Әлеуметтік желіде ұлтаралық қатынасқа қатысты пікірталастар жиілеп, кей жағдайларда қорлау, кемсіту және белгілі бір топтарға қарсы үндеулерге ұласып жатады. Мұндай жазбалар заң тұрғысынан қалай бағаланады? Репост жасаған адам жауапқа тартыла ма? Ал онлайн-қорлауға ұшыраған азамат қандай құқықтық тетіктерді пайдалана алады? Осы және өзге де сұрақтарға "Media Qoldau" Құқықтық медиа орталығының заң қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанова жауап берді.
Гүлмира Біржанованың айтуынша, әлеуметтік желіде белгілі бір топқа немесе азаматтарға қатысты "ұят", "тексіз", "сатқын" деген сипаттағы жазбаларды құқықтық тұрғыда бағалау кезінде бірнеше аспектіні ескеру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе Қазақстан заңнамасындағы бірқатар олқылықтарды да көрсетеді. Сарапшының пікірінше, мұндай жағдайларда буллингке қатысты арнайы құқықтық нормалар тиімді болар еді. Алайда Қазақстанда буллинг үшін жауапкершілік тек кәмелетке толмағандарға қатысты қарастырылған.
"Мұндай жарияланымда белгілі бір ұлтқа, топқа немесе басқа да қауымдастықтарға қатысты үндеулердің бар-жоғын анықтау қажет. Сонымен қатар, бұл жерде кемсітушілік пен араздықты қоздыру белгілерінің бар-жоғы да – маңызды мәселе. Қазақстан заңнамасында кемсітушілікке қарсы арнайы заңнама жоқ. Көптеген медиа сарапшылар Қазақстанда осы бағытта жеке заң қабылдау қажеттігін көптен бері айтып келеді. Өйткені құқық бұзушылық белгілері болғанымен, белгілі бір сөздерді қолдану әрдайым автоматты түрде құқық бұзушылық құрамының бар екенін және адамды жауапкершілікке тарту қажеттігін білдіре бермейді. Алайда қандай да бір мәлімдеме адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін ұлттық, діни немесе өзге де белгілері бойынша қорлайтын болса, мұндай жағдайда ең алдымен сараптама мен талдау шешуші рөл атқарады. "Ұят", "тексіз", "сатқын" сияқты сөздер де, әрине, назардан тыс қалмауы және тиісті құқықтық баға берілмей қалмауы тиіс", – деді сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы қоғамда кең тараған тағы бір қате түсінікке назар аударды. Көпшілік ұлтаралық араздықты қоздыру әртүрлі ұлт өкілдерінің арасында ғана болады деп есептейді. Алайда құқықтық тұрғыдан алғанда автордың ұлты немесе діни ұстанымы емес, айтылған сөздің мазмұны маңызды. Себебі араздықты өз ұлтыңның ішінде де, өз дініңнің ішінде де қоздыруға болады.
"Мысалы, бір қазақ басқа бір қазақ туралы жазса, бұл оның жауапкершіліктен босатылатынын білдірмейді. Мұнда ең басты мәселе – айтылған сөздердің неге және кімге қарсы бағытталғанында. Сондықтан бұл мәселе міндетті түрде жан-жақты қарастырылуы қажет", – деді ол.
"Өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққан қыздарды жарнамаламайық" деген мазмұндағы үндеулер жеке өмірге қол сұғу немесе кемсітушілік ретінде бағалануы мүмкін бе деген сұраққа жауап берген Гүлмира Біржанова қоғамда кең таралған тағы бір құқықтық жаңсақ пікір бар екенін айтты.
"Бізде адамдардың көбі егер әлеуметтік желіде жазба жариялағанда, адамның аты-жөнін көрсетпесе, онда оны анықтау мүмкін емес және ол адам қорлау, жеке өмірге араласу немесе дербес деректерді тарату фактісі бойынша сотқа жүгіне алмайды деп ойлайды. Алайда бұл да үлкен қате түсінік. Өйткені құқықта "заңды сәйкестендіру" деген ұғым бар. Сәйкестендіру міндетті түрде адамның тегі, аты және әкесінің атын көрсетуді білдірмейді. Сәйкестендіру дегеніміз – жарияланымнан кім туралы сөз болып отырғаны анық көрініп тұруы. Мысалы, егер мәтінде нақты мен туралы айтылып отырғаны түсінікті болса, онда мен аты-жөнім көрсетілмесе де сотқа жүгіне аламын. Осы жайтты ескеру қажет", – деді Гүлмира Біржанова.
Сондықтан сарапшы адамдар қандай да бір жазба жариялар кезде жауапкершілік бар екенін ұмытпайтын мәдениет қалыптастыруы қажет екенін айтты.
Сондай-ақ Гүлмира Біржанова әлеуметтік желіде өзге біреудің жазбасын бөлісуге қатысты құқықтық нормаларды түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстан заңнамасында лайк басқаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Алайда репост жасау ақпарат тарату болып есептеледі. Себебі, ешбір заңнамада "жауапкершілікті тек автор көтереді" деген норма жоқ. Сол себепті де құқыққа қайшы контентті немесе өзге біреудің құқықтарын бұзатын контентті таратқаны үшін жауапкершілік көзделген.
"Егер сіз араздықты қоздыру белгілері бар, белгілі бір әрекеттерге үндейтін жазбалармен бөліссеңіз, онда құқығы бұзылған адамның өз құқығын қорғауға жүгіне алатынын да ескеруіңіз керек. Тіпті біреудің ренжуі міндетті емес. Егер мәселе экстремизмге қатысты болса, құқық қорғау органдары жауапкершілікке тарту шараларын қолдана алады. Сондай-ақ кейбір жағдайларда құқық қорғау органдарының міндетті түрде бастапқы авторды іздеуі шарт емес екенін түсіну маңызды. Кейбір жағдайларда адамның өзі ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қазақстанда мұндай жағдайлар болған. Мысалы, тыйым салынған әдебиеттерден үзінділер жарияланып, адамдар оларды бөліскен. Ал бұл ақпарат тарату болып есептеледі. Немесе жарияланымда қандай да бір әрекеттерге шақырулар болса, не белгілі бір оқиғаның болуы тиіс екені туралы үндеулер айтылса, бұл да ақпарат тарату ретінде бағаланады.", – деді сарапшы.
Желіде "сатқын", "азаматтықтан айыру керек" деген сарында пікір жазу буллинг немесе ар-намысқа тиетін әрекет ретінде қарастырыла ма деген сұраққа жауап берген сарапшы Қазақстанда ересектерге қатысты буллинг үшін арнайы жауапкершілік жоқ екенін айтты. Әзірге тек кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
"Бірақ бұл адамды буллингке ұшыратуға болады дегенді білдірмейді. Өйткені буллинг – адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттер. Қалай болғанда да, заңнаманың басқа нормалары қолданыста қалады. Мысалы, ең алдымен Азаматтық кодекстегі ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғауға қатысты 143-бап аясындағы құқықтық қорғау тетіктері қолданылуы мүмкін. Егер мәселе жалған мәліметтерді немесе адамның беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратуға қатысты болса, азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіне алады. Сонымен қатар олар моральдық зиянды өтеуді талап етуге де құқылы", – деп ескертті сарапшы.
Гүлмира Біржанова желіде этносаралық қатынасқа кері әсер етуі мүмкін контент жариялаған адам қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін де еске салды. Заңгер мәселенің түп-тамыры Конституциядағы сөз бостандығы құқығымен байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, әр азаматтың пікір айтуға құқығы бар. Алайда қорлау, буллинг, араздықты қоздыру, экстремизм мен терроризмге шақыру сөз бостандығына жатпайды.
"Сөз бостандығы – маңызды әрі қажетті құқық. Бірақ оның да белгілі бір құқықтық шектеулері бар. Қарапайым тілмен айтқанда, біздің құқықтарымыз басқа адамның құқықтары басталатын жерде аяқталады. Кейде Қазақстанның интернет кеңістігін қарап отырғанда, адамдардың көбі интернетте жарияланған ақпарат үшін жауапкершілік болмайды, қалаған нәрсесін жаза алады деп ойлайтынын көремін. Иә, халықаралық стандарттар интернеттегі сөз бостандығы кеңірек болуы керек дейді, өйткені интернет – ерекше орта. Бірақ бұл қорлау сөз бостандығы дегенді білдірмейді. Шақырулар мен араздықты қоздыру да сөз бостандығына жатпайды", – деді сарапшы.
Ол пікірдің теріс сипатта болуы да мүмкін екенін, алайда оны орынсыз айыптаумен шатастырмау керек екенін айтты.
"Мысалы, маған әкімдіктің жолдарды қалай жөндейтіні ұнамауы мүмкін, жолдарды жыл сайын жөндей беретінін сынауым мүмкін. Бұл – менің пікірім және оны жазуға құқылымын. Ал егер мен сыбайлас жемқорлық туралы, тендерлердің заңсыз өткізілетіні туралы немесе басқа да айыптаулар айта бастасам, онда мұндай мәлімдемелер дәлелдерге негізделуі тиіс. Егер дәлелдеріңіз болса, жазыңыз. Бірақ ешқандай дәлелсіз айыптауға болмайды", – деді сарапшы.
Сарапшы әлеуметтік желідегі жазбадан кейін қысым көрген, қудалау немесе онлайн-қорлауға ұшыраған адамның құқықтық тұрғыда өзін қалай қорғауға болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, азамат ең алдымен Азаматтық кодекстің 143-бабы негізінде ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау үшін сотқа жүгіне алады. Сондай-ақ жеке өмірге қол сұғу немесе дербес деректерді заңсыз жариялау фактілері бойынша да құқықтық қорғану мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, Қазақстанда "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заң аясында қосымша тетіктер пайда болған.
Гүлмира Біржанованың айтуынша, егер адам өзі туралы жалған ақпарат таратылды немесе ар-намысына нұқсан келтірілді деп есептесе, оны өшірткізудің үш жолы бар:
- Әлеуметтік желі немесе онлайн-платформа әкімшілігіне тікелей жүгіну. Адам дәлелдерін ұсынып, жарияланған материалдың өзіне қатысты екенін көрсетіп, контентті алып тастауды талап ете алады;
- Құқық қорғау органдарына арыз беру. Егер контентте жалған ақпарат бар немесе ол жеке өмірге қол сұғу болып саналса, азамат құқық қорғау органдарынан мұндай материалды жоюды сұрай алады;
- Сотқа жүгіну. Бұл жерде бәрі өзін белгілі бір жарияланымнан зардап шектім деп есептейтін адамның шешіміне байланысты.
"Адамдар қандай да бір жазба жариялар алдында оның басқа адамдардың құқықтарын бұзбайтынына, жеке өмірге қол сұғу емес екеніне көз жеткізуі керек. Белгілі бір ұлттың ұнамауы – адамның жеке пікірі болуы мүмкін. Алайда оны көпшілікке тарату, одан да сорақысы, белгілі бір топқа бойкот жариялауға шақыру немесе қандай да бір әрекеттер жасауға үндейтін мәлімдемелер айтуға қатысты Қазақстан заңнамасы бойынша жауапкершілік қарастырылған", – деді сарапшы.
Оқи отырыңыз:
"Балабақша тәрбиешілері контент түсіруге мәжбүр". Баланың бейнесін әлеуметтік желіге жариялау қаншалықты заңды
Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.