Тікелей эфир

Пәтер алуға арналған 8 ипотека. Тиімдісі қайсы?

Ипотекалық бағдарламалардың мүмкіндіктері мен қоятын шарттары туралы осы материалдан біле аласыз.

Ұлттық банк болжамынша, бөлінген лимиттің игерілуіне байланысты "7-20-25" бағдарламасы 2022 жылдың соңында, ал "Баспана хит" 2021 жылы аяқталады. Соған орай, қазақстандықтар енді өзге қандай ипотекалық бағдарламаларға қатыса алады? Олардың шарттары мен талаптары қандай?

Informburo.kz баспана алуға арналған бағдарламаларды салыстырып көрді. 

 

№1. "Нұрлы жер"

  • несие мөлшерлемесі – 5%-ға дейін;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%-дан бастап;
  • бастапқы жарна – үй құнының 20%-нан бастап;
  • қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.

"Нұрлы жер" – жаңа пәтер, жеке үй сатып алуға мүмкіндік беретін халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарлама. Баспана дайын күйінде сатылады. Салынып жатқан нысаннан пәтерді өз бетіңше таңдауға болады. Бағдарлама қатысушыларына салық жеңілдіктері беріледі. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясындағы жаңа нысандар baspana.kz порталына жарияланып тұрады.


Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі


№2. "Шаңырақ" ("5-20-25")

  • несие мөлшерлемесі – 5%;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%-дан бастап;
  • бастапқы жарна – үй құнының 10%-нан бастап;
  • қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Әкімдік кезегінде тұрған қазақстандықтар "5-20-25" бағдарламасына қатысып ипотека рәсімдей алады. 2021 жылы өтінімдер 1986-2021 жылдар аралығында әкімдікте есепте тұрған Отбасы банкінің салымшыларынан, сондай-ақ, банк салымшысы болып табылмайтын әкімдік кезегіндегі азаматтардан қабылданады.  

"Шаңырақ" пилот жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен, жеке құрылыс салушылардан сатып алуға болады. Сонымен қатар баспананы үлескерлік қатысу шарты бойынша алуға мүмкіндік бар. Бірақ, ол үшін құрылыс компаниясында "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ кепілдігі болуы керек.

Бағдарлама талаптары:

  • соңғы алты ай ішіндегі отбасының әрбір мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,7 күнкөріс минимумынан (2021 жылдың көрсеткіші – 34 302 теңге), яғни 126 917 теңгеден аспауы тиіс;
  • үміткердің атында соңғы 5 жылда үй болмауы шарт;
  • төлем қабілетін растау міндетті.

Қарыздың ең үлкен сомасы:

  • Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтарда – 18 миллион теңге;
  • Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды қалалары, сондай-ақ Қарағанды облысында – 15 миллион теңге;
  • басқа аймақтарда – 12 миллион теңге.

Әкімдік салған несиелік тұрғын үй бойынша 1 шаршы метр бағасы:

  • Алматы қаласында – 240 мың теңгеге дейін;
  • Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта – 220 мың теңгеге дейін;
  • Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта – 200 мың теңгеге дейін;
  • Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалаларында және Қарағанды облысында – 180 мың теңгеге дейін;
  • басқа аймақтарда – 160 мың теңгеге дейін.

№3. "Әскери баспана"

8-15:
  • несие мөлшерлемесі – 8% (СЖТМ 8,3%-дан бастап), кейіннен несие мөлшерлемесі 3,5%-ға дейін төмендейді;
  • бастапқы жарна – 15%;
  • несиенің максималды сомасы – 45 миллион теңге.
6-50:
  • несие мөлшерлемесі – 6% (СЖТМ 6,2%-дан бастап);
  • бастапқы жарна – 50%;
  • несиенің максималды сомасы – 90 миллион теңгеге дейін

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен үкіметтен тұрғын үй төлемін алатын әскерилер ғана ипотека рәсімдей алады. Өтінімді Отбасы банкінің hcsbk.kz сайты арқылы беруге болады. Депозитте пәтер құнының жартысы болса, сіз пәтерді веб-сайтқа жүгінбей-ақ сатып ала аласыз. Ол үшін сізге несие алу үшін банк бөлімшесіне бару қажет. Тұрғын үй төлемдерін пәтер жалдауға, сонымен қатар, Отбасы банкінде жинақ ретінде пайдалануға болады.


Оқи отырыңыз: "Әскери баспана" бағдарламасына құжаттар 11 маусымда қабылданады


№4. "Бақытты отбасы"

  • несие мөлшерлемесі – 2%-ға дейін;
  • бастапқы жарна – үй құнының 10%-нан бастап;
  • қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұл бағдарламасымен әкімдік кезегінде тұрған отбасылар ғана ипотека рәсімдей алады. Олар:

  • көпбалалы;
  • толық емес;
  • мүгедек баласы бар.

Бағдарлама талаптары:

  • әкімдік кезегінде тұру;
  • отбасының атында басқа үй болмауы шарт;
  • отбасының табыс көзін растау;
  • соңғы жарты жылда отбасындағы әрбір адамның табысы 3,1 күнкөріс минимумынан аспауы керек. 2021 жылы күнкөріс минимумы – 34 302 теңгені құрайды, ендеше отбасының әрбір мүшесінің табысы 106 336 теңгеден аспауы керек.
Айлық жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс (нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және т.б.), өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс, тұрғын үй төлемдері, шәкіртақы (негізгі кіріс болған жағдайда) негізгі кіріс ретінде есептеледі. Негізгі кіріс жеткіліксіз болса қосымша табысты (зейнетақы және зейнетақы аударымдары, экологиялық төлемдер) қосып есептеуге болады. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді. Бағдарлама қатысушысы өтінім берген кезде жұмыссыз болса немесе кірісі жеткіліксіз болса, онда қосалқы қарыз алушыны тарта алады. 

Қарыз сомасы:

  • Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда – 15 миллион теңгеге дейін;
  • басқа өңірлерде – 10 миллион теңгеге дейін.

Бағдарлама арқылы жаңа салынған үйден пәтерлерді, пайдаланылған пәтерлерді, жеке тұрғын үйді сатып алуға болады. Ескеретін жайт, тұрғын үйді әкімдікте кезекте тұрған аймақтан ғана сатып алуға рұқсат. Бастапқы жарнаны әкімдік берген тұрғын үй сертификаты есебінен өтеуге болады. Тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санатын әкімдік анықтайды.

№5. "Өз үйім"

  • несие мөлшерлемесі – 3.5%-дан 7%-ға дейін;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 3,6%-дан бастап;
  • бастапқы жарна – үй құнының 20%-нан бастап;
  • қарыз сомасы – 90 миллион теңгеге дейін;
  • қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.

“Өз үйім” – бұл жаңа салынған үйден пәтерді нарық құнынан төмен бағада беруге бағытталған Отбасы банкінің жеке бағдарламасы. Бағалар нарықтағы үй құнынан төмен. Құрылыс барысында-ақ үлестік қатысу арқылы үй сатып алуға болады, ол үшін үлестік қатысу туралы келісімшарт, сондай-ақ құрылыс компаниясы мен өкілетті ұйымда "Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры" АҚ кепілдігі болуы талап етіледі.

Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес. Салынып жатқан нысаннан пәтер таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарлама қатысушылары салық жеңілдігін ала алады. Үй сатып алынатын жерде тіркеуде тұру міндетті емес. 

№6. "Ұмай" әйелдер ипотекасы

  • несие мөлшерлемесі – 12%, арыз сомасының 50%-і жиналғаннан кейін ол 3,5%-ке дейін төмендейді;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 3,6%-дан бастап;
  • бастапқы жарна – үй құнының 15-20%-нан бастап;
  • қарыз сомасы – пәтердің бағалау құнының 85%-іне дейін;
  • қарыз беру мерзімі – 25 жылға дейін.

Отбасы банк Орталық Азиядағы тұңғыш гендерлік ипотеканы іске қосты. Ипотека табысы төмен әйелдерге беріледі. Отбасының ең жоғарғы табысы 320 мың теңгеге дейін болуы керек.

"Әйелдер ипотекасы" бағдарламасы арқылы қарыз рәсімдеу үшін әйелдерге ТҮҚЖБ шот ашып, бастапқы жарнасын толтыруы қажет. Оның көлемі кіріс деңгейіне байланысты:

  • кіріс 200 мың теңгеден аз болса, бастапқы жарна 15 пайыз;
  • 200 мың теңгеден көп болса, бастапқы жарна 20 пайыз болады.
  • Берілетін несиенің шекті сомасы – 30 млн теңге.

Пәтерді жаңа салынған үйлерден немесе ескі үйлерден де сатып алуға болады. Меншігінде басқа жылжымайтын мүліктің бар-жоғы бойынша шектеу жоқ, екі қарыз алушыны қатыстыруға болады.


Оқи отырыңыз: "Бақытты отбасымен" қалай баспана алуға болады? Нақты 9 қадам


№7. "Орда"

  • жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 12% (табыс көзін толықтай растаса), 14% (табыс көзін ішінара растаса);
  • бастапқы жарна – үй құнының 30%-нан бастап;
  • қарыз сомасы – 65 миллион теңгеге дейін;
  • қарыз беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Қазақстан тұрғын үй компаниясы серіктес банктер арқылы "Орда" ипотекалық кредиттеу бағдарламасын жүзеге асырады. Бағдарлама бойынша жаңа салынған немесе ескі үйлерді сатып алуға болады.

Бағдарламаға қатысатын аймақтар – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Орал, Өскемен.

Қарыз сомасы:

  • ең төменгі сома – 1 000 000 теңге;
  • ең жоғарғы сома – Нұр-Сұлтан мен Алматыда 65 000 000 теңге болса, басқа қалаларда 40 000 000 теңгеге дейін. 

Бағдарламаға Jýsan bank, Еуразиялық банк және Центркредит банк, BI Group құрылыс компаниясы қатысады. Бастапқы жарнаны жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепілмен алмастыруға болады. 

№8. "Жас отбасы"

  • несие мөлшерлемесі – 6%;
  • жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 6,3%-дан бастап;
  • қарыз сомасы – 90 000 000 теңгеге дейін;
  • қарыз беру мерзімі – 6 жылдан 9 жылға дейін;
  • кепілзат: сатып алынғалы жатқан жылжымайтын мүлік.

"Жас отбасы" бағдарламасы жақында некеге тұрған отбасыларға қаражатты бір жыл жинаған жағдайда 6%-бен несие береді. Жаңа салынған пәтер немесе ескі үй, жер үй сатып алуға болады. Үлескерлік қатысу шарты бойынша да алуға мүмкіндік бар. Қаражатты тұрғын үйді жөндеуге, үй құрылысына немесе жер телімін сатып алуға жұмсауға болады.

Бағдарлама шарттары:

  • ерлі-зайыптылардың бірі (немесе екеуіне де) Отбасы банкінде жаңа депозит ашып, кемінде 1 жыл бойы қаражат жинау керек;
  • жинақтау мерзімі өткенде бағалау көрсеткіші (ОП) 5 ұпайдан кем болмауға тиіс;
  • несиелік өтінім берерде депозитке тұрғын үй бағасының 50%-ын жинау немесе бірден салу қажет;
  • депозитті некеге тұрған сәттен бастап үш жылдың ішінде ашуға болады (неке қию туралы куәлікке сәйкес).
Серіктестер жаңалықтары