Тікелей эфир

Ағзадағы қажетсіз заттардан арылуға ыстық су қалай көмектеседі? Диетолог маманнан кеңес

Бір тәулікте ағзаға қажет су мөлшерін білу үшін салмағымызды 30 миллилитрге көбейтеміз.

Нутрициолог, натуропат Аида Арыстанова ағзада қажетсіз заттардың жиналу себебін және олардан арылуға ыстық судың қалай көмектесетінін түсіндірді. Мұнымен қатар, денсаулық маманы әр адамға бір тәулікте қажет судың мөлшерін қалай есептеуге болатынын айтты. 

"Әр адамның ағзасына қажет су мөлшерін білу үшін салмағымызды 30 миллилитрге көбейтеміз. Мысалы, 50 кг х 30 мл = 1500 мл. Күнделікті 40-50 градус ыстық су ішуге болады. Ыстық су бірінші кезекте ағзадағы зат алмасу процесін жылдамдатып, қажетсіз қалдықтарды түрлі жолмен сыртқа шығарады. Одан бөлек қан айналымын жақсартып, лимфа жүйесін тазалайды және ерте қартаюдың алдын алады", – деді Аида Арыстанова. 

Ағзада қажетсіз қалдықтар барын қалай білуге болады?

Диетолог маманның айтуынша, іштің қатуы, денеден шығатын жағымсыз иістер, терінің шырыштануы, дәрі мен тамаққа аллергия – ағзада қажетсіз заттар барының белгісі. Мұнымен қатар, қажетсіз қалдықтар тері сапасының нашарлап, бөртпе, акне, экзема және псориаздың пайда болуына алып келеді. 

"Көпшілігіміз таңертең мұздай суық су ішкенді жақсы көреміз, әсіресе жаздың аптап ыстығында. Алайда асқазанға суық судан соң түскен ас ұзақ уақыт қорытылады. Сондай-ақ суық су ішкенде асқазан-ішек жүйесіндегі бұлшық етті ағзалар жиырылады. Спазм болғанда өт пен ұйқы безінің сфинктерлері қатаяды. Осының себебінен тамақ қорытатын ферменттер түспей, ас баяу қорытылады. Ең болмағанда бөлме температурасындағы суды ішуге кеңес беремін", – деді нутрициолог. 

Ыстық су қажетсіз заттардан арылуға қалай көмектеседі?

Аида Арыстанова зат алмасу процесін жақсартып, тәбетті ашу үшін таңертең ашқарынға ыстық су ішуге кеңес береді. Айтуынша, суық судан кейін ағза шок күйіне түсіп, суды жылыту үшін әдеттегіден тыс энергия бөлуге мәжбүр болады. Мұнымен қатар, өті қоюланған адамдар үшін де ыстық судың пайдасы мол. 


Оқи отырыңыз: Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады? Пайдалы 8 кеңес


"Ыстық су ішкен кезде асқазан-ішек жолдарының сфинктерлері босап, өт сұйылады. Сұйытылған өт ішек қозғалысын арттырады. Ал өт аққан кезде 12 елі ішекте холецистокинин гормоны көбірек түзіліп, ұйқы безі бөлетін ферменттер белсенді болады. Соның әсерінен ас қорыту жүйесі өте жақсы жұмыс жасайды", – деді маман. 

Нутрициолог бұдан өзге ыстық судың арықтату қасиеті барын айтады. Ішкеннен кейін аштық сезімін 40-50 минутқа дейін басады. Десе де ол ыстық су ішіп үйренуге екі аптадай уақыт қажет екенін жасырмады.


Оқи отырыңыз: Маусымдық аллергия мен астмадан қалай арылуға болады? Аллергологпен сұхбат


Бастапқыда жүрек айнып, адам өзін жайсыз сезінуі мүмкін. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары