Тікелей эфир

Аптап ыстықтан қалай қорғануға болады? Пайдалы 8 кеңес

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Апта соңына қарай бірнеше өңірде ауа температурасы 35 градустан жоғарылап, өрт қаупі күшейеді.

"Қазгидромет" болжамынша, апта соңына қарай бірқатар өңірде күн ысиды. Ауа температурасы 40 градусқа жақындап, өрт қаупі күшейеді. Жоғары температура адамдарға да кері әсер етпей қоймайды. Ол, әсіресе, балалар, қарттар мен жүрек-тамыр аурулары бар адамдар үшін қауіпті. Осы ретте "Информбюро" порталы оқырмандарын өз денсаулығына мұқият болуға және бірнеше ережені сақтауға шақырады.

№1. Таңертең салқын душ қабылдау

Ауа-райы қатты ыстық болып тұрған кезде таңертең үйден шығар алдында салқын, алайда денеге қолайлы температурада душ қабылдаған жөн. Бұл дененің сергуіне көмектеседі. 

№2. Бөлмені салқындату

Үйден шығарда терезелерді жауып, перделер мен жалюзилерді түсіріп кеткен жөн. Ал кешке үйге келгенде, терезелерді ашып, желдетіп алу керек.

Жұмыс орнында да терезелердің жалюзиін жауып қою керек. Дегенмен, ара-тұра кеңсеге таза ауа кіруі үшін, желдетіп алған жөн.

Кеңсеге даладан ыстықтап, терлеп кірген бойда кондиционер астына отыруға болмайды. Бұл радикулит пен пневмонияға шалдығу қаупін арттырады. Күн қаншалықты ыстық болса да, кондиционерді 18 градустан төмен түсіруге болмайды. Ең дұрысы – дала мен ғимарат ішіндегі температура айырмашылығы 10 градустан аспауы керек. Бірақ кондиционер жұмыс істеп тұрған бөлмеде екі сағаттан артық отыруға болмайтынын естен шығармау керек. 

Сонымен қатар үйде де, кеңседе де ауаның құрғап кетуінен сақтану керек. Ол үшін бір ыдысқа су құйып, бетін ашық қалдыруға болады.


№3. Ауа райына сәйкес киіну

Тар немесе денеге жабысып тұратын киімдерден бас тартқан жөн. Ең дұрысы ақшыл түсті, жеңіл, кең тұратын және ауа өткізетін матадан тігілген киімдер киіңіз. Жеңіл, ашық түсті баскиім киюды ұмтыпаңыз. Дененің ашық тұстарына күннен қорғайтын крем жағып, көзіңізге көзілдірік таққан абзал. 

№4. Серуен уақытын дұрыс таңдау

Дәрігерлер күн ыстықта даладағы жұмыстарды таңертеңгі сағат 10.00-ге дейін және күндізгі 17:00-ден кейінгі істеуге кеңес береді. Серуенді де осы уақытқа жоспарлаған жөн. Себебі сағат 11:00-17:00 аралығында күн қатты ыстық болады. Егер осыуақытта көшеге шығу қажет болса, онда жолдың көлеңке жағымен жүрген дұрыс. Ыстық өтіп кетпеуі үшін күннің көзінде екі сағаттан артық жүруден сақтаныңыз.

№.5 Шөл басатын сусынды дұрыс таңдау

Күн ыстықта қарапайым су немесе жеміс сусыны мен компот ішкен дұрыс. Ал шай ішетін болсаңыз, оны бөлме температурасына дейін салқындату керек.

Мұндай ауа райында алкогольді ішімдік ішу, темекі шегу қауіпті. Себебі, алкоголь дене температурасын көтереді. Ал никотин қан тамырларын кішірейтіп, қанға оттегінің келуіне кедергі жасайды.

Сонымен қатар дәрігерлер аптап ыстықта көп тамақ ішпеуге шақырады. Бірақ аш жүрмеу керекн Ең дұрысы – әр екі-үш сағат сайын аз-аздан тамақтану. Оның өзінде қою тамақтан бас тартып, салқындатылған сорпа, көкөніс пен жеміске көбірек мән берген жөн. 

№6. Көлік жүргізушілеріне кеңес

Жолға салқындатылған сусындар алып алыңыз. Жолда ыстықтан өзіңізді нашар сезінсеңіз, көлікті көлеңкеге қойып, далаға шығып, демалып алған жөн. Бұл кезде көліктің есік-терезелерін ашып, желдетіп алуға тырысыңыз. Өзіңізді жақсы сезінгеннен кейін ғана рөлге отырыңыз. Салқындау үшін мойынға дымқыл орамал тағып алуға болады.

Егер көлікте салқындатқыш болса, оның бағытын денеңізге тура бағыттамаңыз. Радиатордың таза болуын қадағалаңыз. Антифриздің температурасы термометр сызығының қызыл сызығынан асып кетпеуі керек.

Сондай-ақ күн ыстықта балаларды немесе үй жануарларын көлікте қалдырып кетуге болмайды.

№7. Балаларды субұрқаққа шомылдырмау

Көптеген қала тұрғындары күн ыстық кезде қаладағы субұрқақтың маңайын паналауға құмар. Тіпті кішкентай балалардың субұрқаққа шомылып жүретінін де байқауға болады. Алайда дәрігерлер мұның дұрыс емес екенін айтады. Себебі, субұрқақтағы суда вирустар, адам үшін зиянды микроорганизмдер көп болады. Оең басты қауіп – ротавирусты және энтеровирусты инфекциялар. Сонымен қатар бұрқақтарға суға түскенде дизентерияны, ішек инфекцияларын және А гепатитін жұқтыру қауіпі жоғары. Сондай-ақ ондағы су тұйық жүйеде айналғандықтан, жан-жануарлардан қалған гельминт жұмыртқаларының жұғуына себеп болуы мүмкін.  

Субұрқақтарда ауру жқтырудан бөлек, тоқ соғу және жарақат алу қаупі де жоғары.

№8. Ыстық өткен адамға көмектесу 

Егер бір адамның әлсіреп, басы айналғанын байқасаңыз, оны бірден көлеңке жерге, ғһсалқын ғимарат ішіне апару керек. Сосын көп мөлшерде су ішкізу керек. Айран немесе кампот беруге де болады. Егер адамға ауа жетпей жатса, дәрігер шақырған жөн. 

Есте сақтаңыз: күн ыстықта адамның терісінің түсі бозарса, бұл – жылу соққысының, ал қызарса – күн өткеннің белгісі. 

Серіктестер жаңалықтары