Тікелей эфир

Жамбы ату ұлттық ойыны қалай жаңғырды? Мергендер додасынан фоторепортаж

Фото: Мақсат Шағырбай
Фото: Мақсат Шағырбай
Алматы маңында жамбы атудан жасөспірімдер мен жастар арасында республикалық турнир өтті.

Жамбы ату – қазақтың көнеден жеткен ұлттық ойындарының бірі. Жамбы ату үшін мергенге жүйрік ат пен садақ керек. Жамбы алтыннан немесе күмістен құйылады. Ойыншы атпен шауып келе жатып, баған басына жіппен байланып, салбырап тұрған жамбыны садақпен атып түсіреді. 

Бүгінде қазақтың ұлттық ойыны жаңғыра түсті. Жамбы атудың бірнеше стилі қабылданып, ережелері нақтыланды. 2014 жылдан бастап елімізде ат үстінде садақ ату спортын дамыту қолға алынып, Жамбы ату федерациясы құрылды. Содан бері жамбы атудан халықаралық және республикалық жарыстар, ел чемпионаттары өткізіліп келеді. Атқа қонған сұрмергендер шетелдік додаларда сынға түсіп, көк байрақты желбіретіп жүр. 

Жас жеткіншектер арасында қазақтың төл спортын дәріптеу мақсатында Алматы облысы Талғар ауданында жамбы атудан жасөспірімдер мен жастар арасында республикалық турнир өтіп жатыр. Жарысқа 43 спортшы қатысты. Оның 11-і – атқа мінген мерген қыздар.

Жарыстың ашылу рәсімі / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Дүбірлі дода Алматы облысында тұратын Жамбы апаның құрметіне өткізілді. Қазақстанда Жамбы аттас санаулы адам бар. Жамбы сөзі көне түрік тілінде құйма­лы алтын немесе күміс деген мағынаға ие. Бағалы бұйымдарды жамбы деп те атайды.

"Бизнесмендер ұлттық спорт түрлерін дамытуға қаржы салып жатыр. Жамбы атуды жастар арасында насихаттап, оларды қызықтырып, Олимпиада деңгейіне жеткізгіміз келеді. Барлығы бір дегеннен бола қоймайды. Садақ ату, атқа міну әр қазақтың бойында бар. Ат үстінде садақ атып жүрген спортшыларымызды киноға түсіру, жамбы атудан компьютер және смартфон ойындарын шығарсақ дейміз. Ұлттық құрама спортшыларын әлемге танытқымыз келеді", – деді Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ильясов.

Еркебұлан Ильясов пен Жамбы апа / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

ҚР ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөреев мұндай жарыстар келер жылы Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына үздік спортшыларды іріктеу мақсатында да өткізілетінін атап өтті. Осыған дейінгі додаларда ұл-қыз деп бөлмей қатар сынға түссе, осы турнирде ерлер бөлек, қыздар бөлек сынға түсіп жатыр. Сондай-ақ, жарыс әділ болу үшін төрешілерден бөлек арнайы камералар нысаналарды бақылап, нақты ұпайды көрсетеді. Спортшыларға берілетін уақытты бұрынғыдай қолмен есептемей, арнайы құрылғы автоматты түрде бірден есептейді. 

"Бұл турнирге әр облыстың құрама командалары емес, ат үстінде садақ ата алатын спортшылар келді. Олардың арасында жаңадан келгендер де, жамбы атумен бұрыннан айналысатындар да, ұлттық құрама мүшелері де, халықаралық жарыстарға қатысқан спортшылар да бар. Бәрі бірдей деңгейде өнер көрсетеді. Алты облыс пен Алматы және Астанадан он шақты қызымыз келді. Дәстүрлі садақ жарысына кеткен Қарағанды облысының қыздары бұл турнирге келе алмады. Қыздарымыз кейінгі екі жылда атқа қонып жатыр. Енді ел чемпионаттарын да қыздар арасында бөлек өткізсек деген жоспарымыз бар", – деді Нұркен Байбөреев. 

Астана қаласынан келген жас спортшы / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Бас жаттықтырушының сөзінше, бүгінде республика көлемінде екі мыңнан астам спортшы жамбы ату спортымен айналысады. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының спортшылары жамбы ату спортынан алда келеді. Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары секілді кей өңірлерде ұлттық спорт дәріптелмей жатыр. Оның себебі жоқ емес.

"Өңірлерді өзім аралап шықтым. Жаттықтырушылар тапшы екенін көрдім. Спортшыларды дайындайтын спорт мамандары санаулы. Жамбы ату федерациясы былтырдан бері жақсы жұмысқа кірісті. Республика көлемінде спорт клубтары мен мектептерінде жамбы ату бойынша штаттар ашылды. Енді семинарлар өткізіп, жаттықтырушылар көптеп даярлаймыз. Қанымызда бар спорт болғаннан кейін спортшылар шығады. Әлемдік додаларда топ жарып жүрген чемпиондарымыз бар", – деді ҚР ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы. 

Төреші ұпай көрсетіп тұрған сәт / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Жамбы ату федерациясының президенті Еркебұлан Ильясов та түйткілді мәселелер бар екенін жасырмады. Ол ұлттық спортты дамыту мақсатында Венгрияда өткен Әлем кубогінде халықаралық деңгейдегі келісімдер жасады. Соның нәтижесінде Қазақстанда ат үстінде садақ ату академиясы ашылып, садақ, жебе жасау өндірісі іске қосылмақ.

"Ұлттық спортта шешілмеген мәселе көп. Оның бірі – облыстарда инфрақұрылым жоқ. Спортшы жамбы атумен стандарт спорт залда жаттыға алмайды. Міндетті түрде ат ұстайтын, ат жүретін 150 метрлік орын керек. Екіншіден, бапкерлер тапшы. Биылдан бастап бапкерлерді оқытып, жамбы атудың қыр-сырын үйретеміз. Шетелге, мысалы Венгрияға жіберсек деп отырмыз", – деді ол.

Мерген қыз / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Турнир корей, түрік және қазақ стильдері бойынша өтті. Спортшылар жамбы атудан алғаш рет "аңшылық тректі" байқап көрді.

Корей стилі халықаралық жарыстар ережесіне сай жасалған. Жол бойына үш нысана қойылған. Төртбұрышты нысанада бес шаршы бар. Қақ ортасына тисе –  5 ұпай, одан кейінгі шаршыларға – 4, 3, 2 ұпай, ең шеткі шаршыға 1 ұпай беріледі. Ал түрік стилінде нысаның диаметрі корей стиліне қарағанда кішірек болады. Жебе нысана ортасындағы кіші шеңберге тисе – 6 ұпай, екінші шеңберге тисе – 4 ұпай, сыртқы үлкен шеңберге тисе 2 ұпай беріледі.

Аңшылық трек / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Қазақ стилі – жамбы атудың нақ өзі. Бағанға жамбы ілінеді. Әрқайсының қашықтығы әртүрлі. Бірінші тұрған қола жамбы 6 метр қашықтықта, күміс жамбы 8 метр қашықтықта, алтын жамбы 10 метр қашықтықта орналасады. Жіпті атып түсірсе де, дөңгелек нысанаға тигізсе де болады. Жебе қола жамбыға қадалса – 5 ұпай, күміс жамбыға – 10 ұпай, ал алтын жамбыға тисе 15 ұпай беріледі. 

Нысананы көздеген спортшы / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Спортшыларға 16 секунд уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде мәреден мәреге дейін шауып өту керек, әрі нысаналарды көздеуі керек. Спортшылардың бірі уақыт ұтамын деп тез шапқанымен, нысананы көздей алмай, ұпайсыз қалады. Енді бірі асықпай көздеймін деп уақыттан ұтылып жатады. 16 секундқа жеткізбей аяқтаса спортшыға тиген жебесінен бөлек, үнемделген әр секунд үшін 1 ұпай жазылады. 16 секундтан асып кетсе әр секунд үшін 1 ұпайдан кемітіледі. 

Ал аңшылық тректе спортшылар алаңдағы жансыз аю, түлкі, қоян секілді жануарларды атып түсіруі керек. Жануарлардың денесіне қарай ұпай жазылады, яғни ірі аңға аз ұпай берілсе, шағын денелі жануарларға берілетін ұпай саны жоғары болады.

Аңшылық трек / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Түркістан облысынан келген Зарина Зарилханқызы 16 жасынан бастап жамбы атумен айналысады. Алғашында дәстүрлі садақ атуға қатысқан. Бұл – оның жамбы атудан екінші жарысы. Мерген қыздың жебесі қазақ стилінен үш нысанаға да дөп тиіп, бірінші орын алды. Ал корей стилінен екінші орынға ие болды.

"Кішкентайымнан атқа қызығамын. Әкеме еріп бәйгеге баратынмын. Ата-анам қолдайды. Көкшетауда өткен Қазақстан чемпионатында ұлдармен шығып, орын ала алмадым. Үш жамбыны да атқаныма қуанып тұрмын", – деді Зарина.

Зарина Зарилханқызы / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Сандуғаш Тастемір де Түркістан облысынан келген. Ол алғашында дәстүрлі садақ ату спортымен айналысқанымен, жылдамдықты талап ететін жамбы ату көбірек ұнайды дейді ол. Ұлттық спортқа ден қойған Сандуғашты отбасы әрдайым қолдайды. Алайда қыздадың атқа қонғанына оң қабақ танытпайдындар да бар.

"Садақ атып жүргеніме бір жылдай болды. Атқа қызыққан соң жамбы атуға келдім. Бұл – бірінші жарысым. Дәстүрлі садақ атудан екі жарысқа қатысып, жүлделі орындар алдым. Отбасым аздап қарсы. Қыз баласына спорт зиян дейді. Ал өзіме жамбы ату ұнайды. Әркім өзіне ұнаған іспен айналысқан дұрыс. Бұл менің болашағым деп айтамын", – деді Алматы облысынан келген, түркі стилінде жүлделі орыннан көрінген Аружан Жанболат. 

Сандуғаш Тастемір / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Маңғыстау облысынан келген Нұрлан Жолдасбаев үш жылдан бері жамбы атумен айналысады. Дәстүрлі садақ атудан спорт шебері атанған ол жамбы атудан да жеңіске жетуді мақсат етеді.

"Жамбы атуға келіп, ұлттық кодым жаңғырып, қызығушылығым оянды. Астанада оқығандықтан сол жақтың спортшыларымен дайындаламын. Бұл жарыста аңшылық трек қосылды. Төрт стиль бойынша жүлделі орын алғандар тайтұяқты атып түсіруге қатысады. Университетте ағылшын және неміс тілдерін оқып жатырмын. Жамбы атумен уақыт тауып, хобби ретінде айналысқым келеді. Тастау қиын, жүректе тұрады. Жамбы атудан да спорт шебері атансам деймін. Ұлттық құрама сапында Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалып жатырмыз", – деді Нұрлан Жолдасбаев. 

Аңшылық тректі орындап жүрген спортшы / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Үш күнге созылған турнирде корей, түрік, қазақ стильдері және аңшылық трек бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар табыс етілді. Қыздар арасында тігілген арнайы "Томирис" жүлдесіне Зарина Зарилханқызы ие болды. Сондай-ақ, жүлдегерлер арасында ат қылына байланған тайтұяқты атып түсіргендерге ақшалай сыйлық тігілді. Биыл Көкшетау қаласында жамбы атудан Қазақстан чемпионатында ересектер мен жастар арасында ешкім тайтұяқты атып түсіре алмады. Жасөспірімдер арасында сынға түскен қарағандылық Нұрасыл Оралхан ат қылына байланған тайтұяққа жебесін дәл тигізіп, тұңғыш тайтұяқтың иесі атанды. Бұл жолы тайтұяқты жасөспірімдер арасында сынға түскен Түркістан облысының спортшысы Ғұмыр Лесбек атып түсіріп, 500 мың теңгеге ие болды. 

Төреші ұпай көрсетіп тұрған сәт / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

Жамбы атушылар келер жылы Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалып жатыр. Федерация жүлделі орындардан көрінуді мақсат етеді. Федерация атынан жеңіс түғырынан көрінгендерге сыйлықтар табыс етіледі: бірінші орынға – пәтер, екінші орынға – көлік, ал үшінші орынға ақшалай сыйлық тігіледі.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары