Тікелей эфир

Денис Теннің қысқа да жарқын ғұмыры

Фото championat.com сайтынан алынды
Фото championat.com сайтынан алынды
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Теннің қазасы барша жұрттың қабырғасын қайыстырды. Ол небәрі 25 жаста еді.

Денис Тен кім?

Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген. Ұлты – кәріс. Кезінде Корей империясының Жапониядан азаттық алар тұсында әскер генералы болған танымал Мин Гын Хоның ұрпағы.

Қазақстандағы ең бірінші әлемдік додаға қатысқан мәнерлеп сырғанаушы.

Мұз айдынында шыр көбелек айналып билегенде бильман деген қиын элементті ерлер арасында өте шебер орындай алатын санаулы спортшының қатарына кіреді.

Денис Тенді отбасында бетінен қақпай өсірген. Соның арқасында жас спортшы мәнерлеп сырғанаудан өзге теннис, акробатика, таэквондо, каратэ үйірмелеріне барған және жүзумен айналысқан. Би және көркемсурет мектептерінде де білім алған. Музыка мектебінің 5 сыныбын тәмамдап, хорда ән салған.

Оқи отырыңыз: Айналарға лазермен VIN-код салу: өзіңізді және көлігіңізді ұрылардан қалай қорғау керек

Әкесі Юрий Тен – инженер. Анасы Оксана – кәсіби музыкант, скрипкадан сабақ береді. Анасының арқасында Денис музыкаға жақын болып өсті. Жастайынан шығармашылық қабілетін шыңдау үшін анасы музыкалық аспаптармен таныстырып, өнерге баулыған.


Кішкене кезінде сырғанайтын жер болмағандықтан даладағы мұзда жаттыққан

Денис ағасы Алексеймен / Фото Денис Теннің instagram парақшасынан алынды


Соңында мәнерлеп сырғанауды таңдаған ол, 2003 жылы "Хрусталь коньки" турнирінде осы спорт түрінің белгілі шебері Елена Буянова (Водорезова) көзіне түседі. Осы кісінің шақыруымен Мәскеуге аттанады.

Алғашқы халықаралық жарысы

Денис 12 жасында алғашқы ірі жеңістің дәмін татты. Ол 2006 жылы Қазақстанның чемпионы атанды. Он үш жасында Голландияда Гран-При алған жасөспірімдер арасындағы үздік ондық қатарына кірді. Бұл – ол қатысқан ең алғашқы халықаралық жарыс еді.

Спортшы карьерасын әртүрлі елде өткен Haabersti Cup, жасөспірімдер Гран-приі, Dragon Trophy, Ресей Кубогы, Four Continents Figure Skating Championships секілді танымал жарыстарда бақ сынаудан бастады.

Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?

Үздік ондыққа енді

Ол 2009 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, үздік он мәнерлеп сырғанаушының қатарына кірді. Осылайша Қазақстанға Ванкувер Олимпиадасына қос бірдей жолдама алып берді. 2010 жылғы Олимпиадада ең жас қатысушы болғанына қарамастан, 11-інші орыннан көрінді.

2010 жылы Денис бапкерін ауыстырды. Елена Буляновадан Юрий Гуськовқа кетті. Сол жылы жазда спортсмен Калифорнияға қоныс аударып, Лос-Анджелесте америкалық бапкер Фрэнк Кэроллдың командасында жаттыға бастады.

2011 жылдың ақпанында Қазақстанда өткен VІІ қысқы Азия ойындарында Денис Тен алтын жүлдені алды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға қай елге бару қауіпті?

Екі жылдан кейін

Канадада өткен әлем чемпионатында Денис өзінің жеке рекордына – 266,48 балға қол жеткізді. Еркін бағдарламада үздік шығып, қорытындыда канадалық Патрик Чаннан небәрі 1,3 балға қалып, күміс жүлдені еншіледі. Сөйтіп қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар арасында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды.

Спорттық жолындағы ең басты табысы...

Сочи олимпиадасындағы қола медаль еді. 2014 жылы мәнерлеп сырғанаушы екінші Олимпиадасына қатысты.


Кішкене кезінде сырғанайтын жер болмағандықтан даладағы мұзда жаттыққан

Бұл сол додадағы Қазақстан қоржынындағы жалғыз жүлде болды / Фото YK-news.kz сайтынан алынды


Алғашқы күні ерлер арасында 84,06 балл алған Денис тоғызыншы орынға көтерілді.

Келесі күні еркін бағдарламада бар күшін салып, шебер биледі. 171,04 балл алды.Қорытындысында 255,10 балл жинады. Ел үмітін ақтап, үздік үштіктің қатарынан бірақ шығады.

Келесі маусымда Америка мен Канадада өткен Гран-При кезеңдерінде 5-орыннан көрінді. Golden Spin of Zagreb турнирінде екінші орын, ал Istanbul Cup-та алтын жүлде алды.

"Төрт құрлық чемпионатының" жеңімпазы

2011-2012 жылғы маусымда ол Қазақстан үшін жасөспірімдер арасында әлемдік жарыстан алғаш рет кіші қола медальға ие болды. Осылайша, үшінші рет Қазақстан чемпионы атанды.

2015 жылы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде мәнерлеп сырғанаудан өткен "Төрт құрлық чемпионатында" Денис Тен қысқа бағдарлама бойынша 97,61 ұпай, ал негізгі бағдарламада 191,85 ұпай жинады. Қоссайыс қортындысында 289,46 ұпай еншіленген Тен "Төрт құрлық чемпионатының" жеңімпазы атанды.

2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада Денис өзінің деңгейін тағы бір көрсетіп, алтын жүлдеге ие болды. Гран-При кезеңдерінің бірінде күміс медаль алды.

Биыл аяғындағы жарақатқа қарамастан Оңтүстік Кореяның Пхеңчхаң қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарына қатысты.

Ал күзде Францияда өтетін әлемдік Гран-при жарысына қатысуы керек еді.

"Денис Тен және оның достары"

2013 жылдан бастап спортшы "Денис Тен және оның достары" атты мұз айдындағы шоуға продюсерлік етті. 2014 жылы Денис Теннің шоуы үшін Жапониядан 500 турист келген болатын.

Биыл да Астанада "Денис Тен және оның достары " атты мұзды шоуы өтті.

Денис Тен көрсеткен ерекше қойылымдардың бірі – Димаш Құдайбергеннің әніне дайындалған арнайы бағдарлама болды.

Шоу соңында Денис Тен және оның достары қазақтың ұлттық киімін киіп, қазақ ұлттық-симфоникалық оркестрінің қолдауымен өнер көрсетіп тосынсый жасаған еді.

Магистратураға түсуді жоспарлаған еді

2014 жылы Қазақстанның спорт және туризм академиясын қызыл дипломмен аяқтайды. Сол жылы ҚБТУ-ға оқуға түседі... Алда мұнай-газ саласында магистр дәрежесін алу жоспарында еді...

Денис фотоға түсірумен әуестенген

Ол әлеуметтік желіде өзінікінен басқа парақша ашып, сол жерге түсіргендерін жариялап отырған. Танымал тұлғалардың арасында Динара Бақтыбаева, Айсұлу Әзімбаев, Әлия Телебарисова, Сабина Алтынбекова, Серік Сәпиев және тағы басқалар Денистің обьективіне іліккен екен.

Денис Тен үнемі "өмірді сүйем" деп айтатын

Осыдан бір ай бұрын өзінің 25 жасқа толған туған күнінде, ол өзінің инстаграм парақшасында:

"Не жазарымды да білмеймін... Менің атымды ағам қойды. Анам әртүрлі секцияларға апарды. Әкем отбасын асыраумен болды. Мен тек махаббат пен қамқорлықты сезініп өстім. Мен кіммін? Не бітірдім? Білмеймін. Бірақ не істесемде мен өзімді бақытты сезінемін. Мен өмірді сүйемін. Ата-анамды жақсы көрем. Адамдарды жақсы көрем. Сүйгенді жақсы көремін. Сонымен бөліскім келеді. Яғни, өзім емес, сомдаған кейіпкерім арқылы бөліссем деймін. Жиырма бес жаста әлемге басқаша қарайды екенсің" деген жазба қалдырған.


Денистің 13 маусымда қалдырған жазбасы

Денистің 13 маусымда жазба қалдырған күнгі суреті / Фото Денис Теннің instagram парақшасынан алынды


Жарқ етіп жанып, жарқырап өте шықты

Денис Тен кеше Алматыда қапыда қаза болды.

Спортшыны 19 шілде күні, түс ауа белгісіз екі адам пышақтап кеткен. Алған жарақаттан Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханада көз жұмды.

Елбасы: Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Денис Теннің қазасына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады:

"Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын.

Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізді. Таланты әлемнің көптеген елдерінде мойындалған Денис – даңқты спортшы ғана емес, сондай-ақ бітімі ерекше тұлға, Қазақстанның нағыз патриоты еді. Денис Юрьевич Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады" деп жазған.

R.I.P

Өткінші өмір дейтін майданда бұл,

Соғарын кім біледі қайдан дауыл?!

Көліктің айнасы үшін ажал құшты,

Қазақтың айнасына айналған ұл.

Еріксіз көзімізге жас келеді,

Еліме арналатын басты өнері.

Мәнгілік қош айтысты өмірменен,

Мәнерлеп сырғанаудын xас шебері.

Саят Әбенов (Торғайлық ақынның азалы жыр-шумақтары әлеуметтік желіде тез тарады).

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары