Депрессия дегеніміз – адамның бұрыннан бері жасап жүрген іс-әрекеттерден, өмірде болып жатқан оқиғалардан ләззат ала алмауы, күш-қуатының толықтай сарқылуы және үнемі мұңайып жүруімен сипатталатын күйі. Барлық адамның өмірінде қайғыратын кезі болады және осы күйден ертелі-кеш арылады. Ал депрессия кезінде адамның ұзақ уақыт көңіл-күйі түсіп, өмір сүруге еш құлшынысы болмайды. Осының себебінен өмір сапасы нашарлап, қоғамнан қол үзеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетінде 300 млн адам депрессияға шалдыққан. Оған барлық жастағылар шалдығады, алайда бәрінен көп ересек азаматтар бейім келеді. Депрессия адамның денсаулығына ғана емес, оқуына, жұмысына, жақын адамдармен қарым-қатынасына және қаржылық жағдайына тікелей әсер етеді. Оған бей-жай қарауға болмайды, себебі ақырында суицидке алып келуі мүмкін.
Депрессияның себебі мен белгілері қандай?
Осы орайда психоаналитик Жанар Оспан депрессияның пайда болу себебі, белгілері және одан арылу жолдары туралы әңгімеледі.
"Депрессиядан емделу үшін күйзеліс пен эмоцияға төтеп беру маңызды. Бұл үшін күнделікті өмірде не нәрсе күйзеліске түсіріп жатқанын анықтап аламыз. Кейін медитация, тыныс алу секілді күйзеліс деңгейін төмендететін техникаларды үйренеміз. Сондай-ақ сезімді экологиялық түрде жеткізу тәсілдерін меңгереміз. Отбасы мен достардың қолдауы, бұрынғыдай немесе жаңа хоббимен айналысу, терапиялық топтарға қатысу да адамның ел қатарына қосылуына үлкен көмегін тигізеді", – деп түсіндірді Жанар Оспан.
Оқи отырыңыз: Босанғаннан кейінгі депрессия. Күйзеліспен күрескен аналардың оқиғасы
Психоаналитиктің айтуынша, ішкі жан-дүниемен қатар тәнге де мән беру маңызды. Мысалы:
- ішімдік, темекі және анашадан бас тарту;
- күнделікті 7-9 сағат ұйықтау;
- тұрақты түрде спортпен шұғылдану (кез келген жеңіл түрімен айналысуға болады);
- дәрумен мен минералдарға бай тағамдар жеу.
"Осындай қарапайым өзгерістер расымен де депрессиядан арылуға көп көмегін тигізеді. Дегенмен депрессия белгілері ұзақ уақыт бойы кетпегенін байқасаңыз, көпке созбай психолог маманға жолығыңыз. Депрессияның белгілерін физикалық, эмоциялық, когнитивті және іс-әрекетпен көрініс табатын деп төртке бөлуге болады", – деді психолог.
Физикалық белгілері:
- адам әрдайым шаршап жүреді, мүлдем энергиясы болмайды;
- көп ұйықтайды немесе мүлдем ұйқысы келмейді;
- салмағы өзгереді, тәбеті қатты ашылады немесе мүлдем тамақ жегісі келмейді;
- басы мен бұлшық еті ауырады;
- іші қатады.
Оқи отырыңыз: Психолог кітап оқудың пайдасы туралы: Депрессия мен күйзелістен арылтады
Эмоциялық белгілері:
- әрдайым көңіл-күйі түсіп жүреді;
- үнемі өзін кінәлі сезініп, өзіне берер бағасы төмендейді;
- ашуланшақ болып кетеді;
- өмірде ешнәрсеге қызықпайтын болады.
Когнитив белгілер:
- ойын бір арнаға жинақтай алмайды;
- есте сақтау қабілеті қатты нашарлайды;
- баяу ойлайды;
- әр нәрсенің теріс жағын ғана ойлайды.
Адамның іс-әрекетінен білінетін белгілер:
- қоғамнан алшақтайды, адамдардан сөйлесуден қашады;
- мүлдем тазалық сақтамайды;
- ұйқысы мен тамақтану тәртібі бұзылады;
- психоактив заттарды мөлшерден тыс тұтынады.
Депрессиядан психологқа бармай қалай емделуге болады?
"Кемінде екі апта бойы осы белгілерді байқасаңыз, сізде депрессия бар деген сөз. Емді неғұрлым созған сайын, адам өзіне қол жұмсауға бейім келеді. Оның үстіне депрессияның ушығуына биологиялық, психологиялық және әлеуметтік фактор әсер етеді. Мысалы: 40 пайыз жағдайда генетикалық бейімділік; мидағы химиялық баланыстың бұзылуы; созылмалы аурулар; психоактив заттарды тұтыну; отбасылық анамнез, өзіне берер бағаның төмен болуы және қолдаудың болмауы. Кейде адамның депрессиясы физиология деңгейінде асқынғанын көріп тұрсам, дәрігер мамандарға жіберемін", – деді Жанар Оспан.
Маман депрессиядан арылуға бірінші кезекте медитацияның өте жақсы көмектесетінін айтады. Ол үшін келесі қадамдарды жасау қажет:
- Тыныш, жайлы жер тауып, ыңғайланып отырыңыз.
- Көзіңізді жұмып, өкпеңізге қалай ауа жинап, қайта сыртқа шығарып жатқаныңызды сезініңіз.
- Ойыңыз басқа нәрсеге бөлінсе, қайтадан қалай тыныс алатыныңызды сезінуге тырысыңыз. Өзіңізді еш уақытта сынамаңыз, ұрыспаңыз.
- Осылай 5-10 минут көлемінде бар көңіліңізді ішіңізге кіріп-шығып жатқан ауаға бөліңіз.
- Аяқталған соң көзіңізді ақырын ашыңыз.
"Медитацияны тұрақты түрде және жиі жасайтын болсақ, жағымсыз ойлардан арыламыз", – деп сендірді психолог.
Оқи отырыңыз: Жалғыздық және депрессия. Қазақстанда жастардың өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі?
Өзіңізге беретін бағаны көтеру жолы:
- Бір қойын дәптерін бастаңыз.
- Күнде ұйықтар алдында күндіз болған 3 жағымды оқиғаны жазыңыз.
- Бүге-шүгесіне дейін жазып, ненің жағымды эмоция сыйлағанына мән беріңіз.
- Бұл кез келген аса маңызды немесе елеуге де тұрмайтын оқиға, әрекет болуы мүмкін.