USD: 488.5 / 491.5
  • EUR: 564.0 / 569.0
  • RUB: 6.51 / 6.65
Тікелей эфир
Алматы +25C
Все города

"Балабақша тәрбиешілері контент түсіруге мәжбүр". Баланың бейнесін әлеуметтік желіге жариялау қаншалықты заңды

Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Балаларды фото және видеоға түсіру олардың жеке дерегін қорғау мәселесін алға шығарды.

Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов балабақшада Reels түсіру мәселесін көтерді. Cауалнама барысында балабақша тәрбиешілері "таңнан кешке дейін Reels түсіреміз" деп шағымданған. Депутаттың сөзінше, видео түсіруге және оны жариялауға көп уақыт кетеді, алайда бұған ақы төленбейді. Оған қоса бұл балалардың құқығын бұзу болып отыр, дейді Аймағамбетов.

Осы орайда Информбюро порталы тәрбиешілер неге контент түсіруге мәжбүр екенін және балалардың бейнесін әлеуметтік желіде пайдалану қаншалықты заңды екенін сарапшылардан сұрап білді.

Ақысы төленбейтін жұмыс

Алдымен балабақша тәрбиешілерінен мұндай мәселе бар-жоғын сұрап көрдік. Тәрбиешілер балабақша әкімшілігі контент түсіруді талап ететінін айтқанымен аты-жөнін құпия сақтауды сұрады. 

"Басшылық есеп үшін видео түсіріңдер дейді. Осы уақытқа дейін дайын болуы керек деп талап етеді. Уақытында түсірмесек түсініктеме жазамыз. Оған қоса демалыс күндері, мереке күндері кезекшілік қойып қояды. Сенбіліктерге де шығарады", – деді тәрбиелеушілердің бірі.

Енді бірі балаларды видеоға түсіріп, контент дайындау тәрбиешінің міндеті болмаса да, балабақша әкімшілігі ғана емес, кейбір ата-ана да талап ететінін айтып отыр.

"Балаға қарағаннан бөлек контент жасауға да қосымша уақыт кетеді. Кейбір ата-ана балаларының фото және видеоларын жіберіп тұруды сұрайды. Бұл балабақшадағы негізгі қызметінен тыс қосымша жұмыс болса да ақы төленбейді. Сондықтан бұл мәселені ата-аналармен және балабақша әкімшілігімен бірлесіп реттеген жөн деп ойлаймын", – деді тәрбиеші.

"Балабақша – контент түсіретін жер емес"

Журналист, медиа тренер Айнұр Шошаева бұл білім беру жүйесіндегі және цифрлық этикадағы өзекті мәселенің бірі екенін айтып отыр. Ең алдымен, бұл – мемлекеттік мекеме қызметкерінің, яғни балабақша тәрбиешісінің еңбек құқығын бұзу. 

"Тәрбиешінің басты міндеті – балаға тәрбие беру, қауіпсіздігі мен дамуына жауап беру. Ал оларды видео түсіруге мәжбүрлеу балабақшаның трендке еріп кеткенін көрсетеді. Тәрбиеші видео түсіріп жүрген кезде, оны монтаждап отырған кезде балаға кім қарайды, кім жауап береді? Баланың қауіпсіздігі мәселесі тұр әрі бұл заңсыз әрекет. Кез келген адамның, оның ішінде кәмелетке толмаған баланың бейнесін түсіріп, әлеуметтік желіде, БАҚ бетінде таратуға болмайды. Баланың бейнесін ата-анасының не заңды өкілдерінің рұқсатынсыз түсіріп тарату – заң бұзушылық. Яғни, балабақша, кез келген білім мекемесі баланың бейнесін өз брендін жарнамалау үшін пайдаланбауға тиіс. Егер де ата-анасы балаларды түсіруге  рұқсат бермесе, бұл сотта қаралады", – деді сарапшы.

Айнұр Шошаеваның айтуынша, кез келген интернетке жүктелген контент ол цифрлық із болып қалады. Баланың бейнесі, жылағаны не болмаса қате жауап бергені, сүрінгені, кез келген қылығы сырт көзге сүйкімді болып көрінгенімен, ол бала мектепке барғанда, ересек болған кезде сол контент алдынан шығып, мазаққа айналып, буллингке бастамашы болуы мүмкін.

"Бұдан бөлек баланың қай жерде жүргені, қайда балабақшаға баратыны, аты-жөні дербес дерек болып саналады. Әлеуметтік желіде "біздің тәрбиеленушіміз" деп контент салу – баланың нақты локациясын көрсету. Интернетте ала да бар, құлада бар. Оның ішінде қылмыскерлер, я болмаса балаларды аңдып отыратын ауытқуы бар адамдар болуы мүмкін. Сондықтан баланың қай жерде және қай уақытта жүргенін ашып көрсету қылмыскерлер мен педофилдерге дайын ақпарат берумен тең. Балабақша контент түсіретін жер емес, продюсерлік орталық не креатив-хаб емес. Оның негізгі міндеті – тәрбие беру, білім беру. Ал балаларды контент үшін пайдалану дұрыс емес. Оларды түсірген күннің өзінде де ата-ана келісім беруі керек. Оны әлеуметтік желіге емес, қаласа Whats App топтың чатына салуға болады. Ал оны ашық желілерге салып трендке айналдыруға тыйым салу қажет. Мекеме басшылары қызметкерлерінің медиасауатын арттыруға мүдделі болуы керек. Неліктен баланың бейнесін таратуға болмайтынын түсіндірмесе еш нәтиже шықпайды", – деді медиа тренер.

"Баланың бейнесін ата-анасының рұқсатынсыз жариялау – заңға қайшы"

Заңгер Айгерім Құсайынқызы бұл мәселені еңбек құқығы және бала құқығы тұрғысынан қарастырды. Айтуынша, тәрбиешінің еңбек шартында контент түсіру туралы талап жазылмаса, бұл ақы төленбейтін міндеттеме заңсыз болып саналады. Қазақстан нарығында еңбек шартында жазылмағанымен кейін жұмыс беруші тарапынан ауызша талап етілетін міндеттемелер бар. 

"Қазір балабақшалар арасында бәсеке жоғары. Нарық талабына сәйкес ешкім қазір балабақшаны тәрбиешінің біліктілігіне қарап таңдамайды. Көп жағдайда ата-ана балабақшаның әлеуметтік желілердегі жазылым санына, белсенді жүргізетініне қарайды. Сол себепті нарықтың сұранысына қарай балабақша басшылығы тәрбиешілерден Reels түсіруді, тартымды болуды немесе балалардың ән-биін көрсетіп көптеген қаралым жинауды талап етеді. Екі оттың ортасында тәрбиешілер қалып қояды. Еңбек нарығы бойынша құқығы қорғалмайды, бірақ эконикалық нарықта олардың да бәсекеге қабілетті болуын талап етеді. Тәрбиешілер Қазақстанда ғана емес, әлемде феминизацияланған мамандыққа жатады. Яғни мамандардың 93-95 пайызы – әйел адамдар. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде мамандықтың ерекшелігіне немесе жалақының аз төленуіне байланысты ер азаматтарды бұл мамандыққа тарту сияқты идеологиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Айгерім Құсайынқызы. 

Сарапшы балалардың фото және видеосын таратуға байланысты ҚР Балалар құқығы туралы заңға сәйкес буллинг, кибербуллинг деген ұғымдар енгізілгенін және оны түсіндіру жұмысы жүргізілуі қажет екенін айта кетті. Айтуынша, балабақша тәрибиешісі баланың фотосын не видеосын ата-анасының рұқсатынсыз жариялауға ешқандай хақысы жоқ.

"Қазір әлеуметтік желіде пайда болған жаңа этиканың бірі sharenting деп аталады, яғни parenting ұғымының орнына share жасайтын ата-аналар деп аталады. Sharenting дегеніміз ата-ана өзінің әлеуметтік желісінде баламен серуендеп жүргенін, киім алып, тамақ ішіп жатқанын, ашық фото-видеоға түсіріп көрсететіндіктен тәрбиешілер "ата-анасы жариялап жатыр ғой, баланың түрін мен көрсетсем не болады?" деп ойлауы мүмкін. Мұндай түсінбеушіліктер, цифрлық және құқықтық сауатсыздық кей жағдайда баланың видеосын заңсыз қолдануға алып келеді. Баланың фото-видео құқығы – тек қана баланыкі. Алайда дәл қазір балада келісім беру, шешім жасау құқығы болмағандықтан үлкейгенде бала кезінде түсірілген қандай да бір күлкілі видеосы үшін ата-анасына, балабақшаға ренжуі мүмкін. "Қаралым жинау үшін мазақ қылып билеткенсіңдер" деп кінәлайтын балалар болады. Сол кезде ол балаларға қалай жауап береміз? "Иә, мемлекет сенің құқығыңды қорғамады" деп жауап бере алмаймыз. Бұл жерде нақты регламент қажет", – деді заңгер.

Айгерім Құсайынқызы балабақша тәрбиешілеріне фото-видео түсірген кезде ата-ана рұқсатынсыз баланың бейнесін әлеуметтік желіге салуға болмайтынын түсіндіру керек дейді. Ал жұмыс берушілер Reels түсіруді талап еткен жағдайда бұл еңбек шартында көрсетілмеген қосымша міндеттеме болғандықтан тәрбиешілер үстемақы талап етуге құқылы.

"Қазақстан – кибербуллинг мәселесі өршіп тұрған мемлекеттің бірі. Қазақ маркетологтары балаларды пайдаланып контент түсіруге, жарнама жасауға тырысады. Әлемде де бұл бар дүние. Баланың бейнесі арқылы кез келген тауардың сатылымы бірнеше пайызға артады деген зерттеулер бар. Мысықтың суреті немесе кішкентай баланың суреті болса сол тауарға деген сенім артады, эмпатия пайда болады. Адам еріксіз түрде жымияды, езуіне күлкі келеді. Себебі бала деген – сондай кіршіксіз таза, ашықтықтың, аңғалдықтың, өмірге деген құлшыныстың символы. Алайда біз бала біздің меншігіміз емес екенін, оның бейнесін пайдалануға құқығымыз жоқ екенін түсінуіміз керек. Бала есейген кезде осы әрекетіміз үшін сұрау салған кезде біз қалай жауап береміз? Ол кезде кешірім сұрау жеткіліксіз болады. Сол үшін де баланың болашақта ересек болатынын ұмытпауымыз керек. Біздің өмірлік тәжірибеміз оларды қорғауға, оларға қамқорлық көрсетуге бағытталуы қажет", – деді сарапшы.

Заңгер қазіргі таңда баланың бейнесі жасанды интеллект тарапынан ата-аналарды бопсалауға, балаларға қарсы контент, соның ішінде балалар порносын өндіруге немесе балалардың суретін жасанды интеллект арқылы сатуға, оны бұрмалауға әкеліп жатқанын айтып отыр. Мұндай қылмыстық істер аз емес. Сондықтан әрбір ата-ана баласының суретін әлеуметтік желіге салғанда мұның неге әкеп соқтыруы мүмкін екенін түсінуі керек. Алаяқтар бопсалаған кезде өтірік-расын ажырата алмай қалуы мүмкін.

"Баланың тәрбиесіне жауапкершілікті екі тарап бір-біріне сілтейді. Ата-ана "балабақша балама тәрибе беруге міндетті" десе, балабақша ата-анаға сілтейді. Екі тарап та бірдей міндетті. Баланың бейнесі әлеуметтік желіде шамадан тыс көп болуына, фото-видеоның кликбейт үшін, балабақшаның жарнамасы үшін қолданылып жатқан кезде балаларды саналы және бейсаналы түрде сатып жатқанымызды түсінуіміз керек",  – деп сөзін түйіндеді Айгерім Құсайынқызы.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз