Жамбыл облысы көпардан ел чемпионы атанды

Фото: Мақсат Шағырбай
Фото: Мақсат Шағырбай
Ел біріншілігіне 13 команда, 156 спортшы қатысты.

Алматы облысында көкпардан Жастар арасындағы Қазақстан Республикасының 19-шы Чемпионаты өз мәресіне жетті. Финалдық ойында Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының жастар құрамасы алтынды сарапқа салды.

Жаңбырлы ауа райына қарамай жарыс тамашалауға келген адамдардың қарасы аз болмады. Әр өңірдің жанкүйерлері жиналып, жас көкпаршыларға қолдау білдірді. Америка Құрама штаттарынан келген қонақтар да көрермендер қатарынан табылды.

Фото: Мақсат Шағырбай

Алдымен Алматы облысы мен Атырау облысының командалары қола жүлдені сарапқа салды. Тартысты бәсекеде Алматы облысы 6:1 есебімен жеңіске жетіп, үшінші орын иеленді. Ал Атырау облысы төртінші орынға жайғасты. 

Алаңға Жамбыл облысы мен Шымкент қаласынан келген жас көкпаршылар шығып, алтын жүлде үшін тартысты ойын өткізді. Ойынның негізгі уақыты 4:4 есебімен тең аяқталды. Тартысқа толы финалда Жамбыл облысының көкпаршысы Арнұр Асен "алтын салым" салып, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша Жамбыл облысы Қазақстан чемпионы атанса, Шымкент қаласы күміс жүлде иеленді. Ал Алматы облысы қола жүлдеге ие болды. 

Фото: Мақсат Шағырбай

"Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Алғашқы ойында былтыр ел чемпионы атанған Түркістан облысын жеңдік. Финалда қарсылас болған Шымкент қаласының құрама командасы өте керемет дайындалған екен. Тартысқа толы ойын "алтын салымға" ұласты. Бабымызбен бағымыз қатар келіп чемпион атандық. Балалар да намысқа тырысып, аянып қалмады. Арнайы көкпарға дайындалған аттар өз позициясын жақсы орындап шықты", – деді "Әулие ата" командасының жаттықтырушысы Құрманбай Сәрсенбекұлы.

Алматы облысы сапында өнер көрсеткен 18 жастағы Нұржігіт Пермебай 15 салым салып, чемпионаттың үздік ойыншысы атанды. Оған 300 мың теңге табысталды. 

Фото: Мақсат Шағырбай

"Үш жылдан бері Алматы облысының намысын қорғап жүрмін. Жартылай финалда дайындық аз болып қалуына байланысты Жамбыл облысына есе жібердік. Қола жүлде үшін Атырау облысына қарсы өткен тартысты ойында бес салым салдым", – деді Нұржігіт Пермебай.

Алғаш рет ел чемпионатында жақсы өнер көрсеткен ат иелері де марапатталды. Оларға да 300 мың теңге табыс етілді. Алматы облысы командасының сапында ойнаған Хадия атты ат "Үздік қорғаушы ат" атанды. Иесі – Елдос Тлебалдиев. "Үздік шабуылшы ат" номинациясына Шымкент қаласының құрамында өнер көрсеткен Жарқынбек Нұрболдың Ахилес атты аты ие болды. Жамбыл облысы сапында өнер көрсеткен Нұрдаулет Момыновтың Көкдауыл аты "Үздік жекпе-жек ат" деп танылды. 

Фото: Мақсат Шағырбай

Жүлдегерлер мен үздіктерді Республикалық Көкпар федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, "RESPUBLICA" партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров марапаттады. Ол ел біріншілігінде келешекте ұлттық құрама сапына қосылып, ел намысын қорғайтын спортшылар бақ сынағанын айтты. 

"Көкпар осы жастарымыздан басталады. Бүгін мықтылар жеңіске жетті. Бұрын-соңды жастар арасындағы жарыстарда мұндай жүлде қоры болмаған. Осы чемпионатта алғаш рет командаларға әр жеңісі үшін ақшалай сыйлық бердік. Ат иелерін де атап өттік. Жылына үш-төрт жарыс өткен соң жылқылар жаттықпай, шабандоздар тұрып қалады. Алда осындай жарыстар көптеп өткіземіз", – деді Айдарбек Қожаназаров.

Фото: Мақсат Шағырбай

Республикалық Көкпар федерациясының атқарушы директоры Ғани Дүйшенов Чемпионатқа 16 команда қатысуға өтініш бергенімен  үш команда жарысқа келмегенін айтты. Ал Ұлытау облысының командасы аттары дайын болмауына байланысты топтық кезеңнен шыға алмай қалды. 

"Жақсы дайындықпен келген командалар жеңіс тұғырынан көрінді. Кейбір командалар дайындықсыз келіп, чемпионатқа толық қатыса алмады. Бұл чемпионатта футболдағыдай VAR және  табло жүйесін енгіздік. Одан бөлек арнайы номинациялар әзірлеп, аттың иелерін де марапаттадық. Жарыс барынша әділ өтуі үшін төрешілерді жан-жақтан жинап, өздері келген өңірлердің командалары ойнағанда төрелік етпеуін қадағаладық", – деді Ғани Дүйшенов. 

Фото: Мақсат Шағырбай

Чемпионаттың бас төрешісі Жанысбек Саев жарыс жоғары деңгейде өткенін айтып, жас көкпаршылардың аяқ алысына баға берді.

"Ең бастысы, жарақатсыз аман-есен өтті. Қызықты, тартысты ойындар болды. Әр командада мықты балалар бар. Жамбыл облысынан Арнұр Асен, Шымкент қаласынан Жанболат Ақбай, Алматы облысынан Нұржігіт Пермебай, Түркістан облысынан Нұрдәулет Төлешов ерекше көзге түсті. Бұл чемпионатта соңғы орын алған командаларға да сыйақы беріліп, үздік ойыншы мен жақсы өнер көрсеткен ат иелері марапатсыз қалмады", – деді ол.

Фото: Мақсат Шағырбай

Еске сала кетсек, ел біріншілігіне 13 команда, 156 спортшы қатысты. Чемпионаттың жүлде қоры 12 млн 350 мың теңгені құрап, командаларға келесідей үлестірілді:

  1. Жамбыл облысына – 2,1 млн теңге;
  2. Шымкент қаласына – 1,1 млн теңге;
  3. Алматы облысына – 1 млн 350 мың теңге;
  4. Атырау облысына – 600 мың теңге;
  5. Түркістан облысына – 1,1 млн теңге;
  6. Маңғыстау облысына – 700 мың теңге;
  7. Қарағанды облысына – 400 мың теңге;
  8. Қызылорда облысына – 800 мың теңге;
  9. Жетісу облысына – 450 мың теңге; 
  10. Алматы қаласына – 400 мың теңге;
  11. Шығыс Қазақстан облысына – 200 мың теңге; 
  12. Ақтөбе облысына – 200 мың теңге. 

Шымкент қаласының "Ұлттық ойындар көкпар федерациясының" басшысы Балтабай Асан күміс жүлдеге ие болған шымкенттік жас көкпаршыларға жеке 1 млн 300 мың теңге табыстайтынын мәлімдеді.

Фото: Мақсат Шағырбай

Ел біріншілігі Республикалық Көкпар федерациясы, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Алматы облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен және "Самұрық-Қазына" АҚ пен Туризм мен спортты қолдау қорының қолдауымен өтті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары