Бірақ бұған дейін ауылда балаларды спортқа баулитын, қызықтыратын бірде-бір үйірме болмаған.
Шамасы жеткендер ұл-қыздарын қалаға сүйрейтін. Ал "спортшы боламын, биікті бағындырамын" деп талпынған көп баланың арманы іште тұншығып, сағымға айналады.
Грек-рим күресінен бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері Бақытжан Маханбетов пен аралас жекпе-жектен Азия, әлем чемпионатында топ жарған спортшы Бекзат Жәсия Ұялыжарға оралған соң, ауыл өмірі, балалардың күн тәртібі түбегейлі өзгерді. Тып-тыныш жатқан ауылға жан кіргендей.
Бекзат – осы ауылдың тумасы. Кішкентайынан күреске ебі болды. Мығым. Бірақ күрестің әліппесін үйретіп, баулитын ешкім жоқ. Ал күнара Шымкентке қатынап, үйірмеге қатысуға мүмкіндігі болмады. Бекзат та қарап қалмады. Үйінің ауласына орнатқан білтемірге тартылып, жүгіріп, ағалары үйреткен әдіс-тәсілдерді қайталап, күн ұзақ тыным таппайтын. Оның спортқа құштарлығын көргендер арнайы спорт мектебіне баруға жол сілтеді. Талабын қайтарғысы келмеді ме, ата-анасы да қолдай кетті. Осылайша 8 сыныптан бастап, білімін Шымкенттегі дарынды балаларға арналған Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп-интернатында жалғастырды. Бұл 2008 жыл болатын.
Көк шөпте күресіп өскен Бекзат
– Ауыл адамдарының шаруалары бітпейді. Сабақтан соң, мал жайғайсың. Су тасисың. Бау-бақшаға қарайсың. Шөп шабасың. Отын тасисың. Осындай тірліктер мені жауапкершілікке үйретіп, мығым ғып өсірді. Қат-қабат шаруаларға қарамастан күнде жаттығу жасайтынмын. Өзімді олимпиадаға дайындалып жатқандай сезінетінмін.
– Қадірбек деген атам – қарсыласын жықпай қоймайтын, мықты кісі болған екен. Махамбет, Бақытжан, Сейітжан деген туыс ағаларым да спорт мектеп-интернатында оқыған. Әлемдік сайыстарда топ жарып, көк туымызды көкте желбіреткен. Үлгі тұтып өстім. Олар ауылға келген сайын әдіс-тәсілдерді үйреніп қалуға тырысатынмын. Теледидардан күрес трансляциялары мен спорт жаңалықтарын жібермей қарайтынмын, – дейді Бекзат.
Ауыл баласы қала өміріне бірден үйреніп кете қойған жоқ. Сынақтан бірге өтіп, оқуға қабылданған сыныптастары да бұған дейін аудандық, облыстық, республикалық сайыстарда олжалы болып жүрген кіл мықты балалар екен. Бекзатқа ұзақ дайындалуға тура келді.
2014 жылы Мардан Сапарбаев атындағы халықаралық турнирде жеңімпаз болып, грек-рим күресінен спорт шебері атағын алды. 2016 жылдан бастап аралас жекпе-жек спортымен айналыса бастады. 2018, 2019 жылы Азия чемпионатында екі рет чемпион болса, 2018 жылы әлем чемпионатынан 3 орынмен оралды.
Әке ақылы. Бекзат неге ауылға оралды?
Бекзат жоғары оқу орнын аяқтап, қолына диплом алған соң ауылға оралды. Түрткі болған – әкесі.
– Әрине, жас болған соң, үлкен қалада қалуды ойластыра бастайсың. Өйткені, мүмкіндік көп. Бірақ әкем "Ауыл балаларына қарашы. Сабылып бос жүр. Қазір олар ауылда бұрынғыдай отын шауып, алыстан тасымайды. Өйткені, табиғи газ бар. Сендер сияқты бұлақтан арбамен бөшке-бөшке де су әкелмейді. Өйткені әрбір үйге таза ауызсу құбыры тартылған. Көп тірлік жоқ. Қолдары бос. Қатысатын спорт үйірмесі болса да жоқ. Энергиясын қайда жұмсарын білмейді. Сен ауылға келіп, ағаңмен бірлесіп, осыларды спортқа баулы, чемпиондарды дайында" деді. Әкемнің ақылы жөн-ақ. Бір кездері менде спорт мектебіне кетпегенімде, спортпен жолым түйіспейтін еді. Әкемнің сөзіне құлақ асып, бұрын тек демалыс күндері ғана келетін ауылыма заттарымды жинап, түбегейлі қайттым, – дейді Бекзат.
28 мың теңге жалақы алады
Осылайша Бекзат ағасымен бірге бірнеше жыл бұрын бес-алты баланың басын қосып, оларды күреске баули бастады. Дайындыққа қажетті құрал-жабдықтарды қолдан жинады. Кейін Қажымұқан атындағы №2 аудандық спорт мектебіне жұмысқа кірді. Қағаз жүзінде дзюдо тренері. Бірақ Бекзат дзюдомен ғана шектелмей ауыл балаларына грек-рим, аралас жекпе-жектің де қыр-сырын үйретіп жүр. Бүгінде бұл үйірмелерге 100-ге жуық бала қатысады. Олардың біразы аудандық, облыстық сайыстарда жеңімпаз атанған. Алды республикалық жарыстарда топ жара бастады.
– Жарты жалақыға жұмыс істейтін болған соң, қолыма 28 мың теңге аламын. Оны естіген кей достарым "Арзымайтын ақшаға ауылда не істеп жүрсің?" деп сұрайды. "Әлем, олимпиада чемпиондарын дайындап жүрмін" деп күлемін. Халықаралық жарыстарда жүлдегер болып, үздік нәтиже көрсетіп жүрген соң, үш жылдан бері Шымкент қаласының спорт және денешынықтыру басқармасы 80 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлейді. Шынымды айтсам, отбасымды сол шәкіртақымен асырап жүрмін. Айлығы аз деп балаларды тастап кеткім келмейді. Өйткені спорт арқылы бір баланың өмір жолының дұрыс қалыптасуына әсер етіп жатсам, сол қуаныш. Жасыратыны жоқ, біздің ауылда кей жігіттер мал, басқа да дүние-мүлік ұрлап, сотталып кеткен жағдайлар болды. Адам ұрлыққа қол бос, істейтін тірлігі жоқ болған соң барады деп ойлаймын. Бізден кейінгі жас буынның арасынан ертең жауапкершілікті сезінбейтін, ешнәрсеге қызығушылығы жоқ ұл-қыздардың шыққанын қаламаймын, – дейді Бекзат.
"Бізге спорт мектебі керек"
Бұл – жас спортшыларды дайындап жүрген Бақытжан мен Бекзаттың, оның шәкірттерінің тілегі, өтініші, базынасы. Үйірмеге қатысатын балалар ауылдағы Мәдениет үйінің аядай бөлмесі мен далада жаттығып жүр. Оны балалардың ата-аналары мен ауыл адамдары жабдықтап берген.
– Мына бозкілемдерді, темір-терсектерді балалардың ата-аналары, ауыл жігіттері бас болып, сатып әперді. Басқа қалаларда өтетін жарыстарға ата-аналардың қолдауымен барып қатысып, келіп жатырмыз. Үйірме аптасына төрт күн болады. Балалар тегін жаттығады. Қазір жазғы демалыс болған соң, ауылдың бар баласы осында. Оларды орын жоқ, сыймайсың деп те талабын қайтара алмаймын. Сондықтан үшке, төрт топқа бөліп дайындаймын. Құрал-жабдықтарымыз да жетпейді. Ауыл моншасы тек сенбі, жексенбі күні ғана жағылады. Балалар өз аулаларында қолдан соғылған душқа түседі.
Бізге мемлекеттен қаржы бөлініп немесе кәсіпкер ағаларымыз шығып, 100-150 балаға лайықталған спорт мектебін салып берсе екен. Ауылға спорт мектебін салдырту – арманымыз. Осы мәселені жиі көтеріп жүрміз. Оған ауыл адамдары орталықтан арнайы жер де беріп отыр. Сосын стадионның айналасына жүгіретін арнайы аяқ жол салынса деген тілегіміз бар. Ауыл әкіміне қайта-қайта айтамыз. Орындалатын түрі көрінбейді. Айналаның тікенін, шөбін өзіміз тазалаймыз. Жүгіргенде балалардың тобықтары байқаусызда қайырылып, ауырсынып жатады, ойқы-шұйқы, – дейді Бекзат.
Көрші ауылдан келіп қатысатын балалар бар
Байболат Болысбек пен Ермек Амангелдіұлы 8 сыныпқа, ал Димаш Аманбек 4 сыныпқа көшті. Олар көрші Ынтымақ ауылынан келіп қатысады. Ұялыжарға жету үшін кейде екі-рет көлікке ауысып мінеді. Ал кейде көлік болмай қалса, 6 шақырым жолды шаңдатып, жаяу келеді.
– Көлікпен үлкен тас жолға дейін жетіп, тағы көлік күтеміз. Әр көлікке 50 теңгеден төлейміз. Күнде барып қайтқан жолымызға 200 теңге кетеді. Кейде тегін жеткізіп тастайтындар бар. Бірақ көбіне көлік күтіп қаламыз. Өйткені, аудан орталығына, Шымкентке жол жүріп бара жатқан көліктер адамға толып кетеді. Трактор, жүк көлігі болса да, қуанып мініп кетеміз. Жаттығудан қалмауға, кешікпеуге тырысамыз. Спортпен айналысқалы мінезім, көп нәрсеге көзқарасым өзгерді. Егер Ұялыжарда спорт мектебі салынса біздің ауылдан да біраз бала келіп қатысатын еді, – дейді Байболат Болысбек.