Тікелей эфир

1973 жылғы жойқын селден Алматы қалай аман қалды? Тарихқа шолу

Медеу шатқалындағы бөгет. Фото: "Қазселқорғау" ММ 
Медеу шатқалындағы бөгет. Фото: "Қазселқорғау" ММ 
50 жыл бұрын болған алапат сел Алматы қаласын жермен-жексен ете жаздаған еді.

Қазақстандағы селден қорғау шараларының бастауында тұрған адамдар бүгінгі күніміз үшін бөгет жобасының авторларына, Есік көліндегі Жарсай селіне және адамдардың табиғи апаттарға қарсы тұруға деген шүбәсіз сеніміне қаншалықты қарыздар екенімізді түсіндіріп берді. Сондай-ақ, бұл оқиғалардың бүгінде қайталану мүмкіндігі туралы пікір білдірді.

Медеу шатқалындағы бөгет. Фото: "Қазселқорғау" ММ 

Алматыны селден қорғау мақсатында қандай шаралар қабылданғанын Медеу бөгетінің екінші кезектегі жобасының бас инженері Юрий Зиневич айтып берді.

"Алматы бұрыннан сел тасқынынан зардап шегіп келді. Солардың ең жойқыны – 1921 жылғы Кіші Алматы өзенінде болған сел. Балшық пен тас ағыны қала аумағын басып, қазіргі Қонаев көшесінің шығысындағы барлық нысандарды қиратты. Құрбандар саны көп болды. Бұдан кейін де сел тасқындары қайталанды. Бірақ, 1963 жылы Есік көлінде орын алған сел қаланы қорғау мақсатында шешуші шаралар қабылдауға түрткі болды.

Есік көлі туристер арасында кең танымал еді, бірақ ең маңызды – сол күні турбазада КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин болды. Ол тікұшақпен эвакуацияланып, селдің не екенін өз көзімен көрді. Алматыда селден қорғау нысандарын қаржыландыру мәселесі Мемлекеттік Жоспарда бұрыннан көтеріліп келген, бірақ 1963 жылы ғана ақша бөлінді.

Құрылысты жобалау "Гидрожоба" институтының Қазақ филиалына тапсырылды. Осылайша, 1963 жылы бөгеттің бірінші кезегінің құрылысы басталды.

Медеу шатқалындағы селге дейін болған бөгет. Фото: "Қазселқорғау" ММ 

 

Әлемдік тәжірибеде алғаш рет биіктігі 110 метрлік бөгет осындай күрделі инженерлік-геологиялық және сейсмикалық жағдайларда бағытталған жарылыстардың көмегімен құрылды.

Жарылыстар оң жағалаудан басталды. 80 метр тереңдікте 30-дан 40 метрге дейін және биіктігі 10 метрге дейінгі негізгі камера жасалды және бұл камераға Ұлы Отан соғысынан қалған әскери жарылғыш заттар қойылды. Барлығы 5 мың тоннадан астам жарылғыш зат қолданылды.

Тау жыныстарының үлкен көлемі бөгет қабырғасының дақтарына түсті. Жарылған массаға қажетті контурлар берілді, беткейлер пайда болды. Содан кейін жарылыс сол жағалауда жасалды – тек камералық емес, шашыраңқы. Содан кейін әдеттегідей әдістермен Кіші Алматының жоғарғы ағысындағы Мохнатка тауы экскаватормен өңделді, дөңбектастар, малтатастар мен тау жыныстары бөгеттің қабырғасына төселіп, тегістеледі.

Алапат сел тасқыны болған 1973 жылғы 15 шілдеде жұмыс аяқталмаған еді: бөгеттің өзі дайын болды, бірақ, сел қоймасының толу белгісі жоғары жағдайында да шахталар мен ұңғымалар арқылы суды ағызуға мүмкіндік беретін су қабылдағыштар салынбаған тұғын. Кіші Алматы суының шығынын төгу үшін торлары бар суқашыртқы құбырды ғана жасап үлгердік.

Сел тасқынынан қойма үлкен тастармен басылып қалды, салдарынан суқашыртқы да бітелді. Сүңгуірлер су қабылдағышқа жетіп көруге тырысты, бірақ олардың әрекеті нәтиже бермеді. Бір аптадан кейін мамандар туннельмен жүріп, торға жетті: ол толығымен тастармен бітеліп, тіпті майысып қалған.

Медеу шатқалындағы селді тоқтатқаннан кейінгі бөгет. Фото: "Қазселқорғау" ММ 

Осылайша, бөгет негізгі соққыны өзіне алды, бірақ құрылысы бітпеген су қабылдағыштар үшін жиналған судың ағатын жері болмады. Ал өзенде су көтеріліп, мұздықтар еріп жатты. Судың жотадан асып кетуіне жол бермеу үшін оны сорып алу керек болды. Бұл шара Алматы тарихында "батылдық күндері мен түндері" атауымен есте қалды. Сол кезде адамдар Одақтың түкпір-түкпірінен жиналып, құбырлар төсеу және сорғылар орнатуға кірісті. Осылайша, қалыпты жағдайда 5 ай уақытты қажет ететін жұмыс 6 тәулік ішінде бітті. Бұл шынымен де батылдықтың, жанқиярлық еңбектің және үлкен сенімнің күндері мен түндері болды.

1973 жылғы шілдедегі оқиғалардан кейін бөгеттің екінші кезегінің құрылысы дайын құжаттамасыз басталып кетті. Жобалау мен құрылыс жұмыстары бір уақытта жүргізілді, себебі сел тасқынының қайталану қаупі болды. 

Жаңа сел қоймасы 12,8 миллион текше метр сыйдыратын болды. Жағалауларда су қабылдағыштар жүйесі салынды. Олар бірінші туннельге қосылды, сондай-ақ жанына жаңа туннель салынды. Осылайша, бұл суқашыртқы құрылымдардың қосарлы жүйесі болып шықты. 1982 жылы бөгеттің екінші кезегін аяқтау туралы актіге қол қойылды.

Медеу шатқалындағы бөгет басына келген Дінмұхаммед Қонаев. Фото: "Қазселқорғау" ММ 

Айта кетейік, Алматыдағы аталған сел тасқынынан кейін 1973 жылғы тамызда "Қазселқорғау" мекемесі құрылды.

Мекеме басшысының орынбасары Мұрат Қасенов қазіргі таңда селдің алдын алу бойынша қандай іс-шаралар жүргізілетінін айтып берді:

"Осы жарты ғасырда не өзгерді: қазір біз материалдық және техникалық жағынан жақсы жабдықталғанбыз. Мәселен, 50 жыл бұрын мореналық көлдерден су сору үшін сифондар орнатылмаған, полиэтилен құбырлары болмаған еді. Оның орнына өрт сөндіру шлангтары қолданылған, бірақ олар ауаны сорады және онша тиімді болмады. Ең бастысы – қазір "Қазселқорғаудың" басқаруында көп тікұшақ бар. Біз морена-мұздық көлдеріне аэровизуалды зерттеулерді жиі жүргізе аламыз.

Біз соңғы жылдары мұздықтардың еріп бара жатқанын байқаймыз: үлкен мұздықтар кішірейіп, майда бөліктерге бөлінуде. Толығымен жоғалып кеткен мұздықтар бар, мұз көшкіндері көп. Себебі, ауа температурасы көтеріліп жатыр. Іле-Алатау жотасының мұздықтары жалпы көлемінің 43%-дан астамын жоғалтты – бұл тағы ескірген деректер. Қазір біздің тауларда 2700 мұздық, 970 мореналық көл бар және жыл сайын жаңаларының саны артып келеді.

Көлдерді зерттеу кезінде біз әрқашан қай жерде қарқынды өсу болатынын немесе керісінше деградацияны анықтауға тырысамыз. "Тасыған жағдайда не болуы мүмкін? Қауіпті аймақта қанша адам бар? Қандай нысандар зардап шегуі мүмкін?", деген сұрақтарды міндетті түрде қарастырамыз. Басымдыққа сүйене отырып, алдын алу шараларын қабылдаймыз.

Әдістердің бірі – мореналық көлдердің сел қаупін азайту жұмыстары. Біз оларды сифондарды, жоғары қуатты сорғыларды қолдана отырып тартамыз, арналарды қолмен және арнайы техниканың, соның ішінде ауыр техниканың көмегімен тереңдетеміз. Тағы бір әдіс – бұрғылау және жару жұмыстарын жүргізу: біз шурфтарды қазып, жарылғыш заттармен қаптап, жарамыз, осылайша, су мөлшерін және тасу қаупін азайту үшін ағызу арнасын тереңдетеміз. 

Фото: Gov.kz

Біз көлдердің ауыз су көзі екенін түсінеміз, сондықтан оларды толығымен босатпаймыз, тек қауіпсіз белгіге дейін жеткіземіз. География және су қауіпсіздігі институтының мәліметтері бойынша, XIX ғасырдан бастап Қазақстан аумағында сел ағындарының 800-ден астам жағдайы тіркелген.

Қазір олардан қорғау үшін Алматыда екі нысан салынуда: Үлкен Алматы шатқалындағы Аюсай бөгеті және Ақсай өзеніндегі бөгет. Сондай-ақ ҚХР-мен бірлесіп, Қорғас өзеніндегі Шүкірбұлақ селден қорғау бөгетінің құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар, қолданыстағы нысандарды да үнемі тексеріп отырамыз, сел қаупі бар кезеңге дайындық актілерін жасаймыз, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз – барлық өзгерістер біздің бақылауымызда. Медеу бөгетін жаңа сел ағындарына дайын деп сенімді түрде айтуға болады".


Медеу бөгеті 1973 жылғы 15 шілдеде болған жойқын сел тасқынын тоқтатты. Сол кезден бастап 50 жыл ішінде бөгеттер мен басқа да селден қорғау нысандары Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі Алматы өзендері мен спутниктік қалалардың барлық дерлік сел қаупі бар шатқалдарында тұрғызылды.

Полина Чихичина, ПЖА

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары