Соңғы жылдары Алматы ішінде метромен қатынайтын тұрғындардың саны бірнеше есе артты. Жол үстіндегі көлік кептелісіне тәуелді емес жерасты қоғамдық көлік түрі – көпшілік үшін аса қолайлы транспорт. Жоспарға сәйкес, қазіргі таңда "Сарыарқа" және "Достық" бекеттері салынып жатыр. Бұл бекеттер қашан қала тұрғындарының қолданысына беріледі? Алматы метросының болашақ даму жоспары қандай? Бұл туралы іnformburo.kz тілшісінің суреттерді сөйлеткен материалынан таныс болыңыз.
Метро жолаушыларының саны жылдан-жылға өсіп келеді
Биыл Алматы метросының жолаушы тасымалдай бастағанына – 8 жыл толады. Жерасты көлігі осы уақыт аралығында 84 миллионнан астам жолаушы тасымалдап үлгеріпті. Қазір тәулігіне орташа есеппен 46 мың адам метромен қатынаса, бұл сан жыл санап артып келеді:
- 2017 жылы – 13,9 миллион;
- 2018 жылы – 14,8 миллион;
- 2019 жылы – 16,3 миллион адам (болжам бойынша).
"Сарыарқа" және "Достық" бекеттері іске қосылған соң, метроны күн сайын қолданатын жолаушылар легі 86 мыңға жетеді деп болжанып отыр.
Қос бекет іске қосылғаннан кейін қолданыстағы метро желісі үш шақырымға ұзарады. Қазіргі уақытта құрылыс аумағында жұмыс істеп жатқан адам қарасы 700-ге жуық. Олар тоннельдерді бұрғылау жұмыстарын аяқтаған. Енді темірбетон конструкцияларын, жолдың үстіңгі бетін салу және жерасты коммуникацияларын монтаждау жұмыстарын атқарып жүр.
Жаңа бекеттер 2021 жылы ғана қолданысқа берілуі мүмкін
Бұл бекеттер 2015 жылы салынып басталған болатын. Қазір құрылыстың 80 пайызы дайын. Ендігі кезекте әрлеу жұмыстары мен инженерлік желілер тарту тұр. Десе де, "Сарыарқа" мен "Достық" қолданысқа бастапқы жоспарланған мерзімінен кеш берілуі мүмкін. "Алматыметроқұрылыс" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Реимовтың айтуынша, жобаға қаражат дер кезінде бөлінбейді және жер учаскелері уақытылы босатылмайды. Жобалау кезінде есепке алынбаған инженерлік желілер де пайда болған.
"Екі бекет те 2020 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілуі керек. Алайда тапсырыс беруші тарапынан бөлінетін қаражат қолымызға уақытында жете бермейді. Жыл басында бөлінеуі тиіс бюджет ақшасы жыл соңына дейін созылып, жұмыстың жоспарға сай жүргізілуіне кедергі келтіреді. Әрине, бұл жұмысшылардың қызмет қарқынын да бәсеңдететіні белгілі. Сондай-ақ, 2018-2019 жылдарға қаражат аз бөлінді. Тағы бір мәселе – жер телімдері дер кезінде босатылмайды. Тапсырыс берушілер сүрілетін үйлерді сатып алып, жерді уақытында тегістеп берсе, біз бекеттерді өз мерзімінде салып бітірер едік", – деді Қайрат Реимов.
Жаңа бекеттерді салуға бастапқыда бюджеттен 67 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Биыл қазынадан қосымша тағы 2 млрд теңге қарастырылды. Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, "Достық" бекетінің құрылысы үшін 51 жер телімі сатып алыныпты. Бұған мемлекеттік бюджеттен 2,6 млрд теңге жұмсалған. Қазіргі кезде тізімдегі жер учаскелері құрылысқа түгел босатылған-мыс. Ал "Сарыарқа" бекетінің құрылысы үшін жер телімдерін сатып алуға қажеттілік туындамапты.
Алматыда метро бекеттерінің ұзақ салынуына не себеп?
Метро шет мемлекеттерде танымал әрі сұранысқа ие қоғамдық көлік түріне жатады. Сондықтан, шетелде жерасты көлігінің желілерін ұзартуға мықтап ден қояды. Мәселен, көршілес Мәскеуде тек соңғы үш жылда 25 бекет қолданысқа берілген болса, Алматыдағы қос бекеттің құрылысы созбалаңға салынып келеді. Мамандардың пікірінше, мұның басты себебі жер қазудың қиындығында жатыр екен. Айтуларынша, үгітілген топырақ құлап, жұмысшыларды басып қалу қаупі жоғары.
"Алматыда метро салу жұмыстары өте күрделі. Тоннельдерді қазудың өзіне екі жылдай уақыт кетті. Себебі, мұндағы топырақ құрамы құм мен тас араласқандықтан өте тығыз. Егер құмға тиісе қалсаңыз, ол суси бастайды. Сондықтан, жерді қазған соң бірден бетондап, уақытша бекіту жұмыстарын жасап отырамыз. "Сарыарқа" бекеті тереңде қазылғандықтан, оның құрылысына заманауи жабдықтар және австриялық тоннель әдісі қолданылды. Құрылыстың бұл тәсілі дәстүрлі әдістермен салыстырғанда, қысқа мерзімде тереңде қазылған бекеттің негізгі көтеруші конструкцияларын тұрғызуға, сондай-ақ жұмысшылардың еңбегін барынша қауіпсіз етуге және механикаландыруға мүмкіндік береді", – деді "Метрополитен" КМК күрделі құрылыс қызметінің бас инженері Айдар Самаликов.
Қазба жұмыстары кезінде қанша тонна топырақтың сыртқа шығарылғаны белгісіз. Бір анығы, қазылған топырақ Шаңырақ шағын ауданындағы сайға төгілген. Метрополитен нысандарын салу кезінде Корея, Австрия, Испания, Ресей, Украина, Англия, Франция, Бельгия, Қытай сияқты әлемнің жетекші өндірушілерінің материалдары мен жабдықтары қолданылады.
Сарыарқа бекеті жер бетінен 35 метр тереңдікте болады. Ол қазіргі "Жібек жолы" бекетіне ұқсайды. Қабырғасына сайын дала мен сәйгүліктер бейнеленетін бекет далалық стильде көркемделеді. Ал "Достық" бекеті 17 метр тереңдікте орналасады.
Жаңа бекеттер мүгедектерге қолайлы болады
Жоба бойынша жаңа бекеттерде мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қатынауы үшін бар жағдай жасалмақ. Бекеттер жеделсатымен, дәретханалармен, жүк көтергіш құрылғылармен, белгілермен жабдықталатын болады. Платформаға барар жолы екі есе қысқарады.
Екі бекет ашылғаннан кейін жерасты жолы 3 шақырымға ұзарып, алматылықтардың орталыққа қатынауы өте ыңғайлы болады. "Сарыарқа" бекеті "Family" саябағының қасында тұр. Осылайша жақын маңдағы жетінші шағын ауданның тұрғындары мен саябаққа келушілерді тасымалдайды. Ал "Достық" бекеті Момышұлы көшесінен батысырақ орналасып, алтыншы ықшамауданды қамтиды.
Метро пойыздары әр 5 минут сайын қатынайды
"Сарыарқа" мен "Достық" бекеттері іске қосылғанда жерасты жолы арқылы тұрғындар діттеген жеріне санаулы минутта жете алады. Өйткені, вагондар саны артып, пойыздардың жүруінің аралық уақыты 5 минут болады. Бүгінде Алматы қаласының метросында төрт вагонды жеті пойыз қолданыста. Былтыр қазан айында "Hyundai Rotem" компаниясымен жалпы құны 71,3 млн АҚШ доллары тұратын электр пойызының 32 вагонын сатып алуға келісімшарт жасалды. Шартқа сәйкес жаңа құрамды жеткізу және тестілеу 2020 жылдың соңында аяқталмақ.
"Қалқаман" және "Батыс" бекеттерінің болашағы бұлыңғыр
Алматы қаласының жерасты көлігі қаланың шетіндегі аудандарды орталықпен қосатын бірден-бір таптырмас құрал. Заманауи экологиялық қоғамдық көліктің желілерін дамыту әу бастан жоспарланған еді. Бірақ қаражат қолбайлау болып тұрған сыңайлы. Метроның бірінші желісінің үшінші кезегі, яғни "Қалқаман" және "Батыс" бекеттерінің де құрылысы кейінге шегерілуі мүмкін.
Қалалық Жер қатынастары басқармасы тарапынан "Батыс" автобекетін салуға 3,6 млрд теңге бөлініп, қаржыға 139 жер телімі сатып алыныпты. Ал қалған учаскелерді мемлекет мұқтажына алу жұмыстары тоқтап тұр. Себебі, қаржыландыру жоқ. Жоспар бойынша "Қалқаман" бекетінің құрылысы 2019 жылдың желтоқсанында басталуы қажет еді. Енді жұмыс қашан қайта қолға алынатыны анық емес. Сондай-ақ, метроның екінші желісінің сызбасы қашан әзір болатыны да белгісіз.
Wi-Fi желісі метроның барлық бекеттерінде болады
Қазір тегін Wi-Fi метроның "Жібек жолы" және "Алмалы" бекеттерінде бар. Дегенмен, болашақта жерасты көлігінің барлық стансаларында іске қосылады.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан жолдарына желдеткіші, бейнебақылауы, биодәретханасы, Wi-Fi бар вагондар шығады
Сымсыз интернет тіпті пойыздардың ішінде де жұмыс істейтін көрінеді. "Транстелеком" АҚ барлық метро пойыздарында ғаламторға сымсыз қосылу желісін дайындап жатыр.
Алматы метрополитенінің бірінші кезегінің құрылысы 1988 жылы 7 қыркүйекте басталып, 2011 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылды. Ал 2015 жылдың 18 сәуірінде метрополитеннің екінші кезегі пайдалануға берілді. Ұзындығы 11,34 шақырым метро желісі тоғыз станциядан тұрады: "Райымбек", "Жібек Жолы", "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", " Әуезов атындағы драма театр", "Алатау", "Мәскеу" және "Сайран".