Тікелей эфир

Құрбан айтта мал союды ғана мақсат етпей, қоғам тазалығын ойлау да маңызды

Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының басшысы Ержан Байбол Мүфтияттың өз мал шаруашылығын жүргізуі бірнеше мәселені шешеді деп санайды.

Құрбан айттың халқымыз үшін маңызы ескеріліп, мереке ретінде күнтізбеге енгеніне және айттың алғашқы күні республика бойынша демалыс күні болып бекітілгеніне биыл 16 жыл болып отыр.

Біздің елімізбен қатар Құрбан айт мейрамы көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінде және Ресейдің құрамындағы Баш­құрт­стан, Дағыстан, Татарстан, Ингушетия, Шешенстан сияқты мұсылмандар көп шоғырланған елдерде демалыс күні ретінде тойланады.

Діни мерекенің демалыс болып жариялануы, ең алдымен, тұрғындарының басым көпшілігі мұсылман болып табылатын мемлекетіміздің өз азаматтарына және олардың діни сенім бостандықтары мен діни мерекелеріне деген құрмет болып саналады. Сонымен қатар, бұл мейрамның көпэтносты және көпконфессиялы қоғамда адамдар арасында бір-бірінің діни сенімі мен мәдениетіне деген құрметтің артуына, достық қарым-қатынас пен өзара сыйластықтың, бейбітшіліктің артуына септігін тигізетініне мән беруіміз керек.


Оқи отырыңыз: Биыл Құрбан айт мерекесі 20-22 шілде күндері өтеді. ҚМДБ онлайн және офлайн құрбан шалу тәртібін түсіндірді


Құрбан айт мейрамы тек Айт намазын оқып, құрбандық малын шалу сияқты діни рәсімдердің жиынтығы ғана емес. Бұл мерекенің астарында көзге көріне бермейтін көптеген құндылықтар жатыр. Яғни, адамдардың арасында өзара құрмет пен ізеттіліктің, мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тәрбие мен жалпы адамгершілік қағидаларының насихатталуы жүзеге асады. Ел тұрғындарын игі істердің айналасында топтастырып, бір-біріне жәрдемдесуге, жақсылық жасауға үндейді, бірлікке шақырады.

Құрбан айтта ел мұсылмандары жақсы көңіл-күймен бір-бірін мерекемен құттықтап, құшақ жайып, ерекше қуанышпен қауышып жатады. Өзара өкпе-назы болса кешірісіп, түсінісіп, қайта табысады. Құрбандықтың бір бөлігін туған-туыстарға, екінші бір бөлігін тұрмысы төмен жандарға бауырмалдықпен үлестіреді. Дастархан басында алыс-жақын туыстар, көрші-қолаң мен жора-жолдастар жиналады. Жақсы тілектер айтылып, туыстық қарым-қатынас нығая түседі. Өмірден өткен жақындарын еске алып, қабір басына зиярат жасалады, ағаштар егіп, тазалық жұмыстарын жасайды.

Құрбан айт тек қана құрбандық шалу ғана емес, сонымен қоса ол үлкен бір мәдениет, маңызды әлеуметтік шара және қоғамға үлгі болатын айтулы мереке. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әрбір дінді ұстанушының әрекеті сол діннің қадір-қасиеті мен абыройын бағамдауға жағдай жасайды. Сондықтан Құрбан айтта малды шалу барысында тек бауыздауды ғана мақсат етпей, қоғамның тазалығын ойлай отырып әрекет ету жағын да жоспарлап жүзеге асыру маңызды.

Өкінішке орай, жыл сайын құрбандық аяқталғаннан кейін ел арасында теріс пікірлер де айтылып жатады және олардың арасында назар аударарлық тұстары да бар. Мысалы, құрбандық шалу кезінде сойылған малдардың бас-сирағы, ішек-қарыны, терілері қоқысқа лақтырылып тасталу фактілері орын алуда. Бұл жайт ежелден төрт-түлік малға, ас-ауқат пен азыққа құрметпен қарап келген халықты қынжылтып қана қоймай, наразылығын тудырды.


Оқи отырыңыз: Жылқы мен құс неге құрбандыққа жарамайды? Құрбан шалушыға арналған 12 маңызды мәлімет


Малды сойып, азық қылғанның өзінде халқымыз ешқандай ысырапшылыққа жол бермегенін білеміз. Қойдың басын сыйлы қонақтарына кәде ретінде тартып, ішек-қарынды дәстүрлі тағамдарға қосқан. Ал қойдың сирағы кішкентай балалардың таласып жейтін сүйікті асы болған. Малдың терісін де көп нәрсеге пайдаланғаны белгілі. Сондықтан да құрбандық шалу барысында, оны ұйымдастыру кезінде ысырапшылдық пен келеңсіздіктердің орын алуына мүлде жол берілмеуі керек.

Бүгінде шетелдік тәжірибелерде құрбандық малының терісін, қаны мен сүйегін қайта өңдеп шығару технологиясы қолданылады. Құрбандық малының қанынан – бояу, сүйегінен – сабын, терісінен – былғары  жасалып, шикізатты жаңа бір өнім ретінде қайта өндіруге пайдаланады. Осындай технологияларды біздің елімізде де қолданысқа енгізсе, бұл құрбандық шалу жоралғысын оңтайландырып қана қоймай, ел экономикасының жақсаруына да септігін тигізер еді.  Сол себепті қоғамда құрбандық шалу рәсімін қазіргі заманның даму талаптарына сәйкестендіру, бейімдеу мен жетілдіруге қатысты айтылған ұсыныстарды ой елегінен өткізу ерекше маңызға ие. Еліміздің дін саласындағы сарапшылары, қоғам және дін қайраткерлері, азаматтық белсенділер, әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан құрбандыққа және қажылық кезінде құрбан шалуға байланысты сын-пікірлер мен ұсыныстар көптеп айтылып келеді.

Мысалы, айтылып жүрген ұсыныстардың бірі – қажылық сапарындағы құрбан шалу мәселесі. Жыл сайын Құрбан айт кезінің өзінде 3 мың отандасымыз қажылыққа аттанады. Сапар барысында қажыларымыз құрбан шалатыны және өздері ғана емес, басқа да азаматтардың, яғни туыстары мен достарының өтініші бойынша өзгелердің атынан да құрбандық рәсімін орындайтыны белгілі. Бұл өз кезегінде қыруар қаражаттың шетелде қалуына себеп болуда. Осы ретте қажыларымыз құрбан шалуды онлайн тапсырыс беру арқылы елімізде орындай алатындай мүмкіндіктер қарастырылса деген пікірлер айтылуда. Мұндай жағдайда, сарапшылардың пікірінше, әр жылы шамамен 200 миллионнан астам теңге еліміздің, халқымыздың әл-ауқатын көтеруге жұмыс істер еді.


Оқи отырыңыз: Құрбандыққа малды қайдан алып, қалай шалған дұрыс?


Кейбір азаматтық белсенділер, егер шариғат ғылымдарының мамандары қажыларымыз құрбандықты міндетті түрде Мекке аймағында ғана шалынуы керек деп пәтуа беретін болса, онда азаматтарымыздың құрбандыққа шалған мал еттерін Қазақстан атынан гумманитарлық көмек ретінде тарату мәселесі қарастырылса деген ұсыныстар білдіруде. Олардың айтуынша, жыл сайын қажыларымыз құрбандыққа шалған 75 тоннаға жуық қойдың еті Сауд Арабиясы Корольдігінде қалады. Ал оны Қазақстан атынан ресми түрде гумманитарлық көмек ретінде мұқтаж елдерге жөнелтетін болсақ, еліміздің сыртқы имиджіне де оң әсерін тигізетін еді дейді.

Көтеріліп жүрген өзекті ұсыныстардың тағы бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Уақып" қоры жанынан арнайы мал шаруашылығымен айналысатын агроөнеркәсіп кешенін қалыптастыру мүмкіндігі бар екені жайлы пікірлер. Мүфтияттың өз мал шаруашылығын қалыптастыруы дін саласындағы бірнеше мәселені шешер еді:

  • Мешіт-медреселердің қаржылық жағдайын реттеуге, яғни өз қызметін өзі қаржыландыруына, материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етіп, заманға сай жаңартуға, коммуналдық және басқа да шығындарды өтеуге, медреседегі студенттерді өз азық-түлік өнімдерімен тамақтандыруына мүмкіндіктер тудырады.
  • Жыл сайын Құрбан айт кезінде шарықтап кететін құрбандыққа шалынатын малдың бағасын реттеуге мүмкіндік береді.
  • Мешіт жамағатының арасындағы жастарға жаңа жұмыс орындары ашылатын еді. Тіпті, еңбек терапиясын қолдану арқылы кейбір азаматтарымызға қатысты жүріп жатқан оңалту, бейімдеу жұмыстарының тиімділігін арттыра түсуге болады. Мысалы, "Жусан" операциясымен елге оралған ағайындарымызды да жұмыспен қамтуға болатын еді.
  • Азаматтардың тарапынан зекет пен садақаны тірі мал күйінде беру дәстүрі жүйелі орнығып, уақып мүлкін көбейтуге мүмкіндік жасайды.
  • Құрбандық шалу барысында, оны ұйымдастыру кезінде ысырапқа жол берілмей, шетелдік тәжірибені енгізу арқылы құрбандық малының терісін, қаны мен сүйегін қайта өңдеп шығару технологиясын қолдануға жағдай жасалатын болады.

Құрбандық шалу рәсімінің ерекшеліктерін бүгінгі заман талаптарына сай жетілдіру бойынша ұсынымдар ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, дін саласының сарапшылары, шариғат мамандары, уәкілетті мемлекеттік органдар сынды басқа да мүдделі тараптардың ортақ талқылауына түсіп, жан-жақты қарастырылса, өзекті болып тұрған мәселелер бір шешімін табарына сенімдімін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары