Бағдарлама арқасында қазақстандықтар жаңа дағдыларды игеріп, жұмыс тауып қана қоймай, сонымен қатар өз кәсібін де ашуда. Араларында қолдау шараларын екі мәрте пайдаланып үлгергендері де бар. Солардың бірі – Қызылорда облысындағы Қызылөзек ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан Әлімбетов.
"Еңбек" бағдарламасына қатысу бір кездері оған өзінің жеке шаруа қожалығын ашуға көмектескен болатын. Үш жыл бұрын шағын несиеге қол жеткізіп, мал сатып алды. Көпбалалы отбасы үшін бұл негізгі табыс көзіне айналды.
"Алғаш рет 2017 жылы 2,5 миллион теңге мөлшерінде шағын несие алып, оны уақытылы төледім. Осы жылдары мал басын көбейтіп, шаруа қожалығын аяғына тік тұрғыздым. Осылайша отбасымды толықтай қамтамасыз ете бастадым. "Еңбек" бағдарламасына қатысудың пайдалы екеніне көзім жеткен соң, биыл тағы да бақ сынауға бел будым. Нәтижесінде көктемде 4 миллион теңге мөлшерінде несие алып, оған 10 бие сатып алдым", – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, "Еңбек" бағдарламасы аясында шағын несиелеу шарты елімізде аса қолайлы. Несие төмен пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бағдарлама бойынша сыйақы жылдық 6%-дан аспайды. Кейіпкеріміз несиені 6 жыл мерзімге рәсімдеген. Бұдан бөлек, тиісті қарызды өтеуде 12 айға дейін жеңілдік қарастырылған.
"Мен өз тәжірибемде ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдау болатынына нақты көз жеткіздім. Дер кезінде жасалған жәрдем еңсемді тіктеп, шаруамды жүргізіп әкетуге септігін тигізді. Бес балам бар және арманым да сол – оларды аяғына тұрғызу. Беталысым айқын, ауыл шаруашылығы саласындағы бизнесімді әрі қарай өркендеткім келеді", – дейді шаруа.
Кейіпкеріміз белсенді және бастамашыл адам ешқашан жұмыссыз және табыссыз қалмайтынына сенімді. Әсіресе, бала-шағаның қамы сияқты асқаралы міндет тұрғанда, тоқмейілсуге болмайды. Балалары болса, үлкенді-кішілігіне қарамастан ата-аналарына қолғабыс жасап қуантуда.
"Балаларымыз – бар бақытымыз, ертеңгі күнге сеніммен қарауға солар ерік-жігер сыйлайды", – дейді Бақытжан Әлімбетов.
Айта кету керек, Қызылорда облысында жыл басынан бері 32 мыңға жуық адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Олардың 17 мыңға жуығы – жұмыссыздар, 6 мыңға жуығы – өзін жұмыспен қамтығандар, 7,3 мыңы – жұмыс іздеушілер және 1,6 мыңнан астамы – кәсіптік-техникалық оқу орындарында оқушылар, студенттер, зейнеткерлер.
"Жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағытына келетін болсақ, 1 қарашадағы жағдай бойынша, өңірде жалпы құны 3,1 миллиард теңгеден асатын шағын несиені 805 адам алды. Нәтижесінде 731 жаңа жұмыс орны құрылды.