Тікелей эфир

Жамбыл диқандарының қоймадағы тонналаған пиязы қоқысқа айналып жатыр

Жамбылдық диқандар қоймадағы пияз қоқысқа айналғанын айтып, дабыл қақты.

Диқандардың айтуынша, тонналаған өнім тиынға өтпей тұр. Салдарынан былтыр рекордтық көрсеткіште жиналған көкөніс құр рәсуаға айналған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қазір 140 мың тонна пияз ағып кетудің алдында тұр. Шаш етектен шығынға батқан шаруалар шіріген пиязын шығарып тастауға ақша таппай отыр.

Қоймаға пияз болып кіріп, қоқыс болып шығып, сөреге жетпей солған өнімге обал.

"Дихандар не істерін білмейді. Мен жалғыз емеспін. Байзақ ауданында тұратындардың бәрінің қолында пияз бар. Сата алмады. Еккенім – 20 гектар. 20 гектардан 400 тонна өнім алдым. 400 тоннаның 200 тоннасын қоқысқа тастадым. Пиязды несиеге алып еккенмін", – деді диқан Эмран Чауышев.

Ел бойынша 160 мың тоннаға жуық сатылмаған өнім бар. Оның 90%-ы жамбылдық диқандардың үлесінде.

Жиын-терін уағында жоғары мінберлерден жамбылдықтардың рекордтық өнім алғаны жылда жарыса айтылады, бірақ сол өнімді қайда, қашан, қалай сату ойластырылмаған сыңайлы. Салы суға кеткен шаруалар банкрот болғандарын айтты.

"Пиязды шекарадан өткізбей жатыр. Пиязымыздың жартысы қоқысқа кетті. Банкрот болдық. Тіпті, шіріген пиязды тастайтын жер жоқ", – деді диқан Баһадүр Жолымбетов.


Оқи отырыңыз: Қарбыздары алмадай ғана. Жамбыл диқандары күзде шығынға батқалы отыр


Ал ауыл шаруашылық министрлігі жиналып тұрған өнімді сатудың амалын іздеуде. Әзірге нақты нәтиже жоқ. Біріншіден, былтыр пияз өнімі сұраныстан үш есе көп жиналған. Екіншіден, биыл баға өте төмен. Ресей асыруға тағы сол пайдасыздығы себеп болған. Ал жергілікті басқарма басшылары ертең өңірде өтетін агро форумға арқа сүйеп отыр.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бүкіл облыстарға, өңірлерге тапсырма берілді. Өңірлерде пияз жетіспеушілігі болса, кездесу аясында келісім-шарт жасап, ары қарай алып кетуге, сондай жұмыстарды жүргізуге тапсырма бар", – деді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Нұрби Жігітеков.

Мол өнімді өткізудің жолын таппаған әкімдік жағдайдың қайталанбауын қатаң бақылауда. Ол үшін пияз көлемін биыл 15 мың гектарға азайтуды ойластырып қойған. Тағы бір жол – инвестор арқылы шіруге айналған қоймадағы өнімді кептіріп, шетел асыру. Алайда, әзірге құлшыныс білдірген инвестор жоқ.

Серіктестер жаңалықтары