Ұлттық тестілеу орталығы ата-аналар мен талапкерлерге ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес екенін және оның заңмен қудаланатынын еске салды.
"ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес екенін ескеру маңызды. Әрбір сертификатта оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін бірегей QR коды бар. Сондай-ақ, ҰБТ сертификаты ресми құжат болып табылады және оны қолдан жасау ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады", – делінген ресми хабарламада.
Сертификаттарды қолдан жасауға тырысудың барлық жағдайы тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.
Еске салайық, ҰБТ сертификатын app.testcenter.kz сайтында жеке кабинеттен және certificate.testcenter.kz сайтынан және eGov электрондық үкімет порталынан алуға болады.
"Сондай-ақ, ақпаратты жасырын түрде алуға арналған микроқұлаққаптарды, жасырын камераларды және өзге де арнайы техникалық құралдарды пайдалану ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екендігін ескертеміз", – делінген ҰТО хабарламасында.

