Тікелей эфир

«Жаным ауырып, қайғырып тұрмын»: Сотталушы Байжанов Нүкенованы өлтіру ісі бойынша куәлік берді

Сотталушының айтуынша, ол қайғылы оқиға болған күні не жағдай болып жатқанын толық түсіне алмаған.

Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша екінші сотталушы Бақытжан Байжанов куәлік берді.

Ол өз сөзін Салтанаттың отбасына көңіл айтудан бастады. Ол Салтанатты жеке білетіндіктен, жаны ауырып, қайғырып тұрғанын айтты.

«Мен барлығынан, ең алдымен, Салтанаттың отбасынан, достарынан, өзімнің ата-анамнан, әйелімнен, балаларымнан кешірім сұраймын. Мен мойнымдағы жауапкершілікті толық түсінемін. Сол сұрапыл күндегі жағдайды толық түсініп, мән бере алмағаныма қатты өкінемін. Менің әрекеттерім мен әрекетсіздігім жаңа қырынан көрінеді. Мен сіздердің алдарыңызда сол күні шын мәнінд не болғанын түсіндіріп, айтып беру үшін келдім», – деді Байжанов.

Оның айтуынша, 9 қарашада ол Салтанатты бірнеше рет көрген. Сотталушы оны таңертең тек көзінің қырымен ғана көре алды, Салтанаттың сол көзі ісіп кеткен.

«Кабинаның іші шашылып жатты. Мен кабинаның ішіндегі дәретхана есігінің бүлінгенін көрдім.Таңертең «Гастроцентрге» келгенімде Бишімбаевтың түні бойы әбігерге түсіп, ішімдік ішіп, Салтанатты тағы да ұрып-соққанын білдім. Бұл туралы маған «Гастроцентрге» келмес бұрын айтты. Бірақ мен жағдайдың қаншалықты салмақты екенін түсіне алмадым. Салтанатқа мұндай қауіп төніп тұрғанын білмедім және әңгіме өмір мен өлім туралы екенін де білмедім. Бұл – ақталу емес, мен шын мәнінде не болып жатқанын білмедім, тсүінбедім. Бұл – менің кінәм және сол үшін қатты өкінемін. Не болып жатқанына дұрыстап назар аударғанда қалай көмектесе алатынымды ойлаймын», – деді ол.


Оқи отырыңыз: Сот-медициналық сарапшы: Нүкенованың алған жарақатының сипатын ескерсек, оны құтқару мүмкіндігі екіталай еді


Бақытжан Байжанов 9 қараша күні таңертең күзетші қоңырау шалып, Бишімбаев пен Нүкенованың мас күйінде көлікпен кетіп қалмақ болғанын айтқанын атап өтті. Сағат 8-ден кейін мейрамхананың менеджері Қарлығаш Әлмағамбетова Байжановқа телефон соғып, Бишімбаев түні бойы төбелесіп, мейрамханада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жігіттердің жұмысына кедергі келтіріп жатқанын айтты.

«Үйде отырғанымда Қуандық пен Салтанат түні бойы мейрамханада болып, сол жерде тағы бір жанжал шыққанын білдім. Шынымды айтсам, бұл жаңалық мені қатты таң қалдырған жоқ, мен олардың келеңсіздігіне үйреніп қалғанмын. Төбелесу, жиһаздың бұзылуы және басқа да тәртіпсіздіктерге ұласуы – мұның бәрі олар бірге өмір сүре бастағаннан бері үйреншікті жағдайға айналды. Мен олардың жанжалдасып жатқанын жиі көрдім. Салтанаттың көгергенін бір емес, бірнеше рет көрдім», – деп жалғастырды сотталушы.

Сол күннің хронологиясына қайта оралсақ, Байжанов сағат 9.30 шамасында Бишімбаевтың өзіне телефон соғып, мейрамханаға шақырғанын айтты. Екінші қабатқа көтерілгенде, VIP кабиналардың бірінде жарық жанып тұрғанын байқаған.

«Мен есікті қақтым, Бишімбаев есікті ашты. Мен ішке кірейін деп жатыр едім, Бишімбаев маған «Кірме» деді. Одан ішімдік иісі шығып тұрды, бірақ жағдайы қалыпты. Сол кезде оның үстінде қара костюм болды, оның ішінен ештеңе кимеген. Сол кезде бұрыштағы диванда отырған Салтанатты байқадым, үстінде жартылай ашық қара плащ болды, оның ішінде киімі болған жоқ. Салтанаттың түрін көріп абдырап, мен бірден басқа жаққа қарадым. Сол кезде оның басы төмен түсіп отырғанын айқадым. Осыған байланысты сол көзінің ісінуі мен қызарғанын бірден байқамадым, беті жасырылып қалды. Сондай-ақ, кабинаның шашылып жатқанын көрдім», – деді ол.


Оқи отырыңыз: Салтанат Нүкенова ескі жарақат салдарынан қайтыс болуы мүмкін бе?


Сотталушының айтуынша, Бишімбаев көрпе әкелуді сұраған. Оның айтуынша, кабинаға көрпемен кіргені туралы пікір – дұрыс емес. Ол Бишімбаев ішке шақырып алып, үйге кетіп бара жатқандарын айтқан соң ғана кірген.

«Салтанаттың тынысы қаттырақ және жиілеп кетті. Мен оны ұйықтап жатыр деп ойладым. Шынымды айтсам, ол кезде мен оған онша мән бермедім, өйткені олардың түні бойы ұйықтамай, ішкендерін білетінмін. «Ол қатты шаршаған» деп ойладым. Мән бермегенімнің салдарынан оның тез тыныс алуын шаршаумен байланыстырғанымды енді түсіндім», – деді ол.

Олар кабинаға кірген соң, Байжанов Бишімбаевпен бірге Салтанатты көтерді. Сол кезде ол орнынан тұрмақ болып, Байжановтың қолын қысып алған.

«Ол басын сәл көтерді, тік ұстады деуге болады. Ол менің қолымды қатты қысты, енді ойлаймын, ол сол кезде көмек сұрағысы келген шығар, әлдеқандай белгі бергісі келген шығар деп ойлаймын. Қалай болғанда да, сол күні Салтанаттың ауыр жағдайын түсінбей, жағдайдың қаншалықты ауыр екенін жете бағаламағанына қатты өкінемін», – деді сотталушы.

Сондай-ақ, ол кейінірек Бишімбаевтың нұсқауымен мейрамханада орнатылған бақылау камераларының жазбаларын өшіргенін, бірақ оларда қылмыс белгілері болуы мүмкін деп ойламағанын айтты. Күндіз Байжанов Нүкеноваға жедел жәрдем шақыруды ұсынған, бірақ Бишімбаев оның жай ұйықтап жатқанын, көмекке мұқтаж емес екенін айтқан. Нәтижесінде Байжанов кешке қарай жедел жәрдем шақырған.


Оқи отырыңыз: "Қайтпасам, ол кек алады". Сотта Нүкенова мен құрбысының бір-біріне жазған хаттары оқылды


«Маған Бишімбаев телефон соғып, Салтанаттың тамыр соғысы жоқ екенін айтып, тез келуімді сұрады. Естігенімнен шошып кеттім де, бірден екінші қабатқа жүгірдім. Кабинетте Бишімбаевтың Салтанаттың қолын ұстап отырғанын көрдім. Тамыр соғуы жоқ екенін айтып, тамыр соғуын тексеруімді өтінді. Тексерейін деп көрдім, бірақ анықтай алмадым, қатты толқып кеттім, қорқып кеттім, үрейленіп кеттім. Екіншіден, менде бұрын мұндай тәжірибе болмаған. Содан кейін таныс дәрігеріме бірнеше рет телефон соқтым. Тамыр соғуды таба алмағанымды, тамыр соғысын дұрыс тексеріп жатқан-жатпағанымды сұрадым», – деді Бақытжан Байжанов.

Байжановтың айтуынша, жедел жәрдем диспетчері немесе өзі білетін дәрігер оған мойынның тамыр соғуын тексеруге кеңес берген. Салтанаттың мойнындағы жараны алғаш сол кезде байқады. Осы кезде Бишімбаев көріпкелмен сөйлесіп тұрған.

«Ол неге жедел жәрдем шақырмайды деп ойладым. Мен өзім телефонымнан жедел жәрдем шақырдым, жағдайды түсіндірдім. Содан кейін диспетчердің нұсқауы бойынша 10-15 минуттай реанимациялық шараларды жасадым», – деді ол.

Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және хабарламады деп айыпталуда.

Серіктестер жаңалықтары