаға бейімделген модель керек. Білуімше, мұнымен Digital Nomads белсенділері әлден айналысып жатыр. Қай шешімді қабылдасақ та, бірнеше мәселенің басын ашып алуымыз керек. Мысалы, жасанды интеллекке ақпарат керек. Мұнда білім саласы туралы сөз қозғалып отырғандықтан, балалардың жеке ақпараты қажет болады. Осы ақпаратты қайда, қалай және қанша уақытын сақтайтынымызды, оның кімдер үшін қолжетімді екенін алдын ала шешіп алуымыз қажет.  


Оқи отырыңыз: Алаяқтықтар саны 3000% өсті. Deepfake жасаған фото мен видеоны қалай ажыратамыз?


Екіншіден, жасанды интеллект GPU, CPU, RAM және т.б компютерлік ресурстарды талап етеді. Ал бұлардың барлығы да қымбат. Ол ақшаны кім төлейді? Мектептер қазынаға тікелей тәуелді, демек білім саласына жаңа бағдарламалар енгізу үшін көп қаражат бөлу қажет. Үшіншіден, ЖИ қолданудың этикалық мәселелері бар. Осындай мәселелердің шешімін алдын ала ойластырып алсақ, ЖИ-ді Қазақстандағы білім саласына жылдамырақ енгізе аламыз. 

Серіктестер жаңалықтары