Тікелей эфир

Семіздікке шалдықпас үшін балалардың ас мәзіріндегі қант мөлшері қандай болуы керек

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Мария Үсенованың айтуынша, қазір балалар мектеп пен балабақшада қантты 2-3 есе көп тұтынады.

Нутрициолог, тамақтану гигиенасы және салауатты өмір салты бойынша маман, Қазақстанның балабақшалары мен мектептерінде тамақтану стандарттарын қайта қарау туралы петицияның тең авторы Мария Үсенова балабақшалар мен мектептердегі тамақтандыру жүйесінің кемшіліктерін атады. Айтуынша, балалар мен жасөспірімдер тұтынатын тағамдардағы қант мөлшері халықаралық нормадан 2-3 есе асып түседі. Ал бұл өз кезегінде қант диабеті, жүрек-қан тамырлары, семіздік секілді ауруларды асқындырады. Осы орайда ол министрліктен бүлдіршіндер мен оқушылар тұтынатын қант мөлшеріне көңіл бөліп, тиісті шаралар қабылдауды сұрады. Ал мамандар өз кезегінде пайдалы мәзір ұсынып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге әзір. 

"Денсаулық сақтау министрлігіне петиция жолдап, мектептер мен бүлдіршіндерге арналған мекемелерде қант тұтыну нормасын азайтуды өтіндік. Дәл қазір балалар тұтынып жүрген тағамда қант нормасы 2-3 есе көп. 2020-2025 жылдарға бағытталған ұлттық стратегияда артық салмақты болдырмау үшін тағамдардағы қант нормасын азайту туралы шаралар жазылған. Қазір үкімет қаулысына сәйкес, 3-7 жастағы балаларға мектепте және балабақшада 25-45 грамм қант тұтынуға рұқсат етілген. Ал "Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы" туралы бұйрыққа сәйкес 7 жастан асқан баланың өзіне тәулігіне 36,5-50 грамм қант тұтынуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына бір рет тамақтанғанда 7-9 грамм қант пен 5 грамм бал жеуге рұқсат. Яғни, балалар бір рет тамақтанғанның өзінде 12-14 грамм қант жейді. Салыстыратын болсақ, ДДСҰ екі жасқа дейінгі балаға қант бермеуді ұсынады. Ал екі жастан асқан балалар мен ересектердің тамағына қосылған қанттың тәуліктің мөлшері жалпы калорияның 5-10 пайызынан аспауы керек", – деді Мария Үсенова.

Дәлірек:

  • 3 жастағы балалар үшін күнделікті норманың 15 грамнан аспағаны пайдалы;
  • ал 4-6 жастағы балалар үшін – 19-20 грамм;
  • 7 жастан асқан балаларға – 24-25 грамнан артық қант тұтыну ұсынылмайды.

Алайда жеме-жемге келгенде балабақшалар мен мектептердің мәзірінде қанттың мөлшері бұдан көп. Өйткені, қант нормасын реттейтін құжаттарда ең аз мөлшері көрсетілген. Технологиялық карталардағы мәлімет бойынша, қант сорпаға, салатқа, тұздыққа және басты тағамдарға қосылады. Бұдан бөлек қант шырын, йогурт және ашытылған сүт өнімдерінде болады. 

"Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы" бұйрықта былай жазылған:

  • 7-10 жас аралығындағы бала бір жылда 13,33 кг қант тұтына алады, бұл шамамен күніне 36,5 г қант.
  • Кондитерлік өнімдер – 15,82 кг. Қанттың мөлшерін дәл есептеу мүмкін емес. Дегенмен шамамен өнімнің 25 пайызы қант деп болжауға болады. Бұл күніне шамамен 12 г қант.
  • Бал – қантпен тең. Балдың бір жылдық нормасы 4,59 кг. Осылайша қант пен кондитерлік өнімдерге күніне 12,6 г қант қосылады. 
Нутрициолог Мария Үсенова. Фото кейіпкердің жеке архивінен алынды

Сонда 7-10 жастағы балаларға күніне 70,1 грамм қант тұтыну ұсынылады. Бұл – шамамен 14 шай қасық. Еске салсақ, халықаралық норма күніне 24-25 грамм шекті көрсетіп отыр. Бұл – шамамен 5 шай қасыққа тең. Сонымен қатар, қант қосылған тағамдар мен сусындарды балалардың мектеп пен балабақшадан бөлек үйде жейтінін ескеру қажет. Осылайша балалар тұтынатын тағамдардағы қант мөлшері халықаралық нормадан 2-3 есе асып түседі. Бұдан бөлек қантты көп тұтынудың балалар денсаулығына зиян екенін растайтын көптеген зерттеу бар. Қазақстандағы Қазақ тамақтану академиясының ашық ақпаратында 5 жасқа дейінгі балалар арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы 1995 жылдан 2014 жылға дейінгі – 20 жыл ішінде 9 пайыздан 13,4 пайызға дейін өскен деп көрсетілген. 5 пен 9 жас аралығындағы балалар арасында бұл көрсеткіш 17,6 пайызды құрады. 2014 жылға қарай 20,6 пайызға дейін өскенін көрсетті. 

"Сонымен қатар, 2020 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде балалардың 67 пайызының күн сайын көкөніс жемейтінін, балалардың 63 пайызына ата-анасының күнделікті жеміс-жидек бермейтінін және балалардың 16,7 пайызының күнделікті қант қосылған сусын ішетінін көрдік. Көкөніс, жеміс және диеталық талшыққа бай тағамдарды тұтыну мен қантты азайту семіздік, қант диабеті, жүрек-тамырлары секілді аурулардың алдын алуға әсер етеді. Сондай-ақ баланың танымдық қабілетін арттырып, иммунитеті нығаяды. Қазір қант қосылған тағамдар мен сусындарды шамадан тыс тұтыну денсаулыққа үлкен қауіп төндіріп отырғанын көріп отырмыз. Осы орайда, қант, бал және кондитерлік өнімдер бойынша нормаларды қайта қарауды ұсындық", – деді Мария Үсенова. 


Оқи отырыңыз: №9 диета деген не және қант диабетінен қалай сақтанған дұрыс? Эндокринолог кеңестері


Дәлірек келесі шараларды ұсынады:

1. Мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің рационындағы қант нормаларын азайту. Атап айтқанда:

  • мүмкіндігінше салаттар мен ыстық тағамдарға қант қоспау;
  • қант қосылмаған сүт және ашытылған сүт өнімдерін таңдау;
  • кондитерлік өнімдерді құрамында қант жоқ немесе қант мөлшері аз бидай ұны бар баламаларға ауыстыру;
  • сусындар (шай, какао және т. б.) мен нан өнімдеріндегі қант мөлшерін азайту;
  • ақылы ассортиментте тек қант қосылмаған өнеркәсіптік жеміс шырындарын ұсыну;
  • жеміс шырындарын сусындар санатына ауыстыру және тұтас жемістерді ауыстыру нұсқаларынан алып тастау;
  • мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің қызметін реттейтін барлық нормативтік құжатта қант, бал және кондитерлік өнімдер бойынша нормаларды қайта қарау.

Сонымен қатар, біздің ұсыныстарымыздан төмен емес норманың жоғарғы шекарасын белгілеу маңызды:

  • 3 жасқа дейін – тәулігіне 15 грамнан көп емес;
  • 3 жастан 7 жасқа дейін – тәулігіне 20 грамнан көп емес;
  • 7 жастан асқан – тәулігіне 25 грамнан көп емес.

Тиісінше, мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің барлық нысаны үшін нормаларды түзетуді ұсынады.

2. Петицияға қол қоюшылар калорияны толтыру үшін алмастырғыш ретінде мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің рационында жеміс, көкөніс, бұршақ дақылдары және дәнді дақылдарды көбейтуді ұсынады.


Оқи отырыңыз: Табиғи қант алмастырғыш. Отандық ғалымдар стевияны жаппай көбейту технологиясын әзірледі


Балабақша мен мектептерде бірыңғай мәзір стандартын жасау кезінде көкөніс, жеміс, тұтас дәнді дақыл, тұтас дәнді нан, бұршақ дақылдары, жаңғақ, тұқым көздері болатын диеталық талшықтарды тұтыну нормаларын ескеру қажет. Физиологиялық қажеттіліктер нормалары туралы әдістемелік ұсыныстарға назар аудару керек. 

  • балабақшалар мен мектептер мәзіріне (таңғы ас, екінші таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) әр тағамға жеміс пен көкөністі кез келген түрде қосу қажеттілігі туралы норманы енгізу;
  • қанттың орнына тәтті жемістер мен көкөністерді пісіріп беруді қосу;
  • әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшерін, көздерін, түрлері мен қағидаларын бекіту туралы қаулыда көкөністер мен жемістер бойынша нормаларды ұлғайту;
  • тұтас дәнді және бұршақ өнімдері бойынша нормаларды арттыру.

Қант мөлшерін азайту мен ингредиенттерді алмастыру міндетті шығындардың өсуіне әкелмейді. Денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін азайтып, балалар арасындағы семіздік пен жұқпалы аурулардың даму қаупін азайтады. 

Халықаралық сәтті тәжірибелер:

  1. АҚШ: "Healthy, Hunger-Free Kids Act" (2010) бағдарламасы аясында мектептегі түскі асқа қатаң тамақтану талаптары енгізілді. Азық-түлікке қосылған қант азайып, мектептер жемістер, көкөністер мен дәнді дақылдарды көбірек ұсына бастады. Зерттеулер кейбір аймақтардағы мектеп оқушыларының семіздік деңгейінің төмендегенін көрсетті.
  2. Ұлыбритания: 2018 жылы үкімет тәтті сусындарға салық енгізді. Нәтижесінде аса тәтті емес сусындарға инвестиция көбейіп, біріншісін тұтыну азайды. Мектептер "Change4Life" секілді бағдарламалар мен бастамалардың көмегімен дұрыс тамақтануды насихаттайды.
  3. Канада: Онтариодағы "Food and Beverage Policy" бағдарламасы мектептерде ұсынылатын өнімдерге, соның ішінде қосылған қантқа шектеулерге арналған стандарттарды белгілейді. Бұл пайдалы тағамдар мен сусындар ұсынысының артуына ықпал етті. Зерттеулер көрсеткендей, бұл шаралар балалар арасында қант тұтынуды азайтуға көмектесті.
  4. Швеция: Швед балабақшалары мен мектептерінде "Денсаулыққа арналған уақыт" сияқты дұрыс тамақтану бастамалары белсенді түрде енгізіліп жатыр. Мұнда қоректік, қантсыз тағамдарға және балаларға арналған аспаздық сабақтарын өткізуге баса назар аударылады.
  5. Аустралия: Сrunch&Sip бағдарламасы балаларды мектеп уақытында жемістер мен көкөністерді жеуге және су ішуге шақырады. Бұл қантты сусындар мен жеңіл тағамдарды тұтынуды азайтуға ықпал етті.

"Бұл мысалдар заңнамалық шараларды, білім беру бастамаларын және ата-аналардың қолдауын қоса алғанда кешенді тәсіл ретінде мекемелерде қант тұтынуды айтарлықтай төмендету мүмкін екенін көрсетеді. Жуырда ғана мемлекет басшысы мектептерде тамақтандыру тәртібінің халықаралық стандарттарға сай қайта қаралатынын айтты. Бұған біздің петиция әсер етті деп ойлаймыз және осы үшін қуаныштымыз. Біз петицияны екі министрлікке бағыттаған болатынбыз. Екіншіден, петицияда жасөспірімдер арасындағы семіздіктің алдын алу туралы ұлттық стратегияға сілтеме жасап отырмыз. Осы стратегияның соңында мектептер мен балабақшалардағы тамақтану стандарттарын қайта қарау үшін қабылдануы тиіс шаралар жазылған болатын. Осы шаралар 2022 жылы қолға алынуы тиіс еді. Өкінішке орай, осы күнге дейін бұл бағытта ешқандай алға жылжу көрмедік. Бір қарағанда петицияда тек қант мөлшері туралы ғана айтылғандай болуы мүмкін. Алайда балабақша мен мектептегі мәзірдің қалай түзілетінін қарасақ, қолымызда ақуыз, май және алмастыратын тағамның калориясы көрсетілген құжат бар. Яғни қантты азайту үшін біз оны басқа тағаммен алмастырамыз. Сәйкесінше көмірсу-ақуызды зат алмасу жақсарады. Бұдан бөлек пайдалы тағамдар қатары көбейеді. Қазір қант мөлшерін азайтпайтын болсақ, балалар семіздік, қант диабеті, жүрек ауруларынан көз ашпайтын болады", – деді маман. 


Оқи отырыңыз: Қант зиян және қымбат. Оны немен алмастыруға болады?


Нутрициологтың айтуынша, дұрыс тамақтану білімін арттыру маңызды. Яғни балаға тағамды құры ұсынып қана қоймай, сол тағам туралы қызықты деректер және пайдалы тұстары туралы айту. 

"Балаларды тамақтандыратын мамандармен де жұмыс істеу маңызды. Себебі олар баладан тамақты тауысып жеуін әртүрлі жолмен талап етуі мүмкін. Бұл тамақтандырудағы зорлық-зомбылық болып саналады. Үйде ата-аналар да баласына: "Егер тамағыңды тауысып жемесең, бірнәрсе жасамай қоямын" деп қорқытып жатады. Бұл да бопсалаудың бір түрі. Тамақтану әдебін бала күннен қалыптастыру үшін жұмыстар жасалғанын қалаймыз. Алайда бұл тұтынатын өнімдерді "жақсы, жаман" деп бөліп тастаймыз деген сөз емес. Мысалы, балаларға тағамдардың қайсысы пайдалы-пайдасыз екенін түсіндіру үшін мультфильм түсіруге болатын еді", – деп ұсынды Мария Үсенова. 

Серіктестер жаңалықтары