Тікелей эфир

Өскемендік іскер әйел ерекше балаларға көмектесуде

Мария Жолжақсынованың жеке мұрағатынан
Мария Жолжақсынованың жеке мұрағатынан
Мария Жолжақсынова – төрт баланың анасы және жақында қаладағы алғашқы нейробика студиясын құрған іскер әйел.

Ол 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысу арқылы өз идеясын іске асыра алды.

Қосымша білім беретін мұғалім Мария Жолжақсыноваға сабаққа кезек бірнеше аптаға жоспарланып тасталған. Ал бір-екі жыл бұрын ол бұлай өзі үшін жұмыс істейтінін елестете де алмайтын. Қазір кейіпкеріміз дербес кабинетінде балалармен бірге нейробикамен, яғни, миға арналған жаттығулармен айналысады. Кәсіпкердің шағын студиясының атауы да сондай – "Миға арналған фитнес". Ол оқуда қиналатын балаларға сөйлеуге, жазуға, алғырлықты дамытуға, оқуға деген сүйіспеншілікке баулуға көмектеседі.

7 жыл бойы ерте даму мұғалімі болып жұмыс істеген Мария оның екі жылын жеке балалар клубына арнады. "Еңбек" бағдарламасына қатысу ұсынысы былтыр Өскемен қаласының Жұмыспен қамту орталығында жасалған. Кейіпкеріміз бұл көмектің дер кезінде болғанын айтады.

"Мен әрқашан әрі қарай дамуды армандайтынмын. Осылайша грантқа құжат тапсырып, "Бастау бизнес" жобасы шеңберінде оқудан өттім және тиісті қаржыландыру арқылы қиялыма қанат бітті, яғни, бойымда кәсіпкерлік рухын шын сезіне бастадым", – дейді Мария Жолжақсынова.

2019 жылы бизнесті бастауға грант жеңіп алған Мария жұмысқа қажетті құралдар, оқу ойыншықтары және дене шынықтыру жабдықтарын сатып алды. Мұның бәрі бұрын алған білімін іс жүзінде қолдануға жол ашты. Өйткені, Мария нейробика саласындағы біліктілігін үнемі жетілдіріп, түрлі курстарға қатысып жүрген еді. Кезінде қол жеткізбестей көрінген асқаралы асу қол созым жерден "менмұндалады".

"Мен әрқашан басшылыққа тәуелді болмай, жақсы табыс тапқым келетін. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысу маған дәл осындай мүмкіндік берді. Егер мен бұрын клубта жалақыға жұмыс істесем, қазір жұмыс берушіммен келісімшарттың бұрынғы баптарын өзгерттім. Нәтижесінде ынтымақтастық туралы келісім бойынша өзіме жұмыс істей бастадым және табысым екі есе өсті", – дейді Мария.

Ол ұсынатын қызметтер қатарында сөйлеу қабілеті нашар балаларға арналған сөз сөйлеуді нейро-іске қосу, тым белсенді балғындармен жұмыс бар. Оларға кейіпкеріміз есте сақтау, ойлау, зейінді дамытуға көмектеседі. Сондай-ақ, аутизм сырқатына шалдыққан бүлдіршіндермен жұмыс істейді. Мысалы, жақында іскер келіншек 3,5 жастағы осындай баланың сөйлей бастауына септігін тигізді. Оқушыларының ондай жетістіктеріне Мария қуанышы қойнына сыймай шаттанады.


Мария Жолжақсынованың жеке мұрағатынан

Мария Жолжақсынованың жеке мұрағатынан


"Барлығы өз басыман өткерген оқиғадан басталды. Бір кездері екінші баламның қиналғанын көріп, қалыптасқан жағдайға білек сыбана кіріскеніммен, білімімнің жетіспейтінін түсіндім. Кәсіби мамандардың қызметі қымбатқа соқты. Сондықтан бірінші өз перзентіме, одан кейін басқа балаларға қол ұшын созу үшін көкжиегімді кеңейту керектігін түйсіндім", – деп еске алады Мария Жолжақсынова.

Өз ісін өркендетуді армандамайтын кәсіпкер болмайтын шығар, сірә. Біздің кейіпкеріміз де сондай, үлкен бөлмені жалдап, жабдықтар сатып алмақ ниетте. Одан әрі күрделілек жоспарларды байқауға болады.

"Мен әрқашан ерекше балаларға көмектескім келеді. Бірақ, қазір бұл үшін мүмкіндігім шектеулі, маған арнайы жабдықтар керек. Әзірге шын ықылас бар. Қажетті құрал-жабдықтар болса, балаларға көбірек жәрдемдесе алар едім", – дейді "Еңбек" бағдарламасының қатысушысы.

Осы орайда, ол өзінің шағын бизнесін мемлекеттік бағдарлама арқылы тағы да кеңейтуге ниетті. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай қолдаудың пайдасы мен тиімділігін өз басы сезініп үлгерген.

"Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы қызметін енді бастаған кәсіпкерлерді оқыту кезінде көп нәрсе береді. Бұған дейін менде бизнес жүргізу туралы терең білім болған жоқ, бизнес-жоспарлар құруды, есептер шығаруды білмедім, ондайдан мақұрым едім. Шынымды айтсам, маған қиын болды, өйткені, мен шығармашылық адамымын. Сырттан көмек болмаса, әрине, белестерді еңсере алмас едім. Бұл жерде болтегін білім тұңғиығына сүңгіп кеттім және өз кәсібімді ашып үлгердім", – дейді Мария Жолжақсынова.

Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан хабарлағандай, 2020 жылғы 26 қазандағы жағдай бойынша, облыста 27,6 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысуда.

Жалпы жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының жалпы 15,6 мың тұрғыны жұмыспен қамтылса, оның ішінде 8,2 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

"Бастау Бизнес" жобасына келетін болсақ, 10 айдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысуға 2 042 адам тіркелді, оның 1 964-і оқуын аяқтады.
Серіктестер жаңалықтары