Қаржы және өнеркәсіп секторына талдау жасаумен айналысатын Spherical Insights компаниясының мәліметінше, 2030 жылға қарай жарық терапиясының жаһандық нарықтағы айналымы 2,10 млрд долларға жетеді. Жарық терапиясы немесе фототерапия дегеніміз – емді жасанды жарықпен жүргізу түрі. Ол негізінен маусымдық аффективтік ауруларды, депрессия мен көптеген тері ауруын емдеуге қолданылады. Оны псориаз, экзема және витилиго секілді ауруларды емдеу үшін де қолданады. Мұнымен қатар, терапия кезінде ақ түс қана емес, қызыл және көк түсті жарықтар да пайдаланылады. Осы орайда психолог Назира Бурханова жарық терапиясының кімдерге керек екенін және өзіңізде маусымдық депрессия барын қалай анықтауға болатынын айтып берді.
Психолог Назира Бурханованың айтуынша, күннің тас төбеге шығып тұратын уақыты қысқарып, тұн ұзарған кезде адамдарда "маусымдық аффективтік аурулар" бұрынғысынан бетер асқына түседі.
"Ғалымдар бұл ауру түрін SAD деп атайды, бірақ оның неден туындайтыны әзірге толық белгісіз. Десе де зерттеулер оның күн сәулесінің және жарықтың аз болуымен байланысын көрсетіп отыр. Депрессияның бұл түрі күздің соңы мен қыстың басында басталып, көктем жазға ұласқан маусымда аяқталады. Халық SAD күйіне үйренген, яғни олар өзінде осы аурудың бар екенін де байқамайды. Дегенмен оны емдемеске болмайды. Қыс мезгілінде жарық терапиясын қолдансаңыз, көптеген жан және психикамен байланысты аурудың алдын аласыз", – деді психолог.
Оқи отырыңыз: Семіздікке шалдықпас үшін балалардың ас мәзіріндегі қант мөлшері қандай болуы керек
Химиялық дисбаланс
SAD қалай пайда болады? Күн сәулесі гипоталамусқа стимуляция береді. Осы процесс өз кезегінде 24 сағат ішіндегі ұйқы мен сергек жүру уақытын реттейді –яғни циркадтық ырғақты басқарады. Ал жарық жетіспеушілігі циркадтық ырғақты бұзуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, ми ұйқы гормоны мелатонинді көбірек бөліп, керісінше сергектік сыйлап, көңіл-күйді жақсартатын серотонинді азайтуы мүмкін. Кейін осы химиялық теңсіздік салдарынан өзіңізді әлсіз сезінесіз. SAD ауруының тағы бір басты белгілерінің бірі – көмірсу мен калориясы көп тағамдарды шамадан тыс жеу және қоғамнан алшақтау.
"SAD көңіл-күйге ғана әсер етпейді. Ол ойды жинақтай алмау, алаңғасарлық, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, ақпаратты есте сақтай алмау секілді салдарға алып келеді. Мұнымен қатар адам екі сөздің басын құрай алмай қиналады. Солтүстік өңірлерде тұратын адамдар бұл ауруға жиі шалдығады", – деді Назира Бурханова.
Өзіңізде SAD барын қалай білуге болады?
Кемінде екі жыл қатарынан күз бен қыс мезгілі кезінде адамда депрессия болса, оған SAD диагнозын қоя аламыз. Диагноз бар-жоғын анықтау үшін дәрігерге бару қажет. Ал басты белгілері:
- адам өзін ешкімге керек емес сезінеді;
- бұрынғыдай жасап жүрген істеріне қызықпайды;
- ұйқысыздық пайда болады;
- салмағы күрт көбейеді немесе азаяды;
- үнемі бірнәрсеге алаңдап жүреді.
Оқи отырыңыз: Өзіңізде депрессия барын қалай білуге болады және одан дәрігерсіз емделу жолы қандай
Жарық терапиясы
Көптеген елде дәрігерлер ем үшін деп антидепрессанттар жазып береді. Алайда соңғы уақытта жарық терапиясы оң нәтиже беріп жүр.
"Жарық терапиясы дегеніміз – күн сәулесін жасанды сәулемен алмастыратын ем түрі. Аталған ем кезінде ақ түс бөліп шығаратын жарық бокстары қолданылады. Ми жасанды сәулені күн сәулесі деп қабылдайды. Жарық бокстарын кез келген адам сатып ала алады. Олардың дұрысын таңдау үшін келесі кеңеске құлақ асыңыз", – деді психолог.
- Жарық жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз. Шамыңыздың экспозициясы 10 мың люкс болуы керек. Люкс дегеніміз – жарық қарқынының өлшемі. Әдетте күн тас төбеге шығып тұрған кезде оның қарқындылығы 50 мың люкстан көп.
- Жасанды жарыққа тіке қарамаңыз. Көзіңізді ашыңыз, бірақ жарыққа тура қарамаңыз. Жарық боксын тура алдыңызға немесе жарты метр жерге қойыңыз. Жанына медитация, йога жасап, кітап оқып, кино көруге болады.
- Уақыт жеткілікті болсын. Күнделікті осы жарықтың жанында 30 минуттан отырыңыз. Бірден отыз минут бойы емес, арасын бөліп-бөліп отыруыңызға болады.
- Таңертеңнен бастаңыз. Жарық терапиясын сағат онға дейін өткізуге тырысыңыз. Күн ұзарған сайын жарық терапиясының уақытын қысқартуға болады.
"Жарық терапиясынан кейін кішкене бас ауырып, адам мазасыздануы мүмкін. Дегенмен оның пайдасы болмаса, еш зияны жоқ. Оның үстіне кейбір ішіп жүрген антибиотиктер сіздің теріңізді жарыққа сезімтал етіп жіберуі мүмкін. Бұл жөнінде де дәрігермен кеңесіп алған артық болмайды. Бастысы – бұл миға күн сәулесіндей әсер ететіндіктен, тәнмен бірге жан саулығын да қамтамасыз етеді", – деді психолог Назира Бурханова.
Оқи отырыңыз: Дәрігер: Дерматит адамды ашуланшақ етіп, депрессияға шалдықтырады