BilimClass электрондық мектеп журналында сабақ кестесін құруға арналған арнайы конструктор енгізілді. Сынып саны 100-ге жететін мектептер үшін жүйе дайын кесте нұсқасын бір минуттан аспайтын уақыт ішінде құрастырады. Бұл туралы электронды платформаның баспасөз қызметі хабарлады.
BilimClass әзірлемесінің жетекшісі Фархат Үсеннің айтуынша, сабақ кестесін әзірлеуге енді бір минут жеткілікті. Бұған дейін кестеге жауапты маман оны электрондық кестелерде немесе сыртқы бағдарламаларда құрастырып, электрондық журналға дайын күйінде көшіретін. Енді кестені жүйенің өзінде қалыптастырып, өзгерістерді дайын кестеге енгізуге болады. Бұдан бөлек, жүйе кестені қолмен жасағанда жиі кететін қателіктерді шешеді: мұғалімнің де, сабақтың да қабаттасып кетуіне жол бермейді.
Сабақ кестесін автоматты түрде құрастыру кезінде жүйе санитарлық талаптарды қатаң ескереді: оқу жүктемесін апта күндеріне тең бөледі және күрделілігі жоғары пәндерді бір сыныпқа күніне екі рет қоймайды. Кабинет таңдағанда алдымен мұғалімге бекітілген бөлме, содан кейін пәнге арналған арнайы кабинет, ал олар бос болмаса, әмбебап кабинет есепке алынады. Егер сынып топқа бөлінсе, жүйе бір пән бойынша сабақтарды бір уақытқа қояды, бұл ретте әр топтың өз мұғалімі мен кабинеті сақталады. Кестені бөлуді бастамас бұрын конструктор енгізілген мәліметтерді тексеріп, қай ақпараттың жетіспейтінін көрсетеді: барлық ескерту ескерілмейінше, кестені құрастыру процесі басталмайды.
Кестенің түпкілікті нұсқасын жауапты маман өзі бекітеді. Жүйе бөле алмаған сабақтар себебімен бірге (мұғалімнің, бос уақыттың немесе кабинеттің тапшылығы) бөлек тізімге шығарылады. Кестеге жауапты маман мәліметтерді түзетіп, тек бөлінбей қалған сабақтарды қайта қарауға жібереді, ал кестенің дайын бөлігі мен енгізілген өзгерістер автоматты түрде сақталып отырады. Бұдан бөлек, белгілі бір сабақты нақты күн мен уақытқа бекітіп қоюға болады, ал қалған кесте соған ыңғайластырылып құрылады. Сондай-ақ кесте ресми түрде жарияланғанға дейін оны мұғалімдер де, оқушылар да көре алмайды.
"Бiзде бар деректер бойынша, 71 сыныбы, 178 педагогі бар мектептерде кестені қолмен құрастыру екі-үш аптаға созылады және сабақтардың қабаттаспауын үнемі қадағалап отыруды талап етеді. Конструктордың көмегімен 100 сыныбы бар мектептерде кестені қалыптастыру бір минуттан аспайды және сабақтардың кем дегенде 85 пайызы бірінші реттен-ақ еш тузетусіз бөлінеді. Сонымен қатар кестені қолмен жетілдіруге болады, ал кесте бойынша түпкілікті шешімді директордың орынбасары қабылдайды", – деп түсіндірді Фархат Үсен.
BilimClass электронды журналы: Ата-аналар мен оқушыларға қажет 11 дерек
"Мектеп те, ата-ана да ақы төлемейді". Bilim Group басшысы Алматының BilimClass платформасына көшуі туралы