Тікелей эфир

Екінші Бейбарыс атанған Абдұлла Бұхаридың ғұмыры – кешегі қазақтың тағдыры

Сурет googl3.kz сайтынан алынды
Сурет googl3.kz сайтынан алынды
Қазақтың ұрпағы қазір 43 елде жүр. Солардың бірі – Шәкен Сарыұлы. Кезінде құлдыққа сатылған қазақтың баласы Саудияда генерал, Меккеде танымал бастық болған.

"Адамның басы – Алланың добы" деген екен аталарымыз. Қилы заман мен хикметті тағдырдың басқа салған ғұмыры қазақ сынды халықты торғайдай тоздырды десек артық айтпаймыз.

Абдұлла (Шәкен) қажы Сарыұлы Мұхаммет әл-Бұхари (1927 – 2000 жж.) Араб елінде Бейбарыс сұлтаннан кейін жоғары әскери қызметте болған және Мекке қаласының әкімдігінде жоғары билікке жеткен қазақ азаматы.

Шәкеннің тағдыры – ұрпақ үшін жан беріп, жан алған әке мен шешенің, арман мен аманаттың тарихы болатын. Жүректі сыздатар тарихи шындық әр қазақ баласының жүрегіне ұялары хақ.

Соғыс пен ашаршылыққа, басқыншылық пен зорлық-зомбылыққа толы тауқыметті тағдыр Алтай қазақтарын да аямады. 1936-1937 жылдары және 1950-1953 жылдардағы бұлт аспайтын Бұланайды (Гималайды) асқан қазақтардың ұрпақтары қазір 43 елде жүр.

Шәкеннің атасы– Алтайдағы елбасшының бірі, мал-жаны мен мансабы тең өскен адам болған

Атасының ағасы Бұратай Алтайдағы Сарбас руының тәйжісі (ру немесе бірнеше ауылды басқаратын мансап) және 1919 жылы Шинжиаң өлкесіне қараған Алтай аймағындағы үш әскери қосынның бірін басқарудан бас тартқан екен. Алтайда төбе биге дейін жеткен шешен. Сонымен бірге Бұратайдың төрт ұлы қатарынан тәйжі атанған. Мал мен басы тең өскен тұлғалар. Ал Шәкеннің ұлы атасы Белдемше үкірдай (болыс дәрежесіндегі мансап) болған адам.

Шәкеннің атасы Үрзіке ағасы Бұратай тәйжінің сенімді қолғанаты әрі мал-сұлын басқарып, жылқысына ие болған қарулы да батыл, сақ жылқышы болыпты. Қайрат Қайполлаұлының жазуынша Бұратай ауылының 500 жылқысын шығасын шығармай қайыратын мықты палуан болыпты.

Шешесі Зәуке – Елісхан батырдың немере қарындасы.

Шешесі Зәуке Құсайынқызы – елді бастап, ең бірінші болып Кашемир асқан атақты Елісхан батырдың немере қарындасы. Бұратай тәйжімен үзеңгілес өткен, Керейді Жәнтекей руының ішіндегі Тасбике табына жататын Құсайын тәйжінің қызы. Адуынды да ақылды, әрі ірі денелі болыпты.

"Балуан келін"

Зәуке – қоңқақ мұрын, сарғыш келген, өте бойшаң, сұлу қыз болса керек. Тек жастайынан ер адамша киініп, жылқы бағыпты.

Бір жолы жылқы барымталамақ болып келгендер еркекше киініп жүрген Зәукені жылқышы жігіт екен деп қалады.

Сегіз жігіт жылқыны сегіз жағынан шығып айдай жөнелгенде, Зәуке атына міне салып, қуып жетеді. Топ бастап кетіп бара жатқанның жаурынынан ұстап, лақтырып жібереді. Астындағы атының құлағынан басқанда тұмсығы жер сүзіпті деседі.

Мұны көріп тұра қалған жетеуі Зәукеге қарай ұмтылады. Жетеуін де аттарынан домалатып түсіріп, байлап алып, биге апарып тапсырады.

Сол жылы атастырған жігіті Сарыға тұрмысқа шығады.

Кейін Бұратай ауылындағы бір жиын-тойда әлгі барымтада ұсталған сегіз жігіттің рубасы "Тәйжеке, балуан келін түсіріп, қуанып жатырсыз ба?" депті. Сол кезде Бұратай тәйжі сырттан кірген келініне, "Балам, ана есіктің көзінде тұрған сары дағардағы тұзды кісілердің жолынан алып тасташы", – дейді ел көзінше сынағанын білдірмей.

Сонда Зәуке қаптағы тұзды бір қолымен жеңіл ғана көтеріп, жылжытып қойған екен. Мұны көрген төрдегі игі жақсылар оның палуандық күшіне шыныменен көздері жетіп, әлгі рубасы ат-шапан айыбын төлепті-мыс.

Шәкен Алтайда туылып, Баркөлде өсіпті

Гансу мен Чиңхайда шабондоз болыпты. Ал Сауд Арабия елінде үлкен мансапқа жетті.

Сары мен Зәуке бас құрап, бауырына қазан асқаннан кейін ілгері-кейінді Ырысалды, Маусипа, Моншақ деген үш қыз сүйеді. Арада бірнеше жыл салып 1927 жылы балпанақтай ұл Шәкен туылыпты. Екі жылдан кейін Мәулипа атты қызы дүниеге келеді. Ол кезде ел Алтайдың Шіңгіл ауданында отыратын.

Алтай өңіріндегі ұзаққа жалғасқан аласапыранның кесірінен Бұратай тәйжі және Зинан Залың бастаған Сарбастың бір бөлімі 1930 жылдардан кейін Баркөлге келіп тұрақтайды.

1932 жылы Сары жанұясын және қуанышқа толтырып, Шәкеннің артынан Оралхан туылыпты.

Бұл Шинжиаңда генарал-губернатор Шиң Шисайдың билігі жүріп тұрған кез еді. Алайда бірде коммунистерге, бірде гоминдаңға бет бұратын екі беткей саясат жүргізген Шиң Шисай қазақтың жаппай қаруланып, күшейіп кетуінен қорықты. Сонымен түрлі сылтаулармен жазалау жорығын жасап, елге қырғын сала бастапты.

Осы жорықтың бірінде Баркөлдің қоңыр адырында атақты Әліп батырдың ауылы шабылады. Аман қалған Әліптің ұлы Елісхан батыр бастаған қарулы топ жергілікті билікпен қатты тіресті. Сонымен Бұратай ауылы да құдандалы Елісхан батырдың соңынан Баркөлді тастап шығуға мәжбүр болады.

Бұратай ауылы 1936-1937 жылдардағы Алтай мен Баркөл, Мори жеріндегі үріккен елмен бірге Гансуға ауа көшіп, Чиңхайға барып қоныстанады.

Чиңхайда тұрғанда Сары Үрзікеұлы Күлімхан, Күлсінхан деген екі қыз сүйіпті.

Кейін Шәкен туған жеріне оралғанда, елдің Гансудегі отырған кезін есіне түсіріп, "Қайбар тәйжінің (Бұратайдың ұлы) жүйрік жарық қарын көк аты бар еді. Оған мені ғана шабандоз ететін, бәйгеде алдына қара салмай дара келуші еді" деп ат құлағында ойнап өскен балалық шағын ауыл адамдарына әңгімелеп берген екен.

Көш қалай басталды?

1929 жылы Алтайда атақты Зуқа батырдың басы алынғаннан кейін, аласапыран зобалаң басталды. Сол кездегі жергілікті биліктің қазақ ауылдарын қырғындауы, сыртқы монғол үкіметінің қарулы шабуыл жасауы, Қытайдың гоминдаң үкіметі мен коммунистері арасындағы азаматтық соғысы, "Қызыл аяқ соғысы" атанған дүнгендердің шапқыншылығы, үш аймақ үкіметі мен Оспан батыр арасындағы текетірес салдарынан Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға, Баркөл қазақтарының бір бөлігі ішкі Қытайдың Гансу, Чиңхай өлкелеріне қарай босты.

Ең алдымен 1929-1931 жылдар аралығында Алтай елі Еренқабырға мен Баркөлге ауыпты. Кейін 1936-1937 жылдардан бастап Баркөл арқылы Құмыл аймағын басып, шығысқа көшті. Көш Гансу өлкесі мен Чиңхай өлкесінің батыс бөлегіндегі адамы аз, иен жатқан жерлерге қарай бағытталған болатын. Алайда жергілікті дүнген әсери билеушілері мен гоминдаңдық Қытай үкіметінің құрығынан сонда да құтыла алмады.

"Дініміз бір ислам" деп алдаған жергілікті дүнген билеушілері онсыз да алды-артынан бораған оқтан шаршап, қырғын көрген халықты есіркеген жоқ. Кіріптар етіп, байлап ұстау үшін 7-18 жас аралығындағы балаларды күшпен кепілдікке алды. Ұлдарды құл қылып, қыздарды әйелдікке алады. Ұзын аяқты (түйе, жылқы, сиыр) малды тігерге тұяқ қалтырмай жинап әкетеді.

Не көше алмай, не балаларын қия алмаған қазақ ауылдары жіпсіз байланып, біраз жыл отырыпты.

Атақты Зуқа батырдың кенже ұлы Сауат қажының айтуынша сол кездегі балаларды құтқару операциясы кезінде 50-60-ын аман алып шыққан. Туыстарынан 9 бала өлген және із-түзсіз жоғалып кеткен.

Бұл – Гансу және Чиңхай провинцияларының батыс өңірі болатын.

Дүнген әскери билігі неге құтырды?

Мұсылмандығын пұлдаған дүнген әскери билігі де қазақты аяған жоқ. Онсызда қырғыннан құтылмай, аштыққа ұрынған елге білгенін істейді.

Бұл кезде Қытайдың ішкі жағында коммунистік Қытай мен Гоминдаң үкіметі арасында қиян-кескі соғыс жүріп жатқан болатын. Оған Жапон шапқыншылығы тағы келіп қосылды. Гоминдаң мен коммунистердің армиясы үздіксіз жеңіліп, соғыс батысқа жақындай бастаған болатын.

Осылайша үкіметтің батыстағы Чиңхай және Гансу өлкелерді басқару барынша әлсіреген кезі еді. Осылайша жергілікті өлкелердің басшылары күшейді.

Қытайдың Гоминдаң Орталық үкіметі дүнген Ма Буфаңға (Гансу провинциясының батысын, Чиңхай провинциясының бір бөлігін иеленген әскери билікші) әскери күштерін Гансу жерінен жыл аяғына дейін алып кетуді, жапонға қарсы соғыстың алдыңғы шебіне екі бригада әскер шығаруды бұйырған.

Алайда, Ма Буфаң батыстағы "қазақ бүлгіншілігі" дегенді сылтау етіп, шығысқа көшуге көне қоймады.

Бұл кезде босқан ел Гансудың батысындағы Жиучуан, Дұнхуаң және Чиңхайдың батыс облыстарына бытырай келіп, орналасып жатқан болатын.

"7-18 аралығындағы ұл баланың бірін де қалдырмай тартып алыңдар"

Шинжиаң өлкесінің губернаторы Шиң Шисай мырза да Ма Буфаң сияқты әр өлкедегі әскери басшылыққа телеграмма жолдап, қашып барған қазақтарды қайтаруды сұрады.

Бұл туралы Қайрат Қайполланың дерегінде: "бір бөлім қазақ ауылы бүлініп, екі рет тосқауылымызды бұзып, отыздың үстінде әскерімізді шығындап, өздерінен жиған 300-дің үстіндегі ат-түйені пұлдап, батысқа қашып кетті. Жергілікті монғолдардың межелеуінше, бұлар Шинжиаң, Чиңхай, Шизаң сияқты үш өлкенің түйілісіндегі иен өңірдегі Құсайынның ауылына барады дейді. Енді қалай істеуге өздеріңізден бұйрық күтеміз деген телеграмма келеді" деп жазады.

Деректе: "Ма Буфаң: ''қатын-баласын шұбыртып, қара тауды паналаған аз қазаққа ие болмағанда, біздің шамамыз кімге жетеді'' деп от алып, қопаға түсті. Соңында атамандардың жиынын шақырып, ашып, бірнеше қарар, бұйрық шығарды:

1. ... қашқан қазақты Кунлун тауынан асырмай, қарсыласқанның қанын төгіп, қол көтеріп бағынғанын малмен қосып айдап келіңдер.

2. ... ат-түйесін бірін қоймай, ер-тоқым, ноқта-жүген, бұйдасымен жиып алыңдар, ендігәрі қазаққа ат-түйе малдандырмаңдар. Бұдан былай өгізбен көшіп-қонатын болсын.

3. Қазақтан алған 200 бала аз, енді 7-18 аралығындағы ұл баланың бірін де қалдырмай, тартып алынатын болсын.

4. Қолдағы қазақтарға ел ішінен тілмаш, тыңшы тәрбиелеп, қазақ елінің ішкі ахуалын қыбыр еткізбей қолда игеріп, бұрылғанын аяусыз жаныштау керек" деп көрсетілген.

Енді әңгімені Қайрат Қайполланың естелігі бойынша жалғайық.

Шәкеннің дүнгенге қолды болуы және анасының ерлігі

Осыдан бұрын Елісхан батырдың ауылының қыздары мен әйелдерін зорламақ болған Ма Буфаң әскерлері ауыр қырғынға ұшырап, қазақтарға өштесе бастаған болатын.

Шәкен 1940 жылдары Чиңхай жерінде құлдыққа түсіпті.

Ма Буфаң әскерлері Чиңхай өлкесіндегі Құжырада (мешіт жанындағы медресе оқушыларына арналған жеке бөлме, лай қыштан жасалған шағын жеке жай, кеңсе – авт.) отырған, үріккен елді торғайдай тоздырып, қырғындап, ұлдарды құлдыққа, қыздар мен сұлу әйелдерді күңдікке барымталайды.

Бір күні Шәкеннің ауылын дүңген әскерлері басқанда, өлсе де арын таптатып, дүнгенге әйел болғысы келмеген анасы Зәуке қайыс жіптің бір ұшын түйіп, тісіне басып тістеп тұрады да, екінші ұшын босағаға мықтап байлап, 12 жасар Шәкенге үлкен тас тауып әкеп, ортасынан тастауға бұйырады.

Баласының: "Апа, не үшін олай істейсің, менің қолымнан келмейді ғой" деп жан дауысы шығады.

Анасы: "Жау қолында барымтаға күң боп кеткенше өлгенім артық, балам, тездетіп айтқанымды істе, қарайлауға уақыт жоқ" дейді. Шәкен жүгіріп шығып, қазандай тасты алып келіп, қайыс арқанның үстінен тастап жібергенде, Зәукенің екі маңдай тісі ұшып кетеді. Аузына толған қанды лезде тазалап, Шәкенді алып, жанында жатқан ішікті басына жауып, жатып қалады.

Әлден уақытта дүнген әскерлері үйге басып кіреді де, ішікті ашып, бет-ауызы көнек болып іскен әйел адам мен баласын көреді. Бұл өте ұсқынсыз әйел екен деп, 12 жастағы Шәкенді анасының қойнынан суырып алып, алдарына салып айдап кетеді.

Шешесі баласымен бірге кеткен

Дүнген айдағанда анасы Зәуке "баламды бермеймін" деп бірге кетеді. Екінші қызы Маусипа 14 жаста, Күлімхан 5 жаста, өзі Шәкеннің артынан кеткенде бір жастағы Күлсінханды осы кішкентай екі қызына бақ деп тастап кетіпті.

Дүңгендер айдап апарған адамдарды шатырға қамап, тұздаған талқан, қара су беріп, асау сарлыққа мінгізіп, шөп шабуға апарады екен де, жас балаларға жіп иіртіп, кемпірлерге иірген түйенің жібінен қамқа (шекпен, шапан) тоқытады екен. Өжет те, пысық Шәкен дүнген әскерлеріне ұнаса керек, оны ас үйге көмекшілікке орналастырады.

Шәкеннің шешеден айрылуы

Аттың жалы мен түйенің қомында, ет жеп өскен бала асханадан артылған ішек-қарын мен өкпе-бауырды, малдың іш майларын шешесі Зәуке жатқан шатыр жанына төгіп кетеді екен.

Зәуке жинап алған қалған-құтқанды шатырдағыларға береді. Үнемдеген майды талқанға араластырып, күніне талқанының жартысын жеп, жартысын бір қапқа сала береді.

Бір күні баласы Шәкенге кезіге қалған сәтті пайдаланып, "балам, жинаған талқандарым бір қаптай болып қалды, енді ақырын сытылып, қашайық" дейді.

Шәкен "бұл қатыгез қанішерлер бізді аямайды, өлтіріп тастайды, қазірше білдірмей жүріп, орайы келгенде қашайық" деп тоқтатады. Дәл осы кезде төрт дүнген келіп Зәукені бір теуіп, ұшырып жіберіп, Шәкенді шапалақтап, алдына салып айдай жөнеледі.

Шәкен қайта қайырылып, жүгіріп келіп, беліндегі кішкене мата белбеуін анасының беліне байлап береді де, "апа хош, хош апа, тірі болсам бұл өмірде іздеп табам, өлсек ақыретте кездесейік" деп шешесін қысып құшақтап, жылап отыра кетеді.

Шәкенді төрт дүнген тағы да текпілеп ала жөнеледі. Ертесіне Зәуке бастап, кемпір-шалдарды жинап, Чиңхайдың Долан деген округіне алып кетеді.

Шешесінің дүнгендерден қашуы

Ол жерде дүнгендер ішінде тұратын қазақтар да бар екен. Зәуке біреуге тері илеп беріп, шөптерін шабысып, біраз уақыт жүреді. Ақыры баласын қайтара алмайтынына көзі жеткен соң кемпір-шалдарды бастап, қашуды ойлайды.

Тасбике (ру аты) Тұрды батырдың шешесі Бәти және Ысқақхан, Жәнтекей (ру аты) Қами деген шал бар екен. Бәти – қатал әрі мықты адам болыпты. Өз кезінде Ақсайға (Гансу өлкесінің батысындағы жер аты) кетіп бара жатқанда баласы Тұрды батырға "қашпайық, қозғалмай отырсақ қана елді аман алып қаламыз" дейді.

Баласы "мен батыр болып, үйде иленіп жата алмаймын, елді бастап көшемін" деп анасының сөзіне құлақ аспай, Ақсайды бетке алып ,рулы елін бастап, көше жөнелген екен. Ақсайдың Ақшоқы деген жеріне барғанда, жаудың тұтқиыл шабуылына ұшырап, Тұрды батырға оқ тиеді.

Батыр жер құшып, "апам-ай, тіліңді алмап едім, кеш апа, хош, хош" деп жатып, ажалдың аузына кете барады. Бәти "жауда қал деп ем, жауда қалдың ба, тұзда қал деп ем, тұзда қалдың ба, жалғыз кетпей, жамағатты алып кеткеніңді қарашы" деп теріс айналып, қарамай кетіпті.

Сонымен Зәуке осы батырдың анасы Бәти және Қами деген кісілермен ақылдасып, өздерімен бірге тұтқында жүрген отыз шақты шал-кемпірді бастап, Доланның құржасынан түн ішінде тауға қарай қашып шығып, сол қашқаннан Чиңхайдың оңтүстік тауынан асып, Бұқақолдың аңғарына келіп тығылады.

30 қашқыннан 10 адам тірі қалған

Зәукенің қызы Күлімхан қажы Сарықызы 2001 жылы Баркөлге ағасы Оралханның жылдық нәзіріне келгенде сол тарихты есіне түсіріп, анасының әңгімесін былай жеткізіпті:

Тұтқыннан қашқандар шамамен ақпанның басында шығып, сәуірдің ортасына дейін үш айдан астам жүреді. Чиңхайдың батысындағы қазақтар қоныстанған жерге зорығып, әзер жетеді. Күн суығанда ішіктің түгін ішіне қаратып, күн ысығанда түгін сыртына қаратып киіп жүреді.

Биік таудан өткенде ақырын жүріп, 2 күнде етекке түседі. Ши, шақпақтары таусылып, жылқының тезегін шәйнектің ішіне салып, оны тамыздық, қызыл шоқ қылып, қақпағын жауып тығындап, басқалар байқап қалмау үшін күндіз ұйықтап, түнде жүреді.

Дем алған жерінде шәйнектегі тамыздық шоқтан от алып, шай-суын қайнатып ішіп, жолға шығып отырады.

Сары жонда (Чиңхай үстірті) ел жоқ екен, малдың, аңның жемтігі, сүйегі – біздің азығымыз. Құзғын айналған жер жемтіксіз болмайды. Сондықтан екі көзіміз аспанда жүреді. Содан өрлеп Аюбелге таяғанда жемтікке де зар болдық.

Жанымыз мұрнымыздың ұшына келгенде таңғыт (Таңғыт елі* – Орталық Азияның шығысындағы Гоби шөлі мен Ұлы Қытай қорғанының аралығын қоныстанған тайпалар бірлестігі) жеріне келдік. Таңғыттың иттері үлкен екен де, иттеріне сеніп үйінде мылтықтарын дүңк еткізіп атып қойып жата береді екен.

Сонымен жүре береді. Тауда аю көп. Жүре алмай артта қалған адамдарды алып кетеді. Сол аңғарда Дариға деген кемпір жүре алмай жолда қалады. Кейін біреулер оның киімін көріпті. Аюға жем болды деп болжайды.

Қами шал да жүре алмай жолда қалады.

Ақсайдың Ақшоқы деген жеріне келгенде, аштықтан белі бұралып, көзі қарауытып, зорға ілбіп келе жатқан өлмелі қашқындардың алдынан екі жігіт кездесіп, атқан құлжаларының етін пісіріп беріп, жандарын алып қалады.

Бұлар аң қарап жүрген сарбас руының Райымқан, Шәкертбай деген Зәукенің қайындары болып шығады. Бір күннен соң іздеп барып, Қами шалды да тауып, алып келеді. Семіз құлан атып, тағы да тамақтандырады.

Тағы бір-екі күн жүріп Ырқадағы сарбас сыбанның еліне келгенде, ауыл адамдары алдарынан ат-көлік, киім-кешек, азық-түлік алып шығады. Осылай 30 кемпір-шалдан аман-сау қалған 10 адам елге әрең жетеді.

Бұл кезде сарбастар (Шәкен ауылы) Гансу жерінде отырған болатын. Баркөлге әлі қайтпаған кез. Баласынан айырылып ауылға жеткен Зәуке апа көппен көрісіп, қауышады. Жолдағы азаптардың бәрін айтып беріп, тыңдаған елдің қабырғасын қайыстырады.

Дүнген әскерлері әйел-баласын барымталап алып кеткен соң, ауыл-аймақ оларды өлдіге балап, көпшілік Сарыға ақылын айтып, тірі адам тіршілігін көру керек деп Зәукенің немере сіңлісі Ықыман Мәситқызына үйлендіреді. Одан Талаша (Тәшкей) деген бір ұл сүйеді.

Шәкеннің ұйғырға сатылып және арабқа кетуі

Шәкенді алып кеткен дүнген әскербасы Ма Буфаңның бір ұйғыр саудагер досы бар екен. Ол дүнген досына "қолды болған 80 баладан біреуін таңдап бер, ақысын берейін" дейді. Ақшаға қызыққан дүнген іштерінен өжет, пысық деп Шәкенді таңдап, ұйғыр досына құлдыққа сатып жібереді.

Ол ұйғырдың жалғыз қызы және әйелі бар екен. 1941 жылы Сауд Арабияға қажылыққа бармақшы болады. Үй-іші мен Шәкенді серікке алып, қашырмен жолға шығыпты.

Түнде өздері ұйықтағанда Шәкенді қарауылға қояды. Өздерімен алып шыққан шыландымен жүрек жалғайды. Теңізге барғаннан кейін қашырын сатып, кемеге отырып, Меккеге бағыт алады. Меккеге аман-есен жетіп, қажылығын өтеген ұйғыр, сол арада қалып, сауда істеуге бел байлайды.

Жол бойы Шәкеннің пысық, елгезектігін ұнатып, өз баласы ретінде көріп, оны оқуға береді. Бір жылдан кейін қамқор болған ұйғыр әкесі аяқ астынан ауырып, қайтыс болады. Өгей шешесі: "сенің жолың жаман, саржұлдыз болып кезігіп, шалым өліп қалды, көзіңді жоғалт" деп Шәкенді үйден қуып шығады.

Көшеде жетім болып, тағдырдың тауқыметін тартып жүргенде жергілікті билік Шәкенді жетімдер мектебіне өткізеді.

Бір күні Меккенің қала бастығы тексеруге барып, өң-түсі арабқа ұқсамайтын баланы көріп, "сен қайдан келдің, ұлтың қандай" деп сұрайды.

Сонда Шәкен өзінің келу тарихын егжей-тегжейлі баяндап береді. Тебіренген ұлық, өзіне өгей бала етіп алады да, сырттай қарайласып тұрады. 13 жасында құлдыққа сатылып, малай болып зар еңіреген Шәкен мектепке ілінген соң оқуға бар зейінін салады.

Әрдайым үйренуге ұмтыла жүріп, 1946 жылы оқуын үздік аяқтап, мемлекеттік әскери мектепке қабылданады.


Шәкеннің жас кезіндегі суреті

Шәкеннің жас кезіндегі суреті / Жеке мұрағаттан


Арттағы ел тағдыры: жоғалған бала, ашыққан ел

Бұл кезде артта қалған елде әлі де тыныштық орнамаған еді.

1949 жылы Оспан төңкерісінде Баркөлден үріккен ел қайта Ақсайға (Гансу провинциясындағы қазақ автономиялы аудан) көшіп бара жатып, Құмылдың (Шинжиаңның Құмыл аймағы) Лом деген жеріне барғанда әскерлермен тағы соғысады.

Оқ жауып кеткенде кебежеге салынған балалар бұйдасын үзген түйенің үстінде кетеді. Ауыл қирайды. Соғыс басылғаннан кейін әскерлер келіп, қару-жарақ, жылқы, түйелерді жинағанда Сарының төрт жасар ұлы Талаша мен он жасар қызы Күлсінханды да алып кетеді.

Зәуке қаракер атпен баласы Оралханды артына мінгестіріп, қашып шығады. Құмды жерге келгенде ат жүрелеп қалады. Сол кезде ұлының жонынан ұстап жерге түсіріп жіберіп, аттың құйрығынан ұста депті. Оралхан аттың құйрығының ұшынан ұстап демеу қылып, құмнан өтіп тақырға шыққанда мінгесіп алады екен.

Содан келе жатса, жолда екі аяғы тұсаулы асау тайлақ кетіп бара жатады. Зәуке атпен шауып барып, ұлының жонынан алып тайлақтың үстіне тастай салады. Қонышындағы пышағымен тұсауын кесіп жібергенде, асау тайлақ қарғып-қарғып, шауып кетеді. Оралхан бұйдасы да жоқ асау тайлақтың өркешіне жабысып, түсіп қалмаудың амалын жасайды.

Сонымен ес кетіп, жан шыққанда жаудан таса бір таудың етегіне келеді. Адамдардың бәрі осы арада дамылдауға бекініп, жинала бастайды. Оралхан мінген асау тайлақ та шаба-шаба жуасып жеткен екен.

Әскерлер жұртта қалған балаларды жинап, жергілікті ұйғырларға асырауға бөліп береді. Талаша баласы көп біреудің үйіне бөлінеді де, Күлсінхан баласы аз жайлы отбасыға түседі.

Естияр болып қалған Күлсінхан төрт жастағы інісі Талашаға нан әкеп, қорған болып жүреді. Ал Талашаны ұйғыр әкесі кішкене бақыршаға кебек салып, оған біраз су құйып беріп, есек жайғызады екен.

Әкесі Сары Үрзікеұлының құсадан қайтыс болуы

Ломдағы соғыста бір ұл, бір қызы тағы жау қолында кеткен Сары Гансудың Аядұң деген жеріне барғанда қатты құсалықтан, күйіктен қан құсып бақиға аттанып кетеді.

Артта әскер қуып келеді. Үріккен елдің аялдауға амалы жоқ, көш жалғаса береді. Оралхан мен немере әкесі тәйжі Машан палуан және бірнеше жігіттер мәйітті жерлеп, көш артынан жетеміз деп қалып қояды. Мәйітті арулайын десе, су жоқ. Жазғытұрым кез. Қар да оңайшылықпен таптырмайды.

Оралхан түн ішінде жылғаны өрлеп жүгіріп жүріп, жарты қап қар тауып әкеліп, сонымен мәйітті арулап, түйеге артып жерлеуге Аядүңге (Гансу өлкесіндегі жер аты) апарады. Қабір қазуға сайман жоқ. Жандарында жүрген балғамен жер қазып, әкесін жерлеп, басына үлкен тас қойып кетеді.

Сондай қысылтаяң кезде тек қана Оралхандай сергек азамат пен Машан палуанның арқасында мәйітті көме алдық деп өз көзімен көрген Саттархан ақсақал кейінге дейін айтып отыратын.

Кейін Шәкен келгенде "Әкемді қойған жерге ертіп барыңыз, құран оқып қайтайын" дегенде Оралхан алыстан келген ағасының тілегін орындайды. Аядүңге ертіп барып, бірге құран оқып, жатқан жерінің жаннат болуын бір Алладан тілеп қайтқан екен.

Ақсайға (Гансу мен Шинжиаң өлкелерінің шекарасындағы жер аты) жетіп азат болған ел қайта айналып, әскер алып кеткен бала-шаға, іні-қарындастарын іздеп шығады. Он сегіз жасар Оралхан да інісі мен қарындасын іздеп, қайта Құмыл (Шинжиаң өлкесіндегі аймақ) жеріне келсе, азып-тозып жүрген Талашаны көреді.

Талашаны алып, еріп келген жолдастарымен бірге басқа да ауыл адамдарын іздеп бірнеше күн жүреді. Қарындасы Күлсінханды асырап алған үйінен алып қайтпақшы болып, Талашаны түйемен алдына алып келе жатады. Түйеге мініп көрмеген тентек Талаша "түйеге мінгізіп, қоқаң-қоқаң еткізіп ит қазақ мені нега апародұ" деп, біраз уақыт жат жерде жүріп қалып, тілін ұмыта бастаса керек, ағасына ұйғырша ұрсады екен.


1992 жыл. Қытай, Гансу өлкесіндегі әкесінің қабіріне барған сапары. Шәкен Сарыұлы Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы туыстарымен бірге

1992 жыл. Қытай, Гансу өлкесіндегі әкесінің қабіріне барған сапары. Шәкен Сарыұлы Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы туыстарымен бірге / Жеке мұрағаттан


Тағдыр талқысымен Меккеге жеткен қазақ баласының өмір тарихы әрі жалғасады

Шәкен 1951 жылы Меккеде әскери мектепті бітіріп, жол сақшысы болып, қызметке орналасады. Өзімен бірге істейтін ұйғыр досы Шәкенге "екеуміз жақсы доспыз, оның үстіне сенің жақын жанашырың жоқ, менің қарындасымды әйелдікке алып, достығымызды туысқандыққа жалғастырайық" деп қолқа салады.

Шәкен досының көңілін қимай, қарындасымен үйленеді. Бірақ оның мінезі нашар екен, Шәкенді сыйламайтын болып шығады. Өзі қалаған күні төркініне кетіп қалып, жұмыстан шаршап келгенде шай-суын да дұрыстап дайындап бермейді.

Бұл араб мемлекетінің заңына да қайшы еді. Шәкен досына телефон шалып, оның қарындасымен айырылысатынын айтады да, "талақ хатын" жазып тапсырады. Ажырасқаннан кейін барып, әйелінің екі қабат екенін біледі, одан бір қыз туылады. Ұйғыр әйел баласын алып Америкаға кетіп қалады. Шәкен оларға ай сайын ақша беріп, қызы бойжетіп, оқу бітіргенше көмектесіп тұрған.

Кейін Зәмзия деген араб қызына жолығады. Аузы күйген үрлеп ішеді, Шәкен оған басынан "Егер мені өмір бойы құрметтеп, менің айтқанымды тыңдайтын болсаң алам, әйтпесе әуре болмай-ақ қояйық" деп ашығын айтады. Ақылына көркі сай Зәмзия Шәкенге келісімін беріп, оған тұрмысқа шығады.

Шәкеннің бақытты күндері осылай басталады. Зәмзиядан Байсал, Адынан, Әділ, Нәдия, Әбдісәм, Сәмия, Әриш сынды үш ұл, төрт қыз сүйеді.


1982 жылы інісі Оралхан іздеп барғанда отбасымен түскен суреті. Сауд-Арабия

Сауд Арабиясы. 1982 жылы інісі Оралхан іздеп барғанда отбасымен түскен суреті / Жеке мұрағаттан


Шекара қорғаныс әскери бөліміндегі үш ерлігі

Шәкен мемлекеттік шекара қорғаныс әскери бөліміне әскери қызметін жалғастырады. Жастайынан өмір көрген бала әр істі жіті қадағалап, қызметті де адал атқарды.

Сол кездерде шекара өткелдерінде улы шегімдік – есірткі өткізуден сақтану өте қиын түйінге айналған еді.

Бір жолы шекара өткелінде жаздың күні жараған бурадай аузынан ақ көбік шашып, сілекейін шұбыртқан керуен түйелерін байқайды. Малмен өскен Шәкен қыста жараған бураның аузынан ақ көбік шығаратынын, жазда түйе түлігінде мұндай құбылыс болмайтынын жақсы білетін еді.

Аузынан ақ көбік аққан кіре түйесінің бірін сойғызып, тексертеді. Сөйтіп түйенің ішек-қарнына жасырылған қыруар улы шегімдікті қолға түсіріп, есірткі саудалаудың осындай құпия сырын әшкерелейді. Бұл топ талқандалады. Шәкенге мемлекет жағынан сыйлық беріліп, еңбегі еленеді.

Тағы бір жолы, шекара қорғаныс шарлауында жүрген әскерлер түйекиіктің (жабайы болып кеткен түйе тұқымы, Қытайдың Гансу, Құмыл, Тибет жағында көп көбінесе құмды иен далалықта көп кездеседі) бурасының шабуылынан машиналары құлап, бура әскерлерге қауіп төндіреді.

Шәкен мемлекет жағынан заңмен қорғалатынын біле тұра, ойланбастан түйекиік бурасын атып өлтіріп, жолдастарын қорғап қалады. Шәкеннің өз басына келетін жауапкершілік пен жазаланудан қорықпай, жауынгер серіктерін қорғаған батылдығы мен ержүректігін әскери басшылары жоғары бағалап, марапаттайды.

1977 жылы қараша айының соңында Меккеде ауа-райы бұзылып, ерекше құмды боран соғады. Ұшақтар ұшуын тоқтатып, мыңдаған қажылар еліне қайта алмай қалады. Табиғатынан іскер Шәкен көрші елдермен өнімді байланыс орнатып, қажылардың аман-есен еліне жетуіне мүмкіндік жасайды.

Шәкеннің қызмет барысындағы қабілеті мен дарынын, сіңірген еңбегін бағалаған мемлекеттік қорғаныс министрлігі Шәкенге "Еңбегі сіңген генерал" атағын береді.

Шәкен жоғары әскери шенде болып ғана қоймай, Мекке қаласында да лауазымды қызметтер атқарады.

Сөйтіп, кезінде дүнген тартып әкетіп, құл орнына сатқан панасыз жетім Шәкенге жылына милиондаған қажы келетін Мекке қаласының қауіпсіздік қызметі сеніп тапсырылыпты. Бұл өткен ғасырдың 1970 жылдары екен.

65 жастағы әже Зәукенің ел аузындағы ерліктері

1949 жылы Қытайда коммунистік билік орнағаннан кейін ел өз мекендеріне оралады. Бұл Зәуке апа 65 жастарға келіп қалса да бойынан қайраты қайтпаған кезі екен.

Бірде ол көш кезінде ат үстінен жердегі бесікті өзі іліп алады. Тағы бірде жаз жайлау Баркөлдің Көкжарына көшіп бара жатқанда қия беттен шаңырақ артқан түйенің аяғы тайып құлап кетеді. Зәуке апа қиялай шауып барып, аттан секіріп түсіп, тізесімен түйені тіреп тоқтатып қалады. Саптама етігінде салып жүретін қанжар пышағын суырып алып, тең арқанын кесіп жіберіп, түйені тұрғызып жібереді.

Сол кезде өзі көксау болып, ауырып жүр екен. Бұл көрініске куә болған бала Әлімбек кейін қартайғанда көзі тірісінде тебіреніп айтып отыратын.

Тағы бір жолы жон асып көшіп бара жатқанда, бір кемпірдің ағаш шелегі көш алдындағы түйеден түсіп, домалап кетеді. Ол заманда дүниенің бәрі тапшы, әлгі кемпір "қайран шелегім-ай" деп зар еңіреп отыра кетеді. Көштің артында келе жатқан Зәуке шауып барып, қамшысымен домалап келе жатқан шелекті іліп алыпты.

Ана жүрегі бәрін сезеді. "...Шәкен бір жерде үлкен ұлық. Іздеңдер" деп өсиет қалдырыпты

Он үш жастағы Шәкен дүнгеннің қырғынында дерексіз кеткен соң не өлді, не жоғалды деп ел күдер үзеді. Тек анасы Зәуке ғана "Шәкенім еске түскенде омырауым шымырлайды" деп кемсеңдеп отырады екен.

Жасы ұлғая келе жоғалып, далада қалған екінші қызы Маусипаны да қоса есіне алып, "ит жеп кетті ме, қайда қалды? Шәкенім қайда қалды?" деп жүрек сыздатар қайғысын қайталап айта беретін болыпты. Осыдан ауылдағы жас балалар Зәуке апаларын "жылауық апа" деп атайтын болған.

Көзі тірісінде Зәуке ана Шәкенін жаратушыға аманаттап жалынып өтеді. Қайтыс болар алдында ұлы Оралханға, "Балам, 16 жылдан кейін ағаң Шәкеннен хабар келеді, ол бір жерде үлкен ұлық болып тұрады. Сен оны ізде, көр" деп өсиет айтыпты. Бұл 1961 жылдың желтоқсан айы, елдің Баркөлдің Қызылқабақ қыстауында отырған кезі екен.


1982 жылы Түркияда туысқандарына барғанда түскен суреті

1982 жылы Түркияда туысқандарына барғанда түскен суреті / Жеке мұрағаттан


Шәкен қалай табылды?

Ауған елдің бір бөлігін бастаған Елісхан батыр Әліпұлы 1937-1938 жылдары Ласа арқылы Қытай шекарасын бұзып өтіп, Кашемирге келеді. Арттан қуған жаумен шекара маңында қырғын соғыс болады. Ұрыс арасында дамылдағанда сәждеге жығылып, намазын оқып жатқан қазақтарды көрген Кашемир шекара әскерлерінің мұсылман бастығы оларды шекарадан өткізіп алыпты.

Екінші көш, 1951 жылы басталды. Бұл кезде Қытайда коммунистік билік орнаған болатын. Алайда алдағы ұрпақ тағдырына алаңдаған Сұлтаншәріп Зуқаұлы бастаған, Құсайын, Такыман, Қалибек қостаған көш ілгерінді-кейінді Кашемирге өтті.

Сұлтаншәріп тәйжінің ұлы Сауат қажының айтуына қарағанда арттағы жау мен тибет әскерлерінің екі бірдей қыспағына ұшыраған ел күз соңына қарай амалсыздан төтелеп мұздықтан өтуге мәжбүр болыпты. Шекарада 23 күн тосып ақыры, Кашемир жақтан келген рұқсаттан кейін ғана өтеді.

Осылайша Гималай аса ауған ел 1954 жылдан бастап Түркияға барып қоныстанды.

Шәкенді міне осы Түркияға ауған елдің қажылары тапты. Бұл туралы Қайрат Қайполла былай деп әңгімелейді:

"1958 жылы Түркиядан қажылыққа барған Қарыштай Жуанғанұлы (Қытайдан босып, 1954 жылы Түркияға барған) Абдұлла атанып жұрген адамды өз құдаларының жоғалған баласының бейнесіне ұқсатыпты. Сөйлесе келе оның Шәкен екенін анықтап, өлгені тіріліп, өшкені жанған қуанышты хабарды Түркиядағы Жиған қажы Бұратайқызы мен Сәнияхан қажы Займоллақызына жеткізеді. 1964 жылы апайы мен қарындасы Шәкенді іздеп барып, аңсаған шөл, аңыраған мейірі қанып қауышып, қуанышты хабарды сонау Қытайдағы туыс-туғанына жеткізеді".


Шәкеннен хабар алған ағайын-туыстары

Шәкеннен хабар алған ағайын-туыстары / Жеке мұрағаттан


Шәкеннің туыстарына жазған хаты

Зәуке апа өсиетінде көріпкелдікпен айтқанындай араға 16 жыл салып найман Құсайын тәйжінің баласы Мансұр тәйжі (қазір Қазақстанда тұрады) Түркиядан Қытайға туысшылай келгенде хабар алып келеді.

Шәкен Сарыұлының елге хатында: "Бір бұлбұлды алтын қапасқа қамап, сарайға қойып қойса, "Отаным, отаным" деп сайрай береді екен. Бұның отанын көрейінші деп қапасты ашқан хан, оның ұшып барып, бір түп итмұрынның басына қонғанын көреді. Әне сол менмін, бұл жерде осындай үлкен ұлық болып отырсам да, туған жерімді бір көруді аңсаймын, әкемнің аты Сары Үрзікеұлы, анамның аты Зәуке Құсайынқызы, туысқандарым болса менімен хабарласыңдар" деп сағынышты сәлем жолдайды.

Хатты алған Оралхан Сарыұлы мен Тәшкей Сарыұлы Түркиядан келген жолаушылардан қайталай сәлем жолдап, өздерінің амандықтарын жеткізгеннен кейін Шәкен оларға шақыру және жолына жетерлік қаржы жібереді. Сөйтіп 1981 жылдың шілде айында Оралхан Сарыұлы ағасына барып қайтады.

Туған жерге келгенде шашу шашып, той жасады

Зейнетке шыққан Шәкен қажы Сарыұлы 1992 жылы атамекені – жеті жасында кеткен жері Баркөлдегі туған елге 54 жыл дегенде қайта оралады.

Саудиядан келген лауазымды тұлғаға Қытай үкіметі де ізет білдіріп, аудандағы екі джип көлігінің бірін шығарып, ел аралатады. Шәкен тіріге сәлем жасап, өліге құран оқып, туған жеріне аунап, мауқын басады.

Бұл туралы Қайрат Қайполла былай деп еске алады:

"Ол кезде Оралхан және Талаша жанұялары Баркөлдың кіші сауысқанды жайлауында отырған еді. Оралханның екінші қызы Өпеннен туған менің жеті жасар кезім. Әлі есімде, нағашы атамның үйінде бүкіл туыс-туған, ауыл-аймақ жиналды. Ойдан үш-төрт машина көрінді. Таяған сайын елдің бәрі үйдің алдына шықты. Көліктен нағашы атам Оралхан ағасы Шәкен және көптеген адамдар түсіп жатты. Басында бұйра бөрігі бар еді, кейін білсем, ол – қажылар киетін бас киім екен. Нағашы апаларым Орал, Әнипа және басқа ауыл ақ самайлылары шашу шашып, көрісіп жатыр. Нағашы атам Оралхан ақ сарбас сойып, ауыл адамдарымен бірге мәре-сәре той жасады".

Қарма шай жасатып ішіпті

Шәкен Қытайға келерден бұрын әйелі мен балаларын жинап алып, өз басынан өткен тарихты толықтай айтып беріпті. Көрген қорлығы мен қиындықтарын естіген балалары еріксізден көздеріне ыстық жас алыпты. Әкелерінің де туыстарын тауып, өшкенінің жанғанына қуаныпты. Сонымен көзі ашық Шәкен Қытайдағы барлық жағдайды естіп, біліп отырған екен.

Шәкен қазақ тілін ұмытпапты. Бірақ сөз әуені арабшаға бейім, кейде түрікшеге жақын болып естіледі екен.

Қайрат Қайполла: "Ширек ғасыр өтсе де қажы атам Шәкен анасы Зәукенің бейнесін де ұмытпапты. Әрдайым амандаса келген ауыл адамдарына суреттеп беретін еді. "Апам қоңқақ мұрынды, бойы биік сұлу адам еді, тағы қойдың майы күшті болып кетеді деп сабаның майымен ұннан қарма шай жасап беретін еді. Соны сендер жасай аласыңдар ма" деп анасын аңсап, келіні Орал Яқия қызының қолынан қарма шай жасатқызып ішетін.


Туыстармен түскен естелік. Қытай

Туыстармен түскен естелік. Қытай / Жеке мұрағаттан


Баркөлде Құрбан айтқа қатысты

Сол күндердің бірінде Құрбан айт та келіп үлгереді. Намазға жиылған ауыл адамдары Сауд Арабияның Меккесінен келген Шәкенге имам орнына айт намазын оқуын өтініпті. Бірақ Шәкен "заң-саясаты бөлек ел, мен намазға қатынассам болды, намазды имам оқысын" деп келіспейді.

Сонымен имам Ұрым Ырғайбайұлы айт намазын бастап оқып жатқанда сау етіп сақшылар жетіп келеді. Олар ауыл адамдарының мәлімдеуінше бұл жерде Сауд Арабиядан бір адам дін таратып жатыр деп келеді. Жамағаттың бары ондай іс болмағанын шуылдасып айта жөнеледі. Олар намаз біткенше аңдып тұрыпты.

Сиырдың ұрғашысы жеті адамға жарайды деп әке-шеше, қарындас туыс-туғандарына арнап бір сиыр құрбанға, бір қойды шекке шалады да, намаздан тараған жамағатқа үлкен ас берілді.

Содан нағашы атам Оралхан халықты жиып, ағасының аман келгенін алашқа жайып, ат шаптырып, үлкен той жасады. Аға-бауыр, туған елімен қауышқан Шәкен іштей Алланың аларынан берері көп деген рас екен ғой деп, Аллаға мың шүкірлік етіп екінші мекені – Меккеге жол тартты. Ұлы Адынан Әл-Бұхари да қазіргі күнде Сауд Арабияда әкесі Абдұлла (Шәкен) сияқты лауазымды қызмет атқарады, – деп еске алады Қайрат Қайполла.


1992 жылы Баркөлдегі туыстарына барғанда Құрбан айтқа қатыспты

1992 жыл. Баркөлдегі туыстарына барғандағы Құрбан айт / Жеке мұрағаттан


Шәкен 2000 жылы Сауд Арабиясының Жидда қаласында қайтыс болды

Өз өмірінде 39 мәрте қажылық сауап өтеген Шәкен қажы Сарыұлы 2000 жылы Сауд Арабияның Жидда қаласында 73 жасында дүниеден өтті.

Шәкеннің жылы қоян екен, қайтыс болардың алдында бірнеше ай бұрын Стамбулдағы немере қарындасы Сәнияхан Займоллақызына кездесіп, әңгіме үстінде "мен өмірімде дүние-мүлік жиып, қу дүниенің соңынан түспедім, ойласам 39 рет қажылық өтеппін, сол маған жетеді ғой, иә, Сәнияхан" деп әзіл аралас жүректегі сөзін айтқан екен.

Тағдырдың тәлкегімен жастайынан туған жерінен, ата-анадан, туыс-туғанынан айырылып қиындыққа мойымай, араб елінде Бейбарыс сұлтан сынды өмір кешті. Жоғары әскери мансап алғаны туралы да айтылып жүр.

Сайран қажы Қадырұлы: Шәкен "офицер Абдұлла" атанған

Сайран қажы Қадырұлы, Монғолияның Араб елдеріндегі бұрынғы елшісі: "Мен Сауд Арабиясында жүргенде, 1993-1994 жылдары үйіне барып қонатынмын. Көлігін де пайдаланып тұратынмын. Марқұм қазақ десе жанын беретін еді. Қарапайым болды. Ел оны "Забит Абдұлла" дейтін. Zabyt – деген арабша офицер деген сөз" деп еске алады.

Біз Шәкен Сарыұлының нақты қандай лауазымды қызмет атқарғанын білмейміз. Іздестіріп те көрдік. Мүмкін алда анықтай жатармыз. Бір шындығы жылына миллиондаған қажылар мен саяхатшылар келіп-кететін Мекке қаласының тәртіп және қауіпсіздік қызметін қадағалағаны белгілі. Ал одан да маңыздысы Шәкеннің тағдыры.


Шәкеннің ұлы Аднан Бұқари Саудия әуе жолдарының ұшқышы

Шәкеннің ұлы Аднан Бұқари Саудия әуе жолдарының ұшқышы / Аднанның жеке парағынан алынды


Соңғы сөз

Оқиға Сарбас руының шежіресі, жиені Қайрат Қайполланың жазып алған естелігі негізінде жездесі Сауат қажы Зуқаұлы мен жазушы Баяхмет Жұмабайұлының айтқандары бойынша жазылды.

Шәкеннің тағдыры – қажырлы әке мен қайсар ананың ұрпақ үшін арпалысқан ғұмырының айғағы. Әркімнің әке-шешесі де дәл солай ұрпақтары үшін күресетіні шындық. Сондықтан ана мен әкенің еңбегін бағалап, ұлылығын түсіну, арман-тілегін орындап, аманатына адал болу – нағыз азаматтың бұлжымас борышы болмақ.

"Қырық жыл қырғын болса да ажалда өлесің" деген аталы сөз осыдан болса керек. Әке-шешелеріміз аман, тәуелсіздігіміз мәңгі, еліміз тыныш болсын, ағайын-туыс бір-бірінен бөлінбесін, ағайын!


Шәкеннің шежіресі

Шәкеннің шежіресі / Жеке мұрағаттан


Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары