Жамбы атудан ұлттық құрамамыз V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын үздік төрттікті анықтады, деп хабарлады Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы.
Қазақстанның ең үздік 10 жамбы атушысы көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты. Мергендеріміз "мажар", "азия", "түркі", "жамбы" стилдері бойынша бақ сынады. Жалпы есепті қорытындылай келе, 1-орынды Айтбек Сарыбай, 2-орын Абзал Тұлыбеков, ал соңғы жолдаманы Ералхан Айкөз ұтып алды. Айта кетейік, әлем чемпионы Батыр Бексауыт көшпенділер ойындарына тікелей жолдама алған болатын
"Іріктеу сайыстары өте тартысты өтті. Ал енді біз алдағы V Дүниежүзілік ойындарында алтын алу үшін барымызды саламыз. Ел намысын абыроймен қорғауға уәде беремін", – деді жамбы атудан ұлттық құрама спортшысы Ералхан Айкөз.
Оқи отырыңыз: Жүлде қоры – 25 млн теңгеге жуық: Павлодарда бәйге шабатын жылқылар белгілі болды
Осылайша жамбы атудан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы:
- Ералхан Айкөз – Тегерандағы XVI әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері;
- Батыр Бексауыт – 2021 жылы Жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, Шымкентте өткен Азия чемпионатының алтын және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының алтын және қола жүлдегері;
- Айтбек Сарыбай – 2019 ж. Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
- Абзал Тұлыбеков – 2018 жылы жамбы атудан әлем чемпионатының жеңімпазы.
Қазіргі уақытта спортшылар Алатау бөктерінде басталған оқу-жаттығу жиынында. Жаттығу 18 тамызға дейін жалғасады.
"Дайындығымыз өте жоғары деңгейде. 70-80 пайыз дайынбыз деп айта аламын. Әлі жұмыс істеу керек тұстарымыз бар. Көшпенділер ойындарына 4 спортшымыз жолдама алды. Олармен ары қарай дайындықты қыздыра түсеміз", – деді жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Бадашев.
V дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өтеді.