10 мамырда басталған негізгі ҰБТ сынағын талапкерлер 292 мыңға жуық рет тапсырды. Олардың 72%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 28%-ы орыс тілінде және 469 рет ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Алтыншы аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 68%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 735 талапкер қатысты.
Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
ҰБТ-ны өткізудің алты аптасында 624 ереже бұзушылық анықталды. 385 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 238 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 1 адамның нәтижесі жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Еске салайық, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.
Оқи отырыңыз:
ҰБТ-ға 246 талапкер смартфон, смарт көзілдірік және микроқұлаққап алып кірмек болған
Әскери қызметшілер ҰБТ-сыз оқуға түсе алады