Тікелей эфир

Қарбыздары алмадай ғана. Жамбыл диқандары күзде шығынға батқалы отыр

Диқандар су тапшылығынан шаруа тұралап қалғанын айтады.

"Әкім бар суды жұрт аузынан жырып, бір шаруашылыққа жығып берді". Осылай деген жамбылдық шаруалар өңір басшылығына наразы. Тамшы суға тарыққан ел күз келгенде құр кетпенін құшақтап қаламыз ба деп қауіптеніп отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Арнаның өңірдегі тілшісінің айтуынша, қарбыз алқабының ахуалы аянышты. Салмақ салар тұста сусыз қалып, көбі түйін күйінде қалған. Қарбыздардың көлемі алмадай ғана. "Енді бұл бала-шағаның атыспақ ойынынан басқаға жарамайды" дейді тілші.

Диқаншылық Қызыләуіт ауылының жалғыз жанбағысы. Ауыл тұрғындары істерінен берекет кеткенін "Эко система" шаруашылығымен байланыстырады. Онсыз да ауылдықтарға әзер жетер суға қаладан келген кәсіпкер ортақтасып, қолдан қуаңшылық жасалған, дейді олар.

"Облыс әкімі болсын, аудан әкімі болсын халық таңдағаннан кейін халықтың жағдайын бірінші ойлау керек. Жеке адам немесе жеке компанияның жағдайын ғана ойламау керек", – дейді "Мұрат" ШҚ төрағасы Аллаберген Байпақов.


Оқи отырыңыз: "Егістікке баратын өткел жоқ". Түркістан облысының диқандары көмек сұрады


Ауыл іргесінен 60 гектар аймаққа жайғасқан "Эко система" шаруашылығы агро салада ғылыммен айналысады. Жүгерінің жаңа сортын шығару үшін заңды түрде жер телімін алған. Көл табанында қалған суды сорғы қойып сарқып алмаса, арықтан ақпайды екен.

"Сорғы қойып, су ала берсін. Біз ешкімге шектеу қоймаймыз. Кәсіпкер өзі ақша шығарып, суды сорғымен алып отыр", – дейді Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Ғарифулла Байкенжиев.

Серіктестер жаңалықтары