"СПИД – өмірдің ақыры емес". Ол ВИЧ-ке ұласпауы үшін не істеу керек?

Қазіргі таңда әлемнің 20-дан астам елінде АИТВ жұқпасы бар адамдардың еркін жүріп-тұруы шектелген.

Ал көптеген мемлекетте АИТВ жұқтырған әрбір бесінші адам медициналық көмекке жүгіне алмайды. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында АИТВ/ЖИТС бойынша БҰҰ-ның бірлескен бағдарламасы UNAIDS бастамасымен 1 наурыз "Кемсітушілікке жол жоқ" күні ретінде белгіленді. Ондағы мақсат – қоғамда кемсітушілікті түп тамырымен жою қажеттілігіне назар аударту. Мәселен, көптеген елдерде дискриминациялық заңдардың кесірінен адамдар құқықтық теңсіздікке ұшырап, бәріне қолжетімді қызметтерді ала алмай отыр. Мұндай заңдар адамның құқығы мен еркіндігін шектейді. 

"Аталмыш күнді белгілеу арқылы қоғам, сондай-ақ әрбір адам өзінің адами құндылығын сақтай отырып, толыққанды және продуктивті өмір сүруге тең құқығы барын көрсетеміз. Ешбір адамды оның жынысы, гендерлік және нәсілдік ерекшелігі, жасы, мүгедектігі, этникалық шығу тегі, сондай-ақ жыныстық көзқарасы, діни нанымы, денсаулық жағдайы және басқа да белгілер бойынша кемсітуге болмайды. Өкінішке қарай, қоғамда ондай жағдайлар кездесіп жатады. Бұл АИТВ жұғу жолдарын білмегендіктен, эпидемия басталғалы осы ауру туралы жалған ақпарат тарағаннан пайда болады. Оның салдары мамандарға алдын алу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіреді", – деді Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының бөлім меңгерушісі Жанна Айтмағанбетқызы.

"СПИД өлім емес екенін түсінгенде, өмірге қайта келдім"

Айжан есімді науқасөзі СПИД-пен ауырмайыншы бұл ауру туралы түсінігі қате болғанын айтады.

"Өзі ауырмағанның балтыры сыздамайды" деп жатады, басқа салмаса еш нәрсенің байыбына бармайды екенсің. 2018 жылға дейін осы аты жаман дертпен "түрмеге түскендер мен жеңіл жүрісті қыздар ғана ауырады, олар ұзақ өмір сүрмей өледі" деген түсінікте болдым. Осындай жаман пікірмен өзімдегі АИТВ дәрежемді білу қандай қиын болғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бала боп қуыршақ ойнамадым, бой жетіп жігітпен қыдырмадым, бірақ өгей анамның арқасында ерте есейдім. Тұрмысқа кеш шықтым", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Неке алдында медтексеруден өтуді міндеттеу ұрпақ саулығын арттыра ма? Шетел тәжірибесі мен қазақстандықтардың пікірі


Айжан жігітімен жай араласып жүріп бірге тұруға шешім қабылдаған. Сөйтіп азаматтық некеде өмір сүрген. Жолдасы – Өзбекстан азаматы. Құрылыста жұмыс істейді. Сол жерде танысқан.

"Мен үшін ол кеш келген бақытымдай көрінді. Жайлы адам болды ішпейтін, шекпейтін. Біз бақытты едік. 2018 жылдың көктемінде жолдасым суық тиіп ауруханаға түсті. Ертесіне маған шақыру келді. АИТВ дәрежемді анықтайтын анализ тапсыруым керек екен. Басында түсінбедім. Сол бойы түсінбегенімде қазір өмір сүрмес пе едім, кім білсін. Жолдасымнан табылған АИТВ-ның оң нәтижесі менен де анықталды. Сол күннен бері Нұр-Сұлтан қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығы екінші үйіме, ондағы мамандар ет жақындарыма айналды. Алғашында, "қашан өлем, қанша ғұмырым қалды" деп сұрайтынмын. Ал қазір қайта тұрмыс құрып, бала сүйгім келетінін айтып, ақыл-кеңес сұрап жүрмін. Осылай СПИД – өлім емес екенін түсінгенде, өмірге қайта келдім", – деді Айжан.

Оның айтуынша, АИТВ туралы ақпараттың көптігіне қарамастан, ол туралы бұрмаланған пікір баршылық. Көп адам АИТВ анықталса, айналадағы адамдардан қолдау емес, қаралау естім өз-өзіне қол жұмсап не өмірден баз кешеді.

Расымен АИТВ мен СПИД-ті ажырата аламыз ба?

Мысалы, АИТВ жұқтырған адам міндетті түрде ЖИТС-пен ауырады деген түсінік бар. Бұл дұрыс емес. Иммунитет тапшылығы синдромы атышулы инфекцияның төртінші, яғни соңғы кезеңі. Ем мен жүйелі медициналық бақылаудың арқасында АИТВ-инфекциясын ЖИТС-ке ұластырмауға болады. АИТВ мен ЖИТС терминдері бір-бірімен байланысты, бірақ синоним емес.

"Бізде есірткі қолданбаймын, жезөкше емеспін, неге АИТВ-ға қатысты тест тапсыруым керек деген пікір басым. Ал дәрігерлер ешкімнің бет-әлпетінен оның АИТВ мәртебесін бағалау мүмкін емес дейді. Тіпті АИТВ емделмейтін болса, дәрі ішудің қажеті қанша дейтіндер де бар. Шын мәнінде оны емдеуге арналған дәрі-дәрмектер ағзаны вирустан толық арылтпайды. Алайда олар аурудың дамуын бақылап, асқынудың алдын алады. Бұл АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың ұзақ өмір сүруіне, жұмыс істеуіне, оқуына, отбасын құруына мүмкіндік береді. Емдеу неғұрлым ерте басталса, онымен өмір сүру ұзақтығы соғұрлым жоғары", – деді қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының, АИТВ-жұқпасына эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Інжу Бекетқызы.


Оқи отырыңыз: АИТВ жұқтырған балаларға арналған оқу модулі әзірленді


Антиретровирустық терапияны уақытылы бастау және жүйелі түрде дәрі қабылдау иммундық жүйенің маңызды бөлігі саналатын және вируспен күресуге жауап беретін CD4 және CD8 жасушаларының саны мен арақатынасын сақтауға көмектеседі. Емдеу жүргізілмесе, CD4 жасушалары азайып, жоғалады. Адам ағзасы вирустарға, бактерияларға, саңырауқұлақтарға, екінші дәрежелі инфекцияларға қарсы тұра алмай қалады. Мұның салдарынан өлімге немесе ЖИТС сатысына өтуіне алып келеді. Тиімді антиретровирустық емнің арқасында вирустың басқа адамға берілмейтіні ғылымда дәлелдеген. Сондықтан дәрігерлер АИТВ-инфекциясының алдын алуға көмектесетін ережелерді сақтауға, ол туралы ойдан шығарылған жалған фактілерге сенбеуге шақырады.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС орталығында 1 323 науқас диспансерлік есепте тұр, оның ішінде жасы кәмелетке толмағандар – 22. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар тиісті медициналық және әлеуметтік көмектерді алады.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары