Еңбек "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен Open Mind жобасы аясында орыс тілінде жарық көріп, кейін қазақ тіліне аударылды. Монография редакторлары: Жұлдызбек Әбілғожин, Михаил Акулов, Александра Цай, қазақ тіліне аударғандар: Әнуар Дүйсенбинов және Жұлдыз Әбділда. Сондай-ақ, жоба аясында қуғын-сүргін тақырыбы бойынша әзірленген виртуалды көрмемен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады. Төменде Михаил Акуловтың "Шектеулі береке мемлекеті: Үшінші Рейх және Кеңес Одағындағы утопия мен террор туралы" монографиясын ұсынамыз.
Динамикалық логикасы тұрғысынан қарасақ, диалектикалық ойлау қарама-қарсылықтардың бірлігіне алып келеді. XX ғасырдағы бұл ереженің ең жарқын көрінісі – ұлттық-социалистік Германия мен сталиндік Кеңес Одағының өзара қарым-қатынасы. Бұл – ондаған миллион адамның тағдырына қайғылы түрде әсер еткен және уақыттың сипаты мен мазмұнын айқындаған қарым-қатынас еді. Билік етіп тұрған кезінің өзінде "тоталитарлық" атағын алған бұл екі режим (итальян фашизмінен айырмашылығы – өз еркінен тыс, әрине) бір-біріне қас дұшпан болды; олардың текетіресі екі жақты да өлімге бел байлап, бір-бірімен шайқасуға әкелмеуі мүмкін емес еді, себебі, Сталиннің большевиктері мен гитлерлік нацистер нақ жауды жоюда революциялық ұрандардың астында жасырынған тектоникалық қозғалыстардың нақты мақсатын көрді. Бұдан гөрі тереңдесек, КСРО үшін де, Германия үшін де (әсіресе Германия үшін) жау тарихтың шеткі шекарасы ретінде қабылданды, ол шекарадан жеңіп өту уәделі тарихтан тыс Утопия кеңістігіне шығудан дәмелендірген.
Үшінші Рейхтің және КСРО-ның болмысын аша түсетін Утопия осы режимдердің терең туыстығын ұғыну процесіндегі бастапқы нүкте болуы тиіс. Утопияның нацистер мен большевиктер ұсынған нұсқалары бір-бірінен қатты ерекшеленіп, кей тұста бір-біріне қарама-қарсы болатынына күмән жоқ. Алайда, сыртқы айырмашылықтар утопиялық қиялдарды жүзеге асыру ісіндегі террордың тәжірибе ретінде немесе "әдіс ретіндегі" рөліне қатысты режимдердің қол жеткізген консенсусын жасыра алмады. Тоталитарлық террордың жұмбағы да, "жұмбақтығы" да сонда, ол бөгде оймен күрес шеңберіне де, перманентті қорқыныш арқылы келіспейтіндердің пайда болуының алдын алу жүйесіне де сәйкес келмеді. Сталинизм мен нацизмнің қолданатын озбырлығы режимдердің жүргізген әлеуметтік инженериясына "нәсіл тұрғысынан кемтарларды" айықтыру мен "әлеуметке зиян элементті" орталық қалалардан аластаудан бастап, жер аудару, ГУЛАГ және өлім лагерьлеріне жіберуге дейінгі тұтастай құралдар жиынтығын ұсынды. Cондықтан террор Утопияның ішкі механикасына теориялық тұрғыдан бағынышты болған кері жағы болды. Алайда, іс жүзіне келгенде, утопияның рационалдықтан тыс, квазидіни сипатын ескерсек, террор "тәжірибе жолымен анықталған", "өз басынан кешкен" және "қоныстанған" түрдегі утопияның дәл өзі болды. Террор көп мәнді сөздер мен көтеріңкі ұрандармен қапталған болса да, ол – утопияның жаны мен денесі. Сондай-ақ, террорды құрал етуде тек Сталиннің не Гитлердің зұлымдық ерік-жігерін, түпнұсқа идеяның толық бұрмалануына әкеп соққан тарихтың әлдебір қырғынға ұшырататын "жанама құбылысын" көруге себеп жоқ. Дұрысы, террор шынайы нәрсені мінсіз нәрседен үлгілеп, тоталитарлық Утопияның мәнін бақылаудан шыққан және иррационалдыққа ұмтылған өмірді оңтайландыру ретінде ашты.
Анықтамасы бойынша "утопия" дегеніңіз – тарихты жеңу, бастан өткізген заттар шегінен кейінгі жер емес, бірақ оқиғалардың реттік шкаласынан кейінгі уақыт. Шынын айтқанда, нацистер мен большевиктердің тарихқа қатысты әртүрлі жағдайда болғанын ескерте кету керек.
Ұлтшыл социалистер большевиктерге қарағанда мейлінше неміс қоғамының бөлшегі бола тұра, тарихқа сену туралы айтпағанда, оған сенім де білдіре алмады. Өткенге көз салсақ, дәл осы сенім Германияны Бірінші дүниежүзілік соғысқа әкелді, ал оның салдары өте ауыр болды: бұл франко-англо-саксондық өркениеттің "созылған" гегемониясы дәуірін жеңуге деген талпыныс озық ғылымға сүйенген неміс рухының жеңісіне, дамушы экономикасына, техникалық не мәдени жетістіктеріне емес, керісінше, Германияның империялық қатысуының басты белгілерін жоғалтуына әкеп соқтырды. Тарихи жауапкершіліктің көпжылдық ауыртпалығынан шаршаған болып көрінетін көршілер қаһарлы қарсыласуға, және, ең бастысы, жанқиярлыққа қабілетті болып шықты, ал бұл болашағына сенетін жас халықтардың қасиеті еді. Одан да сорақысы – соғыстан кейін немістер Германияның қаусау белгілерін байқады. Неміс демографтары мен дәрігерлері туу көрсеткішінің күрт төмендеуін, жыныстық жолмен тарайтын аурулардың көбеюін және Веймар қоғамының жалпы рухани бүлінуі туралы мәліметтерді дәл осы алармистік жолмен түсіндірді. Ақырзаманды асыра шақырған әр саланың маманы қатарына интеллектуалдар да қосылды. Олар айқын болмаса да, кең тараған пікірді "жалпылаушылар" еді. Олардың ішіндегі ең негізгілерінің бірі Освальд Шпенглер болса, Тацитке еліктеп, "Еуропаның құлдырауы" туралы ашық айта бастады, бұнда ол ең алдымен Германия мен немістерді ойға алды, олар ата-бабаларының ізгі қасиеттерін жоғалтқан, немқұрайды, гедонистік және сонымен бірге дүниежүзілік мегаполистің жеміссіз тұрғындарына айналған деп айтты.
Пессимистік болжамдар мен тарихқа сенімнің болмауы нацистік альтернативаға негіз болды. Дарвин мен Ницшемен рухтанған, дұрысырақ айтсақ, олардың идеяларының өрескел нұсқаларымен рухтанған нацистік Утопия Тарихтан шығуды көздеген еді, себебі концептуалды аппараты бар Тарихтың өзін Табиғатпен ауыстырды. Еркіндіктің орны Қажеттілік үшін босатылды, топтардың тіршілік (және басымдық) үшін тоқтаусыз күресі себебінен жалпы адам тағдыры шетте қалды, Адамзаттың өзін этникалық категория ретінде Линней таксономиясының квазибиологиялық түсініктері ығыстырды. Утопияны тұрғызу барысының кіндігінде нәсілдік қауымның өлмес тәніне деген қамқорлық жатты. Ол тәнді "зиянды элементтерді" алып тастау және "нәсілдік тұрғыдан пайдалы элементтердің" пәрменін арттыру арқылы "жасарту", "сауықтыру" және "күшейту" қажет болды. Ұлтшылсоциалистер дұрыс таңдаған шаралар көмегімен фолькті оған дұшпан күштердің барлығымен сөзсіз болатын қақтығысуға, бәлкім фольктің биологиялық шекарасының арғы жағындағы күштердің барлығымен қақтығысуға дайындауы керек еді.
Жаңа әлем құрудың негізгі компоненті ретіндегі бұл қақтығыс екі актіден тұрды: "нәсілдік қауым", біріншіден, қарқыны бойынша Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Британияның титықтату саясатының ең жаман айласынан асып түсетін түрі бар блокадаға төзіп, екіншіден, мәңгі табиғи-нәсілдік өндіріс пен қайта өндіріс циклінде өмір сүру үшін "тіршілік кеңістігін" босатып, шеңберді бұзып шығуы керек болатын.
Нацистердің пессимизм тереңдігімен тек большевиктер партиясының тарихқа берген шексіз сенімін ғана салыстыруға болады. Әрине, большевиктер тарихқа оптимистік көзқарасында жақтаушыларына коммунизмнің келуіне және әлемдік пролетарлық революцияның жеңісіне кепілдік берген марксистік телеологияға сүйенді. 1917 жылы болған төңкерістер болжамдардың дұрыстығын растап, "империалистік" деп аталған дүниежүзілік соғысты жанама түрде ақтады; неміс қоғамын зақымдаған жеңілген жақтың комплексі туралы жаңа құрылған Кеңес Одағында сөз болған жоқ. Сонымен қатар, большевиктік партия шын мәнінде конспирациялы, "элиталық"/"авангардтық", өзінің билікке деген құқығын қорғаудан азат ұйым бола тұра, Азамат соғысымен келген бұрын болмаған экономикалық күйзеліс пен қоғамдық архаизацияны өзіне қолайлы түрде түсіндірді: соғыс кеңістікті келешек алып құрылыстары үшін ескі әлем қалдықтарынан босатып қана қоймай, көпшілік мақұлдаған адамгершіліктің шектерін де қозғап, бұзды. Утопияның большевистік нұсқасында парадокс болды: Тарихтың басты магистралі бойынша массалар қозғалысының тікелей салдары бола отырып, ол ештеңеге ұқсамайтын, теңдесі жоқ тәжірибе болуы тиіс еді. Теңдесі жоқ, яғни мүмкін заттардың шегі қайда екен деген ойдан бос (моральдық я физикалық тұрғыдан болсын) утопиялық тәртіпті орнатуға көмек болатын құралдары да табылуы тиіс.
Нацистер мен большевиктердің посттарихи Утопияны түсіну айырмашылығын олардың тарихтың өзіне деген көзқарасымен ғана шектеу дұрыс болмайтыны сөзсіз. Нәсілдік қауым, таптық және тектік жіктелуді жеңу механизмдерін қамтамасыз ете отырып, тек немістерге қолжетімді жоба болып қала берді, олардың да бәріне бірдей қолжетімді болған жоқ. Нацистік Утопияның негізгі қағидалары – тек немістердің бірегейлігі мен артықшылығы туралы постулаттар ғана емес, олардың үстем нәсіл болуға деген туа біткен (яғни табиғи) қабілеті туралы да қағидалар идеяның әмбебаптандырылуынмүмкін емес етті. Екінші жағынан, Сталин мен сталинистердің социализмді "бөлек бір елде" құру қажеттігі туралы айтқан тезисіне қарамастан, кеңестік модель одан әрі экспорттауды "көздеді". Осылай КСРО мен Үшінші Рейх құрып жатқан утопияларда өмір сүретін "жаңа адам" туралы ұғымдар пайда болды. Фашистердің де, сталинистердің де жоспарында "жаңа адам" "либералды-буржуазиялық" идеалдардан берік бас тартса да, Кеңес Одағында түпкілікті өнім бүкіл әлем үшін эталон деп көкке көтерілді, яғни нағыз, социалистік гуманизмнің нақтылануы ретінде таратылды. Германияда және одан тыс елдерде фашистер орнатқан "Жаңа тәртіптің" адамы, ең алдымен, неміс отарлауына және отарлық Германия империясының шекараларын қорғауға жанқиярлықпен берілген конкистадорға ұқсады.
Екі режимге де мықты ерлер мен нәзік әйелдердің алдында бас ию тән болғанына қарамастан, олар адам "жанына" әртүрлі талап қойды: кеңестік "әмбебаптық" үнемі "өзін дамыту жұмысын" талап етсе, немістерге "мейірімділіктің шегін" белгілеу міндеті қойылды, соңғысы нәсілдік императивті ұстануға кедергі болмауы үшін керек еді.
Осылайша, фашистер мен большевиктердің Утопияға деген көзқарасындағы айырмашылықтар олардың тарихқа, атап айтқанда, тарихтың шарықтау шегі болған модернге көзқарастарының өзгешелігінен туындады. Бұл айырмашылық тек егжей-тегжейіне ғана қатысты болды; ал режимдер ұсынған және жүргізген утопиялық бағдарламалардың мақсаты бірдей еді, атап айтқанда, "әлеуметтік мемлекеттің" белгілі бір түрін құру (welfare state) болатын. Әлеуметтік мемлекет жетектегі бұқара ("қоғам") мен оны жетектеуші саяси таптың арасындағы ежелден келе жатқан қақтығысын жеңе отырып, негізгі әлеуметтік мәселелерді шешуді міндетіне алды, оның ішінде қоғамдық талқылауға бастамашы болудан бастап, оларды түпкілікті шешуге дейін бар еді. Осы мәселелердің қатарына бұқара халықты негізгі игіліктермен теңдей қамтамасыз ету мәселесі де кірді; қолда бар ресурс шектеулі болғандықтан, ол игіліктерге қол жеткізу қамтамасыз етудің екінші жағы еді, яғни осы ресурстарды тұтынудағы "кезек" қағидасын енгізді және қолдады. Тек "қоғамдық игілік" үлесін алуға кімнің кезегі қашан екенін анықтау керек болды, сонымен бірге ол игіліктерге ешқашан қол жеткізе алмайтындар да басынан белгілі болды.
Мұнда ескеретін бірнеше маңызды ескерту бар.
- Біріншіден, әлеуметтік мемлекет идеясын ойлап тапқан нацистер де емес, большевиктер де емес, сонда да біріншілер билікке келген кезде және екіншілер билікті басып алған кезде, ол идея жаңалық ретінде тартымды болды. Кеңес Одағын айтатын болсақ, барлығын қамтитын әлеуметтік саясаттың негізін қалау теңдессіз әрекет еді. Германияда нацистердің алдында болған Веймар Республикасы өзін-өзі жариялаған әлеуметтік мемлекет болды; алайда, оның проблемасы қаржылық ресурстардың жетіспеуі еді, ал ол болса мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаны іске асыру мүмкіндігін шектейді. Сонымен бірге идеяның беделін түсірмей, республикалық жүйеге бұрыннан бар наразылықты ұлғайтты.
- Екіншіден, әлеуметтік мемлекетті жобалаудан оны жүзеге асыруға көшу мемлекет демографиялық ресурстарды жұмылдыру саласында қолданатын техникалық құралдарды дамытудың арқасында, сондай-ақ қоғамды біртұтас объективті шынайылық ретінде сипаттаудағы әлеуметтік ғылымдардың өсіп келе жатқан маңыздылығының арқасында мүмкін болды. Алдымен не болғанын айту қиын: мемлекеттің әлеуметтік рөлінің жоғарылауы ғылыми зерттеулерді қуаттандырды ма, жоқ ғылымның сөзсіз жетістіктері мемлекет пен оның қабылдаған шараларының айналасында қосымша легитимділік өрісін жасады ма, белгісіз. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастапәлеуметтік саясат пен қоғамдық ғылымдар бір-біріне терең ықпал ете отырып, бір-бірімен байланысы тығыз бола түскені анық.
- Үшіншіден, әлеуметтік саясат тілінің ғылыми сипатына қарамастан, бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін әлеуметтік мемлекеттің көпшілік мойындаған, толық жетілген мәселелері туралы айту қиын болды; оларды шешудегі орынды құралдар туралы айту да қиын болды – викториялық либерализм әлі сындырылған жоқ еді, ал әлеуметтік бағдарламаларға болмаса да, социалистік бағдарламаларды жаратпау күшті болды.
Нәтижесінде большевиктер мен нацистер әлеуметтік Утопияларының мақсаттарын қалыптастыруда және оған жетудің амалдарын іздеуде белгілі бір еркіндікке ие болды. Екінші жағынан, олар қатынасатын қоғам сол кездің өзінде әлеуметтік ғылымдардың "торында" болатын. Мемлекеттік қызметшілердің (сондай-ақ, "қоғам қайраткерлерінің") көзқарасы бойынша ол жеке адамдардан емес, әлеуметтік категориялардан тұрады – әрқайсы өзінің өзгешеліктері мен шекараларымен ерекшеленді. Алайда, автономды ортағасырлық шеберханалар мен таптардан айырмашылығы, ағзалар мен мүшелердің денеден тыс болмайтыны сияқты, ол категориялар да тұтас әлеуметтен бөлек қарастырылмайтын. Бұл "қоғам-дене" мағыналық байланысын енді қарапайым метафора түрінде емес, адам ұжымының объективті жағдайының бейнеленуі ретінде түсінуге мүмкіндік берді.
Демек, қоғаммен айналысу тәсілдері де оның "физикалық болмысынан" шығуы және әрі емдік, әрі профилактикалық сипатқа негізделуі керек болатын.
Қоғамды қабылдау парадигмасы ретіндегі дене бізге Утопияның "эстетикалық" компонентін жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік мемлекетте өмір сүріп, оның игіліктерін пайдаланатын қоғам бірқатар араласу мен шаралардан кейін, құрамы біркелкі және пропорционал антикалық мүсін сияқты көрінді. Нацистік Германияның нәсілшіл идеологиясыэстетикалық мұратты ашық түрде жариялады, бұл шын мәнінде әлеуметтік қайта құру лейтмотивтерінің бірі болды. Фашистер келгенге дейін пайда болған категориялар нәсіл тұрғысынан құнды (minderwertige) немесе сапасы кем деп жарияланды, негізінде олардың шындықты ұлттық-социалистік мәнерде стильдеуге қосқан үлесіне байланысты. Даусыз "арийлік" сипаттамалар, яғни генеалогиялық өлшемшартына ғана сәйкес келетін емес, пішінге қойылатын көзге түсетін талаптарға да сәйкес болу қажет Германияның бет-бейнесі, денелері, көшелері және тіпті табиғи ландшафтары да "жарқырау" керек. Эстетикалық түсінігін растау үшін нацистер категориядан тыс категория жасады, олар "ассоциалдық" деп аталатын неміс "кесапаттыларын" жасады, оның ішіне "жамандықтың" иесі (физикалық және моральдық жағынан) болып көрінгендердің бәрін: қайыршыларды, қаңғыбастарды, баспанасыздарды, "психопаттарды", маскүнемдерді, жезөкшелерді, жеңгетайларды, "сексуалдық азғындарды" және басқаларды қосты. Еврейлерден туындаған абсолютті биологиялық қауіпті нацистік насихат соның ішінде "көзбен" дәлелдеді: "нәсілдік ойлауды" өткен немістерге еврей "типінің" абсолютті "антиэстетикасын" тануға үйретті, оның залалы тартымды болып көрінуі мүмкін. Екінші жағынан, эстетика биологияны айналып өтіп, жарымес нәсілдердің кейбір өкілдеріне нәсілдік қоғамдастыққа "толық жарамды" қатысу құқығын қамтамасыз ете алды (Volksgemeinschaft): мысалы, әжептәуір "арийлік" деп танылған мыңдаған поляк баласы ата-анасынан ажыратылып, неміс отбасыларына тәрбиелеуге берілді.
Сталиндік утопия айқын болмаса да, эстетикалық сипаттағы дәлелдерге бей-жай қарамады. Дегенмен, нацистік эстетикада пішін мен пропорциялар туралы түсінік басым болса, Кеңес Одағында эстетикалық мұраттың болуы симметрия мен біртектілікте білінді. Бұл, ең алдымен, социализм құрудың негізгі орны болған қала мен қала кеңістігіне қатысты болды. Жоспар мен норма сұлулық өлшеміне айналды; ретсіздік пен нормадан ауытқу кейіпсіздік сөзінің синониміне айналды. Астанаға дұрыс жұмыс істеп жатқан механизмнің сипатын беру үшін жасалған (және оны жүйесіз өткеннің іздерінен арылту үшін) Мәскеуді қайта құрудың бас жоспары – бұның айқын иллюстрациясы; Үлкен қалаларда өткен "әлеуметтік зиянды" элементті қаумалау мен тазарту да, яғни (жарияланбаса да) кемтарларды, мүлкі тәркіленген кулактарды, "қоғамдық пайдалы жұмысқа қатыспайтындарды", бұрын сотталғандар мен олардың отбасы мүшелерін қудалау да солай. Эстетикалық ойлауды 1932 жылғы паспорт жүйесін енгізу туралы басты шешімде де байқауға болады. Паспорттар индустрияландыру күйзелістерінен туындаған жаппай қоныс аударуды бақылау құралы болды; қалаларды ашаршылықтан қашқан шаруалардың қаптауынан қорғауға деген ұмтылыс абзал болды. Жадау, көбінесе есінен айырылған адамдардың түрі сталиндік "жоғарыдан жасалған төңкерістің" апаттық сәтсіздіктерін еске түсірмеуі керек болды, бұл "ұлы құрылыс" мизансценаларын қорлайтын еді.
Вальтер Беньяминнің айтуынша, өнер туындысын жаппай көбейту кезеңінде фашизм саясатты эстетикаландырады, ал коммунизм оған "өнерді саясаттандыру арқылы жауап береді". Ақыр аяғында мақсат пен құрал арасындағы айырмашылық оншаүлкен болмады: саясат пен эстетика тоталитарлық режимдердің утопиялық жоспарында бір-бірімен тығыз байланысып, Беньяминнің бинарлы талдауына сәйкес келмейтін үшінші нәрсені өмірге келтірді. Бұл, тым болмаса, "саяси" себептермен (мысалы, тиісті сенімділіктің болмауы) қуылған кез келген топ "бейэстетикалау" процесіне, атап айтқанда, адамсыздандыруға және демонизацияға ұшырағанында байқалады. Халықты жұмылдыру кезінде бейненің маңыздылығын түсіну үшін нацистік антисемиттік плакаттарды немесе "нәсіл тұрғысынан жарымес" (minderwertige) жарнамаларды сталиндік Кеңес Одағындағы кулактардың суреттемесімен салыстырған жөн. Бұл плакаттарда адамдарға қарап тұрғандар адам емес еді, олар гротескілік қиялдан шыққан құбыжықтар, адам тәрізді өрмекшілер, жаман түстерге қарады, мұндайда жиіркеніштен басқа ештеңе сезіну мүмкін емес еді. Нәсілшілдік дүниетаным сияқты, шындықты тап тұрғысынан қабылдау да "басқаға" деген көрнекті және сонымен бірге жағымсыз сипаттамаларды беруге өте тиімді болды.
Большевиктер мен нацистер, дәрігерлер сияқты мемлекет денесінде медициналық операциялар жүргізіп, оның әрбір бөлшегіне, ең алдымен, онда орын тапқан "халық категориялары" арқылы әрекет етті. Бұл әрекеттер арқылы бір топтарға жеңілдіктер берудің позитивтік саясатымен қатар, басқа топтарды саяси бейтараптандыру, құқықтарынан айыру, тіпті физикалық құртуға да бағытталған саясат жүргізілді. Мұндай саясат екі режимнің де өршіл қоғамдық жобаларын іске асыруда негізгі "хирургиялық" құрал ретінде террорды қолдануын ақтады.
Якобиндер дәуірінен бастап, саяси террорға Революцияның мүдделерін қорғау деген сылтаумен революционерлер де, олар жасаған "жауыздықтар" үшін кек алудың сылтауымен кертартпалар да үнемі жүгінді. Сонда да, ХІХ ғасырда жай халыққа қолданылған зорлық-зомбылық құралдарының арсеналы тапшы болатын; сонымен қатар, террор – революциялық болсын, контрреволюциялық "ақ" болсын, революциялық билік орнағанға дейін немесе елдегі тыныштық қалпына келгенге дейін тар уақыт шеңберімен шектелді. Бірінші дүниежүзілік соғыс және одан кейінгі Ресейдегі азаматтық соғыс (белгілі болғандай, ол соғыс Шығыс және Орталық Еуропаның аймақтарын да қамтыды) террордың дамуына жаңа, қуатты серпін берді. Енді террористік әрекеттердің тізіміне "дәстүрлі" ату жазасы және жер аударумен қатар, халықтың бірқатар тобының беделін түсіруге бағытталған қоғамдық науқандар енгізілді (Австрия-Венгриядағы галисиялық украиндарға қарсы бағытталған "тыңшы мания"), "сенімсіз" этникалық қоғамдастық өкілдерін елдің шет аймақтарынан ішіне қарай жаппай жер аудару (1915 ж. Ресей империясындағы еврейлер мен немістерді жер аудару), ақырында, басу және сыртқы жауға қарсы күрес сылтаумен халықтардың ішінара немесе жаппай жойылуы (1916 ж. Жетісудағы патша әскерлерінің әрекеттері; Осман империясындағы армян геноциді). Олармен бірге Террордың сапалық түп негізі өзгерді; Террор соғысты тылға жақындатып, осылайша радикалды әлеуметтік шараларды қабылдауға, жүзеге асыруға және ақырында қалыпқа келтіруге жағдай жасады. Украина мен Тамбов губерниясындағы "бандиттік" деп аталатын элементті жою операциялары, Кавказдағы этникалық тазартулар, еврей қырғындары, Дон мен Кубанда жүргізілген бейказактандыру саясаты террор мен әлеуметтік трансформацияның нығайып келе жатқан байланысын көрсетті. Мұндай "профилактикалық" террордың жаңалығы – оның құрбандары қарсылас тараптардың біреуіне дұшпан деп күдіктенген адамдар емес, сонымен қатар өздерінің бар болуы үшін кінәлі топтар да болды: оларға берілген сипаттамалар оларды автоматты түрде зиянды, бөгде заттарға айналдырды. Ресейдегі азаматтық соғыс кезінде "профилактикалық" террор барлық қарсылас жақтың арасында тез үйреншікті жағдайға айналғанын атап өткен жөн; большевиктердің қарсыластары ақтардан айырмашылығы мемлекеттік зорлықзомбылықты қолданудағы жүйелілік және масштабы "ғана" (бәрі ойлайтындай), ол зомбылықты қолданудың түп негізіндегі басқа тәсіл емес.
Азаматтық соғыс терроры жаңа әлемнің құрылысына қатысқан соғысаралық кезең террорының бастаушысы болды. Террорды біршама бейбіт уақытта қолдану таңғаларлық факті болмауы керек. 1914 жылы, содан кейін 1918 жылы болған мемлекетке сырттан не іштен келген әскери қауіп халыққа әсер етудің террористік әдістерінің негізі ретінде қызмет еткеніне күмән жоқ. Алайда, 1914 жылы тамызда басталған дағдарыс кезінде террор тіпті бюрократиялар мен институттарға айналып "үлгерді", біріншіден, ВЧК (БТК) түрінде, содан кейін КСРОда ОГПУ түрінде. Осылайша, террор соғыс кезіндегі төтенше жағдайдан тәуелсіз тәжірибеге айналды. Дәлірек айтқанда, өзгеріп, соғыс уақытында пісіп жетілген террор соғыстың өзін өзгертті. Енді шекаралардағы тыныштық немесе режимнің ашық ішкі қарулы қарсыластарының болмауы бейбітшілік келудің белгілері деп санала алмайтын. Соғыс, қоғамдық (және жеке) кеңістіктің әр текше метрін алармистік рух, сарыла күту, желікпе күдіктенумен толтырып, жасырын болса да, тоталитаризмнің бар болуының перманенттік шартына айналды. Террор өзіндік тұйықталған логикасына сүйене отырып, басталуы мен аяқталуы жоқ соғыстың себебі де, салдары да өзі болды; бұл оның функцияларының бірі болды. Айрықша утопиялық жобалар құқықтық және моральдық нормаларға сәйкес келмейтін ерекше жағдайды талап етті: оған соғыстан басқа жарайтын жағдай болған жоқ.
Нацистік режимнің радикалдануы немесе Кеңес Одағының 30-жылдардың аяғындағы қанды пароксизмдер жаққа қозғалғаны туралы жете баяндаудың қажеті жоқ. Ықтимал соғыс, дүниежүзілік экономикалық дағдарыс және автаркия атмосферасында әлеуметтік утопияны жоспарлаушылар мен құрушылар, яғни нацистер мен большевиктер негатив селекцияға жиі бет бұрғанын тағы бір айта кету керек. Фашистер болашақ нәсілдік жұмаққа "генетикалық тұрғыдан жарамсыз" болып қалған немістерді стерильдеу бойынша қазіргі заман тарихындағы ең ауқымды науқанды бастады; стерильдеуден кейін аурухана пациенттерін күшпен эвтаназиялау басталды; ал эвтаназия болса, тарихшы Питер Фритцшенің айтуынша, нацистердің "жанашырлық шегіне" шек қойып, "ақырғы шешімге" барар жолдағы маңызды кезең болды. Сталиндік мемлекетте қоғам денесінен "дұшпандық" элементтің "шығарылуы" (бұл термин құпия циркулярларда және мәліметтерде қолданылған) туралы айтатын болсақ, ол жаппай жер аудару, қамау, ату және әрине ашаршылықты қолдану арқылы өтті.
Ұлтшыл-социалистер еврейлерді нәсілдік Утопияның абсолютті жауы деп санады. Кеңес Одағында басты әзәзілдің рөлі "кулактардың" басына келді. Сондықтан олардың тағдыры, яғни мемлекеттің террористік аппаратынан өткен жеке адамдар мен әлеуметтік категориялардың тағдыры өте ұқсас екені таңғаларлық емес. Барлығы да қорғансыз қуылушыға айнала отырып, азаматтық құқығынан айырылды. 1930-1932 жж. сталиндік "кулактың тап ретінде жойылуы" талабынан кейін 1,8 миллионға жуық шаруа "кулак қуғыны" бойыншажер аударылды. 1932 жылы "арнайы елді мекендерде" тек 1,3 миллион адам тұрды, қалғаны қайтыс болды немесе қашты. Үшінші Рейхтің бақылауындағы жерден еврейлердің жаппай жер аударылуы 1939 жылы Польшаға қарсы шабуылынан басталды; ол үшін Польша мен Украинаның батыс бөлігінде еуропалық еврейлер үшін үлкен геттоға айналған генерал-губернаторлық аймақ құрылды. 1937 жылы №00447 бұйрығы шыққаннан кейін сталиндік НКВД (ішкі істер халық комиссариаты) "бұрынғы кулактардың" белсенді түрде көзін жою кезеңіне өтті. Алғашқы сұратылған 85 мың ату жазасы квотасы 1938 жылдың аяғында төрт есе асыра орындалды, бұл 1937-1938 жылдары іске асқан өлім жазасының жартысынан көбі. Еврейлерді жер аударудан қырып-жоюға көшу шамамен 1941 жылғы Кеңес-Герман соғысының басталуына сәйкес келді. 5,5 миллион адам Холокост құрбаны болды.
Басқаша да салыстыруға болады. Жоғарыда айтылғандай, фашистік бағдарламалардың негізгі бенефициары ретіндегі нәсілдік қауымдастықтың шекаралары эстетикалық және биологиялық параметрлерге сәйкес анықталды. Бұл, әрине, нацистік нәсілдік эстетикалық-биологиялық иерархияның төменгі деңгейлеріндегі топтарға қарсы бағытталған этникалық террордың, яғни зомбылықтың маңыздылығына себепші болады. Бір таңғаларлығы, интернационал "жеңген" Кеңес Одағында да этникалық зорлық-зомбылық негізгі нәрсе болды. Бір жауды таптық және ұлттық маркерлермен белгілеуге болатыны анық болды. Бұл НКВД-ның (ішкі істер халық комиссариаты) 1937-1938 жылдардағы жаппай "ұлттық" операциялары кезінде байқалды, ол поляктарға қарсы (80 мыңнан астам адам атылды), немістерге (шамамен 40 мың адам атылды), латыштарға (17 мыңға жуық адам атылды), финдерге қарсы соғыс еді. Сыртқы жаумен ынтымақтастық жасады деп жала жабылған кеңес халықтарын жер аударуды ауқымы бойынша фашистердің істегенімен салыстыруға болады. 1937-1944 жж. "ұлттық желі" арқылы шамамен 3 миллион адам жер аударылды, олардың 900 мыңы немістер және жарты миллионы шешендер мен ингуштар болды. Оның үстіне, әсіресе соңғы жағдайда, қоныс аударуды ұйымдастыруда қолданылатын әдістер және жер аударылғандардың жағдайы толық масштабты геноцид туралы айтуға мүмкіндік береді.
Әрине, нацистер мен коммунистердің террористік әрекетіндегі айырмашылық айтарлықтай болды және режимдер мен олардың утопиялық жобаларының табиғатын түсінуде оларды елемеуге болмайды. Фашистік зорлық-зомбылық сталиндікке қарағанда идеал террор түріне жақындады, ол кемел нәсілдік қауымдастық құру үшін ұжымдық денеге хирургиялық жолмен қолданылды; соғыстың соңғы жылын қоспағанда, нәсілдік қоғамдастықтан шығарылған топтар қудаланды. Басқаша айтқанда, нацистік террор "өзіндік қасиеті жоқ" және "есімсіз" болды, бұл көптеген жаппай өлтіруді бастаған нацистердің Эйхманның артынан сол еврейлерге деген жеккөрушілік сезінбедік деп мойындағанын түсіндіреді. Фашистерден айырмашылығы, большевиктер қателіктер сияқты аты-жөні бар, жеке тұлғаларға қарсы бағытталған дербес зорлық-зомбылықтан бөлек әлеуметтік категория өкілдеріне қарсы бағытталған топтық зомбылықты біріктіретін террор саясатын қолданды. Елде бір уақытта көрнекі және жасырын соттар, яғни кулактарға, әлеуметтік тұрғыдан зиянды элементтерге, қарсы барлаудың түр-түрінің "тыңшыларына" қарсы жаппай операциялар өткізілуі мүмкін болды.
Бұл дербес террор мен топтық террордың бірге өмір сүруі, яғни жариялық пен құпиялықтың үйлесімі түсіндіруді қажет етеді. Ұзақ уақыт бойы сталиндік қулыққа бой алдырған тарихшылар Мәскеудегі процестер және олардың елесінде сталинизмнің негізгі әрекетін көрді. Алайда, қазір қамауға алу мен өлім жазасына қатысты статистикалық мәліметтерге сүйенсек, большевиктік "ескі гвардия" және онымен байланысты топтардың қатарындағы қанды тазартулар "кулак операциясының" ауқымымен немесе "ұлттық бағыттағы" қуғын-сүргінмен салыстыруға да келмейді. Әртүрлі "троцкистзиновьев-бухарин" орталықтарының "әшкерелеуі" емес, осы айтып кеткен қуғындар сталиндік террордың негізгі фабуласын құрған. Лениннің бұрынғы жолдастарының қатерлі мойындауы мен бүкілхалықтық тез жазалау талаптарын біріктірген газеттердің бас мақаласына шыққан оқиғалар болса, олар қоғамды жұмылдыруға және соғыс уақытына сәйкес келетін көңіл-күйді қолдауға бағытталған үстеме арқаудың бір бөлігі болды. Көрнекі соттар Сталинге және оның жамағатына жалпы жеккөрушіліктің өршуін бақылауға мүмкіндік берді; осылайша большевиктер басшылығы өзін нацистік режимнің соңғы жылдарында болған зорлық-зомбылықтың бақыланбайтын өршуінен қорғады. Дәл осы себепке байланысты, жаппай операциялардың құпиясы түстей болды, қысқа уақыттық босаңсу да, Ежовты Бериямен алмастыруға байланысты алғашқы шектеулі ақтау да көрген түстей болды. Утопияны жоспарлау құқығын монополиялаған партия Террорды ол Утопияға жетудің ең тиімді құралдарының бірі ретінде пайдалануға ерекше құқығын қорғады.
Әлеуметтік Утопияны құруда теріс сұрыптауды қолданудың ең айқын нәтижесі лагерь жүйесінің, яғни Дэвид Руссе айтқандай, "концентрациялық ғаламның" пайда болуы болды. Теориялық тұрғыдан Германия мен Кеңес Одағындағы лагерьлер Утопияның сыртқы жағын бейнелеген жоқ, олар оны, яғни мемлекеттік денеден "алынып тасталған" әлеуметтік топтары бар әлемнен секвестрленген кеңістікті терістеуді бейнеледі. Егер тарихты жеңу ретіндегі Утопия уақыттан тыс категориялар арқылы түсінілсе, онда осы логикаға сәйкес, лагерьлік анти-Утопияның мәні Утопияның эфемерлігі болды. Бұл әсіресе нацистікотарлық империяда айқын көрінді, онда "жою лагерьлері" (Vernichtungslagern) нәсілдік тұрғыдан жарыместерді жою жоспары радикалданған сайын пайда бола бастаған еді; олар өздерінің соңғы тұтқындарымен бірге жоғалып кетуі керек еді, шынында да, кейбіреулері (Собибор, Белзец, Треблинка) Қызыл Армия бөлімдерінің келгеніне дейін жойылды. Тірі денелерді өліге айналдырып, ал өлгендерді кремация пештерінің маңына шашылған күлге айналдырған нағыз "өлім фабрикалары", лагерьлерге айналдырды. Елестетілген болашақтағы жаппай өлтірудің материалдық ізін денелер немесе тіпті ғимараттар түрінде сақтау тарихтың "рецидиві" қаупімен байланысты болды, ал ол мәселені біржола шешу нацистік Утопия құрылысшыларының ой-санасын толғандырған болатын.
Кеңес лагерьлері нацистік концлагерь жүйесінен салыстырмалы "төзімділігімен" ерекшеленді. 1930 жылы Халық Комиссарлар Кеңесінің шешімімен құрылған ГУЛАГ (еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасы) тез арада ірі экономикалық институтқа, миллиондаған құлдар армиясының нағыз резервуарына айналды. Кеңес қоғамының бостандықтары мен игіліктерін пайдалану құқығынан айырылғандар, дегенмен, социализмнің сталиндік нұсқасына үлестерін қосуы керек еді, әсіресе стратегиялық тұрғыдан маңызды ресурстары бар аймақтарда никель, кобальт, алтын, ағаш өндіруі тиіс болды. Түрмелерді "НКВД-ның экономикалық империясына" айналдыруға әкелген индустрияландыру, сонымен бірге жүйенің ақырын да алдын ала анықтады. Пайда болуы сияқты, ГУЛАГ-тың жабылуы да оның тиімсіздігін көрсеткен экономикалық есептеулерге сәйкес келді. Нәсілдік утопияның ең радикал кезеңіне сәйкес келген нацистік өлім лагерьлері сияқты, ГУЛАГ та Сталиннен аздаған ғана уақыт асып, жаңа әлемнің қарқынды құрылысы кезеңінің шекарасын белгіледі.
Соңғысы кездейсоқ емес. Белгісіз, трансцендентал болашақта уәде етілген өмірді, демек Утопияны терістеуді білдіретін лагерьлер сонымен бірге имманентті болмыстың ең шоғырланған көрінісі болды. Олар радикал әлеуметтік эксперименттер дәуірінің "өнімі" ғана емес, нацистер мен большевиктердің толығымен трансформалауға шақырған қоғамдарының микрокосмдары болды. ГУЛАГ тұтқындарының бүгінгі күнге арналмаған және материалдық байлық әкелмейтін жобадағы еңбегі – тікен сымның ар жағындағы кеңес азаматтарының көпшілігінің өмірі мен қызметін суреттейтін сөз осы емес пе? Неміс концлагерьлеріндегі тұтқындардың өлімге келу тәртібін анықтаған нәсілдік иерархиялар нацистер құрып жатқан "Фольксгемайншафтың" ішіндегі өмір сүру және көбею құқығының шекарасын белгіледі. Лагерьлер мен тұрғындар физикалық шекарасынан тыс жерлерде ішкі байланыстарын жоғалтпады, Утопияның пішіні неғұрлым бұлыңғыр әрі қиядан көрінсе, әлеуметтік кесіп тастау директивалары соғұрлым егжей-тегжейлі көрінді, сталиндік "үштіктер" соғұрлым белсенді жұмыс істеді, пойыздар мен вагондар жүгін "Ақырғы шешімнің" соңғы станцияларына тезірек алып барды.
Лагерь әлемі утопиялық ойлау мен террористік тәжірибелердің синтезіне айналды. Нацизм де, сталинизм де одан артық ештеңе шығара алмады. Екінші жағынан, жоғарыда айтылғанға қарамастан, лагерьлер Утопияның нақ өзі болса ше? Ресми түрде олар жаңа, трансцендентал шынайылықтың сипаттамасына сәйкес келді: хаос, иррационалдық, кездейсоқтық элементтерінен арылған жасанды шектелген кеңістіктер, онда күнделікті тәртіп қатаң белгіленген кестемен жүретін, өлім де көбінесе кесте бойынша келетін елді мекендер. Ең бастысы, үміті үзілген артта қалған өткеннен мұраға қалған қоғамдардан айырмашылығы, лагерьлік қоғамдастықтарда "кулак" бабы болсын, биологиялық тұрғыдан зиянды нәсіл болсын, жіктеу әркімнің өмірінің негізгі жақтарын толығымен бақылады. Большевиктер мен нацистер лагерьлік антиутопияларын қоғам туралы біржақты идеяларына сүйене отырып құрды деп айтуға болады; бірақ, сонымен бірге, Ханна Арендтті қайталап, тоталитарлық режимдер шынайылықты олар тарататын жалғандықтың дәлелі бола алатындай етіп өзгертті деп айтуға болады. Олай болса, лагерьдің шындығы утопиялық жалғандықтың шындығы болды.
Бұл біршама үстірт болып көрінуі мүмкін, бірақ соңында сталинизм де, нацизм де "әлемді ретке келтіру" талпынысы болады. "Шынайылықты" рационалдық шеңберіне түсіру ретіндегі тәртіп идеясы іріктеу болып саналады: режимдер қиялдағы дүниежүзілік тәртіпті растайтын немесе бейнелейтін бір элементтерді сақтап, тоталитарлық көзқарастарына қайшы келетін басқа элементтерден құтылды. Бұл болашақ туралы утопиялық жоспарлар мен қазіргі кездегі негатив селекция арасындағы байланыс қажеттігін білдіреді. Сондықтан сталиндік әлеуметтік саясаттың жағымды жақтарын онымен бірге жүрген қанды террордан ажыратуға қабілетті қазіргі Ресейдегі тарихи жадының екіжақтылығы ақылға қонбайды. Бұл жерде қарапайым сұрақ қою ғана қалады: мұнда надандық көп пе, жоқ өзін-өзі алдау көп пе?