Тікелей эфир

Латын əрпінің соңғы нұсқасы қашан қолданысқа енеді?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Сарапшылар қазақ тілді қоғам жаппай латын әліпбиін қолдануға дайын дейді. Алайда әліпбидің тезірек қолданысқа енуіне кедергі де бар.

Латын әліпбиі қазақ тілінің дамуына жол ашады. Бұған басты себеп, жастар латын әліпбиінде еркін жазады дейді сарапшылар.

Латын әліпбиінен бүкілқазақстандық диктант жазатын кез де келеді

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Сейілбек Мұсатаев латын әліпбиінің алғашқы нұсқасы ұсынылған кезде студенттерге ерікті түрде диктант жаздырғанын айтты.

– Латын әліпбиінің диграфты нұсқасы қабылданған кезде ерікті студенттерден жиналған топтың әліпбиді қалай қабылдайтынын әрі болашақта қолдану аясын білу үшін диктант жаздырттық. Қатысушылардың көп болғаны сондай, аудиторияға сыймай кетті. Соған қарағанда қазақ тілді аудитория латын әрпінің қандай нұсқасы қабылданатынына немқұрайлы қарамайды.

Кейін апострофты нұсқасын пайдаланып көрдік. Қазір жоғары оқу орындары Болон білім беру жүйесіне көшкен. Бұл бүкіләлемдік жүйе болғандықтан оқулықтар латын әрпінде жарық көрген. Сондықтан латынға ертерек көшсек, алдымызда кездесетін қиындықтарға төтеп беру жеңіл болады, – деді оқытушы.

Табиғи процесс ретінде жүргізу керек

Сарапшылардың пікірінше, латын әліпбиіне қатысты мәселені талқылауда әлеуметтік желі қолданушылары аса белсенділік танытып отыр. Сондықтан көпшіліктің де пікірін ескерген жөн.

Ал аймақтанушы Жақау Мақсат толық ақпарат алмағандықтан ауыл тұрғындары ғана латын әліпбиіне көшу мәселесіне онша мән бермей отыр дейді.

– Менің ойымша, ауыл мен қала халқы үшін ортақ ақпарттық кеңістік қалыптастыру қажет. Оған әлеуметтік желіні пайдалану керек деп ойлаймын. Яғни, бір идеологиялық ортаны қалыптастыру керек. Сонымен қатар тұрғындардың психологиялық дайындығынн зерттеген жөн. Егер әліпбиді меңгерудің тиімді бағыттарын ұсынар болсақ, жұрт тез қолданып кетеді.

Сондықтан латынға көшу мәселесіне барлық сала мамандарын тарту керек. Яғни, күрделендірмей, табиғи процесс ретінде, қабылдау маңызды, – деді аймақтанушы.

Әліпбиді әлі де жетілдіру қажет

"Қазақ үні" газетінің бас редакторы Қазыбек Иса латын әліпбиі мәселесін бес жылдан бері көтеріп келеді. Оның ойынша, билік саяси саудаға салмаса, латынға тез арада көшуге мүмкіндік бар.

– Кириллицаның 42 әрпі 32-ге дейін қысқарғанмен, әлі де жетілдіруді қажет етеді. Әліпбиге ұсынған менің нұсқамдағы тоғыз әріптің алтауы қолдау тапты. Бірақ Өзбекстандағы жағдай басымызға түспеуі үшін "і", "ә" әріптерін қайтарған жөн деп есептеймін. Мысалы, ізгі, игілік сөздерін бір ғана әріппен қалай жазамыз? Сөздің мағынасы былай еді деп түсіндіріп жүреміз бе? Қазір Оңтүстік Қазақстан облысының Асар деген ауылында Өзбекстаннан көшіп келген мың отбасы тұрады. Олардың елге көшіп келуіне тікелей латын әрпін дұрыс қолданбау себеп болған. Олар ұрпақтарының дүдәмал күйде қалғанын қаламаған. Өйткені Өзбекстанда латынға жүйелі түрде көшпеген.

Сонымен қатар латын әрпіне тезірек көшу қазақ тілінің дамуына, қолданыс аясының кеңеюіне жол ашады. Ал көпшііліктің талқысына түсіп жүрген кіітаптарды латын әрпіне аударуға көп шығын шықпайды. Конвертер арқылы аударатын болса, тек қағазға ғана төлейді, – деді Қазыбек Иса.


Қазақ кітаптары 1928-40 жылдары латын әрпімен жарық көрген

Қазақ кітаптары 1929-40 жылдары латын әрпімен жарық көрген / Фото informburo.kz


Мектепалды дайындық сыныптағылар 2020 жылдан бастап латын әрпінде оқитын болады

Мемлекет бекіткен жоспарға сай 2022 жылдан бастап, бастауыш мектеп оқушылары латын алфавитімен сауат ашулары керек-тін. Алайда 2018-20 жылдар аралығында әліпби енгізу сынақтан жақсы өтсе, бастауыш мектеп оқушылары латын әрпін үйренуді мерзімінен бұрын бастайтыны да ескертілді. Енді 2025 жылға дейін барлық іс-қағаздар, оқулықтар, мерзімді баспасөз латын әліпбиіне көшеді деп жоспарланып отыр.

Осыған орай Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі дайындық сыныптарына латын әліпбиін енгізу уақытын ауыстыруды ұсынған болатын. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов "Бірыңғай бағдарлама бойынша мектепалды дайындық яғни, нөлінші сыныпқа 2019 жылы енгізілуі тиіс болатын. Біз оны 2020 жылға ауыстыруды ұсынып отырмыз. Себебі біз нөлінші сыныптар үшін өте көп оқулық басып шығаруымыз керек. Біз бұл оқулықтарды бірден латын әрпінде шығарғымыз келеді" деген болатын.

Бірақ кейбір мемлекеттік мекемелер мекеме алдындағы тақтайшаларын латын әрпінде жазып, іліп үлгерген.


Маңғыстау облыстық әкімдігінің алдына ілінген тақтайша

Маңғыстау облыстық әкімдігінің алдына ілінген тақтайша / Фото ғаламтордан алынды


Мектеп пен мемлекеттік органдар латынға бірге көшуі тиіс

Дегенмен UIB оқу орнының оқытушысы Фархад Қасенов мектептерден бұрын латынға халыққа қызмет көрсету орталықтары көшу керек дейді.

– Мектеп оқушылары 2020 жылдан бастап латын әрпін үйренетін болса, олар сол оқыған әліпбиі негізінде мемлекеттік қызметтің көмегіне жүгінеді. Ал жоспар бойынша ХҚКО 2025 жыл деп тұр.

– Сонымен қатар ІІМ, ҰҚК, Жоғарғы сот тағы да басқа мемлекеттік органдар 2022-2025 жыл деп көрсетілген. Барлық сатыдағы әкімшіліктер 2025 жылы көшеді. Ал мемлекеттік органдардың қызметіне жүгіну үшін латын әрпінде білім алған жастар өз бетінше кириллицаны үйренуге мәжбүр болады. Сондықтан латынды жүйелі түрде енгізудің жоспарын дұрыс құру керек, – дейді Фархад Қасенов.

Сыныптардың латын әрпіне көшу кестесі

Мұны Білім және ғылым министрлігі бекіткен болатын. Сол кестеге сәйкес, 2019-25 жылдар аралығында жалпы білім беретін мектептердің 192 мың мұғалімі латын әрпін үйрету курстарына қатысып, білімдерін жетілдіреді. Ал мектеп оқушылары төмендегі кесте бойынша латын әрпінде білім ала бастайды.

  • 0, 1 сыныптар – 2020 жылы;
  • 0, 1, 2 сыныптар – 2021 жылы;
  • 0, 1, 2, 3 сыныптар – 2022 жылы;
  • 0, 1, 2, 3, 4 сыныптар – 2023 жылы;
  • 0, 1, 2, 3, 4 және 5-9 сыныптар – 2024 жылы;
  • 0, 1, 2, 3, 4, 5-9, 10-11 сыныптар – 2025 жылы.

Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар 2024 жылға дейін латын әрпіне аударылады.

  • 0 сынып – 2018 жылы;
  • 1 сынып – 2019 жылы;
  • 2 сынып – 2020 жылы;
  • 3 сынып – 2021 жылы;
  • 4 сынып – 2022 жылы;
  • 5-9 сыныптар – 2023 жылы;
  • 10-11 сыныптар – 2024 жылы.

Қазақ тілінде жалпы білім беретін мектептердің оқулықтары мен орыс тілінде білім алатын мектептердің "Қазақ тілі мен әдебиеті" оқулықтарын латын әрпінде қайта басып шығару 2019-25 жылдар аралығына жоспарланған.

  • 0 сынып – 2019 жылы;
  • 1 сынып – 2020 жылы;
  • 2 сынып – 2021 жылы;
  • 3 сынып – 2022 жылы;
  • 4 сынып – 2023 жылы;
  • 5-9 сыныптар – 2024 жылы;
  • 9-11 сыныптар – 2025 жылы.

Біздің елдің латын әліпбиіне көшуін құптамайтын көршілер де бар

Латын алфавитіне көшу тек қазақ тіліне ғана қатысты. Сонда да ресейлік басылымдар өзіндік болжам жасап жатыр. Мысалы, ресейлік topwar.ru сайтында "Переход Казахстана на латиницу – новый плевок в лицо России" деген мақала жарық көрді.

Әскерлеріміз әлі де орысша оқиды

– Қазіргі аудармаларды пайдалансақ, бір-бірімізді түсінуден қаламыз. Сондықтан дұрыс аударма жасау арқылы, қазақ тілін байытуға болады.

Тіпті әскери қызметкерлерді тәуелсіздік алғалы бері тек орыс тіліндегі оқулықтармен оқытып келеді. Егер латын әрпіне көшсек, ондай оқулықтарды бірден шығаруға мүмкіндік туады. Сондықтан барлық білім беру жүйесінен бастап, мемлекеттік органдар латынға бірге көшуі тиіс, – деді Фархад Қасенов.

Латын әліпбиін қазақ тілді қоғам қолдайды

Саясаттанушы Руслан Түсіпбеков латын әліпбиінің енгізілуіне қазақ тілді ортаның 95 пайызының дайын екеніне сенімді. Ол арнайы сауалнама жүргізіп, осындай тұжырым жасап отыр.

– Мен әлеуметтік желі арқылы көптеген сауалнама жүргізіп, зерттедім. Қазақ тілді орта толық, орыс тілді ортаның 60 пайызы, ал этникалық орыстардың 20 пайызы ғана қолдап отыр. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Қазіргі таңда "латын әрпіне көшсек, әдебиетіміз ақсап қалады, қанша кітапты қайта аудару керек" деген пікірлер бар. Бізде қазақ тілінде жинақталған үлкен қор жоқ.

Менің бір танысым кітапханада қызмет жасады. Кітапхана жабылған соң, 1992 жылға дейін шыққан кітаптарды үйіне алып келді. Мен сол бір кітаптарды түгел қарап шықтым. Олардың 95 пайызы орыс тілінде, бес пайызы ғана қазақ тілінде шыққан екен. Мысалы, философ ретінде айтайын, философиядан қазақ тілінде бірде-бір кітап жоқ. Сондықтан әдеби қордағы кітаптар аударылмай қалады деген қорқыныш жоқ. Қайта латын әрпінде басылып шығатын болады, – дейді.

Саясаттанушының айтуынша, латын әліпбиіне көшу тым кеш қолға алынды. Өйткені Қазақстан өз мемлекеттік тілі бола тұра, орыс тілінде жазатын жалғыз мемлекет. Сондықтан мемлекеттік органдарды ертерек көшірген жөн.

– Қазіргі таңда ұялы телефонға латын әрпінде келіп түсіп жатқан хаттарды барлық адам оқи алады. Ал қазақ тілінде латын әліпбиімен кітап шығарып, тарататын болсақ, елдің тез меңгеріп кететіне күмәнім жоқ. Әлемде кириллицаны қолданатын 11 мемлекет қалды, Орта Азиядан тек Қырғызстан. Ал әлемде 120-дан астам мемлекет латын әрпін қолданады. Кеңестер одағы құрамында болған елдерден тек Украина мен Беларусь кириллицаны қолданып отыр, – дейді саясаттанушы.


Латын әліпбиіне алдымен мемлекеттік органдар көшу керек

Латын әліпбиіне алдымен мемлекеттік органдарды көшіру керек / Фото inform.kz сайтынан алынды


Түркия латынға бір жылда көшкен

Мұстафа Кемал Ататүріктің басшылығымен 1928 жылдың 28 маусымында Алфавит жөніндегі комиссия құрылып, латын графикасына негізделген жаңа түрік әліпбиі қабылданды. Сол жылы қа­рашада "Жаңа түрік әріп­те­рі­нің қабылдануы мен қолдануы" туралы Заң шы­ғады. Ол бойынша 1929 жылдан бас­тап мемлекеттік мекемелер латын әліп­биі­не өтіп, араб графикасын қолдануына рұқсат бе­ріл­меді.

Бұл – "Әріп революциясы" деп аталатын, қазіргі Түркия Республикасының негізін қалаушы М.К.Ататүріктің жүзеге асырған маңызды реформаларының бірі еді.

Әзербайжан кириллицаны 2000 жылдарға дейін қолданды

Кеңестер одағы құрамында болған түркі тілдес елдердің ішінде латын әліпбиіне толыққанды өткен Әзербайжан ғана. Бұл елде латын алфавитіне өтуге байланысты талқылаулар ХІХ ғасырдың соңында басталып, тәуелсіздік алғаннан кейін бір-ақ көшті.

Жалпы Әзербайжан – ТМД елдері арасында да латынға көшкен ең бірінші мемлекет. Алайда бұнда да 2000-шы жылдарға дейін газет, журналдардың басым көпшілігі қос алфавитте шығып келген. Тек 2000 жылдың ортасына қарай толыққанды латын әліпбиіне ауысты.

Өзбектер әлі толық көше алмай жүр

Өзбекстан латынға көшуді 15-20 жыл бұрын бастағанымен, көп қателіктер жіберген. Олар компьютер пернетақтасындағы 26 әріптен аспау мақсатында диакритикалық (ноқаты бар) әріптердің орнына қос әріп пайдаланды. 1995 жылы Өзбекстанның тіл мамандары кирилл әліпбиіндегі "ә" әрпін латын алфавитінде "ае" деп белгілеген-ді. Олар өз латын әліпбиіндегі Ç ç, Ş ş сынды диакритикалық таңбаларын Ch ch, Sh sh әріптеріне 1995 жылы ауыстырған.

Қазіргі таңда Өзбекстанда 25 жасқа дейінгі өзбек жастарының барлығы дерлік латын әліпбиін пайдаланады. Ал аға буын өкілдері керісінше кирилл алфавитімен жазады. Елдегі кітаптер мен ғылыми еңбектер, газет, журналдар қос алфавитте шығады. Бірақ мектептер мен жоғары оқу орындарының басым көпшілігі латын әліпбиінде жазылған кітаптарды қабылдамайды.

Кітапханаларда латын алфавитінде жазылған кітаптардың саны өте аз. Мысалы Өзбекстанның Әлішер Навои атындағы көне кітапханасында 600 мыңнан астам өзбек тіліндегі кітаптар мен құжаттар сақталған. Ал олардың арасында латын әліпбиіне аударлыған нұсқалары жоқ.

Латын әрпінің соңғы нұсқасы да көңілден шықпай тұр

"Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру" туралы Қазақстан Президентінің жарлығы "2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" деп аталады.

Бұл жарлықта "бұрын бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің осы жаңа редакцияда жазылатыны" көрсетілген. Апострофты латын әліпбиі қабылданғанға дейін диграфты латын әліпбиі парламентте таныстырылып, қоғамда дау туғызған болатын.

12 қазанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов пен А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек 32 әріптен тұратын әліпби ұсынған еді.

Онда қазақ тіліне ғана тән кейбір дыбыстар апостроф (дәйекше) арқылы белгіленген. Мұның алдында комиссияның қазақ тілінің латын графикасында диграфпен (қосарланған таңба) белгілейтін нұсқасы қатты сынға ұшырап, қабылданбай қалған еді.

2018 жылдың ақпан айының 20-сы күні 2017 жылдың қазан айына бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қайта өзгерткені белгілі болды.

Әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі бұрынғы апострофты әліпбиден құтылдық десе, кейбіріне латын әліпбиінің бұл нұсқасы да ұнамай қалғаны белгі болды. Мысалы, жаңа латын әліпбиінде қазақ тілінің төл дыбыстарының төбесіне диакритикалық акут белгісін қойып, "ш" және "ч" дыбыстарын "sh" және "ch" диграфтарымен белгілеген. Саясаттанушы Руслан Түсіпбековтың ойынша, қазіргі бекітілген латын әліпбиіне әлі өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары