Тікелей эфир

Сидней алтынын сыйлаған Саттарханов. Бекзаттың өмірден өткеніне 20 жыл

Фото: AP / Rick Bowmer
Фото: AP / Rick Bowmer
Бекзат Саттарханов олимпиада чемпионы атанғанына биыл – 20 жыл. Қазақтың боксшы ұлы аман болғанда биыл 40 жасқа толатын еді.

2000 жылы Сидней төрінде жарқ еткен жұлдыздың сөнгеніне де биыл жиырма жыл. Бекзат Саттарханов олимпиадада жеңіске жеткенінен 3 ай уақыт өткенде көлік апатынан қаза тапты.

Informburo.kz әлемді мойындатқан даңқты боксшының қамшы сабындай қысқа болса да, мәнді ғұмырына көз жүгіртті.

15 жасында боксқа келген

Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістанда, бүгінде өзінің аты берілген ықшамауданда қарапайым отбасында дүниеге келген. Сейілхан мен Сырлыкүлдің кенже ұлы. Алдында Бағдат, Болат, Мақсат есімді ағалары бар.

Алғашында ата-анасы Бекзатты "өзін қорғап үйренсін" деген оймен күреске берді. Баланың бұл спорт түріне ынтасы болмай, әрі бұл спорт бойдың өсуін тежейді деп, 15 жасында бокс үйірмесіне барды. Алғашқы бапкері – Нұрлан Жұмабаев.

Оқи отырыңыз: Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл

Ата-анасы алғашқыда Бекзаттың ынтасын уақытша нәрсе болар деп ойлайды. Бірақ, ол қолына былғары қолғап кигеніне бір жыл болмай республикалық сайысты жеңді. Осылайша, боксқа жай келмегенін дәлелдейді.

Бекзат ата-анасына көмектесу үшін,мектепке барар алдында екі сағат жүгіру үшін күнде таңғы бесте оянатын. 15 шақырымдық жердегі бокс залына автобуспен қатынап, кейде ақша болмағанда жаяу жететін. Тума талант иесі сүйікті спортына кеш келді. 10-сыныпта ғана Шымкенттегі Олимпиада резервін даярлау мектебіне қабылданды.

Ол спортпен қатар ән айтқанды жақсы көрді. Сыныптастары ұзын бойлы Бекзатты "гитарамен ән айтқан кезде қыздарды есінен тандыратын" деп еске алады. Алайда ол музыкадан гөрі спортты көбірек сүйді. Қазақстанды әлемге танытуды, отбасына қаржылай көмектесуді армандады.

Бекзаттың білімі

Бастауыш сыныпта Бекзат дене шынықтырумен бірге математикаға қызыққан. Жоғарғы сыныпта географияға көңілі ауып, әлемнің түкпір-түкпіріне жарысқа бару үшін спортшы боламын деп шешті. Арада көп жыл өтпей бала арманы орындалып, Аргентина, Таиланд, Австралия, Германия және басқа да елдерге табаны тиді. Кеңес одағы ыдырар тұста мұны ойлаудың өзі мүмкін емес еді.

Оқи отырыңыз: "GGG – қазақстандық феномен". АҚШ-тағы қазақтар Геннадий Головкинді қалай қолдады?

Бекзат Саттарханов 1986-1996 жылдары Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте білім алды. Бекзат алдымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне түсіп, кейін Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін тәмамдады.

Сидней олимпиадасы

Олимпиада жолдамасын алған Бекзатты бапкерлер жартылай жеңіл салмаққа дайындады. Алайда Бекзатты жас көріп, олимпиадаға баруға лайық көрмегендер табылды. Сол кездегі ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзатқа сенім артып, 20 жасында Сидней олимпиадасында жартылай жеңіл салмақта (57 кг) сынға түсуіне мүмкіндік берді.

"Бекзат – нақты мақсаты бар нағыз спортшы. 1998 жылы ел біріншілігінде көргенде рингте жүруі, өзін ұстауы ұнады. Біз Олимпиадаға тек Болат, Мұхтархан, Ермахан жеңеді деп барған жоқпыз. Жеті жігіт те медаль алады деген сенім болды. Ал жиырма жасында олимпиада чемпионы болған Бекзаттікі – батырлық", – деді ол басылымдардың біріне берген сұхбатында.

Оқи отырыңыз: Қанат Ислам: Көрінгеннің сынына құлақ асатын уақытым жоқ

Бекзат Сиднейге аттанар кезде алтын медальмен оралатынын айтты.

"Әшейін баруға болмайды. Барғаннан кейін медаль алып, елімізге, халқымызға қуаныш сыйлау керек. Халқымыз үміт күтіп отыр", – деп сұхбат берді Бекзат.

Боксшы олимпиададағы алғашқы жекпе-жекте румын боксшысы Бобирант Овидиу-Тибериуды 14-5 есебімен жеңді. Екінші кездесуін Джефри Матебуламен өткен кездесуде 16-5 есебімен қарсыласын тізе бүктіреді. Түркиялық Рамазан Палианимен өткен ширек финалдық жекпе-жек Бекзатқа оңайға түспеді. Мұны Бекзаттың өзі мойындады. Төрешілер 12-11 есебімен Бекзатқа жеңісті берді.

"Палианидің қолы балғадай. Екі-үш таза соққы өткізіп алғанда тиген жерін уатып жібере жаз­дайтынын байқадым. Әке, ба­лаңыз­дың шыбын жанын көзіне көрсет­ті. Жылдамдығымның арқа­сында ғана шалдырмай кет­тім. Әке, сондай боксшыны жең­ген сіздің ұлыңыз да жай жігіт емес қой", – деген Бекзат жекпе-жектен кейін әкесіне.

Оқи отырыңыз: Денис Теннің қысқа да жарқын ғұмыры

Жартылай финалда Тахар Тамсаманиді 22-10 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Финалда әлем чемпионы америкалық Рикарду Хуаресті 22-14 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, олимпиада чемпионы атанды. Бекзатты олимпиадаға дейін тіпті қазақстандықтардың көпшілігі білмеді. 2000 жылы үш алтынның бірін иеленген ол елдің нағыз қаһарманына айналды. Мемлекет басшысы І дәрежелі "Барыс" орденін алғашқы болып Бекзат Саттархановтың кеудесіне тақты. Спорт сарапшыларының пікірінше, Бекзат әлемдегі спорт жанкүйерлері үшін де жаңа есімге айналды.

Бекзат спорттық карьерасында 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жетті.

Жиырмада үзілген ғұмыр

Олимпиададан кейін Бекзат екі ай басқа жүлдегерлермен бірге Қазақстанды аралап, қарапайым адамдармен кездесті. Оның адам нанғысыз жеңісі өмірін өзгерткенімен, өзін өзгертпеді. Атақ-даңққа байыппен қарап, оқуына көңіл бөлді. Кенет үш дүркін Олимпиада чемпионы боламын деген арманы мен жоспарын мерзімінен бұрын жеткен ажал бұзды.

"Әлем халқының алдында Қазақстанның көк туын биікке көтергеніме, әнұранмызды шырқатқаныма қуаныштымын. Жаспын. Күш-жігер бар. Қазақ халқының намысын биікке көтеруге тырысамын. Алдымда үш Олимпиада бар. Савон, Стивенсон сияқты атақты, аңызға айналған боксшы болсам деймін", – деген болатын Бекзат олимпиададан елге оралғанда.

2000 жылы 31 желтоқсанда Бекзат Саттарханов туған қаласы Түркістандағы орталық алаңда өткен салтанатты шараға қатысып, "Жыл спортшысы" марапатын иеленді. Сағат 22.00 шамасында ата-анасын құттықтап, анасын құшақтап қоштасты. Бекзат олимпиада медалі үшін берілген қаржыға алған жаңа қымбат көлігіне мініп, үш адам болып Шымкентке жолға шықты. Жаңа жылға аз ғана уақыт қалды. Достары күтіп отырған үйге 40 шақырым қалғанда жол апатына ұшырады. Машинадағы екі адам да тірі қалып, ауыр жарақаттанған Бекзат Саттарханов сол жерде өмірден өтті.

Оқи отырыңыз: Біз білмейтін Батыр

Жаңа жылға 15 минут қалды. Бокс тарихындағы жас Олимпиада чемпиондарының бірі достары жайған мерекелік дастарханнан дәм тату бұйырмады. Олимпиададан кейін даңқты спортшы үш ай ғана өмір сүрді.

2011 жылдың мамыр айында Бекзат Саттархановтың қабірі басындағы жүлделердің көшірмесі ұрланып кетті. Бағалы металдан жасалған көшірмелерді ұрлаған күдіктілер табылмады. Сол кезде спортшының анасы "баласын екінші рет өлтіргенін" айтып қапа болды.

Бекзатты халық ұмытпайды

Түркістанда ықшамаудандардың бірі және спорт кешені Бекзатың есімімен аталады. Алматы қаласында көшеге Бекзат Саттарханов аты берілді.

2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алу халықаралық турнирін өткізу дәстүрге айналды.

"Бекзат" атты кітап пен фотоальбом жарық көрді. 2009 жылы режиссер Сатыбалды Текеев "Бекзат" атты деректі фильм түсірді.

2019 жылы режиссер Мұрат Бидосовтың бес бөлімді "Бекзат" ғұмырнамалық телесериалы көрерменге жол тартты.

Биыл 25 ақпанда спортшының әкесі Сейілхан Саттарханов өмірден озды.

БАҚ-қа берген сұхатында ол ұлын сағынғанын, кейде шақырмаса да, жарыстарды қарауға баратынын айтқан еді. "Кейде не үшін барамын деп ойлаймын. Сөйтсем, мен рингтен Бекзатымды, Бекзаттай жастарды іздейді екенмін..." – деген еді Сейілхан аға.

Иә, Бекзаттың әкесінің сөзінің жаны бар. Сиднейден соң қазақ боксшылары олимпиадада бір ғана алтын медальмен шектеліп келеді. Бекзаттың үш дүркін олимпиада чемпионы боламын деген арманына өзге спортшылар да жете алар емес.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары