2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсанында Алматының мемлекеттік мектептерінің отандық BilimClass платформасына көшуі дауға ұласты. Осыған орай, Bilim Group компаниясының CEO-сы Александр Савченко түсініктеме берді.
Оның айтуынша, платформа толықтай заң аясында жұмыс істейді және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтайды. BilimClass – толықтай тегін платформа, оны пайдалану үшін мектептер де, ата-аналар да, мемлекет те ақы төлемейді.
"Біз платформаны алдымен 15 мектепте іске қосып, қызметкерлерді оқыттық, шешімдеріміздің басқа жүйемен салыстырғандағы артықшылықтарын көрсете алдық. Нақты мектептердің пікіріне сүйене отырып, білім басқармасы өз бастамасымен қаланың барлық мектебін BilimClass-қа көшіру туралы шешім қабылдады. Мекеме платформаның мектептерге ыңғайлы болуына, ақпараттық қауіпсіздік және деректердің сенімді сақталуына баса назар аударды. Біздің платформа бұл талаптарға толықтай сай. Оған қоса, мектептерді оқу жылының ортасында BilimClass платформасына ауыстырып жатқанымыз бірінші рет емес, бұл процесті барлық қолданушылар үшін оңай және жайлы етуге әрқашан барымызды саламыз. Қазіргі таңда біздің платформаны Қазақстанның 11 өңіріндегі мектептер пайдаланып отыр", – деді Александр Савченко.
Алайда, әлеуметтік желілер мен бірқатар ақпарат құралдарында бәсекелес ұйымның талабы бойынша сот Алматы мектептерінің BilimClass-қа көшуіне тыйым салды деген жалған ақпарат тараған. Нақтысында мұндай сот шешімі жоқ, тек қателер түзетілген ұйғарым бар. Қазір BilimClass қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Платформа өз жұмысын кәсіби және ашық жүргізетіндіктен, заң тұрғысынан ешқандай мәселе жоқ.
"Біз жалған ақпарат таратумен айналыспаймыз және қоғамды да, платформамыздың пайдаланушыларын да жаңсақ ойға жетелеуден аулақпыз. Біз өз жұмысымызды жақсы атқарып, нарықта бәсекеге қабілетті жаңа шешімдер ұсынуға тырысамыз. Сонымен қатар өз жұмысымызда заң талаптарына қатаң сүйенеміз", – деп түсіндірді Александр Савченко.
Оның айтуынша, жүйе бастан-аяқ Bilim Group-тың әзірлемелері негізінде жасалған, ешқандай шетелдік шешімдер қолданылмаған. Платформа жарнамасыз, тегін жұмыс істейді әрі оқу процесінің барлық қатысушысына пайдалы көптеген функцияны қамтиды.
USD:
506.1 / 509.1
EUR:
592.5 / 596.5
RUB:
6.43 / 6.55

